Абай кітапханасы туралы тың дерек
I бөлім: Абайдың Сенатқа жазған хаты
II-бөлім: Абай және Әлихан
III-бөлім: Абай кітапханасындағы Батыс пен Шығыс көріністері
Дереккөздеріндегі Абай кітапханасы
IV бөлім
Абайдың білімдарлығын айғақтайтын дәл осы Көкбай ақсақалдың естелігіне ұқсас тағы да бір дереккөзі бар. Айтпақ сөзіміз: Жоғарыда атап кеткен Абай кітапханасы хақында нақты мағлұмат беретін үшінші дереккөзі турасында.
Ол – 2025 жылдың 4 қыркүйегінде «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тұлға туралы тың дерек» атты Абай Құнанбайұлы хақындағы ақпаратты-зерттеу мақала. Авторы – Астана Халықаралық университеті, Өнер және Гуманитарлық ғылымдар жоғарғы мектебінің деканы Саят Баймұратұлы.
Саят Баймұратұлының бұл жаңалығын – «Абайтануға қосылған зор олжа» деп, дереккөзінің түпнұсқасын іздеп тауып, оны жарияға шығарып, 2025 жылдың 17 қазаны күнгі «Абай.KZ» порталындағы «Абай туралы тың дерек» мақаласы арқылы күллі қазақ елінен сүйінші сұрап, ғылыми айналымға түсірген, белгілі абайтанушы ғалым – Асан Омаров.
Асан ағамыздың зор олжаға балаған Абай хақындағы дерек – «Записки Киргизкого миссонера Леонида Покровского за 1896 год» деген атаумен Ресейлік «Провославный Благовесник» деген журналдың 1897 жылдың мамыр айындағы 9 – нөміріне жарияланған екен.
Қос мақалада сөз болатын Абай туралы тың деректің қысқаша баяны мына төмендегісінше: XIX ғасырдың II жартысынан бастап, отаршыл Ресей империясы қазақтың жерін, ұшаң-теңіз байлығын мәңгілік иелену үшін жер иесі қазақ халқына «орыстандыру» саясатын жүргізгені мәлім. Ресей» империясының «орыстандыру» саясатының бір түрі – қазақты християн дініне кіргізіп, шоқындыру болды. Бұл науқан ғылыми тілде миссионерлік саясат деп аталды да, ол саясатты жүзеге асырушыларды – миссионерлер деп атады. Ол кезеңнің миссионерлері – діни-философиялық конондардың білгірі ғана емес, жергілікті халықтың әдет-ғұрпы мен тұрмыс-жағдайын жетік білетін жан-жақты дайындығы мол дін қызметкерлері еді. Осындай миссионерлердің бірі, «Провославный Благовесник» журналында жарық көрген «Записки Киргизского миссионера Леонида Покровского за 1896 год» деген жазбаның авторы – Леонид Покровский болды.
Ол өз жазбасында қырдағы қазақтар арасында миссионерлік жұмыстың қалай жүріп жатқанын қысқаша баяндай келіп, өзінің білімдарлығымен Семей өңіріне белгілі болған Ибрагим Құнанбаев (түпнұсқада Колымбаев деп жазылған) деген қазақ молласымен діни пікірталасқа түсіп, онда нендей мәселелер сөз болғаны туралы жазады. Жазбаның қысқаша мазмұны – осы.
Мисионер Покровский жазбасында сөз болатын мәселелер Саят Баймұратұлы мен абайтанушы ғалым Асан Омаров мақалаларында ғылыми негізде жан-жақты терең талданған. Біз де өз кезегімізде сөз етіп отырған тақырыбымызға орай, миссионер Покровский жазбасындағы Абай кітапханасы хақында бірер сөз айтуды жөн санадық.
Абай кітапханасы дегеніміз – Абай білім деңгейінің көрінісі суреттелетін айғақты дерек. Хәкім Абай: «Сөзіне қарап кісіні ал», – деп тәпсірлейді. Бұл – сөз адамның ой-өрісі мен білім деңгейінің көрінісі деген мағынадағы ой болса керек. Миссионер Л.Покровский жазбасындағы Абай сөздеріне қарап, оның білім деңгейінің көрінісін анық бағамдайсыз.
Абай ауылына келіп, Абаймен дін туралы пікірталасқа түскені хақында миссионер Л.Покровский мына төмендегідей жазба қалдырыпты.
Ол былай дейді: «5 сентября я приехал наконец к знаеменитому среди киргиз Ибрагиму Колымбаеву. С первого же слово Ибрагим вступил со мною в спор о религии. Он говорит, что начало мира и до наших дней между людьми идет спор о вере. Каждый говорит другому, что его вера истинна, и никто никому действительности не доказал ничего. Поэтому не лучше ли оставить каждого при своей вере? Я возразил ему.» (Провославный Благовесник №9, 1897 год. Май)
(Қазақшасы: 5 қыркүйек күні мен қырғыздар (қазақтар Н.М) арасында танымал Ибрагим Колымбаевқа ақыры жеттім. Ибрагим алғашқы сөзден-ақ менімен дін туралы пікірталасқа түсті. Ол былай деді: Әлем жаратылғаннан бері адамдар арасында дін туралы дау тоқтаған емес.Әркім өз дінінің ғана шынайы дін екенін айтады. Бірақ, ешкім анығын дәлелдей алған жоқ. Сондықтан, әр адамды өз сенімінде қалдырған жөн емес пе? Мен оған келіспей, қарсы шықтым. Еркін аударған Н.Махан)
Миссионер Л.Покровскидің дін турасындағы Абаймен пікірталасы француз жазушысы Бернарден де Сен-Перьден Лев Толстой орыс тіліне аударған «Суратская кофейная» (әңгімені «Сурат кафеханасы» деген атаумен қазақшаға аударған Ә.Бөкейхан. «Дала Уалаяты» газеті. №10,11. Наурыз. 1900 жыл) әңгімесіндегі дін турасындағы таласты еске түсіреді. Дін туралы талас: «Менің дінім мен Құдайым бәрінен күшті», – деген өзімшілдіктен туындаған-ды. Міне, осы таласта Конфуций шәкірті данышпан-философ: «Құдай күн сияқты. Ол әлемнің барлық жерін жарық қылады. Күнге әркім өзінің көзімен қарайды. Күллі дүнияға сыймайтын ұлық Тәңіріні әр жұрт өзінің ғибадатханасына қамағысы келеді. Бұл дұрыс емес», – деп, данышпан-философтың аузымен айтқызып отырған Л.Толстойдың адмгершілік тұрғысындағы көзқарасы мен Л.Покровский жазбасындағы Абайдың: «Әр адамды өз сенімінде қалдырған дұрыс емес пе?», – деген пікірінің тамыры бір жерден нәр алып қуаттанып тұр.
Түсінген адамға Абайдың Покровскиге қарата: «Әркім өз дінінің ғана шынайы екенін айтады. Сондықтан, әр адаамды өз сенімінде қалдырған жөн емес пе?» – деп айтқан бір ауыз сөзінің өзі, орыс миссионері Л.Покровскиді Л.Толстойдың «Сурат кафеханасы» әңгімесіндегі көзі ашық болса да, көкірек көзі соқыр көп міскіннің қатарына қосып тұр. Жазбасына қарағанда, өз дінін басқа діндерден артық деп есептейтін көкірегі соқыр, империялық отаршыл пиғылдағы өзімшіл орыс миссионері – өзінің бейшара қалыптағы міскін хәлін түсінбеген секілді. Покровскиге айтқан Абайдың жалғыз ауыз сөзінен-ақ парасат бейнесіндегі Абай бейнесі анық көрініп тұр.
Покровский өз жазбасында Абайдың білімдарлығы мен зиялы мінезі туралы: «Как видно он очень много читал даже и философов, знанием которых не преминуль перед мной порисоваться», – деп (қазақшасы: Ол өте көп оқыған, тіпті философтарды да оқыған білімін менің алдымда мақтаныш үшін көрсетуге тырысқан жоқ. Еркін аударған Н.Махан) айта келіп: «Говорит между прочем с большою похволой о графе Л.Толстом.», – деп, (қазақшасы: Айтпақшы, ол граф Лев Толстой туралы да көп мақтау айтты. Еркін аударған Н.Махан) Абайдың Толстой шығармашылығын жақсы білгенін сөз етіп, аңдатып өткен.
Айтпағымыз: Покровский өз жазбасында «Абай Толстой шығармаларын жақсы білді», – деген сөзді айтпайды.
Покровский Абай туралы: «Граф Толстой туралы көп мақтау айтты», – деп жазғанда, Толстоймен жүзбе-жүз таныс болмаған Абай Покровскимен Толстойдың шығармашылығы һәм оның философиялық көзқарастары туралы сөйлеспегенде, Абай Толстой туралы орыс миссионеріне басқа не айтуы мүмкін?
Бұдан ары қарай Абай дін айтысын ұйымдастырғысы келген миссионер Покровскиге христиан діні турасында емес, өз заманындағы ислам діні туралы көбірек айтқан.
Ол былай дейді: «Я строги мусульманин, но не такой, как Вы думаете. Я многое не признаю, чему учить ислам. Коран страшно искажен, в нем трудно отличить истину от лжи. Могометь, между прочем, никогда не учил о священной войне, он всегда поощрял занятия наукой, проповедовал любовь ко всем людям. Что касается религиозной не терпимости, то все это выдумки позднейших мулл, главным образом турков выдумавших ее для поддержания своего могущества, и татар подпавших под власть русских и вечно мечтающих об освобождении от этой власти. Главной праповедник ненависти к немагометанам – Казанская медресе. Ни в Турции, ни в Арабии, ни в Персии – не проповедуется такого фанатизма, как в Казани. В настоящее время здесь-то именно и искажается более всего истинное магометанское учение. Что касается русских, то они не имееют достаточного знания магометанства, не постигли всю глубину его. Болььшинство изучает магометанство по переводам, о все переводы, в том числе и Г.Саблукова весьма не правильный. Я, говорить Ибрагим, работаю над восстанавлением истинной религии магоматанской в том виде, в каком дал ее Магомет. После смерти моей труды мои прочитают магометане и может быть найдутся продолжатели моего дела» (Проваславный Благовесник. №9, Май. 1997 год) (Қазақшасы: Мен шынайы мұсылманмын, бірақ сіз ойлағандай (мұсылман) емеспін. Ислам оқытып үйрететін көп нәрсені мойындамаймын. Құран қатты бұрмаланған. Онда ақиқат пен жалғанды ажырату өте қиын. Мұхаммед пайғамбар ешқашан (дін үшін болатын) қасиетті соғысты насихаттаған емес. Ол әрдайым ғылыммен айналысқанды қолдап, адамзатты махаббатпен сүюді насихаттады. Діни төзімсіздік – кейінгі молдалардың әсіресе, түріктердің өз билігін сақтап қалуы мен татарлардың орыс билігінің бодандығынан құтылсақ деген арманынан туындаған амал. Мұсылман еместерге өшпенділікті насихаттайтын басты орталық – Қазан медресесі. Түркияда, Араб елдерінде, Парсыда – Қазандағыдай діни фанатизімді насихаттамайды.
Қазіргі кезде, ислам дінінің қатты бұрмаланып жатқан жері – Қазан. Орыстар ислам ілімін жеткілікті дәрежеде білмейді, оның тереңдігін түсінбейді. Орыстардың көпшілігі исламды аудармалар арқылы оқиды. Ал, барлық аудармалар, оның ішінде Г.Саблуков аудармасы да – қате. Мен – деді Ибрагим – ислам дінінің Мұхамед пайғамбар қалдырған шынайы ақиқат нұсқасын қалпына келтірумен айналысып жүрмін. Мен өлгеннен кейін менің еңбектерімді мұсылмандар оқып, бәлкім менің ісімді жалғастыратындар табылар. Еркін аударған Н.Махан)
Біздің ойымызша, миссионер Покровский жазбасында қоспа жоқ. Онда Абайдың шынайы бейнесі мен Абай кітапханасының көлемі анық аңғарылады. Біз бұл жазбадан даналық шыңы арқылы Әлемдік деңгейге көтерілген данышпан Абайды көріп отырмыз. Ол Құран қатты бұрмаланған дейді. Неге?
Себебі, бұл уақытта Дрепердің «Еуропаның ақыл-ойының өркендеу тарихы» мен Милль, Бокль, Льюисьтердің «Позитивті философия» (Оң ықпалды философия . Н.М) ағымымен жақсы таныс болған Абай, Батыс өркениетінің тарихын жақсы біліп қана қоймай, өзі өмір сүріп отырған тұстағы Шығыстың Батыстан бірнеше ғасырға артта қалып кетуінің негізгі себебі – білім мен ғылымның дамымай қалғандығынан екенін өте жақсы білді. Сондықтан ол ғылымды насихаттайтын исламның бас кітабы – Құран-Кәрім қатты бұрмаланған деді.
Кейінгі орта ғасырдағы Шығыста ғылым мен өнер-білімнің өсіп-өркендемеуінің негізгі себепкері – дін болатын. Ислам дін ұстаздары Құранды өз қалаулары мен орта ғасырлардағы Шығыстың диктатор билеушілердің ыңғайларына қарай тәпсірледі. Олар өзге діндегі «кәпірлерге» қарсы қасиетті «ғазауат» соғысын ойлап тауып, ғылыммен айналысатын еркін ойлы өнертапқыш-ғалымдарды «кәпір» деп дінсіздердің қатарына қосып, қудалауға кірісті. Бұл әрекеттердің барлығы – диктаторлардың шексіз билігі мен мемлекеттегі дін иелерінің ықпалының сақталып қалуы үшін аса қажет еді. Биліктегі патшаны «көктегі Құдайдың жердегі көлеңкесі» деп түсіндірген дін иелері – диктаторлардың шексіз билігін дін атынан үнемі қолдап отырды.
Осы тарихты тереңінен түсінген Абайдың: «Бұл заманның ишандарынан бек сақ болыңдар. Олар – фитнә (жалған, бүлікшіл, бұзық) ғалым. Бұлардан залалдан басқа ешнәрсе шықпайды», – деуінде (38-қарасөзі) үлкен мән бар.
Шығыста ғалымдарды қудалап, ғылымды дамытпаудың нәтижесінде: Ғылым мен өнер-білім жетістіктерінен мақұрым қалған кейінгі орта ғасырдағы Шығыс – өркендеу жолына емес, құлдырап кері кету жолына түсті.
Бір замандарда өркениет бесігі болған Шығыстың кейінгі құлдырау дәуірінің тарихи себептерін жақсы білген Абайдың орыс миссионері Покровскиге: «Құран қатты бұрмаланған, онда ақиқат пен жалғанды ажырату өте қиын. Мұхамед пайғамбар ешқашан қасиетті соғысты насихаттаған емес. Ол күллі адамзатты сүй деп айтып, ғылыммен айналысуды қолдады», – деуі де, және жазбадағы: «Ислам дінінің Мұхаммед пайғамбар қалдырған шынайы ақиқат нұсқасын қалпына келтірумен айналысып жүрмін», – деген сөзі де, ақиқат ауылынан алыс кетпейді. Себебі, дәл осы сөздерінің дәлелі ретінде Абай, Покровский келіп кеткен 1896 жылдан соң, біз қазір 38-қарасөз деп атап жүрген «Ғақлия-Тасдиқатын» жазды. Бұл – 1897-1899 жылдар болса керек.
Бұлай деуіміздің негізгі себебі: Покровский Абай ауылына 1896 жылдың 5 қыркүйегінде келгенін өз жазбасында анық жазған. «Ислам дінінің ақиқат нұсқасын қалпына келтірумен айналысып жүрмін», – деген Абай, бұл уақытта «Ғақлия-Тасдиқатын» бітіре қоймағаны – анық.
Бәлкім, ол кезде трактатты жазуға әлі кіріспеген болуы да бек мүмкін. Айта кететін бір мәселе: Ислам ілімінің шынайы нұсқасы – Абайдың «Ғақлия-Тасдихат» деп аталатын ғылыми трактаты өте күрделі еңбек. Мұндай күрделі еңбекті жазу – ұзақ уақытты талап етері хақ. Сондықтан, Абай бұл еңбегін жазуға кемі бір-екі жыл уақытын арнады деп ойлаймыз.
1898 жылдың 18 июнь күні Мұқыр сайлауы өтіп жатқан «Көшбике» деген жерде Абай сабалып, таяққа жығылады. Бұл оқиға моральдық тұрғыдан Абайға өте қатты соққы болып, соңы үлкен дауға ұласқандықтан – бұл жылы Абай жайланып отырып, «Ғақлия-Тасдиқатты» жазуға мұршасы болды деп айта алмаймыз. Сондықтан, біздің ойымызша, Абай «Ғақлия-Тасдиқатты» орыс миссионері Л.Покровский келіп кеткен 1896 жылдан кейін, 1897 жылдары бастаса да, 1898 жылы мінәйі себептерге байланысты жайланып отырып жаза алмай, ол «Ғақлия-Тасдиқатты» 1899 жылдары жазып бітті-ау деп жобалаймыз. Жоғарыда Абай «Ғақлия-Тасдиқаты» 1897-99 жылдары жазса керек деп айтуымыздың түп себебі – осы.
Құран – көбіміз ойлап жүргендей адам қайтыс болып, бақилық болғанда ғана оқылатын сүрелер емес. Құран – мүмин мұсылмандардың өмір сүру конондары. Яғни, бүгінгі жалпақ тілмен түсіндірсек, ол – Ислам дініндегі адамдардың өмір сүру заңдарының жинағы. Шынайы мұсылманның қандай адам болу керектігі және оның сенімі мен өмір сүру дағдысы Құранда толық көрсетілген.
Абайдың «Ғақлия-Тасдиқат» (38-қарасөз) деп аталатын ғылыми трактатында Құран-Кәрімде айтылатын мүмин-мұсылмандардың сенімі яғни иманы және жеке басына тән мораль философиясы мен тәрбие мәселелері көпшілік халықтың ұғымына сай етіп тәпсірленеді.
«Ғақлия-Тасдиқат» трактатында, Ғылым – Алланың бір сипаты деп, бір Алланы және әділет пен күллі адамзатты сүйетін «иманигүлді» адам мен әділетті, рахымды, (мейірімді) ақылды (яғни ғылым игерген) «толық адамды» насихаттаған Абай: «Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, берілген зекет, ешбір ғибадат орында қабылданбайды» (38-қарасөз) деп, ғылымды бар жайдан жоғары қояды.
Абай ғылым – өркениет кілті екенін терең түсінді. Сондықтан, ол «Ғақлия-Тасдиқатта»: «Бұл күндері Тәхсил – ғұлум (ғылым үйрену) ескі медреселер ғұрпында болып, бұл заманда пайдасы жоқ болады. Соған қарай Ғұсманияда (бұрынғы Түркия патшалығы) мектеп харбина (әскери мектеп) мектеп рушидиалар (түрлі пәндер оқытылатын мектеп) салынып жаңа низамға айналған», – деп жазды.
Абайдың бұлай деп жазуы – Шығыста ғылым оқытатын медреселер болғанын және ғылым мен өркениет Шығыстан басталғанын білетін Абайдың, білімінен хабар беріп тұр. Бұл – бір. Екіншіден, Түркияның дамымай артта қалуының себебі – білім мен ғылымның дамымағандығынан. Сондықтан, елімізді дамудың өркениетті жолына түсіреміз десек, ғылым-білімді басты орынға шығаруымыз керек, – деп, XIX ғасырдың соңғы ширегінде түрлі пәндерді ғылыми негізде оқытатын Еуропа мектептерін Түркияға үлгі ретінде ұсынған «Танзиматшылардың» ағартушылық қозғалысы нәтижесінде Түркияда ашылған жаңа үлгідегі мектептерді сөз еткен Абай, Түркиядағы «Танзиматшылардың» ағартушылық қозғалысын жақсы біліп, оларға іш тартып тұрғанын аңғару қиын емес. Бұл жағдай да Абайдың мол білімінен хабар беріп тұр. Бір түкпірдегі Шыңғыстауда отырып, ежелгі Шығыстағы білім жүйесі мен XIX ғасырдың соңғы ширегіндегі Түркияның білім беру жаңалығын біліп отырған Абайдың жан-жақты ғылыми даярлығының молдығына еріксіз таңғаласың.
Соңынан Түркиядағы «Танзиматшылардың» ағартушылық қозғалысы XIX ғасырдың соңында Қырым татарларынан шыққан ағартушы-ғалым Исмайл Гаспаралы (Гаспиринский) арқылы Қырым түбегіне жайылып, Ресей мұсылмандарына «жәдитшілдік» (жәдидизм) атты жаңаша оқу үлгісін алып келгені белгілі.
Ал, «жәдитшілдік» қазақ жерінде Ахмет Байтұрсынұлының «төте оқуына» ұласып, А.Байтұрсынұлы сол кездегі араб графикасының негізінде «төте жазуды» ойлап тапты.
Покровский жазбасында Абайдың: «Мұхамед пайғамбар ғылыммен айналысқанды қолдап, адамзатты махаббетпен сүюді насихаттады», – деген сөздердің ақын өлеңдері мен «Ғақлия-Тасдиқатта» (38-қарасөз) көрініс беруі – миссионер жазбасындағы Абай бейнесінің шынайылығын арттыра түседі.
Жазбада Абайдың аты жөні – Шыңғыс болысындағы молла Ибрагим Колымбаев деп жазылған. Өз тілінің ішкі заңдылығына сәйкес тіл оралымына қиын соқса керек, орыс миссионері Абайдың тегін «Құнанбаев» деп емес, «Колымбаев» деп жазыпты. Бұған терең мән берудің жөні жоқ. Себебі, миссионер жазбасында Абайдың азан шақырып қойған «Ибарһим» деген есімі мен тұрғылықты мекен жайының аты – Шыңғыс болысы деп анық жазылған.
Абай – Зере әженің немересін еркелетіп қойған аты. Болмаса, Абайдың азан шақырып қойған шын есімі – Ибраһим. Замандастары Абайды – Ыбырай деп атаған. Ресми құжаттарда да Абай есімі «Ибрагим» деп көрсетіледі.
Бір Шыңғыс болысы емес, сол тұстағы күллі Семей өңірінде Г.Саблуков аударған Құраннан қате тауып, жазушы Л.Толстойды терең білген, арнайы дайындықтан өткен орыс миссионеріне өз білімін мойындатып, онымен тең дәрежеде орыс тілінде сөйлесе алатын Абайдан өзге кім болуы мүмкін?
Күмән жоқ, миссионер Л.Покровский жазбасындағы Шыңғыс болысындағы молла Ибрагим Колымбаев – Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Бұл – анық.
Айтпағымыз: Дерек көздеріндегі Абай кітапханасы мен ақын шығармашылығына ой көзімен қарар болсақ – қиыр шеттегі Шыңғыстауда отырса да, Батыс пен Шығысты тең меңгеріп, Інжіл мен Құранды түпнұсқадан оқыған, Құранның орыс тіліндегі Г.Саблуков аудармасын қате деп айтып, білім нәрі арқылы әлемдік деңгейге көтерілген Абай ойларына еріксіз таңғаласыз.
Бұл ойымыздың түп негізді бағдары – Абай шығармашылығы мен Абай кітапханасына бастап апарары хақ.
Төртінші бөлімнің соңы. Жалғасы бар...
Нұрғали Махан
Abai.kz