Сенбі, 23 Қараша 2024
Ел іші... 4476 15 пікір 17 Ақпан, 2020 сағат 11:16

Жалған жалақы кімді жарылқайды?

Бізде сонау кеңес үкіметі кезінен мұраға қалған үлкен «сырқат» бар. «Орташа жалақы» деген кезінде коммунистердің ойлап тапқан тамаша әдісі. Бір ғажабы, мұндай ұғым дүниежүзінің дамыған ешбір елінде жоқ. Оларда орташа жалақы емес, әр саланың өзінің жалақысын көрсету ғана бар. Мәселен, ауыл шаруашылығында, білім мен денсаулық саласындағылар қанша жалақы алатындығы талдап отырылады. Бұл жұмыс істейтін халықтың әл-ауқатының қаншалықты деңгейде екендігін айқын көрсететін нақты көрсеткіш..

Алайда,  бізде осы «орташа жалақы» деген ұғымнан бас тартпай келеді. Оның сыры да белгілі. Бұл халыққа өтірік цифрды көрсетіп, «біздегі жұмыс істейтінердің барлығы жылдан-жылға жақсы өмір сүріп, қой үстіндек бозторғай жұмыртқылайтын заман туып келеді» деген ертегіге халықты сендіруге тырысу. Сірә да «Өтірік, шылға өтірік және статистика» дегенді экономистер бекер айтпаса керек. 

Биылғы жыл басталар-басталмастан бұл ертегі одан әрі жалғасын табуда. Статистиканың сыбырлауына сүйенген үкіметіміз орташа жалақы былтырғы жылдың соңғы тоқсанында еліміз бойынша тұп-тура 204 мың теңгеге жеткендігін қуана хабарлады. Сөйтіп, ол соның алдындағы тиісті кезеңмен салыстырғанда 15 пайызға көтеріліп, талай жұртты қуантып тастапты. Ал енді мұнайлы өлке мен Нұр-Сұлтан мен Алматы қаларындағылардың қағанағы қарқ, сағанасы сарқ көрінеді. Атап айтсақ, Атыраудағы орташа жалақы 345 мың, Маңғыстауда 309 мың, Нұр-Сұлтанда 308 мың, ал Алматыда 248 мың теңгеге жетіп, бұлардағы тіршілік одан сайын құлпыра түсіпті. Алайда бұл жерде әлгіндей айлықты қанша адам алатындығы жайлы айтуды мүлдем ұмытып кеткен сыңайлы. Мүмкін, өтіріктері шығып қалады деп қорықты ма екен. Өзгесі-өзге сол өлкелердегі мұғалімдер мен дәрігерлер, мемлекеттік қызметшілер дәл осындай шылқымайға батып отыр дегенге ешкім сене қоймайтындығы белгілі.

Жарайды, мұнайлы өлке мен үлкен шаһарлардағы айлықтарға қарап ауыз ашып, көз жұмбай-ақ қоялық. Одан бізге еш пайда түсе қоймас. Одан да өзге де өлкелердегі нақты жағдайға көз салалық. Мәселен, біздің Қостанай облысындағы тек айлығына ғана қарап отырған жұрттың бүгінгі тіршілігі қаншалықты деңгейде? Еліміздегі орнаған жұмақтан бізге де бірдеңе тиіп қалды ма екен?  Әлде мұнда тек өзгелердің табысына тамсанып қана отыр ма? Енді осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Үкіметтің жан жадырататын хабарына қарағанда, бізде де жағдай жылдан-жалға жақсарып келеді екен. Төбеміз көкке бір ғана елі жетпей қалыпты. Қазір бізде әлгі орташа жалақы анау-мынау емес, тура 161 мың теңгені құрапты. Әрине, еліміз бойына алғандағы жалақыға жете қоймайды. Алайда орташа тіршілік етуге жарап жатыр. Тек бір өкініштісі, бұл айлықты алуға екінің бірінің шамкасы жете бермейді. Өйткені жұмыс берушіге ең алдымен сенің мол тәжірибең мен асқан іскерлігің керек. Әйтпесе, ең төменгі жалақыны місе тұтып, жүре бер. Бұған, мәселен, Қостанай қаласы бойынша электронды еңбек биржасының берген мәліметіне көз салсаңыз, жетіп жатыр. 

Айталық, Қостанай қаласы әкімдігіне қарасты №8 бала бақшасына тәрбиеші керек көрінеді. Жалақысы 42 мың теңгені құрайды.. Ал «Қостанай жолдары» жауапкершілігі шектеулі серікестігі әртүрлі жұмысқа шақырады. Айлығы 60 мың. Міне, осылайша кете береді.

Сонда дейміз-ау, үкіметіміз еліміз бойынша ғана емес, облыс бойынша да орташа жалақы дегенді тауып алып, кімді алдайды? Қағаз жүзіндегі орасан мол жалақы кімді жарылқайды? Әрине, жалақысы айына 1 миллион теңгеге жетіп қалатын министрлер мен депуттатарымыздың өз тіршіліктеріне риза екендігін айтып жатудың өзі артық болар. Мүмкін, тек облыс әкімдерінің сәл-пәл өкпесі болар. Олардың айлығы 600-700 мыңнан аспайтын көрінеді. Ең болмаса, миллионға жетпеген соң, қай жыртығын жамайсың? Мәселен, біздің облыстың әкімі Архимед Мұқанбетов те айлығына онша риза емес секілді.

- Менің айлығым 762 меңгені құрайды, - деген еді ол былтырғы жылдың аяғында Нұр-Сұлтандағы орталық коммуникация қызметіндегі баспасөз мәслихатында. - Пәтер ақы мен коммуналдық қызметке 40 мың теңге төлеймін. Өзге де жай адамдар тәрізді тамаққа, киімге кетеді дегендей. Одан қалғанын жинап жүремін. Қанша дегенмен балалардың болашағын ойлау керек қой. Олар лайықты білім алуға тиісті.

Әрине, біз әкімнің айлығын қызғанып отырған жоқпыз. Алайда 762 мың теңіге айлық алатын адамның балаларының болашағын ойлау өзгелерге қарағанда әлдеқайда жеңілірек шығар. Оның үстіне қарапайым жандар біздің әкім секілді аумағы 21 гектар жерді құрайтын, ішінде жанға керекті бәрі бар, қала сыртындағы аумақты резиденцияда жалғыз өзі тұрмайды да. Әкім болмағандықтан олар қала ішіндегі көлікке де өз қалтасынан төлейді. Сондықтан облыс әкімін қарапайым жандармен салыстырудың өзі айтуға ұят дүние. Әр нәрсенің реті болады.

Жайберген Болатов

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5534