Бейсенбі, 9 Сәуір 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 727. Жазылғандар — 54. Қайтыс болғандар — 7
46 - сөз 613 0 пікір 17 Ақпан, 2020 сағат 11:52

Архивтердің қызмет көрсету тарифтері тым жоғары

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы экономикалық дағдарыс кезінде көптеген шаруашылық құрылымдары өз жұмысын тоқтатқан кезде жұмыскерлердің жалақысы туралы құжаттарды жергілікті архивтерге тапсырған жоқ. Соның салдарынан көптеген адам жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілген 1998 жылға дейінгі еңбек өтілін растай алмай, мардымсыз зейнетақы алуға мәжбүр болды.

Заман өзгеріп, цифрландыру кезеңіне аяқ басқанымызбен, архивтер қызметінің маңызы еш кемімейді. Өйткені, цифрлық технологиялар құнды құжаттардың жоғалмай сақталуына толық кепілдік бермейді.

Біз жуырда «Nur Otan» партиясының өңірлік филиалдарында қоғамдық қабылдау өткізгенімізде әртүрлі себептермен өз жұмыстарын тоқтатуға тура келген кәсіпкерлер тұрақты сақтауға жататын құжаттарды, соның ішінде жұмыскерлердің жеке істері, еңбек шарттары және жалақылары туралы құжаттарды да мемлекеттік архивтерге өткізе алмай отырғандықтарын айтты. Себебі архивтердің қызмет көрсету тарифтері тым жоғары. Мәселен, Петропавл қаласының бір нотариусы тұрақты сақтауға жататын құжаттарын қабылдап алу үшін жергілікті архив 300 мың теңгеден астам ақы төлеуді талап еткендігін мәлімдеді. Соның ішінде, архив қорына тапсырылатын іске тарихи анықтама жасау, тізімдемеге алғысөз жазу үшін 30 мың – 50 мың теңге аралығында ақы сұралған болып шықты.

Әрине, еліміздің мемлекеттік архив мекемелерінің ақылы қызмет көрсетіп, қосымша кіріс түсіруге және соның есебінен архившілерді материалдық ынталандыруға тырысатындығын түсінуге болады. Өйткені, архив қызметкерлерінің жалақысы әлі де төмен екендігі белгілі. Алайда, мемлекеттік архив мекемелерінің өздері көрсететін қызметтері үшін кәсіпкерлерден шамадан тыс ақы талап етуімен де келісу қиын. Ал жұмыскерлердің жеке істері, еңбек шарттары және жалақылары туралы құжаттардың архивке қабылданбауы алдағы уақытта теріс әлеуметтік салдарға әкеліп соғуы ықтимал екендігін ескермей болмайды.

Осыған орай бүгін Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың атына хат жазып, мемлекеттік архивтердің ақылы қызмет тарифтерін қайтадан қарау, соның ішінде жұмыскерлердің жеке істері, еңбек шарттары және жалақылары туралы құжаттарды барынша арзандатылған бағамен немесе тегін қабылдау мүмкіндігін қарастыруын сұрадым.

Кәрібай Мұсырманның әлеуметтік желідегі жазбасынан

Abai.kz

0 пікір