Бейсенбі, 9 Сәуір 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 727. Жазылғандар — 54. Қайтыс болғандар — 7
Тағзым 761 6 пікір 18 Ақпан, 2020 сағат 12:46

Спорт кешендерінің біріне Қабанбайдың есімі берілсе!

Бір байқағаным, ұлы тұлғалардың есімі берілген мекемелерде сол тұлғаға лайық ерекше бір тылсым күш пен жанға жайлы энергия пайда болады екен. Астанадағы №87 Абай атындағы мектеп-гимназия ұлы ақынға сай ғажайып күшке бөленіп тұрады. Кірсең - шыққысыз, мектеп оқушыларының да Абай шығармаларына ниеті ауып құлшынып тұрады.  

Негізі сөздің киесі бар ғой, тарихи тұлғалардың есімі көп атаған сайын  рухтанып, ұлт мерейін көтере түседі. Қабанбай батырдың «Алыс-туыс демеймін, кім бұрын атымды атаса, соны қолдап кетпекпін» деген сөзінде үлкен мән бар. Кез келген ұлы тұлғаның рухы өлмейді, ұлтына жақын дем беріп тұрады. Шайқасқа аттанған ел батырларының аттарын ұрандатып айқайлағанда ерекше күш-қуат, қайсарлық пайда болып, аруақтанып кететінін тарихтан білеміз. 

Қабанбайдың аруақы батыр болғандығын дәлелдейтін аңыз бар. 

Қарақыпшақ Ерназар батыр, Жәнібек батырдан: 

- Өміріңде кімнің ерлігі ерен деп білесің? – деп сұраған екен. Сонда Жәнібек:

- Қабанбайдай батыр болған емес, Қабанбай аруақты батыр еді. Бір өзі келе жатқанда екпінінен 400-500 адамның дүмпуі білінуші еді. Қабанбай қара нөпір жауға тиіскенде кірген жағы есік, шыққан жағы жол болып қала беруші еді, - деп жауап берген екен. Үш жүздің ұранына айналған Қабанбай батырдың ерлік жолындағы тарихы Есіл, Нұра өзендері мен Арқа жерімен тікелей байланысты. Қалмақтың қамалын ала алмай амалсыз іштей қатты ширыққан Абылайды дағдарыстан алып шығып, ешкім бұзуға дәті шыдамаған қамалды Қабанбай мен Еспенбет батырлар бұзып шығатыны «Қабанбай» дастанында  былайша айтылады:

Бұзатын бір әдісті тапты батыр,
Бұзғанда айғайлады қатты батыр.
Неше мың болса дағы кейінгі әскер,
Қаптады «Қабанбайлап» артқы батыр.
Қысқасы қазақ жеңіп, қалмақты алды,
Қабанбай «хандай» болып ардақталды.
Абылай Қабанбайды «хан» деп қақты,
Қымбатты Еспенбетке тонын жапты, - дейді. 

«Қабанбайдың сипаты» деген хиссада батырдың келбеті суреттеледі. 

Адамнан тұсындағы өзгеше қып,
Жаратқан құдіреті мен пәруардігер.
Бар екен маңдайында қойын тобық,
Мұны жұрт батырлықтың белгісі дер.
Қаңтарда туған екен шешесінен,
Ерліктің үлес ала есесінен.
Денесі бір жастағы баладай боп,
Байқалған ғаламаты мүшесінен.
Жан бопты енгезердей алып дене,
Сайма-сай келген сымбат барлық дене.
Жасынан ер мүсіні байқалмаса,
Атайды нар бала деп халық неге?
Маңдайы керек қарыс жалпақ екен,
Танауы дөңес келген талпақ екен.
Бүркіттей тоят алған тұғырдағы,
Шығыңқы төс сүйегі шалқақ екен.
Дөңгелек төбесіне маржан түйген,
Кигені қос шашақты қалпақ екен.
Жан екен биік қабақ қою қасты,
Көнек пе дегендейсің көрсең басты.
Ішінен қалың топтың танылатын,
Ақырса арыстандай дауысы ащы.
Бар екен қызыл қалы иегінде,
Бір мін жоқ жұмыр біткен сүйегінде.
Тас бар ма десетін ел жүрегінде,
Бес атты құйрықтан ап жерге ұратын,
Қайраты болғандықтан білегінде.
Әрі етті, әрі көркем, бойы биік,
Келісер үстіне алса сауыт киіп,
Қыранның ұшардағы топшысындай,
Тұратын көтеріңкі қос екі иық. 

Қазбек Тауасарұлының айтқандарынан тағы бір мысал келтірейін. 

«1735-сиыр жылы көк шығып, гүлдегенде ұрыс Тарбағатай Алакөл төңірегінде еді. Жекпе-жекпен басталатын соғыста Шахдор мен Убашы келісіп,  Арқауыл деген жиырманың ішіндегі жігітті шығаратын болды. Арқауыл дәу жігіт екен, астындағы қарагері есектей болып көрінеді. Ортаға шыққан жігіт: 

-Қабанбай! Қабанбай шықсын! - деп айғай салды. 

Абылай ұрысқа өзі басшылық еткен-ді.  Өйткені ұрыстың аяғы жинақталып, ойраттан соғысарға адам қалмағандай болатын. Алғашқы кезекте Ағалық жекпе-жекке шықпақ еді.  Қалмақтың мына айқайы әдейі жасалғанын біліп Абылай қанын ішіне тартып «Мен барайынға» шықты. Бұл биыл жасы биыл алпыс жетіге шыққан Қабанбайды қалайда жібермеудің жолы болатын. 

Қалмақ жағынан шыққан жігіт Арқауыл өзі де адырлау біреу ме, «одан басқаңның керегі жоқ» деп айғайлайды.  

- Наурызбай шықсын, Наурызбай, -  деген сөздер қазақ арасынан естіліп жатты. Наурызбай торы ала атының құйысқанын қысқартып, өмілдірігін алып тастап, шап айылын да, төс айылын да қатты  тартып дайындала бастады. Көбіміз жасы келген адамның жекпе-жекке шыққанын қаламай тұрмыз. Әсіресе, Бөгенбай шыжкөбек болды. 

-Қабанбайды жібермеу керек! – деп қозғалақтап кетті. Абылайдың да күйгелектеніп тұрғанын байқадым, Қабанбай қубас атты көлденең тартқызып, ол да тартпасын тарттырды. 

- Қабеке, қойыңыз! – деді Абылай. 

-Ажалына асығып тұр екен, өзім-ақ барып сәтін келтіріп қайтайын, - дейді Қабанбай нарт.

-Қабанбай! Қабанбай, шық бері! – деп Арқауыл қазақша айғайлайды.  Наурызбай:

-Ұрыс ұзаққа кетеді, Қабекеңнің шыдауы қиын болады, - деді. Қабанбай алған бетінен таймайтын адам. Ол ешкімді тыңдамай атына мінді. Шапқан да жоқ, желген де жоқ. Қой қайырып келуге бара жатқан адам сияқты, тіпті күйгелектенбейді де, найзасын көлденең ұстап жайымен барады. 

Арқауыл Қабанбайды көрген соң, найзасын оңтайлап тұра шапты. Ол тіпті іліп тастай саламын деп ойласа керек. Қатты келген Ақдауылдың қолындағы салмақты найзасын қылышпен үстіне қарай қағып, екі бөліп тастады.  Арқауыл қайта айналып қалмақтарына шауып барып, тағы бір найза ұстап қайтты. Іліп тастай салмақ шалдың оңай емес екеніне көзі жетті де енді кынабынан қылышын суырды. Ол қылышын суырғанша Қабанбайдың найзасы оның иығына тиіп, ол аттан ауып түсті. Бірақ, найза дарымағандықтан ол жерден тұра салып, атына қайта жармасты. Атына міне бергенде, Қабанбай оны қайта сайып түсірді. Қалмақтың көңілі шамасы бұрынғыдай дардаң емес, су сепкендей басылған. Бұл жол ол атқа жармаспай, ат үстіндегі кісіге найзасын ала жүгірді. Найза Қабанбайдың қалқанына тиді. Қабанбай саспады. Ананы Қабекең өлтіру үшін емес, жездесімен ойнаған балдыздай көретін сияқты. Қабанбай ат үстінде шегініп, қалмақты атынан алыстатып кетті. Аттыға жаяу не істей алмақ? Қабанбай тақымын қысып еді, Қубас ат тікесінен тік секіріп, жау жанына келді. Қабанбайдың қолындағы алмас жарқ етті. Арқауылдың басы алмадай бөлініп қалды. Қабанбай артына қараған жоқ, басқа мақтаншақ батырларша майданда шолан ұрып тұрмады. 

Оның артынан болған кескілес жарты айға созылды.  Қалмақта қарсы тұрар қауқар қалмады. Бөрі апанына тығылған қасқырай быт-шыт болып кетті». 

Қабанбай батырдың тарихи деректерін сүйсіне оқып шығып, ой бөліскенді жөн санадым. Тарихтағы батырлығының өзі оқып отырған адамға ерекше рух береді.  Спорт кешендерінің негізгі мақсаты ұлттың батыр ұлдары мен қыздарын рухты, намысты етіп тәрбиелеу ғой. Қазақтың намысты ұлдары мен қыздарын аруақты бабалардың рухы қолдап спорт ареналарының біріне Қабанбай есімін берсе,  ел рухы тағы бір рухани жаңғырып қалар еді.

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Abai.kz 

6 пікір