«Атымды адам қойған соң...»
(Абайдың «Жүректе қайрат болмаса» өлеңіне түсінік)
«Жүректе қайрат болмаса» (1898) – жан (адамдық) һәм тән (надандық) таласы туралы мазмұны терең толғау. Бес шумақ өлең өзегі – жантану ілімі. Біздің адамдық немесе адамгершілік дейтініміз – арабша «инсаният», латынша «гуманизм». Осынау «адам» атануының, жалпы адам болмысының түп негізі (генезисі) неде? Өлеңде Абай осы мәселені көтерген.
Таяуда қаламы бар бір азамат «Егемен Қазақстан» (2020 жыл, 20 ақпан) газетінде «Абай философиясы: шығу тегі, қалыптасуы және дамуы» деген тақырыбы зор эссесін жариялапты. Эссе авторы ондаған еуропалық ойшыл ғалым, жазушыны атап айта келе, осылар: «Болмыс жұмбағын шешті» деп түйеді. Бұл Еуропаға Абай ұстаз емес дегені ме – түсінбедім. Мұны қойшы, әлеуметтік желіде (ФБ-да) Кенжебай Мырзан бастатқан топ: «Абай, Абай!» деу надандық, кез келген халықтың Абайдан асқан данышпандары жетеді» десіп тас атып жатыр екен. Қазақты қазақ қып сақтаған Абайға шын көңілмен сүйіну, табыну орнына басыну... бұл сорақылық қайдан?! Шүбәсіз, бұл советтік дәуірде қоғамдық санаға «Абай – әдебиетші» деп сіңдірудің және соңғы отыз жылда Абайды таныту ісін жылы жауып қоюдың салдары.
«Абай.кз» сайтында маған «Философия ғылым ба, ғылым болса, статусы қандай?», «Абай философ па, әлде хакім бе?» деген сауалдар қойылған-ды, сөзді осыдан бастайын. Философия, иә, ғылым саласы, бірақ жаратылыстану ғылымдары (физика, биология, химия, математика, астрономия және т.б.) сияқты дербестік онда жоқ. Оның міндеті – дүниенің көрінбеген сыры, яғни киелі кітаптар мәтіні мен хакімдік ілімдерге түсініктер (комментарий) беру. Философия статусы, міне, тек осымен ғана анықталмақ.
Енді философияға сүйенген Еуропа ой-сана кеңістігіне көз салайық.
Кешегі Спиноза, Декарт, Дарвин, Гегель, Фейербах, Маркс және т.б. жасаған «жүйелі» ілімдер тегіс ескірді. Өйткені, олар хақиқатты материалдық әлемге жалтақ-жалтақ қарап, соның категорияларымен ұқтыруға, шешуге тырысып бақты. Абайдың жантану, толық адам, үш сүю ілімдері тірі, тіпті жаңа туылғандай балғын. Неге? Оған себеп – Құдай (жан) барлығын «ақыл мен хауас (сезім)» білмейді, тек «жүрек сезедүр» дейді Абай. Кемеңгердің: «Бекер, босқа езе дүр» дегені – күллі Батыс пен Шығыс оқымыстыларын шенегені еді. Мұны «философ сөзін көп оқыған» шәкірті Шәкәрім қостап:
Саяз ақыл бас ұрған,
Мақтауын көктен асырған,
Жаба тоқып жасырған,
Талайдың жардым шиқанын, – дейді. Біле білсек, Абай: «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым» дегенді жайдан жай емес, жеке басының тәжірибесінен алып айтқан.
Сөйтіп, жүрекпен сезу – тек әулие хакімдердің сыбағасы. «Сөз – Құдайдан шыққан бу» (Шәкәрім) демекші, керемет өнерді, техникалық прогресті қарыштатқан ғажайып жаңалықты тудырған білім мен шабыт тек Құдайдан келеді. Бұл әлімсақтан аян. Абай нәр алған осы төртінші қайнар исламда «илхам» немесе «уахи» делінетін өте сирек құбылыс. Әлгінде Кенжебайдың «әр халықтың Абайдай данышпандары жетіп артылады» дегені «әр халықтың өз пайғамбары бар» деген сияқты білімсіздік.
Сонымен, 1897-1898 жылдарға дейінгі шығармашылығы бойынша Абай – үш қайнардан нәрленген оқымысты философ, ал «Тасдиқ» (қазіргіше 38-сөз) трактаты мен «Алланың өзі де рас...» өлеңін жазған 1898-1902 жылдары Абай – бүкіл адамзаттың ұстазы. Бұл ғұламаның рухани өсу, жетілуінің соңғы сатысы. Білімді жүрекпен алған илхам шағы. Егер Кант, Ницше, Пушкин, Толстойлар Абай қасында еріп жүр деп бір сәтке көзге елестетер болсақ, онда олар – мүрид, Абай – пір. Даналық деген – дүниенің көрінбеген сырын Абайдай айта білу, жүрекке жеткізіп.
«Абай кім? Философ па, әлде хакім бе?» деген сауалға және «Абайды қолдан данышпан жасадық!» деп танаулатып жүргендерге айтарым осы.
Енді бұрылысты 1898 жылғы хакімдік өлеңге келейік.
Жүректе қайрат болмаса,
Ұйқтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса,
Қайуанша жүріп күнелтпек, – деген алғашқы шумақтағы сырлы астар қайсы? Жаратушы құдірет жұмыр басты пендесіне жан мен тәнге қосып, ерекше ақыл дарытқан. Тәнсіз адам бола ма, сол сияқты ақылсыз адам да жоқ. Бір Тәңірі қайуаннан осылай ажыратқан. Адам ақылы ерекше, оған адамзат тарихы – метафизика сыры мен күллі жаратылыс құпиясын танып-білудің тарихы болуы дәлел. Бірақ атың «адам» болуға ақыл да аздық етпек, жүректе жігер, қайрат болуы шарт екен. Оянған, ойланған есті кісі ғана әрнені білуге құлшынбақ, ақыл қуатын керекті өріске бағыттай алмақ. Ал, кім көкірегі қараңғы, жігерсіз болса, сол – «Қайуанша жүріп күнелтпек». Оның білері тек қарынның қамы. Есті, саналы, иманды, арлы, намыстыға оны кім қосар. Мұны Абай ғақлия сөзінде: «Адам ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылық жоқтығынан азады» (14-сөз) деуімен бекіте түседі. Міне, алғашқы шумақтың сыры осы.
Тіршілік құрсауында қайраңда қалған балықтай тыпырлаған бейбаққа жаны ашыған хакім Абайдың: «Құрсаудан құтыл, ол үшін жүректе қайрат, ал ақылда сәуле, яғни рух болсын!» деп өсиеттеп отырғанын аңғаруға қиынға соға қоймас. Осыны екінші шумақта Абай: «Аспаса ақыл қайраттан, Тереңге бармас, үстірттер» деп ескерткен.
Сөйтіп, «Ақылға сәуле қонбаса» деген астарлы тезис. Кісілік деген –ақылға сәуле қонуы. Ес, сана, иман, арлылық, намыс, жігер категориялары – ақылға сәуле қонғанының айнасы.
Ақылға сәуле қонбаса ше? Онда үкімі қайратқа жүрмейді. Керісінше күші мол қайрат суық ақылға күнәлі ой ойлатып, жаманшылыққа бастауы мүмкін. Абайдың көп өлеңдерінің кейіпкері – суық ақыл иелері. Қиянатшыл, қараңғы, «бойы бұлғаң, сөзі жылмаң» болып, жүрегі кірленген оларға Абай ойлы, мейірімді, қайратты, ақ жүрек, мәрт тұлғаны қарама-қарсы қояды. Екі кейіпкер арасындағы принципті айырма – алдыңғы өзін «тән» санаса, кейінгі өзін «жан» деп біліп өмір сүреді. Біріншісі өмірді – тоймайтын жеміт көзбен, екіншісі – «тән өлсе өлер, бірақ жан өлмес» деген сеніммен сүреді. Бүгінгі әлемдік экологиялық апаттың түпкі себебі осы арада жатыр.
Үшінші шумақта Абай:
Тән сүйгенін бермесе,
Жан шыдамас жан ашып.
Бере берсең бер десе,
Үміт етер таласып, – деп, даналық танымын әрі қарай жалғастырған.
Қазіргі «Пәлі, дүние түгел, тегіс өзгеріп кетті!» деп тамсанып, таңдай қағып жүргеніміз тек материалдық әлемге қатысты. Адам болмысы, дәлдісінде, жан – тұрақты, мәңгілік. Мәңгілік жан өлетін тәнді билесе ғана жарасады. Сонда жеке отбасы да, бүкіл қоғам да ырыс-ынтымақта, береке-бірлікте болмағы шүбәсіз: «Тура жолда қайғы тұрмас» (Абай). Жанға күштеу, зорлық-зомбылық жат, оның қасиеті – мейірімділік. Бірақ, әркім өзі көреді, өмірде бәрі керісінше болатұғыны несі?
Себебі, бұл материалдық әлем, мұнда жаннан тән күштірек. Тән өзімшіл әрі тойымсыз. Жан бер дегенін бере беріп, тәннің құмары бір қанар деп үміт етеді. Тойымсыз тән «бер, бер» деп сұраған сайын жан шыдай алмай, оның сүйгенін береді. Мейірімді жан ашкөз тән тілегін шектеуге тырысып-ақ бағады: «Үміт етер таласып». Күреседі, бірақ шығар нәтиже шамалы.
Сөйтіп, Абай әлеуметтік жараның бірі – құлқын қамына құлақкесті құл болудың құпиясын ашқан, бүгінгі тілмен айтсақ, осы заманғы тұтынушылық психологиясын анықтап берген. Оның аты – тойымсыздық, жер беті кейіске, қоғам қасіретке толы болатыны содан деп ұқтырған.
Төртінші шумақта Абай:
Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса,
Тіршіліктің несі сән,
Тереңге бет қоймаса? –
деп толғанған. Жылқы естісінің ақылы (батырлық эпос кейіпкері, әлбетте, астындағы тұлпарымен кеңеседі), ботасына боздаған түйенің махаббат сезімі тіпті адамдікінен асып түсуі мүмкін. Бірақ малда ақыл, сезім тек тән рефлексі шеңберінде. Жоғарыда Тәңірі адамға ерекше ақыл дарытқан дедік. Оған қоса, жан тілегіне жетуге керекті махаббат пен еркіндікті де берген. Сол үшін қайуаннан сұрау жоқ, адамнан сұрау бар. Демек, қайуан болма, адам бол! Ол үшін Құдайдың хикметін сез, жан мәңгі деп кәміл илан. Қайрат пен ақылды жанға билет! Нәпсіні тия алмаса, тәннен жеңілсе, ол – жүректе қайрат жоқтығы.
Осылайша дана Абай азып-тозған пақырға «Тереңге бет қой!» дейді жаны ашып. Қайуанша жүріп күнелткендерге үлгі етері – ақылына сәуле қонған мәрт тұлға, толық адам. Соңғы бесінші шумақты былайша қорытады:
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын?
Халқым надан болған соң,
Қайда барып оңайын?!
Абайдың екі томдық толық жинағын жаңа үлгіде дайындап, санаулы данасын осыдан жарты жыл бұрын Семей қаласында баспадан шығарғанмын. Енді сол жинақта жасалған бірер текстологиялық түзетулерді келтіре кетейін.
1995 жылғы толық жинақта өлеңнің екінші шумағының үшінші жолы:
...Қартыңның ойы шар тартқан, – деп басылған. Қазақ кәртейген кісіні «шар тартқан» емес, «шау тартқан» десе керек-ті, оған қоса, қарлығыңқы кәрі дауысты «шауқылдаған дауыс» дейді.
Келесі дәлсіздік байыппен тексеруді талап етеді. Соңғы шумақтың екінші жолы барлық жинақтарда:
Қайтіп надан болайын?
Дұрысы – «надан» емес, «қайуан» сөзі! Оған екі дәлел бар.
Біріншісі, тобықты елінің азаматы Оразке Уақбаевтың қолжазба дәптері. Абай өлеңдері 1895-1900 жылдары көшірілген дәптерде «қайуан» сөзі тайға таңба басқандай анық. Дәптерді 1951 жылы тексерген абайтанушы ғалым Қайым Мұхаметханов былай деп мәлімдейді: «Оразке қолжазбасының тарихи құндылығы Абай өлеңдерінің кейбір сөздері басқаша берілген. Мысалы, «Жүректе қайрат болмаса» өлеңінің ең соңғы шумағындағы бір сөз басқаша беріліп:
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп қайуан болайын, – деп жазылған. Сөйтіп, Абай «қайуан» деген сөзді қолданған. Абай өлеңдерін көшірушінің бірі «қайуан» деген сөзді өз ойынша оғаш көріп, оның орнына «надан» деген сөзді жаза салуы мүмкін» («Абай» журналы, 1992, №2).
Әлдекім «қайуан» сөзін өз білуінше оғаш көріп, ауыстырған. Алайда адам мен қайуан болмысын салыстыра қарастыру – мұсылмандық Шығыста дәстүрлі тәсіл. Құранның іші толған соның мысалы. «Адамшылық» атты өлеңінде мінсіз сөз иесі Шәкәрім:
Кісіге адамшылық неге керек?
...Адам боп, қайуаннан болсаңшы ерек! – десе, келесі «Талап пен ақыл» өлеңін:
Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан,
Анық төмен болмай ма қайуаннан, – деп қорытады.
Абайдың өзіне жүгінер болсақ, белгілі өлеңінде:
Махаббатсыз дүние – бос,
Қайуанға оның қосыңдар, – дейді. Оған «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын... білмесе... ол жан адам жаны болмай, қайуан жаны болады» (7-сөз), «...Адамды да қайуан секілді қылып жаратса ешнәрсеге жарамас еді» (27-сөз), «Құдай тағала... ішіңдегі қазынаңды жоғалтып, қайуан бол деген жоқ» (43-сөз) және т.б. қара сөздерін қосыңыз.
Екінші дәлеліміз – бастапқы және соңғы шумақтар сабақтастығы. Өлеңнің басында Абай: «Қайуанша жүріп күнелтпек» десе, соңында: «Қайтіп қайуан болайын» деп түйіндеген. Күтулі үндестік! «Қайтіп надан болайын» Абай танымын күшейткен жоқ, ойлы, сәулелі өлеңді белгілі дәрежеде тек ақсатты. Әне, Абайдың «қайуан» дегенін «надан» сөзімен жұмсарттық, онан не ұттық. Қай сөзін болмасын бұзбай, өз қалпында сақтағанға не жетсін.
Түйін. Байқап отырсыз, «Жүректе қайрат болмаса» өлеңінің өзінен-ақ жалпы адамзаттық әлденеше проблема шешуін табамыз! Хакім Абай мұрасы, әсіресе, жантану ілімі ұлттың қайталанбас бренді болатыны сол. Оның шет елдерге шығарылғаны жақсылық. Әйтсе де, асыл мұра алдымен қазақ қауымына таратылып, терең түсінуге жол салынса деуліміз. Қоғамның ой жүйесі өздігінен өзгермек емес, сеніңіз.
Асан Омаров
Abai.kz