Сенбі, 23 Қараша 2024
Абай мұрасы 29261 6 пікір 27 Ақпан, 2020 сағат 12:13

«Абай ілімі» – адамгершілік, иман, ар-ұят туралы ғылым...

Қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихында шығармашылығының өзегіне білім мен ғылымды арқау еткен Абайдай ақын болған емес. Ол білім мен ғылымды барлық жайдан жоғары қойды. Неге? Себебі, Алланың өзі де рас, сөзі де рас, -деген хәкім Абай: "Ғылым – Алланың бір сипаты, ол хакиқат, оған ғашықтық өзі де хақылық һәм адамдық дүр", - дейді өзінің отыз сегізінші қара сөзінде [1, 186].

Егер ғылым Алланың бір сипаты болса, сонда ғылым деген не?

Ұлтымыздың бас кітабы Ұлттық Энциклопедия: "Ғылым – адамның табиғат пен қоғам туралы объективті білімін қалыптастыруға мүмкіндік беретін танымның ең жоғарғы пішімі", - дей келіп: "Ғылымның басты мақсаты – ғылым заңдарының негізінде ашылып отырған болмыс құбылысымен процесін болжау, түсіндіру және жүйелеп мазмұндап беру",-деп жазады [3, 115].

Абай ғылымды Алланың ғылымы және адамның ғылымы деп екіге бөле отырып: "Адамның ғылымы, білімі, хақиқатқа, растыққа құмарлық болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтық бірлән табылады ",-дейді [1, 186]. Энциклопедия ғылымды болмыс құбылысы мен процесін болжау, түсіндіру, жүйелеу десе, Абай ғылымды әр нәрсенің түбін, хикметін, яғни себебін білмек, - деп түсіндіреді. Ғылымға анықтама беріп түсіндіруде Абай Ұлттық Энциклопедиядан алшақ кетпеген.

Барлық жайдан ғылымды жоғары қойған Абай, ғылымның түрлеріне кеңінен тоқталып, оларды жан-жақты жүйелемесе де, 32-қара сөзінде білім-ғылым үйренгісі келетін талапкерлерге өзінің ақыл-кеңесін береді. Оқып отырып, 32-қара сөзді жазған адамның ғылыммен кәсіби түрде айналысқанына титтей де күмәніңіз қалмайды.

Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуел білмек керек, - деп басталатын [1,174] Абайдың 32-қара сөзін қарапайым тілде қысқаша жүйелесек, Абай былай дейді:

Бірінші. Ғылымды әйтеуір бір керек болып қалар деген есеппен үйренбе. Ол үшін ғылымға шын махаббатпен құмар болып, білуді анық мақсат етіп, білмеген нәрсеңді білгеннен көңілің рахат алып, енді тағы да біле түссем екен деген ойдан ғылымға деген сүйіспеншілік-махаббатың жоғарылай түседі. Сонда ғана әрбір естіген, көргеніңді анық ұғып, оны өз суретімен ішке жайғастырасың. Көңілің өзге нәрседе болып, ғылымды оған себеп қана қылмақ үшін үйренсең, ондай білімге көңілдің мейірімі шала болады. Шала мейір шала байқайды.

Екінші. Ғылымды ақиқат мақсатпен, білмек үшін үйрену керек. Бахастық яғни бақталастық үшін үйренбе. Азырақ бахастық өзіңді өзің пысықтау үшін керек те шығар. Көбірек бахастық, бақталастық адамды бұзады. Себебі, бақталас адам – ақиқат үшін бақталас болмайды. Жеңбек үшін бақталас болады. Ондай бақталастық күншілдікті зорайтып, адамгершілікті азайтады. Ондайлар ғылымды мақсат етпейді. Бақталастық яки Абай тілімен айтқанда бахастық ғылым жолындағы адамдарға жат емес. Бірақ оған берілу адамды өзімшіл, менмен етіп, мақтаншаққа айналдырады. Ондай адамдар өсектен де, өтіріктен де, ұрыс-төбелестен де бойын аулақ ұстамайды.

Үшінші. Ақиқатыңмен, бар болмысыңмен көзің жетсе, одан еш уақытта бас тартпа, өлсең айрылма. Өзің көзің жетпеген нәрсеге өзгенің көзін қалай жеткізбексің?

Төртінші. Білім-ғылымды көбейту үшін адам бойында ойласып, пікір алысатын, екінші, ол пікірді сақтап қорғайтын екі түрлі қуатты қасиет болу керек. Бұлар зораймай, ғылым зораймайды.

Бесінші. Ақылға кесел нәрселерден сақ болған жөн. Естіген нәрсені ұмытпасқа төрт түрлі себеп бар.

  1. Көкірегі байлаулы берік болу керек.
  2. Сол нәрсені естігенде я көргенде бірдемеге үлгі етіп, ұқсатып, бар ынтамен ұғу керек.
  3. Бірнеше рет қайталап, көңілге бекіту керек.
  4. Ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Ол кеселді нәрселер: салғырттық, уайымсыздық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, болмаса бір нәрсеге құмарлану, бұл төрт нәрсе ақыл мен ғылымды тоздыратын нәрселер. (31-қара сөз) [1,173-174]

Адам бойындағы кеселді нәрселердің ең жағымсызы, Абайдың пікірінше, ол – уайымсыз-салғырттық.

Салғырттық – құдайдың да, елдің де, үлгінің де, ақылдың да, ардың да қас дұшпаны. Ол бар жерде бұлар болмайды, - дейді ғұлама Абай.

Алтыншы. Ғылымды, ақылды сақтайтын мінез деген сауыт бар. Сол мінез бұзылмасын. Ол үшін көрсеқызарлық пен біреудің орынсыз мінезіне, я сөзіне немесе кез-келген қызыққа еріп кеткіш мінездің тұрлаусыздығынан аулақ болған жөн. Олай болмаған жағдайда мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Мінезде арды, ақылды сақтарлық қайраты бар болсын. Бұл ақыл үшін, ар үшін болсын, - деп аяқтайды хәкім Абай өзінің 32-қара сөзін.

Меніңше, ғылым жолына түскен әрбір жас Абайдың дәл осы 32-қара сөзін терең түсініп, біліп қана қоймай, оны өмірлік ұстаным-кононына айналдыруға тиіс деп ойлаймын.

Абай  ғылым үйренуші талапкерлер үшін моральдық-философия тұрғысындағы адамгершілік пен биік рухани қарым-қатынас, этика мәселесін басты орынға шығарған.

"Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан руза, қылған қаж ешбір ғибадат орнына бармайды", - деген Абай (10-қара сөз) [1,144-145] білім мен ғылымды жан-тәнімен, жанталас қимыл үстіндегі ой арпалысымен насихаттады. Неге? Себебі, ендігі заман білім мен ғылым заманы екенін, білім-ғылым кімнің қолында болса, бақ та, береке де, билік те соның қолында болатынын Абай басқалардан тез болжады, терең түсінді. Сондықтан да ол білім мен ғылымды бар болмысымен, жан-тәнімен насихаттады һәм оны бар жайдан биік қойды.

Осы орайда абайтанудың негізін салушы,  ұлы ғалым М.О. Әуезовтің 1927-31 жылдары жазған Абайдың тұңғыш ғылыми өмірбаянында жазып қалдырған Абай өмірінің бір дерегі есімізге түсіп отыр.

Құнанбай Абайға үш түрлі сын айтады. Біріншісі, жұрттың бәрімен күліп сөйлесесің, жайдақ су сияқтысың, екінші, көрінгенмен жақын боласың, кісі талғамайсың,  үшінші орысшылсың, орыстың дұшпандығын ұмытасың дейді. Абай Құнанбай тарапынан өзіне айтылған осы үш сынның үшеуіне де ұтымды жауап қайтара келе, орысшылсың дегенге: "Заман орыстыкі, ол – жеңген, біз – жеңілген елміз. Ендігі күнде алысатын дұшпаныңның айласы мен әдісін білмесең, алысқа шығудан мағына жоқ. Мен орыстың өзін сүймесем де, өнері мен ебінен үлгі алуға керек", - депті. [2,123] Абайдың бұл сөзінен болашақ ұлы ақынның халықты өнер-білімге, ағартушылыққа шақырған ойларының" түп темірқазығын" аңғарамыз.

Иә, орыс бізді жеңсе қуатты мемлекеттілігі мен от қаруы арқылы, сол от қаруды жасап шығарған өнері мен білімі, ғылымы арқылы жеңді. Жеңген жаудың тәсілі болған өнер-ғылымын үйреніп, солардың өзіне қарсы қолдану, бұл – жеңілген елдің басқыншы жауға қолданар жалғыз әдісі. Абай бұл жерде дүниежүзіндегі отарланған елдің, отаршыл жауларына қолданар жалғыз тәсіліне жүгініп отыр. Абай сол дәуірдің гео-саяси жағдайын да, орыс империясының отаршыл саясатын да терең түсінді. Түсінбесе:

Өздеріңді түзелер дей алмаймын

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың,-деп айтар ма еді?!

Білімді ел ешкімге де құл болмайды. Осы қағиданы терең түсінген Абай, халқының ұлттық санасын көтере отырып, қабырғалы дамыған елдердің қатарына қосу мақсатында, өз шығармашылығындағы басты орынды білім мен ғылымға берді. Халқына өсиет айтып, үлгі-өнеге таратқан Абай, ғылым жайын сөз еткенде де құрғақ дидактикаға барған жоқ. Жалпы, Абай шығармашылығында үйрету, ақыл айту (зерцало) бір сөзбен айтқанда дидактика аз, тіптен жоққа тән.

Айта кететін бір сөз, Абай еш уақытта білім мен тәрбиені бір-бірінен бөліп алып, жеке қарастырмаған. Жақсы тәрбие білім арқылы келеді, - деп есептеген Абай, білім мен ғылымның адам өміріндегі орнын өте терең түсінді. Ол ғылым мен білімді тәрбиемен ұштастыра қарастырып, адамгершілік негізі – білім мен ғылым, - деген өте күрделі ой ұстанымда болды.  Өз шығармашылығында білім мен ғылымды басты орынға шығарған Абай бар күш-жігерін халқының ұлттық санасын көтеруге жұмсады.

Білімді, рухани дүниесі бай халық қана қоғамдық дамудың биік сатысына көтерілмек. Осы қағиданы берік ұстанған Абай 1880 жылдары жазылған өлеңдерінде рухани дүниенің қайнар көзі – білім, ғылымды сөз етіп, адамгершілік пен ақыл, ар-ұят яғни адам бойындағы рухани байлықты басты орынға шығарды. Бұл жылдары Абай әрі жазып, әрі тереңдей оқи түседі. Әлеуметін терең танып, азаматтық идеясы жан-жақты өскен білімді ақын, өзі өмір сүрген қоғамды әр қырынан тани түсіп, жаңа үлгідегі ақын болып қалыптаса бастайды.

Абайдың осы кезеңде яғни 1886 жылы жазған "Интернатта оқып жүр" өлеңінің өзегінде шынайы тарихи шындық жатыр. Өлеңде әлеуметін терең таныған ақынның өз қоғамының оқығандарына деген сыни көзқарасы жан-жақты тереңнен ашылған. XIX ғасырдың екінші жартысында өзінің отаршылдық саясатын одан ары жүзеге асыру үшін Ресей империясы жергілікті ұлт өкілдерінен тілмәш-аудармашылар мен ұсақ патшалық шенеуніктер даярлайтын мектеп ашқаны белгілі. Оларды қазына есебінен интернатта жатқызып, оқытқаны да рас. Абайдың "Интернатта оқып жүр" өлеңі сол алғашқы орыс оқуында оқып жүрген қазақ балаларына арналады.

Интернатта оқып жүр,

Талай қазақ баласы - деп, басталатын өліңінде Абай, "шариғаты шала" білімсіз де тоғышар қазақ оқығандарының орыстың тілі мен жазуын  біліп, "прощение-арыз" жазуға ғана шамасы жететін шала оқуын:

Прощение жазуға

Тырысар келсе шамасы –деп, әжуалай мысқылдайды. Шариғаты да, оқуы да, білімі де шала оқушыларды:

Ойында жоқ бірінің,

Салтыков пен Толстой.

Я тілмәш, я адвокат

Болсам деген бәрінде ой, - деп қатты сынаған ақын, оқуды қызмет үшін оқыма, Салтыков, Толстой секілді ойшылдардың еңбегін оқып біл, солардан үйрен, халқыңа пана бол, еліңе пайдаң тисін, сол үшін оқы, -дейді.

Абайдың "Интернатта оқып жүр "өлеңінде алғашқы қазақ оқығандарының жиынтық бейнесі шынайы тұрғыда әдемі суретелген. Көмекке зәру халқы мен еліне жаны ашымас безбүйрекке айналған олар, мансапқор әрі құлқынның құлы ынсапсыз. Өлеңді оқып болған соң, қазақ оқығандарының адамгершілік тұрғысынан осыншама құлдырауына олардың ғылымнан хабарсыз білімсіздігі себепкер, - деген түйінді ойға оқушы еріксіз байлам жасайды. Абайдың данышпандығы сонда, ол – адам бойындағы жағымсыз қасиеттердің барлығының бастауында білімсіздік тұр деген астарлы ойды ақындық түйсікпен ғажайып түрде бейнелеп жеткізген.

Қазақ оқығандарының бойындағы жағымсыз қасиеттерді санамалап көрсеткен Абайдың "Интернатта оқып жүр" өлеңінің жазылған уақытынан бері тура 134 жыл уақыт өтіпті. Содан бері қазақ оқығандарының бойындағы Абай сынаған жаман қасиеттерден не өзгерді? Ешнәрсе де!

"Жаңа жылдың басы" болған жаңа толқын, жақсы леп, жан-жақты білім иелері,  ұлтын жан-тәнімен сүйіп, тәуелсіз мемлекет құруды армандаған, сол жолға өмірін арнап, басын бәйгеге тіккен, шын мәніндегі ұлт зиялылары "Алаш арыстарын" қызыл террор қан-қасап қырғынға ұшыратқан соң, қаймағынан айырылған сүттей болып, білімдіміз, оқығанбыз дейтін кейінгі толқын ұлтшылдық, елшілдік тұрғыдағы бар қасиетінен айырылып, құлдық сананың таз кепешін қайта кигені ешкімге де жасырын сыр емес. Бұл –  біздің ұлттық тарихымыздың ішіне ауыр сыр бүккен, ең қаралы беттері.

Аллаға сансыз алғыс, мың шүкір! Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіз ел болдық! Бодандық, құлдық қамыттан құтылған соң, біздің зиялы қауымның ұлтшылдық қасиеттері молая түсіп, елшілдік сезімі жоғарылауға тиіс еді ғой. Міне, парадокс! Бізде бәрі керісінше болып шықты. Сол баяғы Абай заманындағы рухсыздық, мансапқорлық, ашкөзді ынсапсыздық, мансап жолында ешнәрседен тайынбайтын жағымпаздық қаз-қалпында сақталып, сол күйінде міз бақпай тұр. Қазақ оқығандары үшін Абай заманынан бері ешнәрсе өзгермеген секілді. Абай заманындағы оқығандар "тілмәш", "адвокат" болуды армандаса, бұл күндегі қазақ оқыған зиялыларының арман ауқымы өсіп "әкім" не "депутат" болғысы келеді. Бар айырмашылық осы ғана! Ұлттық мүддені басты орынға шығаруға тиіс зиялы қауым жалтақ әрі қорқақ. Олар ұлт алдындағы өз жауапкершілігін сезінер емес. Ақылды, оқымысты болғандықтан болар, қарапайым халық бар үмітін өзінің оқыған зиялы қауымына артады. Дене еңбегімен емес, ой еңбегімен өмір сүріп, жақсы, жайлы өмірге ерекше құштар зиялы қауым табиғатында өте қорқақ. Сондықтан да болар, олардың ішінде батылы жетіп, ұлттың көкейкесті мәселелерін қорықпай айтатын қайраткерлер өте сирек кездеседі. Менің бұл сөзіме "жаппарқұлданып" бас шұлғып, президенттің қолын сүйіп, оны Пайғамбарға теңейтін зиялылар толық дәлел.

Хәкім Абай:

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, -дейді.

Зиялы қауымда нұрлы ақыл, жылы жүрек бар шығар, бірақ, бойында "ыстық қайрат" болмағандықтан болар, олар "әліптің артын баққыш", екіжүзді, қорқақ. Адам бойындағы күллі нәрсіз, жаман қасиеттердің түп негізінде қорқақтық тұр.

Ал, біздің екіжүзді зиялы қауым, өзінің қорқақтығын ақылды да жылтыр сөзімен бүркемелегісі келеді. Олардың бұл қылығы басын құмға жасырғанымен, арты дөңкейіп көрініп тұратын түйеқұстың бейнесін елестетеді. Қазақ халқының ұлы трагедиясы сонда, біздің әлі күнге ұлттық санамыз қалыптасқан жоқ! Неге? Бұған кім кінәлі? Енді не істеу керек? Сұрақ көп, жауап жоқ!

Қазір ойлаймын, Абай ғайыптан тіріліп ортамызға келсе, ұлттық санасы оянбаған бейшара халдегі ұрпағы мен құлқынынан басқа ешнәрсе ойламайтын мәңгүрттенген зиялы қауымын көріп, қайтадан тіл тартпай өліп кететін шығар. Негізгі дені Кеңес өкіметі тұсында қалыптасқан бүгінгі қазақ зиялыларын білім мен ғылымнан  хабарсыз еді деп айта алмаймыз. Олай болса, олар неге осындай бейшара халге түсті?

Оның негізгі себебі мынау: Ұлтының болашағын ойлаған ұлт зиялылары Кеңестік "қызыл қырғынның" құрбаны  болып, "халық жауы" деген жаламен атылып кетті. Кейінгілерге үлгі жоқ. Халық кімді тыңдап, кімнен үлгі аларын білмеді. Ұлттық санасы қалыптасып үлгермеген қазақ халқы, ұлт зиялыларынан айырылған соң, сең соққан балықтай мәңгіріп қалды. Сол кезеңде "ұлттар достығы" деген желеумен, орыс тілін неғұрлым тезірек білсек, соғұрлым коммунизмге ертерек жетеміз деген Кеңес өкіметінің отаршыл саясатын  бүркемелейтін жалған идеологиясына, отарлық езгіде ұзақ уақыт болып, ұлттық санасы қалыптаспағандықтан болар, басқаларға қарағанда біздің қазақтың оқыған зиялылары тез бейімделді. Бірақ, осы "бейімделгіш" қазақ оқығандарының көбі білімді һәм ғылымды "ғалым" адамдар еді. Онда себеп неде? Әлде, адамның күллі жақсы мінезінің бастауында білім мен ғылым тұр, - деген хәкім Абай қателесті ме? Жоқ, Абай қателеспепті.

Хәкім Абай өзінің 32-қарасөзінде: "Ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмеу үшін үйренбек керек. Егер дін көңілің өзге нәрседе болса, білім-ғылымды соған себеп қана қылмақ үшін үйренсең, ондай білімге көңіліңнің мейірімі асырап алған шешеңнің мейірімі секілді болады. Адам көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де мейірленеді, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды", -дейді [1,174].

Біздің қазақ оқығандарының көбісі дерлік ғылымды ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренген жоқ. Олардың шын көңілі өзге нәрседе болды. Ол – қызмет пен мансап еді.

Баламды медресеге біл деп бердім

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім, - деген Абай, қызмет, мансап үшін оқыма десе, біздің қазақ оқығандары керісінше, қызмет үшін оқып, “... білім-ғылымды оған себеп қана қылмақ үшін” [2,174] (32-қарасөз) лауазымды биік қызметтерге қол жеткізу мақсатында білім-ғылымды баспалдақ ретінде пайдаланды. Шала ғылым шала байытады, шала байқайды. Нәтижесінде рухани дүниесі өте кедей, құлқынынан өзге ойы жоқ, ұлтына жаны ашымайтын ашкөз, ынсапсыз, қызмет құмар-мансапқор "шала зиялылар" қазақ қауымында қаптап кетті.

Біз, осы, қазақтар, неге қызмет құмар - мансапқор болдық? Мұндай ауыр дертке қалай шалдықтық?

Шындықтың бетіне тура қарап, тарихымыздың тереңіне үңілсек, бұл – құпиясы тереңде жатқан ауыр сыр. Орыс империясы өздері жаулап алған қазақ жеріне мәңгілік иелік ету үшін, отаршылдардың жаулап алған еліне қолданар бірден бір әдісі "Жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтұру немесе сексеуілді сексеуілмен ұру" саясатын қолданғаны мәлім. Олар рулық санадағы қазақ тайпалары мен руларын бір-біріне айдап салып, жауластыра отырып, олардың кейбір басшыларына лауазымды қызмет беріп, оларға міндетті салық түрлерінен түрлі жеңілдіктер қарастырды. Қарны мен қара басының қамы үшін халқының бостандығы мен тәуелсіздігін сатқан олар,  мойындарына құлдықтың қамыты киіліп, қалай құлға айналғандарын олардың өздері де сезбей қалды. Құлда ынсап, қанағат, рақым, ар-ұят деген сезімдер болмайды. Ар-ұяты өліп, рухани тұрғыдағы құлға айналған олар, барлық мәселеге жеке қара басының қамын күйттеген құлқын көзімен қарады. Міне, осылай құлға айналып, өзгені зор тұтқан сатқындар, өз қандастарына қарағанда жеңіл өмір сүрді. Тіптен, олар жақсы өмір сүргісі келетін кейбіреулерге үлгі бола бастады. Міне, қызмет құмарлық дертіне біз осылай шалдықтық. Мансапқорлық пен қызметқұмарлық дерті, бұл – тексіздер арқылы ұлтымызға отаршылдар салып берген құлдық таңба еді.

Ұлтының тілі мен дінін, тарихын, әдебиеті мен мәдениетін ұмытқан мәңгүрттіктің түп негізінде жақсы, жеңіл өмір сүруге ұмтылған құлдық сана жатыр.

Қашан бала ғылым, білімді махабатпен көксерлік болса, сонда ғана оның адам аты болады,  - деген (38-қара сөз) Абай іліміне сүйенсек: Адамның ішкі жан дүниесі – адамгершілігі мен ақылының, сабыры мен қайратының, мейірімі мен әділетінің рухани қайнар көзі – білім мен ғылым. Білімі мен ғылымы жоқ немесе білім-ғылымы шала адам рухани дағдарысқа тез ұшырары хақ. Оның арғы жағында – адами азғындық тұр.

Біз, адамның адамдығы ғақыл (ақыл) ғылым деген нәрсе бірлән
(38 қарасөз), -деген Абай тағылымын қаперімізге алмай өстік.

Сондықтан да болар дәл қазіргі таңда, үлгі көрмей, қызмет құмарлық дертіне шалдыққан қазақтың қаншама зиялылары, ұлттың емес, қара басының қамын күйттеп, жайлы өмір мен қу құлқынның қамы үшін өзінен жоғарыдағыларға "жағынып" қор болып өмір сүруде. Біздің ұлттық трагедиямыз сонда,  халқына жол көрсетіп, жөн нұсқайды, - деген қазақ зиялылары ұлт алдындағы жауапкершілігін терең сезініп, түсіне алмай отыр. Бүгінгі таңдағы қазақ зиялылары қорқақ әрі мансапқор. Ұлтқа тұлға болады деген зиялыларымыздың жағдайы осындай болғанда, үлгі етер қауымы жоқ қарапайым халықтың ұлттық санасы қалай көтерілмек? Біз қазір құлқыннан өзге ойы жоқ, ашкөз ынсапсызға айналдық. Ашығын айтсақ, дәл бүгінгі қазақ қоғамы рухани дағдарыс үстінде. Осы дағдарыстан шығар жол бар ма? Меніңше, бар. Ол – адамгершілік бастауында тұрған білім мен ғылымды және «Иманигүлді», «Толық адамды» насихаттайтын Абай ілімі! Бірақ, бұл өз алдына бөлек әңгіме. Себебі, "Абай ілімі" – адамгершілік, иман, ар-ұят туралы ғылым.

Нұрғали Махан,

Түркістан облысы,

Созақ ауданы.

Пайдаланған әдебиеттер

1. Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. 2-том. Алматы, "Ғылым"-1977.

2. Әуезов. М. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. Алматы, "Санат"-1997.

3. Қазақстан. Ұлттық Энциклопедия. 3-том."Қазақ Энциклопедиясының" Бас редакциясы.

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5362