Жексенбі, 24 Қараша 2024
Аңыз Абай 11268 6 пікір 10 Наурыз, 2020 сағат 11:46

Абайдың ұлттық сана туралы ұғымы

Қашанда ойшыл адамдардың көңіл бөлетін мәселесі адам мен қоғамның болмысына бағытталып отырған. Қоғам мен адам болмысының негізінде ел мүддесі, мемлекет құрушы ұлттың болашағына қатысты мәселелер тұр. Ұлттың ішінен шыққан тұлғалар тарихта бұны ескермей өткен емес. Ұлттық тәрбие, рухани өмір, ортаның берер өнегесімен қалыптасып отыратын өзіндік сана, кісілік қоғамның жағдайын терең біліп, түсінуге және оған қызмет етуге жетелеп отырған.

Әлем мәдениетінде, әр елдің қоғамында Абай сынды ойшыл адамдар болмаса қоғамдық сананы түзу жолға бастап отыратын мәдениет пен философия да болмас еді. Кез келген қоғамның өркениетті дамуының, өркениеттілікке бет бұруының негізінде филоcофия мен мәдениеттің қызметі (әлеуметтік танымдық) ерекше көзге түседі. Әлеуметтік философияның қалыптасу себебі де осында. Тарихи уақыт жағдайында қоғамның ақыл-ойына қызмет етіп отыратын рухани құндылықтарды, даналық тәжірибелерін сақтап отыру философияның еншісіндегі дүние. Бұған қатысты Әл-Фараби, «біз философияның арқасында бақытқа жетеміз. Ал оны біз жақсы ақыл-парасат арқылы меңгереміз» деп жазып кеткен[1.232-б].  Даналық иелерінің міндеті, әсіресі олардың тарих өрісінде сақталып, қызметін жалғастырып қалатын руханияты қоғамдық сананың деңгейінің сақталуына (уақыт талабына сай жетілуіне) қызмет етіп отыруында. 

Қоғамдық ақыл-парасат, сана дегеніміз не нәрсе? Біздің ойымызша қоғамдық зерде оны алға жетелеп отыратын ортақ сананың, ортақ идеяның, ұлттық және азаматтық бірегейліктің болуы, қоғамда қатар өмір сүріп отыруы. Қоғамда өткен уақыт пен бүгінді, елдің өткені мен болашағын біріктіріп отыратын тарихи сананың тегістей өмір сүруін қоғамдық ақыл-ой, соның негізгі дейміз. Ұлттық мінездің ең тамаша қасиеттерінің сақталып, ұлттық құндылықтардың мемлекет пен қоғам тарапынан дәріптеліп отыруы, оның өскелең ұрпаққа кеңінен дұрыс насихатталуы қоғамның деңгейін айқындап отырады. Бұл болмаса, қоғам тарапынан тарих тағылымы дәріптеліп, тәжірибесі игеріліп отырмаса қоғамдық сана түрлері өз деңгейінде дами алмайды. Қоғамның, ел мәдениетінің дамуына негіз болатын тәрбие, білім, өнер осы үшеуін қатар меңгерген ұрпақ тұлғасы, қарапайым сөзбен айтқанда қоғамда ортақ ұстанымды негіздейтін тарихи сананың өмір сүруі  жасампаздықтың, бәсекеге қабілетті болудың берік жолы болып табылады. Сонау Әл-Фарабидің заманынан бастап ойшыл адамдардың көксеген нәрсесі осы болды. Даналықты, білім мен өнер рухын өркениетті дамудың негізгі бағытына айналдыру ісі ойшыл адамдарды адамзат дүниесіне ортақтастыра түскен. 

Өркениеттілік, өркениетке қоғамдық бет бұрыстың негізінде мәдени игіліктердің құндылығы ерекше көзге түсіп отырады. Мәдениет, мәдениеттілік және мәдени игіліктер болмаған уақытта өркениет туралы ұғым да болмас еді. Өркениет ұғымының өзі тұлғалық мүмкіндіктен шығады. Яғни даналық, білім, өнер мен ғылым және осы бір адамзаттық игіліктердің қалыптасуы мен дамуына себепкер болған рухани адамдар өркениеттіліктің мәнін зерделеп, адамзаттық прогресстің күш алуына ықпал етіп отырған. Абайдың өзі айтып кеткендей:

Ер ісі – ақылға ермек, бойды жеңбек,
Өнерсіздің қылығы өле көрмек.
Шыға ойламай, шығандап қылық қылмай,
Еріншек ездігінен көпке көнбек.

Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,
Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.
Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,
Мың күн сынбас, бір күн сынар шөлмек.

Адамзат тірілікті дәулет білмек,
Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек.
Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезіп,
Не қорлық құр қылжаңмен күн өткізбек? [2.11-б.]. Ойшылдардың тұлғалық қасиеті өзі өмір сүрген уақыт кеңістігінде адамзатқа, ұлттың болашағына ортақ игіліктерге қайшы келетін нәрселерді күні бұрын зерттеп, ұрпаққа ескертіп отыратындығында. Абайдың және өзге де қазақ ойшылдарының ұлттық мүддеге қатысты айтылған ойлары Әл-Фараби айтқандай, қоғамының мәдениетін сақтап, заманның өткінші аумалы-төкпелі құбылыстарынан қорғап отыру үшін қалыптасқан.

Абай әлеуметтік уақыт құбылысына қатысты өзінің бірінші қара сөзінде былай деген. «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткідік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре – көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің бәрінің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын»[3. 5-б.]. Өркениетке бет бұрған қоғамның, әсіресе қоғамының болашағын, ұрпақтың мәдениетті болуын ойлаған мемлекеттің және оның зиялыларының ұлттық санасы, ұстанымы  уақыт туралы дүниетанымдық білімнен бастау алған. Абай қоғамды алға бастайтын екі нәрсе, яғни уақыт туралы білім мен оны дұрыс пайдалануға жетелейтін қоғамдық сана (ақыл-парасат) екендігін айтып кеткен. 

Уақытпен байланысу дегеніміз адамның бар болуының, өмір сүруінің белгісі. Уақыт жаратылыс болмысының негізгі белгілерінің бірі. Адам баласы осы жер бетіндегі уақыт ішінде өмір сүреді, әлеуметтік уақыт ішінде өзінің қолтаңбасын қалдыра алады. Адамның рухани болмысымен байланысты уақыт құбылыстарын тарихи немесе әлеуметтік уақыт, рухани өмір дейміз. Абай өз заманында әлеуметтік уақыт құбылыстарына қатысты терең ойлар айтқан санаулы ойшылдардың бірі. Жоғарыда айтып өткеніміздей Абай заманы адамзат әлемінде әлеуметтік уақыттың құбылыстарын негіздеп отыратын жаңа дүниелердің пайда болып жатқан дәуірі. Өркениет биігіне қарымды қадам жасап жатқан жаңа ғасыр жағдайында қазақ қоғамына да әлеуметтік ұстаным, ортақ идея мен өзіндік сана қажет. Елдің болашағы қоғам тарапынан, ұрпақтың тарапынан зерделенбесе, оны зерделейтін ұлттық сана, халықты уақыт талабына бейімдеп отыратын орта болмаса ел қанша тырмысса да уақыттың талабына ілесуден қала бермек. Сондықтанда Абайдың пікірі бойынша жеке адамның болмысымен ұштасатын рухани өмір әлеуметтік уақыттың талабына бейімделуі қажет, оны бейімдетін мемлекет, қоғам, адамның өзі. Байыппен зерделеген адамға соңғы ғасырларда қарқынды түрде жүріп жатқан жаңа өркениеттің (ғылыми техникалық, ақпараттық технологиялардың ) дамуы ат жарыс сияқты. Алаш зиялылары жазғандай, жүйрік озады, шабан қалады. Уақыт қашанда бәйге үйлестіруші. 

Абайдың, алаш зиялыларының ойынша өркениет бәйгесінен қоғамы кейін қалмауы үшін оның адамы қоғамына адал, еңбекқор, өнерлі болу қажет. Өркениеттің дамуында қоғамға жүктелетін міндет оның рухына салмағын артып отырады. Мәдениет жүзінде қоғамдық сананың шабан болуы тарихи сананың жұтаңдығынан, ұлттық сананың жоқтығынан шығады. Әрине Абай тұсындағы қазақ қоғамына кінә арта берген болмас. Тәуелсіздігінен айрылған халықтың қиындыққа қарамастан Абай сынды, алаш зиялылары сияқты тұлғаларды шығарған ортаға қарап, оның мәдениеті төмен болды деген ой тумаса керек. Бұған қатысты Әлихан Бөкейханов «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласында, «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел Алаштың ортасы, сонда университет салып қазақтың ұлын, қызын оқытсақ, «Қозы-Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін европа сонда білер еді-ау» дейтін Г.Н. «Қозы Көрпеш – Баянда» Баян махаббат жолына өзін құрбан қылған. Мұны шығарған жұрт махаббатты сынай, бағалай біледі. Мұндай жұрттың қатыны келешекте ұл тауып тұр, аты бәйгеден келіп тұр. Қазақ жұрты келешекте кіммен болса да қатар отыруға ұялмайды» деген Г.Н. Потанин сөзін келтіреді»[4.278-б.].

Әлеуметтік уақыт қоғамнан да, жеке адамнан да ортақ ойды, ұлттық зердені, жасампаздық қасиетті талап етіп отырады. Әлеуметтік ортадағы қоғамдық сана құбылыстары, әіресе ақыл-парасат оның болмысын тығырыққа тіремейтін, керісінше оның дамуына бастама болып отыратын дүниелерді қалыптастырудан шығады. Тарихи уақыт орамындағы  қоғам дамуының қозғаушы күші әлеуметтік уақыттың талаптары және қоғамдық сананың (оның түрлерінің) өз шеңберінде қызмет атқарып отыруына ықпал ететін мәдениет, әлеуметтік таным халық санасының қайталанатын, үйреншікті нәрсерлермен шектеліп қалмауын қажет етеді. Абайдың бірінші қара сөзінде айтылған ойлар осы мәселеге бағытталып отырса керек: «Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді Құдай сақтасын» [3. 5-б.]. 

Абайдың ұғымында ұлттық сана қоғамды көркейтетін, алға жетелейтін ойға толы болуы тиіс. Елді бағу қыйын емес, елдің мүддесін қорғайтын, мәдениетінің өрісін кеңейтетін ғылым мен өнерді қоғамда дамыту одан да қыйын. Өркениетті елдердің ұлттық идеясында қоғамды дамытуға атсалысып отыратын өнер мен ғылым жолын өз еркімен таңдаған адам қоғамның үлгі тұтатын тұлғасына айналады. Ал құр атаққа малынған атақ құмарлық пен содан шығатын билік құмарлықтың негізінде адам мен қоғам болмысын тайыздатып отыратын мансапқорлық психология жатыр. Адамды құр мақтанға салып, қоғамынан оқшаулайтын атақ құмарлық, даңғойлық  адамның өзіне ізгілік, қоғамына игілік әкелетін құндылықтарды білмеуінен көрінеді. Бұл бір мәселе. Сонымен қатар Абайдың бірінші қара сөзінде ел бағу туралы айтқан ойының екінші жағы бар. Кемеңгер, зиялы адамдардың қоғамға билік жүргізуі тәуелсіздік тұсында да аса қажет. Абайдың ойынша ақыл тоқтатқан, тәжірибесі мол адам ұрпаққа мол тәжірибе болатын мұра қалдыруды ойлауы керек. Патша өкіметі мен кеңес билігі тұсында қазақ қоғамының өзінің ішкі құрылымынан қол үзуі Абайды, сол кездегі ұлтжанды адамдарды осындай ойға жетелеген. Ұлттың игілігіне қарсы орнатылған биліктің қоғамның табиғатына сай саясатты жүргізбейтіндігін қазақ ойшылдары жете түсінген. Осы себептен олардың тарапынан ел арасында жүріп жатқан идеология ұлттың, қоғамның болмысын қорғау болған. Біз Абай арқылы ненің жақсы ненің ұлт, ел, қоғам үшін зиян екенін оңай білеміз. 

Абайдың бірінші қара сөзінде айтылған мал бағу, ғылым бағу, софылық қылып дін бағу, бала бағу сынды нәрселердің мағынасы өздігінен белгілі. Жаңа айтып өткеніміздей Абай заманында қазақ қоғамына сырттан жүргізіліп отырған саясат ел мәдениетінің одан әрі дамуына үлкен бөгет болды, қоғамға қай жағынан болсада үлкен дағдарыс, шығын әкелді. Ғасырлар бойы қалыптасып отырған ұлт пен қоғам болмысын күштеп өзгерту ақылға сыймайтын нәрсе. Осындай жағдайдан кейін қоғам ортақ құндылықтардан қашықтап отырады, әлеуметтік танымның деңгейі тайыздай түспек. 

Абайдың мал бағу, ғылым бағу, софылық қылып дін бағу туралы ойларын бірнеше қырынан зерделеуге болады. Шаруашылық, ғылым, дін қоғамдық сананың тарихи түрлері. Бұлар қоғам өмірінде заман талабына сай оның мүддесіне қызмет ету үшін мемлекетке дербестік, ұлттың рухына еркіндік қажет. Ұлт өзінің дәстүрлі шаруашылығынан қол үзсе, мемлекеттің территориясын, қоғамның тұтастығын сақтап отырған нағыз ұлтқа жаны ашитын адамдар патша билігі тарапынан үлкен қысымға ұшырап жатса мал бағып кәсіп етудің де жөні жоқ. Екіншіден мал бағу үреншікті нәрсе. Қайталанатын кәсіп. Қоғамдық сана өзгеруі үшін, ол патша билігінің қоршауынан асып әлемдік дамудың зердесімен ұштасуы үшін қоғамға күнделікті қайталанбайтын жаңа нәрселерді танып, қоғамға жеткізіп отыратын зиялы адамдар қажет. Қазіргі сөзбен айтқанда саяси элита керек. Осы мақсатта Абай өз заманында бірінші болып ел мүддесі үшін жаңа үлгідегі элиталық сананы қазақ қоғамына ұсынған адам. 

Дін бағу мен ғылымды дамытудың өзі интеллигенттік сананы қажет етеді. Интеллигенттік сананы Абай сынды санаулы адамдар үлгі етіп көрсетіп отырмаса, ол кездегі қоғамның өзін өзі рухани жақтан қамтамасыз ете алатын мүмкіндігі болған жоқ. Мәдениет пен білім тұмшаланып отырған сәтте мемлекет тарапынан оған дұрыс көңіл бөлінбесе,  дін мен ғылымның толық қызмет атқаруына қоғам кепіл бола алмайды. Қоғамдық сананың дамуына қолдау көрсететін қоғамның мүмкіндігі жетіспеген жағдайда мәдениетте әлсірейді. Қоғамына өкпелі, бірімен-бірі аңдысып, тартысып өтетін орта қалыптасады. 

Тарихтағы қазақ ойшылдары ұрпаққа «өсиетке терең бол» деп бекер айтпаса керек. Өсиет өнегесі бар ортада өмір сүріп отырған. Өнеге қоғамдық өмірде күш алып, халықтың зерделейтін дүниесіне айналуы үшін мемлекет тарапынан зиялыларға қолдау көрсетіліп, олардың шындығына зер салу қажет. Абайдың қоғамның рухани болмысына, деңгейіне қатысты айтып кеткен ойларының мазмұны осыны аңғартады. 

Қоғамның мәдениеті, әлеуметтік уақыт шындығы кез келген адам үшін, халық үшін де болашақты айқындап отырады. Адам қоғамы арқылы уақыт талабына сай қалыптасып отырмаса, қоғам өзінің әрбір мүшесін қамқорлай алмаса, жеке адам қанша талант иесі болғанымен төңірегінен озып шыға алмайды. Ұрпақ заманынан қалмай, озып отыруы үшін елдің болмысы терең, кәсібі озық, өміршең болуы керек. «Балаларымның өзіне ілгері өмірінің, білімінің пайдасын тыныштықпен көрерлік орын тапқаным жоқ, қайда бар, не қыл дерімді біле алмай отырмын, не бол деп бағам? Оны да ермек қыла алмадым» - дейді ойшыл [3. 6-б.]. Қай ұлттың болмасын мемлекетін, мәдениетін алға жетелейтін ұлттық сана үш нәрседен күш алып отырған. Бірінші тәуелсіздік, яғни ұлттың төл мәдениетінің болуы. Екінші халықтың руханияты, яғни қоғам болмысының рухани терең болуы. Үшінші уақыт туралы білімнің қоғамда өмір сүруі. Қоғамға қажет нәрсе уақыт туралы білім, яғни философиялық ұғым.  Ағартушылық философияда да қоғамдық зердеге бірінші көңіл бөлінеді. Атамекен кеңістігін иегеру, қауіпсіздігін қорғау жолында уақыт пен ұлттық зердде мәселесіне қазақ тұлғалары да ерекше көңіл бөлгендігін тарихтан байқаймыз. 

Ұлттық сана дегеніміз ұлттық мүддені қорғаудан туындаған қоғамның зердесі, парасаты, халықтың ортақ ұғымы мен ұстанымын айтамыз. Ұлттық сананың негізінде қоғамның ортақ қасиетін сақтап отыру, ұлттық мүддені қамтамасыз етуге бағытталған ортақ принцип жатыр. Ол неден білінеді? Абай айтқан жеке адамнан бастап қоғамның өз болмысына сынмен қарап, кемшілігін танып отыруы, сынмен қарауда өзге халықтардың да жақсы қасиеттерін біліп отыру, тәжірибені иелену қоғамдық сананың өрісін кеңейтеді. Ұлттық сананың негізі қоғамның өзіне-өзі сынмен қарауында жатыр. Қоғам алдыменен өзіне талап қоюы қажет. 

Ғылым жетілген сайын ел мен елдің арасында мәдени, экономикалық байланыс күшейе түседі. Экономика мен мәдениеттің дүниелері жүрген жерде бәсекелестіктің де қарқыны күшеймек. Экономика мен ғылымдағы ашық бәсекелестіктің күшейуі адамзат әлемінде жаңа өзгерістердің орын алуына әкелді. Абай өз заманында адамзат қоғамында пайда болып жатқан жаңа дүниелерді, тың өзгерістерді ескере отырып қазақ қоғамында ұлттық сананың (жаңа уақыт жағдайына сай) қалай дамуы керектігі жөнінде ойлар айтқан. «Өзіңді өзге жұртпен салыстыр, өзгені жақсы қасиеті болса оны да біл, өнерін сенде үйрен, көршіңнің етіп отырған кәсібін сенде біл, үренбесең уақыттан ұтыласың. Уақыт талабынан ұтылған ел, қоғам заман көшінің соңында қалмақ» - деген ой жатыр Абайдың қара сөздерінде. 

Абайтың айтуы бойынша өткінші нәрселермен қоғамға сырттан еніп жатқан нәрелер, мінез түрлері қоғамның әдетіне айналмауы қажет. 

Қазақ ойшылының тұлғалық қасиетіне, танымына қарап сол кездегі қазақ қоғамының ішкі өрісінде терең идеологияның өмір cүргендігінде сезуге болады. Абайдың әкесі Құнанбайда тегін адам болмаған. Ұлттының азатығы үшін күрескен қазақтың ең соңғы ханы Кенесарылардың күресін көрген сол кездегі қазақтың ауқатты адамдары ұлт ісіне іштей қоғамды дайындап, Абай сияқты талант иелерін шығарып отырғандығы ақиқат. Дәлрек айтсақ Абайдың, одан кейінгі алаш зиялыларының қоғам алдына шығуына негіз болған ұлттық сана. Ұлтының тарихын, қоғамның жағдайын, өз заманының шындығын жетік білген сол кездегі қазақ зиялылары ендігі жерде халықты алға жетелейтін тарихи сана, ортақ идея екендігін терең білген. Қоғамды әлсірету үшін оған сырттан еніп жатқан идеологияны сол кездегі билік қолдап жатыр. Патша билігінде  мәселені әріден көру, ойлау, ақылға салу, ел мүддесінің талабына тұрақтау деген жоқ. Қайткенде де қоғамды әлсірету арқылы ұлтты жойып жіберу саясаты мықтап бекітілген. Осыны халық, жастар білуі тиіс деген көзқарас жатыр Абай шығармаларында. Яғни оның мұраларының басым көпшілігі қоғамға ұлттық мүдде мәселесін түсіндіруге бағытталған: 

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.

Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртың [2.16-б.].

Қоғамның негізі, болашағы оның (адамының) өзіндік санасына тәуелді. Санада бірегейлік, тереңдік, шынайылық болмаса қоғамның рухынан мән, болмысынан жарастық кете бастайды. Рухтың негізі трихи сана, ақыл-парасат, білім болса, қоғамда дамуы үшін сөзді түсінетін орта қажет. Ортаны ұлттық мүддеге қызмет етуге біріктіріп отыратын ұлттық сана. Қоғам тығырыққа тірелген сәтте, рухты жоймай алып шығатын халықтың өзі. Сондықтанда халық тарихи санадан қол үзбеуі қажет. Абай ұғымында ұлттық сана дегеніміз ұлтты біріктіруші негіз, қоғамдық парасаттың негізі, негізгі тұтқасы. 

Тарихи сана халықтың әлеметтік танымынан (жадынан) өшпеуі тиіс. Қоғамдағы кез келген адамның өзіндік санасы тарихи санамен қалыптасуы қажет. Тарихи сана жойылмаса рух түбі оянады, оянып келіп  халықтың ұлттық санасын күшейтуге қызмет етеді. Абай осының барлығын зерделеп бірғана тоқтамға келген адам. Абайдың тоқтамы ұлттың мүддесіне қызмет ететін сөз қалдыру болды. Бүгін Абайдың идеясы шыныменде ұлттың игілігіне айналып отыр. Әр ұрпақ өз заманының есігін Абайдың идеяларымен ашатын болса елдің болашағы да айқын болмақ. Ел болашағының айқын болу себебі ойшыл айтқан ар мен мінезді, білім мен өнерді және осы құндылықтардың басын біріктіріп отыратын ақыл-парасатты иелену, қоғамда нығайту қажет. 

Әдебиет:

ӘБУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ. «ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛА» - Алматы, RS: Халықаралық Абай клубы, 2015. – 284 б.

Абай. Қалың елім, қазағым...Өлеңдер – Алматы: Атамұра, 2002. – 224 бет.

Абай. Қара сөздері. – Алматы: Өнер, 2010. – 124 бет.

Бөкейханов Ә. Шығармалар. - Алматы: Өнер, 1994. - 383 бет.

Сәрсембин Үмбетқан Қуандықұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5598