Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алыстағы бауырым 4539 7 пікір 11 Наурыз, 2020 сағат 11:58

Менің қырғыз бауырым...

Турсунбек Бейшенбеков – менің қырғыз бауырым. Ол бүгін орда бұзар отыз жасқа толып отыр.

Менің бұл азаматпен танысуыма Қырғыз Республикасындағы, тіпті Орта Азиядағы парламенттік демократияның жүзі және симолы болған қырғыздың аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Өмүрбек Текебаев туралы жазған «Мандатсыз президент» атты шағын поэмам себеп болды.
Қырғыз Республикасының бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың «Өзім білем, етігімді төрге ілем» саясатына қарсы шыққан Өмүрбек Черкешевичтің ерлігі мен бет қаратпас күрескерлігі менің осындай тақырыппен өлең жолдарын жазуыма түрткі болғанын қазақ пен қырғыз оқырмандары жақсы біледі деп ойлаймын.

Аталған поэманы жазып, 2016 жылдың 21 желтоқсанында өзіміздің «Abai.kz» ақпараттық порталына шығардым. Енді, оның қырғыз жұртына, нақтылап айтсам, поэмама арқау болған тұлғаға қалай жеткізсем екен деп отырғам. Туысқан өзбек, әзербайжан, татар және қырғыз жаңалықтарын шолып шығатын күнделікті әдетіммен интернет ақтарып отырсам, «Сентябрь» каналының кешкі жаңалықтарында бір жас жігіт өзінің қоғамдық ұйымы атынан Өмүрбек Текебаевқа «Жылдың үздік адамы» атты атақ ұсынып, сұхбат беріп тұр. Жас жігіт сұхбатында «Біз өз тұлғаларымыздың қадір-барқын көзінің тірісінде бағалай білуіміз керек. Міне, біздің шыған саясатшымыз Өмүрбек Черкешевичті қазақ туғандар бағалап, керемет ыр саптарын жазыпты...» деп жатыр. Телеарна эфирінде өтіп жатқан «Әділет жастар қозғалысының төрағасы Турсунбек Бейшенбеков» деген жазуды қайта өткізіп, жас жігіттің аты-жөнін жазып алдым.

Сөйсем, Турсунбек Бейшенбеков менің өлеңімді «Abai.kz-тен» көшіріп алып, өзі басқаратын «Шындық» ақпарат сайтына баяғыда салып қойған екен.
Қазір аты-жөнін білсең, кім болса да ол адамды табу онша қиын емес қой.  Ары қарай Турсунбек Бейшенбековты «Facebook» әлеуметтік желісінен тауып алып, «мессенджер» арқылы тілдесе бастадым. Одан арғы жерде телефон арқылы сөйлесіп, бара-бара тіпті жақындасып кеттік.
Келесі жылы Қазақстанда «ЭКСПО-2017» көрмесі өтті. Мен Турсунбек бауырымды Астанаға сол көрмеге шақырдым. Сөйтіп, 2017 жылдың жазында Турсунбек Бейшенбекұлы Астанаға келді. Бір жылдан бері телефон арқылы сөйлесіп жүрген бауырыммен бетпе-бет кездесіп, әңгіменің көрігін әй кеп бір қыздырдық-ау, шіркін. Отбасымызбен барып, «ЭКСПО» көрмесін бір күн бойы араладық. Елорданың көрікті жерлері мен мүзейлерін көрсеттім. Бір өкініштісі, Турсунбекті Бәйтерекке шығара алмадым. Екі-үш рет барып, адамның көптігінен кезек тимеді...

Осы сапарында бауырым жазушы, журналист Дәурен Қуат ағасымен кездесіп, тағы бір жырғап қалды.

25-тен енді ғана асқан жас жігіт Қырғыз Республикасының аумалы-төкпелі тарихынан, тәуелсіздік жылдары басып өткен соқтықпалы соқпақсыз жолынан толық хабардар екен. Хабардар екен деген жай сөз, өзінің азаматтық көрқарасы мен ұстанымы бар екенін көрсетіп, Дәурен екеумізді қатты қуантты. Отанына деген ыстық махаббат, әділеттілікке деген құштарлық жас жігіттің жанарында от болып лаулап тұрды.

Бір аптадан соң мен кезекті еңбек демалысымды алып, қонағымды өзіміздің Алакөлге ертіп кеттім. Астанада бітпей қалған әңгімеміз енді пойызда жалғасты.

Турсунбек біздің Алакөлді көріп, өзінің Ыстықкөлімен салыстырып, керемет бай мемлекеттегі осында керемет көлдің жағасындағы инфрақұрылым мен қонақтарды қабылдайтын фансионаттардың жұтаңдығына қарап, басын шайқап-шайқап қояды. Біздің көңілімізге келмесін дей ме екен, артынан Елордамызды еске алып, жатып кеп таңырқайды...

Бұл – Алмазбек Атамбаевтың алты жылдық президентік мерзімі аяқтауға жақындап, Қырғыз Республикасында президенттік сайлаудың дайындық жұмысы басталып, кандидаттар бекітілген кез болатын.

Алакөлде апталап жатып, шомылып, емін-еркін бір демаламыз деп келгеміз ғой. Жоқ, ертесі Турсунбегім «Аға, мен қайтпасам болмайды екен. Бар үмітіміз Өмүрбек Текебаев пен Темір Сариев еді, өзіңіз көріп тұрсыз, Өмүрбек Черкешевичті ақ жерінен сегіз жылға соттап, түрмеге қамады. Ендігі сенгеніміз – Темир Аргембаевич. Интернеттен байқап отырмын, Темир Аргембаевичтың сайлау компаниясы жұмысын бастапты. Мен соған барып көмектесуім керек. Ренжімеңіздер, біздің еліміз қазір қиын жағдайда тұр...» деп, қоржын-кешегін жиып, қайтуға бекіді.

Түске дейін, Қазақстаннан алған әсерімен бөлісіп, сұхбат берді.
Ол сұхбаты «Назарбаевтың «Алдымен экономика, сосын саясат» деген ұстанымының маңызына көзім анық жетті» - деген тақырыппен «Abai.kz» ақпараттық порталында жарық көрді.

Не керек, апталап жатады деген Турсунбек інім кешкі автобуспен еліне қайтты. Бізді келесі жылы Ыстықкөлге демалып қайтуға шақырып кетті.
2018 жылдың 22 желтоқсанында Өмүрбек Текебаев алпыс жасқа толды. Атағы Алатаудай тұлғаны қырғызстандықтардың басым көп бөлігі «Қырғыздың ұлттық лидері» деп бағасын беріп қойған. Қуғындыққа ұшырай бастаған сәттен бастап, Өмүрбек Текебаев дүркін-дүркін баспасөз мәслихатын өткізіп, Парламент мінбесінен сөйлеп, БАҚ-қа сұхбаттар беріп, өзінің кім екенін жалпақ әлемге әдбен танытқан. Қамалғаннан кейінгі соттың барысы да ашық жүргендіктен, оның ақ екеніне де елдің көзі әбден жеткен. Турсунбек Бейшенбеков бастаған жас журналисттер оны қолдап, күн құрғатпай жазып отырды. Турсунбектің «Шындық» ақпараттық порталының бетін ашсаң болды, Өмүрбек Текебаев туралы мақаладан аяқ алып жүре алмайсың.

Ө.Текебаев қамалған соң, Болат Шер бас болып, оның «Ата Мекен» партиясы бір газетті түгелімен оған арнап шығарды. Менің өлеңімді қырғыз тіліне аударып, сол газетке басты. Соңына «Осы өлеңге әуен шығарып орындаған адамға елу мың сом сыйлық беріледі» деп жариялады. «Ата Мекен» партиясының арнаулы газеті жоқ көрінеді, сол дүниелерді басып, тартату үшін Турсунбек Бейшенбекұлы, «Ағама жасаған көмегім болсын» деп, «Шындық» басылымының газеттік нұсқасын тегін берді.

Әуелгі сөзімізге оралсақ, жаздан қалған он күндік еңбек демалысымды алып, Өмүрбек Текебаевтың алпыс жылдық мерейтойына баруға қамдана бастадым. Бірақ, шақырушыларға «Өмүрбек Черкешевич түрмеден шықса, барам!» деп, ескерттім. Себебі, қырғыз қауымында «Мерейтой қарсаңында Өмүрбек Текебаевты бостандыққа шығарады екен» деген сөз шыға бастаған. Өкінішке орай, жұрттың ол үміті күңгірт тарта бастады. Той жақындағанда мен «Егер, Өмүрбек Текебаевпен кездесе алсам, баратынымды» айттым. Үш-төрт күн қалғанда байланысшы жігіттен «21 желтоқсан күні сағат 12:00-де бір-екі сағатқа кездесе аласыз» деген хабар келді.

Ынтымақ Сапиянғазы досымды ертіп алып, Бішкекке жеттім. Белгіленген уақытта Турсунбек інім бізді бастап барып, айтулы тұлғамен қамақта отырған жерінен кезіктірді.

Шыны керек, алыстан атын естіп, әлеуметтік желілерден жалынды сөздерін естіп жүрген азаматты көру, қолын алу, аз-кем болсада сөйлесу – мен үшін, әрине, арман болып жүрген. Қасында әйелі Айгүл Текебаева бар екен. Түрмеде отырды дейтін емес, Өмүрбек Текебаев сол телеарнадан көрген қалпынан түк өзгермепті. Қайта, одан ары қайраты артып, жігері тасып тұрған секілді көрінді маған. Жасыратыны жоқ, «Сырт көз – сыншы» деген ғой, Орта Азиядаға «Демократияның аралшасы» атанған мемлекеттің «Мандатсыз президентінен» Қазақстан туралы не айтатынын, қандай көзқараста екенін білгім келіп жүретін. Амандық-саулық сұрасып, алпыс жасымен құттықтаған соң, тап-тар бөлмеде кофе іше отырып, әңгімеге кірістік. «Егер, қызғыздың сізден де чоң бір ақыны сіз құсап маған өлең жазғанда түк әсері болмас еді. Танымайтын, алыстағы бір елдің ақыны жазғаны қатты әсер етті. Өзім, отбасым, әсіресе, анам қатты қуанды. Ертең көресіз, партияластарым сізді түгел танып кетті. Бізде өтірік пен шынның, ақ пен қараның парқын ажырату қалып барады. Менің түрмеге қамалғаным өте жақсы болды, жұрт кімнің кім екенін біліп жатыр...» деп, маған рахметін айтып жатыр Өмүкең. Айгүл жеңгеміз «Осы да жетер» дегендей, жұдырығымен жолдасының арқасынан жеңіл ғана «нұқып» қояды ереклеп. Орайы келгенде, Өмүкеңнен «Біздің Қазақстан туралы не айтасыз?» деп, сұрадым.

– Қырғызстан кішкене ғана ел. Бізге АҚШ-тың да қызығушылығы бұрынғыдай емес, бәсеңдедеп қалды. Ресейдікі де солай. Қазір өз қазанымызда өзіміз қайнап жатқан елміз. Ал, Қазақстан Орта Азия ғана емес, әлемдегі үлкен мемлекет. Бірақ, халқы тым аз. Оның үстіне, тұрған орны да қауіп пен қатерге толы. Егер, қазақтар тәуелсіздік алғаннан бері біздің Қырғызстанның жолымен бес президент ауыстырғанда, Орта Азияда Қазақстан жоқ болып кетер еді! – деді, Өмүрбек Черкешевич.

Мұндайда уақыт шіркін, зуылдап өте шығады ғой, жақсы әңгіменің қызығымен екі сағат зыр етіп өте шықты.

Өмүркеңмен жылы қоштасып, 2019 жылдың 20 қаңтарында өтетін елу жылдық тойыма шақырдым. «Шықсам, сөзсіз барам!» деді, Өмүрбек Текебаев көзі оттай жанып! Қоштасар сәтте Нұртай Әбіқаев ағамыз бен Ерлан Қарин інімізді еске алып, сәлем айтты.

Ертесі, «Дасмия» этно-ресторанына қырғыз элитасы түгел жиналып, Өмүрбек Текебаевтың алпыс жылдығын салтанатпен атап өтті. Рухыңды асқақтатып, жігеріңді жанитын керемет той болды. Экс-президент Роза Отынбаеваның дастарханында отырып, тойдың дәмін таттық.

Өкінішке орай, Өмүрбек Черкешевич бостандыққа шыға алмады. Елу жылдық тойыма  Турсунбек Бейшенбеков, Динара Эрботаева және Мұрат Сауырбаев келді. Түрсунбек Өмүкенің құттықтауын оқып, шапанын жапты...
Өткен жылы жазда Дәурен Қуат екеуміз отбасымызбен ілгерінді-кейінді барып, Ыстықкөлде дем алып қайттық. Турсунбек күтіп алып, келіннің қолынан дәм татырып, шығарып салып отырды. Өмүкеңмен тағы кездесіп, амандастық.

Осы кездесулерде жүріп, бір байқағаным, Турсунбек Бейшенбеков ортасына, әсіресе, ағаларының алдында өте сыйлы, абыройлы екен. Қырғыз саясатшылары бір Турсунбек Бейшенбековты ғана емес, өзінен кейінгі намысты іні-қарындастарын қатарына көптеп тартып, ертіп жүретінін көріп, қатты қызықтым. Ертіп қана жүрмей, оларды ықыласпен тыңдап, ақылдасып отыратыны тіпті риза қылды бізді.

Сөз Турсунбек бауырым туралы болып жатыр ғой, ол жас болғанымен әділеттілік жолында алған бетінен қайтпайтын азамат. Талғамы биік, ұстанымы қатаң жігіт. Кісіге сөйлеген сөзіне емес, істеген ісіне қарап баға беруді өмірлік әдетіне айналдырған. Сондықтан да болар, анау-мынауға шкесінен қарайды. Ал, өзі ұнатқан адамының жолында өлуге дайын. Алғашқы кездескенімізде оның тізімінде Өмүрбек Текебаев, Темир Сариев, Аликбек Жекшенкулов, Сабыр Жумабеков және генарал Курсан Асанов қана бар болатын. Біз де сырттай байқап, бақылап жүрміз ғой, айтса-айтқандай, бұл тұлғалар Қырғыз елінің шын мәніндегі тіректері. Қазір Турсунбектің ол тізіміне Адахан Мадумаров, Өмүрбек Бабанов, Ырыскелді Момбеков, Дастан Жумабеков... кірген көрінеді.

Тағдырдың сынағы болар, қырғыз саясатының ары мен ұяты болған Өмүрбек Текебаев Атамбаев дәуірінде сегіз жылға сотталып, қазір үйқамақта отыр. Ісі қайта бастан қаралу үстінде.

Ұлттық генарал атанған, қырғыз әскери саласында зор беделге ие Курсан Асанов Атамбаевты ұстау кезінде «Қызметін асыра пайдаланды» деген айыппен жазаға тартылып, үй қамаққа алынды.

Ал, қырғыз саясаты мен журналистикасының болашақ жарық жұлдыздарының бірегейі болайын деп тұрған Турсунбек Бейшенбеков та бір-екі айдан бері айыпталып, үй қамағында тергеліп жатыр...

Бұл «дәсүр» үлкен саясатта жүрген қырғыз саясатшылары үшін басып өтуге тиісті бір «белес» болса керек деп ойлайсың. Қай қоғамда да тұлғаға жолдың бұраңы, тағдырдың қаталы кездесіп отырады емес пе?! Ең бастысы, елдің көзі дұрыс, сөзі жылы болса, жеңіс – сол!

Әділетсіздіктің текпісін әбден тартқаннан болса керек, жалпы қырғыз туғандар «Ақ иіледі, сынбайды!» деген сөзді өте көп айтады екен. Біз де сол тілектің ішіндеміз, Турсунбек!

Қырғыз бен қазақ ежелден төсекте басы, төскейде малы бірге болған бауырлас халық. Екі ел дүние дұрбелеңге толып тұрған кезде тәуелсіздік алып, біріне-бірі арқа сүйеп, бірінде жоқты екіншісі түгендеп жүріп, отыз жылды артқа тастап келеді. Тоқтоғұл мен Жамбылдан, Әуезов пен Айтматовтан жалғасқан ұлы достықтың алтын арқауы үзілмей, жалғаса берсе екен дейміз.

Сен уақыт пен өмір айдап әкеп қосқан менің қырғыз бауырымсың!
Ағаларың аман болса, осы беталысыңнан жаңылмасаң, сен әлі биік-биік белестерді бағындырасың!!

Орда бұзар отыз жасың құтты болсын!!!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5625