Амангелді Кеңшілікұлы. Әдебиет рухын жоғалтса - ұлт өледі
- Сіз «Мәңгілік сәуледе» шығармашылық адамын үш топқа бөлдіңіз: кемталанттар, таланттар, ұлы таланттар. Ұлы талант дегеніңізді құбылыс, тіпті гений мағынасында түсінуге болатын шығар. Осы ұлы талант табиғатындағы тәкаппарлық пен қатыгездік, оның салдары: оның тағдырындағы азап пен қорлану шығармашылығында қаншалықты көрініс табады, табуы керек?
- Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенімде бір күні менің қолыма Сервантестің «Дон Кихоты» түсті. Романдағы бірінен-бірі асып түсетін Дон Кихот пен оның көмекшісі Санчо Пансаның басынан кешкен оқиғалардың қызықтырғаны соншама, кірпіштің қалыңдығындай кітапты бір демде, қалай тез оқып тастағанымды да байқамай қалдым. «Дон Кихотты» оқып шыққан соң балалық қиялым бұл романды әдемі өмір сүрген, тағдырдан еш теперіш көрмеген адам жазған шығар деген ойдың мұнарына батырды. Кейін есейе келе Сервантестің өмірімен танысқанымда, тұтқынға да түсіп, бір қолынан айырылса да мойымай, зынданда отырып та ғажайып шығармасын жазған ұлы жазушының қайсар рухының алдында басымды идім.
- Сіз «Мәңгілік сәуледе» шығармашылық адамын үш топқа бөлдіңіз: кемталанттар, таланттар, ұлы таланттар. Ұлы талант дегеніңізді құбылыс, тіпті гений мағынасында түсінуге болатын шығар. Осы ұлы талант табиғатындағы тәкаппарлық пен қатыгездік, оның салдары: оның тағдырындағы азап пен қорлану шығармашылығында қаншалықты көрініс табады, табуы керек?
- Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенімде бір күні менің қолыма Сервантестің «Дон Кихоты» түсті. Романдағы бірінен-бірі асып түсетін Дон Кихот пен оның көмекшісі Санчо Пансаның басынан кешкен оқиғалардың қызықтырғаны соншама, кірпіштің қалыңдығындай кітапты бір демде, қалай тез оқып тастағанымды да байқамай қалдым. «Дон Кихотты» оқып шыққан соң балалық қиялым бұл романды әдемі өмір сүрген, тағдырдан еш теперіш көрмеген адам жазған шығар деген ойдың мұнарына батырды. Кейін есейе келе Сервантестің өмірімен танысқанымда, тұтқынға да түсіп, бір қолынан айырылса да мойымай, зынданда отырып та ғажайып шығармасын жазған ұлы жазушының қайсар рухының алдында басымды идім.
Сервантестің Дон Кихоты сол уақыттағы әдебиеттегі қаптап кеткен рыцарлық романдарға сатира ретінде жазылған туынды болатын. Бірақ бірте-бірте бұл роман автордың ықтиярынсыз адам табиғатын терең зерделеген психологиялық шығармаға айналып шыға келді. Мұны айтып отырған себебім, талант табиғатындағы тәкаппарлық Сервантестің шығармашылық табиғатына тән болғанымен, кедейшіліктің де, тағдырдың да тауқыметін көп тартқан ұлы жазушы жеке басындағы азапты, белшесінен кешкен қасіретті жырлауды қош көрмеді.
Керісінше, материалдық мұқтаждыққа аса зәру болмаған Толстой мен Абайдың ұлы туындыларын оқи отырып, олардың құсалыққа шалдыққан өміріндегі бүкіл азап пен қорлануды шарайнадан көргендей әсер аласың.
Толстой тіпті зайырлы қоғамның ортасында жүргеннен қиналды; дүниенің түкпір-түкпірінен ағылып жатқан зеріктіретін қонақтардан; суқаны сүймейтін америкалықтар мен көрсеқызарлардың келіп-кетуінен; мәжбүрліктен отбасында алып жүруге тура келген салтанатты өмірден де азап шекті. Оған барғандардың айтуына қарағанда, ол тым жұпыны сән-салтанатты қанағат тұтқан, үйінде арзанқол жиһаз, темір кереует, қабырғалары жалаңаш құйттай бөлмесінде қарапайым орындықтары ғана болған. Алайда мұндай жайлылықтың өзі оны қамықтырып - үнемі ар-азабын тартқызды. «Меркюр де Франста» жарық көрген бір әңгімесінде ол жаны күйіп, үйінің сән-салтанатын жан-жағындағы қайыршылықпен салыстырады.
Біз ылғи да дүниеге келетін ұлы ақындардың қасіретке белшесінен батып, азап шегіп, жарық дүниеден жақсылық көре алмай өтуінің себебін өмірдің заңдылығымен түсіндіруге тырысамыз. Шындығында мұның басқа да себептері бар.
Ұлы ақындардың мына біз сияқты қарапайым пенделерден бір үлкен айырмашылығы табиғат та, тіршілік те олардан тыс жерде емес, ішінде өмір сүреді. Табиғаттың дүлей дауылдары олардың кеудесінде соғып, үскірік аяздары жүрегін тоңдырып, аптап ыстықтары жанын күйдіріп жатады. Халықтың қабырғасына батқан әділетсіздіктер, қайғы-қасіреттер, олардың жүрегін жаралайды. Сондықтан да ұлы таланттың тағдырындағы азапты халықтың басындағы қайғы-қасіреттен бөліп қарауға болмайды. Халық бақытты болмаған жерде, ақын да бақытты бола алмайды. Халықтың рухына кісен салынса, ақынның жаны азаттықты аңсап қиналады.
- Әдебиетте «Арыңды жасыңнан сақта!» принципі бар. Арды сақтау неден басталады? Жалпы, Ар дегеніміз қазіргі қоғамның гуманизмі және моралімен қаншалықты сәйкеседі?
- Кешегі немесе бүгінгі қоғам деген ұғымдарды өз басым қабылдай алмаймын. ХХ ғасырдың басындағы қоғам бүгінгіден анағұрлым сұмпайы, әрі зымиян еді. Бірақ ұлтымыздың біртуар перзенттері Ахмет, Міржақып, Әлихан, Мағжандар ар-ұятын сатқанның орнына, атылып кеткенді қош көрді емес пе?! Неге біз солардан үлгі алудың орнына, бәрін қоғамға жауып, ар-ұятымыздың алдында өтірік ақталғымыз келеді? Неге біз ар-ұятын сатқан жазушының ұрлық жасаған, әйел зорлаған, тіпті адам өлтірген қылмыскерден де ауыр күнәға бататынын түсінбейміз.
Дүниеде сөз қылмысының қоғамға тигізетін зардабы соғыстан да жаман. Міне, сондықтан ар-ұятын сатқан жазушыны «мен мұндай әрекетке бала-шағамның қамы үшін бардым» деген сөздері де ақтап ала алмайды. Мұндай өлшеммен баукеспе ұрыны да, адам өлтірген қылмыскерді де моральдық тұрғыдан ақтап алуға болады. Себебі олардың көбісі де отбасына нәпақа тауып беру үшін ауыр қылмысқа барады емес пе?
Сөз қылмысы арқылы біз миллиондаған адамдарды қоғамнан жиіркендіріп, жүректеріндегі ізгіліктің шырағын сөндіреміз, жас ұрпақты адастырып, келешекке қиянат жасаймыз. Егер біз шын мағынасындағы өркениетке қол жеткізген мемлекеттер сияқты рухани катарсистің, яғни тазарудың сүзгісінен өткіміз келсе, еліміздегі ресми билік- жағымпазданып, өздерін өтірік мақтаған зиялыларды қолпаштағанын доғарып, ар-ұяттың сөзін сөйлеп, ащы шындықты айтқан азаматтарға халық жауы сияқты қарайтын көзқарасынан айырылуы қажет. Биліктегілер егер әдебиет рухын жоғалтса- ұлттың өлетінін түсінуі керек.
Бір діни кітаптан сөз қылмысын жасаған адамның тозақтың ең ауыр қабатына баратыны туралы оқығаным бар. Міне, сондықтан қолына қалам ұстаған кез келген мұсылман баласы, ең болмағанда о дүниеде тозақтың отына күйіп кетпеуі үшін, өзгелер түгіл өзі де сенбейтін кезекті өтірігін жазарының алдында «мен осы өтірікті айту арқылы Құдайдың алдында күнәға батып жатқан жоқпын ба?» дегенді мықтап бір ойланып алса артық болмас еді.
- Басқаша айтқанда, поэзия- әрбір поэтикалық дәуірдің көрген түсі, ал проза- өңі секілді көрінеді. Көркем сын болса- өң мен түстің арасындағы беймаза халі. Егер осылай айта алсақ, әдеби сынның бәрі үнемі шыншыл бола ма?
- Ақиқатында өнер - халықтың жаны. Әдебиет халықтың жанын түсінудің кілті. Біз Боттичелидің, Рафаэльдің, Рубенстің, Веласкестің, Рембрандттың, Делакруаның, Айвазовскийдің, Писсароның, Маненің, Васнецовтың, Поль Гогеннің, Винсент ван Гогтың... немесе өзіміздің Қастеевтің картиналарын тамашалағанымызда халықтың жанын көргендей боламыз. Моцарт, Бетховен, Бах, Вагнер, Брамс, Шуберт, Гендель, Чайковский, Верди, Гайдн, Шуман, Шопен, Лист, Мендельсон, Тәттімбет пен Құрманғазының ғажайып музыкасын тыңдағанымызда халықтың жанын естігендей әсер аламыз. Ал Гомер, Вергилий, Гораций, орта ғасырдағы Фирдоуси, Омар Хайям, Сервантес, Шекспир....әдебиеттің алтын дәуіріндегі Вольтер, Гете, Бернс, Байрон, Пушкин, Бальзак, Махамбет пен Абайды, ХХ ғасырдағы Бунин, Ремарк, Хемингуэй, Фолькнер, Ахматова, Акутагава, Мағжан мен Мұқаңды (Әуезов) оқығанымызда халықтың жанын түсінгендей боламыз.
Әлемдік әдебиеттің үдерісін жақсы білмегендіктен, дұрысы терең түсінбегендіктен поэзия мен прозаны әдебиеттің төріне шығарып, сынды өгей шешеден туған баладай шеттеткіміз келіп тұратын жаман әдеттен арыла алмай келеміз. Ақиқатында нағыз сыншы жазушыдан да, ақыннан да биіктеп кетіп, шығармаларындағы олардың өздері де байқамаған құндылықтарды ашады. Сыншыға қиын. Сыншының ақын немесе жазушы сияқты сезімге берілуге қақысы жоқ. Оның сөзін жұрт ақиқат деп қабылдайды. Шығармадағы көрген кемшілігін айту үшін де ол ақынға немесе жазушыға қиянат жасап алмаудың жолын қарастырып, жүз ойланып, мың толғанып шындықты жеткізудің формасын іздейді. Тіпті ғажайып шығарма туғызған ұлы жазушылардың өздері сын жазғанда сезімге беріліп, көп нәрсенің астарын парықтай алмаған.
- Мысалы.
- Мысалы, ұлы Толстой. Айталық, граф Толстой шығармашылықтары ұлы құрметке лайық Ибсен мен Бетховенге тиіседі. Шекспир «суреткер болған жоқ» дегенді айтуға дейін барды. Ұлы жазушының «Өнер дегеніміз не?» деген еңбегін оқысаңыз, оның өнер туралы түсінігінің де аса терең болмағанын аңғарасыз. Сондықтан да ол Пювиз де Шаванна, Манэ, Беклин, Штука, Клингерлерді декаденттердің қатарында араластырып айтады; Микеланджелоны жек көреді, адамның жанын көрсеткісі келген суретшілерді айта келіп Рембрандт туралы жұмған аузын ашпайды. Толстой музыканы бір адамдай жақсы түсінгенімен, оны мүлде білмейді. Кейде Толстой шалға күлкің келеді. Рихард Штраус пен Брамсты бір қатарға қойып, ұлы композитор Бетховенге шүйлігеді, «Зигфридтің» бір көрінісін, оның өзін кешігіп келіп көріп Вагнер туралы «мұндай қойылымды шығарған автордан ештеңе күтпесе де болады, мұндай автор не жазса да жаман шығады» деген сыңайдағы пікірді айтуға дейін барды.
- Мұның себебі неде?
- Басқасын сөз қылмағанда Толстойдың әлемдегі ұлылардың бәрі мойындаған Шекспирге соншама шүйлігуі расында да адам таңғаларлық жағдай. Толстойдың 28 томдық бүкіл жазғандары мен Шекспирдің драмалық туындыларын оқып шыққан соң да бұл жұмбақтың себебін таба алмай менің басым қатты. Бір күні Горькийдің ұлы жазушы туралы естелігін оқып шыққанымда ғана оның сырын түсінгендей болдым.
Толстойдың әлем мойындаған ұлы Шекспирдің тас-талқанын шығарған мақаласы жарық көрген соң Горький мен Чехов кездесіп, өзара сырласады.
- Шалдың сынайтын адам таппағандай Шекспирге шүйліккені несі? - дейді Горький. Сонда біраз ойланып алып, Чехов оған былай деп жауап береді:
- Білесің, бе Толстойға бізді мақтай салу түкке де тұрмайды. Өйткені біз оның талантының қасында ергежейліміз. Оның өнердегі нағыз бәсекелесі - Шекспир. Ол - үлкен. Ол - оның жынына тиеді.
Толстойдың ұлы композиторлар туралы көзқарасына байланысты ұзақ жылдар бойы ұлы жазушы музыканы сүйген жоқ деген сыңайдағы пікір айтылып келеді. Шындығында, бұл мүлде олай емес. Қайта керісінше, музыканы қатты сүйгендіктен ол оның құдіреті мені билеп әкетеді ме деп қорықты. «Балалық шақта», әсіресе «Отбасылық бақытта» махаббат кезеңі, оның көктемінің де, күзінің де Бетховен шығарған сонатасының музыкалық шуының жайлауында жарқырап сала беретінін есіңізге түсіріп көріңізші. Сонымен қатар Нехлюдов пен қаза болар алдындағы, түндегі Петя Ростовтың жан әлемінде ойнаған ғажайып симфонияны есіңізге алыңыз. Толстойдың музыка туралы хабары шамалы болса да, өмірінің бір мезгілдерінде қатты ден қойып, оған қызыққан кездері де болды. 1858 жылы ол кейіннен Мәскеу консерваториясының құрылуына негіз болған музыкалық қоғам құрды.
Толстой шығармашылығын зерттеген Камил Беллен «неліктен Толстой әлемдегі ең мөлдір, мінезі таза композитор Бетховеннің музыкасын адамдарды азғындатады деп айыптайды?» деп сұрайды.
Себебі оған бәрінен де қатты әсер еткен оның музыкасы болды. Толстой Бетховенді ерекше жақсы көрді және оны сүюі ешқашан тоқтаған емес. Балалық шағының жекелеген естелігі Бетховеннің «Патетикалық сонатасымен» байланысты және «Арылудың» аяғында Нехлюдов Бесінші симфонияны тыңдағанда, өзін-өзі аяп, көзінің жасын тоқтата алмайды.
Толстой Бетховенді неге жазғырады? Оның күштілігі үшін. Бұл жерде ол Гетемен ынтымақтас. Де-минор симфониясына қайран қалған Гете өзінің еркін билеп алған оны шығарушыға бүкіл кәрін төгіп қарсы шыққан-тұғын.
- Сыншы ретінде айтыңызшы - әдебиет не жоғалтты, не тапты?
- Артық немесе асылық сөйлеуді ұнатпайтын Чехов бір күні Бунинмен әңгімелескенде:
- Ертең Толстой өлген соң бәрінің де күллі көкке ұшады,- дейді.
- Сонда не, әдебиеттің де ме? - деп таңғалады Бунин.
- Иә, әдебиеттің де, - дейді Чехов мұңайып.
Чеховтың көріпкелдігі дәл келді. Ұлы Толстой дүние салған соң жеті жылдан кейін Ресейде төңкеріс болды. Әдебиет - ұлтты адамгершілікке тәрбиелеу миссиясынан айырылып, таза идеологияның құралына айналды. Ресейде ХХ ғасырда Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Толстой, Достоевский, Чеховқа пара-пар ұлы тұлғаның тумауының себебінің астарын осыдан іздеу керек.
Бізде де Абайдан соң бір ғасырдың ширегінде азаматтық позициясы биік, оған пара-пар тұлғаның тумауы мақтаныш емес - трагедия. Дегенмен біздегі Абайдан соңғы қазақ руханиятының басында болған трагедияны есіңе алсаң - жүрегің қан жылайды. Әкесінің құны бардай кеңес жендеттері қазақ зиялыларын қынадай қырды. Және олардың әрқайсысы әдебиет түгіл, бір елдің патшасы болуға лайық қандай азаматтар еді десеңші! Егер Әуезов те сол жылдары атылып кеткенде әдебиетіміздің келешегінің не болатынын көз алдыңа елестетуге шошисың. Тәуелсіздік алсақ та, басқа халықтың алдында құлдық ұрғымыз келіп тұратынымыздың үлкен себебі де осындай азаматтардың жоқтығынан болып жатыр. ХХ ғасырда қазақтан көп қырылған, артық азап шеккен халық жоқ шығар, сірә. Көргеніміз зорлық-зомбылық пен теперіш болған соң ұлттық рухымыз да әлсіреп, әдебиетіміз де қоғамның шынайы бет-бейнесін көрсеткен ұлы туындылар туғыза алмады. Жүздеген мың қазақтар қолдан жасалған ашаршылықтан өлді. Миллиондаған бауырларымыз шетелге қашты. Қаншама зиялыларымыз жазықсыз атылды. Жазықсыз сотталғандары қаншама. Өкінішке қарай, біздің әдебиетіміз ұлтымыздың басындағы осы трагедияны жаза алмады. (Орыстарда басын өлімге тігіп бұл трагедияны суреттеген жазушы бар. Ол - Александр Солженицын.) Ұлтымызға жасалған аяусыз геноцид - қазақты қатты шошытып тастады. Кеңес өкіметі құламай тағы жиырма жыл тұрғанда орысқа сіңіп, құрып кетуіміз де мүмкін еді. Құдайға шүкір, тәуелсіздік алдық. Бірақ сол жылдардағы үрейдің салқыны әлі де бойымыздан кете қоймаған сыңайлы. Сорлылығымыз соншама, әлі күнге дейін ашаршылықтың зардабынан қазақтың кең даласында сүйегі шашылып қалған ата-бабаларымыздың, атылып кеткен Алаштың апталдай азаматтарының құнын сұраудан қорқамыз.
Енді ең болмағанда ғасырымыздың басындағы Алаш азаматтары көтерген азаттық идеясын өлтіріп алмауға тырысуымыз керек. Егер олар мұрат еткен азаттық идеясын өлтіріп алсақ -ұлт ретінде бірте-бірте жойылып кетуіміз де мүмкін.
- Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Ерлан ЖҮНІС
"Айқын" газеті