Дүйсенбі, 20 Сәуір 2026
Жаңалықтар 157 0 пікір 20 Сәуір, 2026 сағат 13:59

Садыр Жапаров Шахановтың қазасына көңіл айтты

Сурет: kg.akipress.org сайтынан алынды.

Садыр Жапаров Мұхтар Шахановтың қазасына байланысты көңіл айтты. 

Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа көрнекті ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Қырғыз басшысы бұл хабарды бүкіл түркі әлемі үшін ауыр шығын және «тұтас бір дәуірдің аяқталуы» деп бағалады.

Садыр Жапаров өз жеделхатында Мұхтар Шахановтың тек қазақ халқының ғана емес, қырғыз жұртының да «асқар тауы» болғанын ерекше атап өтті.

«Қырғыз халқы да өз рухының тірегінен айырылып, қабырғасы қайысып отыр. Мұндай тұлғалардың өмірден өтуін біздің халықта «тұтас бір дәуір кетті» деп айтады», — делінген құжат мәтінінде.

Қырғыз Президенті ақынның Қазақстанның Қырғызстандағы тұңғыш елшісі ретіндегі еңбегін және әлемдік деңгейдегі жазушы Шыңғыс Айтматовпен бауырластық қарым-қатынасын жоғары бағалады.

Ол Шахановты «Қырғызстанның халық ақыны» деп атап, оның «Желтоқсан» оқиғасы кезіндегі батылдығы мен шындықты айтудан тайсалмайтын «көкжал мінезін» еске алды.

Мұхтар Шахановтың қазасы түркі дүниесінің бірлігі мен достығына елеулі үлес қосқан қайраткердің қоштасуы ретінде қабылданды.

Жапаров өз сөзін «Белді бекем буып, қайрат қылыңыздар, бауырлас қазақ халқы!» деген үндеумен аяқтады.

Abai.kz

0 пікір