Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алашорда 6171 2 пікір 20 Наурыз, 2020 сағат 14:01

Кеңес Нұрпейісұлы һәм «Әділет» туралы...

Ірі ғалым, белсенді қоғам қайраткері, шыншыл азамат

Академик Кеңес Нұрпейісұлының туғанына  85 жыл толуына орай

Бүкіл өмірі бойы ғылымға, тарихи білім беру ісіне қызмет еткен, Қазақстанның ғылым мен техника саласындағы еңбек сіңірген қайраткері, білім беру ісінің үздігі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшесі Кеңес Нұрпейісұлы Нұрпейіс көрнекті тарихшы-ғалым ғана емес, белсенді қоғам қайраткері де болған еді. Оның қоғамдық жұмысының маңызды бір саласы Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамындағы қызметі болатын. «Әділет», көпшілік білетіндей, тәуелсіздіктен бұрын, 1989 жылғы сәуірде шаңырақ көтерді. Бұл республикалық қоғамдық ұйым Қазақстанда ХХ ғасырда орын алған саяси қуғын-сүргіндер мен ашаршылықтар ақиқатын ашуды, тоталитарлық режим құрбандарын мәңгі есте қалдыруды,  тоталитарлық билік жасаған әділетсіздіктерді әшкерелеп, жазықсыз жазаланғандарды толық мәнінде реабилитациялауға жәрдемдесуді, тапталған адам құқтарын қалпына келтіруді және сол кезеңдер жайындағы тарихи білім жетістіктерін кеңінен насихаттауды мақсат еткен болатын.

Құрылтайшы конференцияда Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ҒА Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы Рамазан Бимашұлы Сүлейменов «Әлеуметтік әділеттілікті және сталиндік репрессиялар құрбандарының аяққа тапталған ар-намысын қалпына келтірейік» тақырыбымен баяндама жасады. Баяндаманы конференцияда сөйлеген делегаттар (сталиндік лагерьлер азабын басынан өткергендер, ардагерлер, тарихшылар, журналистер, жазушылар, партия қызметкерлері) әр қырынан тереңдете келіп, құрылғалы тұрған ұйымның алға қоятын мақсаты – КСРО халықтарының тарихындағы «ақтаңдақтарды» жою, социализм идеялары бұрмаланған кезеңде біздің республикада зардап шеккендердің адал есімдерін қалпына келтіру, демократия мен жариялылықты одан әрі орнықтыруға жұртшылықтың күш-жігерін жұмылдыру болуға тиістігін атап көрсетті. Ел тарихында жол берілген деформациялар ашық та ашып айтылды. Сол кездегі үлкен мінберлерден жария етілген жаңаша ойлаудың болашағына деген сеніммен, өткендегі бұрмалауларды түзеу билеуші партияға тек абырой әпереді делінді.

Құрылтайшы жиналыста «Әділеттің» төрағасы болып тікелей дауыс беру жолымен Санжар Оразұлы Жандосов, басқарма мүшелерінің бірі болып Кеңес Нұрпейісұлы Нұрпейісов сайланған еді. Содан бері Кеңес Нұрпейісұлы «Әділет» Жарғысында көзделген мақсат-міндеттерді орындауға белсене атсалысып жүрді. Кеңес аға тарих институтының өзге де ғалымдарымен бірге, әсіресе академик Манаш Қабашұлы Қозыбаев қоғам төрағасы болған жылдары, қилы конференциялар, дөңгелек үстелдер, тыңдаулар, семинарлар, кездесулер жұмыстарына мүдделілікпен қатысты. Ал  «Әділет» қоғамы өзінің тарихи-ағартушылық сипатына сәйкес, сталинизм қылмыстары жөніндегі, отызыншы жылдарғы алапат ашаршылық жайындағы тарихи шындықты ашып, қалпына келтіруді мақсат еткен, тоталитарлық режим құрбандарының есімдерін мәңгі есте қалдыру, оларды толық мәнінде ақтау, ақталғандар мен олардың отбастары мүшелерінің мүдделерін  барлық мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарда қорғау істеріне  жан-жақты жәрдемдесуді міндеті деп білген.  Заңсыздықтар белең алған қорқынышты жылдары Қазақстан концентрациялық лагерьлер шоғырланған елге, депортацияланған халықтардың жер аударылу орнына айналғаны мәлім. Республикамыздың аумағында: АЛЖИР, Карлаг, Дальний, Степной, Песчаный, Камышлаг, Ақтөбе, Жезқазған, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерьлері деп аталатын 11 концлагерь құрылды. Солардың шындығын ашу,  олардан басқа да көптеген «ақтаңдақтар»: индустрияландыру, көшпенділерді зорлықпен отырықшыландыру, дәулетті қожалықтарды тәркілеу, ұжымдастыру сынды советтік реформаларға байланысты оқиғалар, сол шаралар барысында бұрқ еткен көтерілістер, алапат ашаршылықтар шындықтарын зерттеу керек-тін. Сталиндік-голощекиндік билік душар еткен жөнсіздіктер мен зұлымдықтар салдарынан сан мыңдаған жекелеген адамдар орынсыз қиыншылықтарды, тауқыметтерді бастан кешті. Тоталитаризм рухани өмірге де орасан зор залалын тигізді. Билеуші партия қалың халыққа шынайы тарихын білгізбей, «Елдігіміз Октябрь революциясынан бастау алды», «Алашордашылар – жексұрын ұлтшылдар» деген жалған ұғымдарға жұрттың санасын жаулатты. Көрнекті қайраткерлер, көптеген интеллигенция өкілдері, халық шаруашылығындағы, халыққа қызмет көрсету салаларындағы мамандар мен қызметкерлер қатаң қуғынға ұшырады, небір бетке ұстар азаматтар физикалық тұрғыда жойып жіберілді. Осылардың бәрін зерттеуге алып, жаңа танымды, тарихи әділеттілікті қалыптастыру ісін мұрат еткен «Әділет» қоғамының жұмысын ұйымдастырудың бел ортасында Кеңес аға жүрген еді.

Қоғамның бастамашылық көрсетуімен ҚР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы тәуелсіздіктің алғашқы жылы-ақ құрамына Кеңес Нұрпейісұлы да кірген  республиканың белгілі ғалымдарын тарта отырып,  қасіретті кезең шындығын зерттейтін комиссия құрды. Әр жылғы 31 мамырды Ашаршылық нәубеті құрбандарын еске алатын күн ретінде белгіледі. Ал Алматы қаласының атқарушы билігі (қалатком) бұрынғы НКВД ғимараты жанындағы саябақ ішінен болашақ ескерткіш салынатын орынды белгілеп, естелік тас орнатты. Комиссия ұжымдастыру кезеңіндегі ашаршылықты зерттей келе, қазақ халқына геноцид жасалғанын тұжырымдады. Жоғарғы Кеңес Төралқасының шешімімен Комиссия жұмысының қорытындысы 1992 жылдың аяғына қарай республиканың «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» атты екі белді газетінде жарияланды. Бірақ сол кезгі парламент құрған Комиссия қорытындысына байланысты қандай да бір атқарылуға тиіс іс-шаралар кешені белгіленген жоқ. Тиісінше Ашаршылық құрбандарын еске алу күні де 1997 жылға дейін ұмыттырылғандай болды, ресми атала қоймады. 1997 жылы Президент Пәрменімен 31 мамыр жаңаша мазмұнда, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып қайта тағайындалды. Содан бері жыл сайын бұл күні жер-жерде репрессия құрбандарын еске алу шаралары өткізіліп келеді, тек, қасіретті ашаршылық мәселелері еске алынбай, тасада қалды. Үстіміздегі ғасырдың бастапқы жылдарында «Әділет» басқармасында осы жәйтті әңгіме еттік. Сонда басқарма төрағасы академик-заңгер Мұрат Тәжімұратұлы Баймаханов бұл тарихи мәселе жайында Кеңес Нұрпейісұлы мен маған қоғамдық пікірге қозғау саларлықтай мақала әзірлесеңіздер деген өтініш айтты. Әрине, бастапқы нұсқасын жазуды мен мойныма алдым. Сол уақытқа дейінгі белгілі деректерді пайдалана отырып, мен совет дәуіріндегі ашаршылықтарды жаңа көзқарас тұрғысынан жүйеледім. Мұстафа Шоқай совет өкіметінің «аштық саясаты» деп бағалаған, биліктің саналы  орашолақтығы салдарынан дүркін-дүркін, 1917–1919, 1921–1923, 1931–1933 жылдары үш кезеңде орын алған ашаршылық нәубетін  қазақты алапат Ұлттық апатқа (катастрофаға) тіреген жасанды індет ретінде қорыттым.  Кеңес аға жазбамды мұқият оқып, мақұлдады. Жәй ғана мақұлдап қоя салмай, мақалада жазылған жәйттердің өзіне де мәлім екенін айта келе, үлкен жүректі, кең де адал ойлы, нағыз азамат ретінде, «бірақ соларды тап осы мақаладағыдай жазып шыға алмас едім»  деп, мені ақжүректігімен ерекше тебіренткен ризашылығын білдірді. Мақалаға тең автор ретінде қанағаттана қол қойып, еліміздің бас газетіне жариялатпақ болды. Алайда,  өкінішке қарай, ол кезде, 2002 жылдың алғашқы жартысында,  бұл тақырып басты басылымнан қолдау таппады. Мақала екі жылдан кейін «Ұлттық сана дабылы» деген тақырыппен «Жалын» журналында жарық көрді. Кеңес Нұрпейісұлының содан кейін жүзеге асыруды көздеген іс-шарасы өзі дүниеден көшкеннен кейін орындалды. «Әділет» Алматы облыстық архивімен бірлесіп, Ашаршылықтың аяқталуының 75 жылдығына орай, 2008 жылы,  «1931–1933 жылдарғы ашаршылық: себептері, ауқымы, салдары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізді.

Кеңес Нұрпейісұлы Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының көп жылдар бойғы басқарма мүшесі ретінде  қазақ халқы ғұмырындағы қасіретті кезеңдер шындығын ашуға, саяси қуғын-сүргін құрбандарының өмір жолдарын жаңғыртуға, ұмыттырылып келген тұлғалар мен олар өмір сүрген заман жайындағы тарихи білімді насихаттауға көп көңіл бөлді. Қоғамның Алматы облыстық филиалын ұйымдастырып, басқарды,  өмірінің соңғы жылдары «Әділеттің» президенті болды. Кеңес ағаның «Әділет» қоғамындағы қызметі өз алдына, оның бүткіл  ғылыми шығармашылығы тарихи сананы жаңаша қалыптастыруда өте маңызды рөл атқарды және атқаруда. Ғалымның «Алаш һәм Алашорда» атты әйгілі монографиясы, саяси репрессия құрбандары жайлы, 20-шы жылдарғы ұлттық-демократиялық интеллигенцияның тоталитаризмге рухани қарсылығы туралы зерттеулері, конференциялар мен салтанатты жиындарда сөйлеген сөздері, сондай-ақ қазақ университетінде, әсіресе қыздар институтында үздіксіз ұстаздық етуі және жоғары оқу орындары үшін, жалпы білім беретін орта мектептер үшін жазған Қа­зақс­тан тарихы бойынша оқулық­тар, оқу құралдары  болашақ ұрпақ тәрбиесіне елеулі қызмет көрсетіп келеді. Ол мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін өз тарихымызды халқы­мыз­ға, әсіресе жастарға үйретуге мол мүмкіндік ашылғанын қуана айтып жүрген-тін. Тарихи сананы жетілдіру арқылы ғана  өткені­мізге дұрыс баға береріміз кәміл деп санады. Сол мақсатта ел тарихы­ның шаң басып жатқан беттерін ашып, жасырылып келген шындық арқылы тарихи санамызды ояту қажет деп білді. Оқулық жазу ісіне үлкен жауапкер­ші­лік­пен қарап, мектептерде Қазақстан тарихын оқытудың жай-күйі жөнінен проб­ле­малық мақала жазды.

«Алаш һәм Алашорда» атты іргелі монографиялық зерттеу еңбегінде Кеңес Нұрпейісов  кітабын «Әкімшілдік-әміршілдік жүйе ұйымдастырған саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған әкем Нұрпейістің рухына бағыштаймын» деп арнау жазған-тын. Ол жастайынан жетім қалып, интернатта тәрбиеленген, өзінің «ха­лық жауының» баласы болғандықтан, әр­бір шалыс басқан қадамы қада­ға­лауда екенін есейген сайын түсініп те, сезініп те жүрді. Сондықтан Қайта құру саясатын айрықша сергек қабылдап, жабық тақырып болып келген Алаш қозғалысының, ұлт-азаттық қозғалыстар тарихының өзекті мәселелерін зерттеуге ден қойды. Қазақ тарихындағы осы аса маңызды құбылысты қарастыратын ғылыми мектептің негізін салу­шылар­дың бірі ретінде танылды. Тарихтағы «ақтаңдақтарды» кетіруге белсене атсалысты. «Әділет» қоғамына мүшелер қатарында өздерімен тағдырлас үлкен ғалымның болуы саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарын разы еткен, олар Кеңес Нұрпейісұлын ерекше қадірледі. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Алматы әкімдігінде, қалалық музейде өтіп тұрған кездесулерге Кеңес ағамен бірге қатысып, оның қызметіне әрдайым сенім білдіре және ризашылықпен қарады. Сондай «әділетшілердің» бірегейі – Сәуле Рақымқызы Сүгірова-Айтмамбетова еді. Ол «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының моторы, қозғаушы күші, күллі іс-шараны алдын ала жоспарлап, өткізілуін ұйымдастырып, қадағалап отыратын ең басты жауапты қызметкер болатын. Сол кісі Кеңес Нұрпейісұлының жетпіс жасқа толатын мерейтойына қоғамымыздың атынан құттықтау хат мәтінін  жазуды маған тапсырды. Құттықтау нұсқасы жазылды, «әділетшілер» түзету, толықтыруларын енгізді, мәтін тиісінше тасқа басылып, сәнді мұқаба ішіне орналастырылды. Ғалымдар үйінде өткен салтанатты жиналыста юбилярға тапсырылар алдында сол адресті дауыстап оқып беру де маған жүктелді. Сонда қоғамның бірқатар мүшесі – жазықсыз қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары – мінбеде мені айнала қоршап, айтылған әр сөз өз жүректерінен шыққанын сездіріп тұрған. Сөйтіп олар – Саят Ілиясұлы Жансүгіров, Марат Садықұлы Нұрпейісов, Әли Оразұлы Жандосов, Нәдір Әбдіқадырұлы Әзірбаев,  Сәуле Рақымқызы Сүгірова бастаған Үлкен террор құрбандарының ұл-қыздары – мерейтой иесіне большевиктік бұрмалаулар шындығын ашудағы терең ғылыми ізденістері, маңызды тарихи білімді насихаттайтын тамаша еңбектері үшін бас иіп құрмет көрсеткен еді.

Қазіргі таңда Кеңес Нұрпейісұлының халыққа риясыз қызмет ететін екінші ғұмыры жалғасын тауып келеді. Осы мерекелі күндері Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында өзі ұзақ жылдар қызмет атқарған кабинетке есімі берілді. Үлкен ғалым, қажырлы қайраткердің бейнесімен, ғылымдағы тағылымды жолымен, кітаптарымен бүгінде «Жаңалық» кешеніндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне келушілер де танысып жүр. Кеңес Нұрпейісұлының рухани өмірі жыл өткен сайын жаңа қырынан ашылып, жандана түсеріне күмән жоқ.

Бейбіт Қойшыбаев,

«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5662