Ғаббас Қабышұлы. "Алдағы жылда аламын!"
(Сықақ)
О, түбі жоқ Аспан, домаланған жер! Бір сырымды екеуіңе құлай сеніп, құпияламай-ақ айтып едім, «Ұйқым қанбай жүр» деп, - енесін ұрып жібердіңдер ме, - ештеңе болмай қалды ғой?!. «Маған Нобайдың күміс медәлі керек!» дедім. Екеуіңе де, Мәкем мен Сәкеме де сендім. Алайда... и-и-ә-ә-ә, қалайда сендерден қайыр неғайбыл екенін сезген сияқтанып едім, соным көрегендік болғанын қарашы! Өзіме ғана сенгенімді есіме түсіріп отырмын. Өзіме сену өзімнің ішкі шаруам еді. Солай болған соң қазына қамбамның қалыңдығы жыртақарыс болат есігінің жартысын ашып, алты қап алтынды Ыдыр мен Қоқайға, Сыдырқұл мен Олпұлға, Мүтәик мен Сүтбайға құшақтатып, алты «Боингке» отырғызып, Вашингтон мен Нью-Йоркке, Лондон мен Парижге, Шоция мен Тель-авивке құстай ұшырдым. Бәріне тастемірдей етіп бір-ақ тапсырма бердім, ол - сол жақтарда мысықтабандап жүрген мешоковичтеріме қосыла күндіз-түні жан алып, жан беріп, «Нобайдың» бетін бері, маған қаратып, медәлін алып келу! «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген... но мынадай бір мәтел бар (ойлап шығарған - Найқал Наубай, яғни мен!): «Заманына қарай мәтелі, велесепетіне қарай педәлі» деген. Солай болып шықты.
(Сықақ)
О, түбі жоқ Аспан, домаланған жер! Бір сырымды екеуіңе құлай сеніп, құпияламай-ақ айтып едім, «Ұйқым қанбай жүр» деп, - енесін ұрып жібердіңдер ме, - ештеңе болмай қалды ғой?!. «Маған Нобайдың күміс медәлі керек!» дедім. Екеуіңе де, Мәкем мен Сәкеме де сендім. Алайда... и-и-ә-ә-ә, қалайда сендерден қайыр неғайбыл екенін сезген сияқтанып едім, соным көрегендік болғанын қарашы! Өзіме ғана сенгенімді есіме түсіріп отырмын. Өзіме сену өзімнің ішкі шаруам еді. Солай болған соң қазына қамбамның қалыңдығы жыртақарыс болат есігінің жартысын ашып, алты қап алтынды Ыдыр мен Қоқайға, Сыдырқұл мен Олпұлға, Мүтәик мен Сүтбайға құшақтатып, алты «Боингке» отырғызып, Вашингтон мен Нью-Йоркке, Лондон мен Парижге, Шоция мен Тель-авивке құстай ұшырдым. Бәріне тастемірдей етіп бір-ақ тапсырма бердім, ол - сол жақтарда мысықтабандап жүрген мешоковичтеріме қосыла күндіз-түні жан алып, жан беріп, «Нобайдың» бетін бері, маған қаратып, медәлін алып келу! «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген... но мынадай бір мәтел бар (ойлап шығарған - Найқал Наубай, яғни мен!): «Заманына қарай мәтелі, велесепетіне қарай педәлі» деген. Солай болып шықты.
Менің арнаулы өкілдерім, кәнешно, әдейілеп барған соң аянған жоқ. «Нобайға» апарар жолды, медәлін әперер қолды іздеп, ұйқы мен күлкіні қайтар жолдарына қалдырып, иттей арсалаңдап аласұрды. Ығынан «Нобайдың» исі шығатындардың қалталарын кірпік қақпай аңдып, қайткенде толтыруды (неменемен екенін өздеріңіз нобайлап отырсыздар) омалмай ойлап, сәті түсе қалғанда қолдарынан сүйіп, мен үшін жанып-күйіп жүрді. Ол жақтағылардың қалталары біздің қалтамызбен салыстыруға татымайды екен: әрі аузы тар, әрі түбі таяз. Мәселен, Сүтбай жіңішке қолын жымиып сұқса да, толтырып жарымапты, таязға не не сиып, не тұрушы еді?! Ал Қоқайдың қолы басынан үлкен екен, онысын мен қайдан білейін, нобайшылардың қалталарына Қоқайдың сұқсаусағы сиса, басбармағы батпай, басбармағы батса, сұқсаусағы симай сорлапты. Жалғыз саусақ пен жалғыз бармақ жеке-жеке жүріп не тындыра алушы еді?!.
Арада алты апта өткен күні Сүтбай Шоциядан телефон соғып: «Әке, көке, Наха... болмай қалды... силықты салмақтайтындар не есіктерінен, не терезелерінен сығалатпай қойды, қайтейік... кешіріңіз, Наха, кешіре көріңіз! Алтауымыз да, міне, егіліп, бүгіліп отырмыз, айналайын көке, садағаң болайық! - деп еңіреді.
Не істеу керек? Бұл тілінің қызығын көрген талай-талай шешен мен көсемнің аузынан шыққан сұрақ. Менің де аузымнан шықты. Да, маған енді не істеу керек?!. Мұнда қалған нөкерлерімді түп-түгел жинап алдым да, осы өмірлік сұрағыма дереу жауап берулерін талап еттім.
-Әй, қазақпайлар! Сендерге Найқал Наубай керек пе, жоқ па? - деген сұрағымды да суырып алып, қосып кеп жіберіп едім (ашуланған адамның айтпайтын сөзі де, қоймайтын сұрағы да болмайды), бәрі қол қусырып, дізерлеп отыра кетіп:
-Керексіз, Наха, керексіз!
-Наха, сізсіз күніміз қараң!
-Құрметті Наха, сізді бізге құдай берген!
-Наха, сіз - біздің пайғамбарымызсыз!
-Біздің әулиеміз - өзіңізсіз, Наха!
-Сіздей кемеңгері бар біз бақыттымыз!
-Наха, сіздің жолыңызға менің жаным құрбан!.. - деп жамырай жыларман болғанда құлағыма шу толып, басыма бу толып, әлгі... басжазғым келгендей болып, жыным жұдырығыма жинала қалып, емен үстелімді екі рет періп-періп жіберіп:
-Маңырамаңдар! Мені сендерге құдай бергенін де, сендердің менсіз жан сақтай алмайтындарыңды да, ал өзімнің кемеңгер, әулие, пайғамбар екенімді де білемін! Бірақ мұны анау Нобайдың медәлін бергіш албастылар білмеді. Енді не істеу керек?! Кәне, тілімен көктегі бұлтты иіргіш қазақтар, менің осы сұрағыма жауап іздеңдер! Кәне, адамша дұрыс отырыңдар да, ойланыңдар, бес минөт берем! - дедім. Демегенде ше?! Ынжық болып тумаған соң, ынжық боп өлейін бе?
Мені баяғыдан білетін байғұстарым бұл жолы да білді. Мен өздеріне бес минөт уақыт емес, ату жазасын беретіндей бәрі алақтап, қибыжықтап, екеу-үшеуден өзара ымдасып, сыбырласып, күбірлесіп, маған жапақтап қарап қойып, төрт минөттен соң Мырықбай орнынан сүйретіле тұрды да, кеңірдегін қасып, ауызын ашты:
-Атаңыздай қайратты, анаңыздай айбатты Наха, айналайын көке, біз ақылдастық, өзіңіз көріп отырсыз, аянбадық, сөйтіп... сізге мынадай ұсыныс жасауды келістік: Нобайдың медәліне сізден лайықты ешкім жоқ еді, бірақ, амал не, бұйырмаған... былай кетеді, енді алдағы жылғысын алуымыз керек, ол үшін іске кірісуіміз керек. Насихат жұмысын өте кең жүргізуіміз керек. Жаны басқа болса да қаны бір ағайындарымызды, тіпті алыс-берісіміз бар алыс-жақындағы таныс-білісті түгел қамтуымыз керек...
-Әй, Мырықбай, сен «әйту керек, бүйту керек» деп, немене, үкіметтің түкке тұрмайтын қырық-елу бет қаулысын жатқа оқып тұрғаннан саусың ба? - деп жекіп қалып едім, Мырықбай мықырайып қалды. Солай боларын біліп, күтіп отырғандай Дөкен ептеп қолын да көтеріп, өзі де көтеріліп, қиғаш көзі жыпылықтап:
-Нах-аға, егер рұхсат етсеңіз, мен... жаңа... біздің ұсынысымызды мен айтып көрейін, - деп маған әрең қарады.
-Сөйле! - дедім. Ол сөйлеп кетті:
-Құрметі Нах-аға, біз келістік, Бүкең, Түкең бар бәріміз, былай істейік дедік, пропаганда масштабымыз өзіміздің бүгінгі жұмысымыздай кең болсын дедік. Мысалы, Бүкең Мәскеудегі пунктымыз арқылы... өзіңіз «менің қақырықбасым» дейтін Городничевке шықса, онымен өзіңіздің сөйлескеніңіз нелеу ғой, оған кішіреймеңіз, Бүкең оның тілін табар, яғни «қақырықбастың» командасы сіздің кандидатураңызды қолдап құжат жасап берсе, жаңа Мықаң айтқандай, алдағы жылғысын алуға, Наха-аға, сіз ғана лайықсыз. Түкеңнің де ұсынысы бар, - деп Дөкен Түктіханға қарады. Жиын жанданып, ұсыныстар ұсыныла бастады:
-Наха, Дөкештің сөзінің жаны бар... - дей берген Түктіханға:
-Оның сөзін қайтесің, өз сөзіңнің тоқ етерін айт! - дедім.
-Мақұл, Наха, айтайын. Тоқ етері: қырғыз ағайындарымыздың Бішкек қаласында менің құдам тұрады, Ғылыми-зерттеу институтында, өте беделді, мен сол құдамның ұжымынан сіздің кандидатураңызды қолдаған құжат алумен айналысайын.
-Дұрыс! Менде де ұсыныс бар. Мәселен, менің чешен достарым көп, Ваха деген досым орталықтарында - Грозный қаласында тұрады, өте крутой бизнесмен, бәріне тілін алдырып жүр. Наха, вот менің сол Ваха досым мен не тілесем, соны орындайды, қолымды қақпайды, - деді Жұқағали.
-Наха, өзіңіз білесіз, Минскі қаласында менің нағашы ағам тұрады, министрдің орынбасары, ол да, сөз жоқ, қолдайды! - деді Әпелбек.
-Менің жиен інім Тәшкент... жо-жоқ, Науаи қаласында ректор, үлкен оқымысты, өте принципиальный, университетінің қаулысын шығарып береді, без никаких! - деді Мұсақұл.
-Құрметті Найқал Наубай мырза, менің ұсынысым былай: біз бұл жерде ұсынысты көбейтіп, сіздің қымбат уақытыңызды алмайық, біз Нобай силығының күміс медәліне алдағы жылы сізді ұсыну жөнінде қазір, осы жерде оргкомитет құрайық та, сөзден іске көшейік. Ол комитетті мен басқара аламын, комитетте бес кісі болсақ, жетіп жатыр, - деді Жалаубай. Жұрт:
-Дұрыс!
-Бәрекелді!
-Жәкең біледі ғой! - десіп бірден риза болды.
-Наха, мырзалар! Менде бір түзету бар. Жәкең жақсы сөйледі, бірақ, меніңше, «Нобай силығының күміс медәліне алдағы жылы сізді ұсыну жөнінде» деп емес, «Нобай силығының күміс мәделін алдағы жылы сізге алып беру жөнінде» деу керек, конкретный болсын, - деді Парымбет. Жұрт ду қолшапалақтады. Мен де.
«Конкретный болған дұрыс!
Біз былтыр конкретный болмай, биыл ала алмадым.
Біз биыл конкретный боламыз да, алдағы жылда аламын!» - деді Нахал... кешіріңіздер, Найқал Наубай, сол түні төсегіне түнеуге бет аларда, ұйқы шақыратын демидрольдің жарты түймесін жұтқалы отырып.
«Абай-ақпарат»