Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2589 0 пікір 10 Қазан, 2011 сағат 04:45

Софыян (Софы Сматаев)

Ұлы Қасымның аруағына


Хақ-Дала
(Исраил құрдастың «Тәңіртауына» сырлас көңілдің үндестігі)


Сес

Ұлы Қасымның аруағына


Хақ-Дала
(Исраил құрдастың «Тәңіртауына» сырлас көңілдің үндестігі)


Сес

Өңімде сұмдық көрдім түсімде емес.
Тірілді жүректі егеп ішімде егес.
Тіл жетіп айта алам ба алапатты
Еш адам ешқашанда мүсіндемес?!

Дүбірлеп,
Тау қозғалмай,
Дала көшкен!
Тіршілік үрейленіп танады естен.
Мәңгілік ұйқысынан өлі оянып,
Жарқырап, бықсымастан жанады өшкен...

Жаңғыртып,
Түртіп сілкіп қиялды ескі
Пышақсыз, қорқынышпен қияр ма есті.
Кетердей аспан құлап қара жерге,
Дүрбелең дүрілдеді қиянкескі.

Кім көрген жердің тулап жосылғанын,
Ғаламды кернеп кетті шошынған үн.
Қопарып қара түнек ақ Әлемді
Үреймен аспан жердің қосылғанын?!

Мұң айдап,
Зарды сүйреп,
Шер жамылып,
Барады-ау қақ бөлініп,
Жер жарылып!..
Қысылған қиянаттан күпті Әлемнің
Қираған бер жағы – ұмыт,
Ар жағы – үміт.

Жөңкіді тауды сүзіп,
Дала көшіп.
Ай тұтылып,
Көкте Күн барады өшіп...
Бұрқырап қара боран көкке атылды,
Бөлеп ап қара Күнді қара бесік.
Тынысын дүниенің іркуде дем,
Шошынтып қаптады үрей,
Үрку деген.
Сарнатып дүлей тылсым Тажал әнін
Жазықты қақыратты жыртуменен.

Оянды дүр сілкініп жым-жырт Дала,
Қозғалды сақыр-сүкір жылжып қана.
Ойлының миын шұқып,
Миғұла ғып,
Ес біткен естен танды жүнжіп қана.

Келеді жылжып Дала,
Жосып Дала!..
Мөңкіді өзен шапшып,
Шошып қала.
Кете ме жер бетінен адам, пенде,
Біте ме бар тіршілік өшіп қана?!.

Жосытып Дала көшті дүрілдетіп,
Шошытып Аспан, Жерді дірілдетіп.
Ашуға алапат күш басқан кезде
Қашқанда бас сауғалап сүрінді етік.

Сасқан жұрт!
Қашқан тобыр!
Босқан халық!
Қол жайды көкке емініп,
Естен танып.
Тәнінен ұшып шыққан шыбын жанды
Кетсе деп Жаратқан Хақ аспанға алып.

Босқан жұрт!
Сасқан халық!
Қашқан тобыр!
Дос іздеп аяқасты қастан небір.
Көмілген күл астында Помпей емес,
Дейтұғын Ақырзаман басталды өмір.

Көшкін боп сұстанғанда қыран Дала,
Сиынды сасқан, қашқан бір Аллаға.
Атеист төре қазақ: «Құдай жоқ!» дер
Сандықтан маңдайға ұрды құранды ала.

Апырай!
Таусылар ма Тірлік демі.
Қадап Хақ жоқ қып Жерге бір нүктені?
Ғарышқа бір-ақ сәтте шаң боп сіңіп,
Келіп пе ек бұл Әлемге құр біткелі?..

Көрем бе қара көздің жұмылғанын,
Дал-дұл боп ақ қайыңның жұлынғанын?
Көше ме сәби күлкі меңіреуге,
Өше ме мәңгі естілмей ғұмырдан үн?..

Тәж-тағын Сарайлардың қопарып ап,
Тартарға егесімен атары нақ.
Патриций плебеймен араласып,
Апатқа тегістегіш жатар ма ұнап...

Тажалға бай мен кедей бірдей бәрі.
Тозақта Тазалықтың кірлейді әрі.
Несіне ес-сананы иелендік
Сұмдықтан Шындық өлсе жүрмей кәрі?...

Бақ емес,
Ұшар бастан Әлем, Ғалам,
Қалмаса қара жерде қараңдаған.
... Қадады жаутаң көзді бір жалт етіп,
Қарт Бабам –
Ең бірінші Адам маған.

Кім білсін ұрпақтарын аяды ма,
Сүйеніп тұрды біраз таяғына.
Жарқ еткен көк жасынға жармасып қап,
Қайтадан сіңіп кетті баяғыға...

Қақ бөліп қара жердей ақыл-ойды,
Тәңір Хақ неге бізге шақырайды?
Естіні естен неге адастырды,
Көмейге кептеп тіреп «Апырайды!»?

Сасқан жұрт!
Қашқан тобыр!
Көшкен халық!
Балықтай жағадағы естен танып.
Хаостың құшағына қайта оралып,
Өшер ме тарих атты көштен халық?

Жауыз нұр айқыш-ұйқыш аспан тіліп,
Аңыздың Тажал әні басталды ұлып.
Сол әуен құбыжық боп қалықтады,
Кетердей сасқанды ұрып,
Қашқанды іліп!..

Жерде зар,
Көкте қиқу азан-қазан.
Дүрсілі бар жүректің озандаған.
Уай, Әлем!
Бір-ақ сәтте жым-жылас боп,
Шынымен көрінер ме қазаң маған?..

... Жоғалды басқан зілі қанша иінді,
Тыншып үн,
Борандатқан шаң сейілді.
О, тоба-ай!
Ғарыштан бір ән құйылды,
Тұрғанда құлақ әсем аңсай үнді!

О, тоба!
Ән екен ғой – жан ынтығы,
Сыққанда Ажал сұмның жаныңды үні.
Кеудені әлдилеп кеп асқақ әуен,
Сипады сап-салқын боп жалын тілі!

О, тоба-ай!
Жас оралтып қара көзге,
Адам боп бара жатты Дала лезде.
Дала емес,
Алып Адам құшақ жайды,
Сүңгітіп бар ғаламды дара кезге!

Берілме, сыршыл жүрек, үрейге сен.
Көңілім ғажайыпты тілейді әсем.
Ардақты Ақыныңды,
Жақыныңды
Таныр ең қорқынышпен сілеймесең.

О, тоба-ай!
Адам-Дала тебіреніп,
Шіренді шабыттана еміреніп.
Тірелген қос өкшенің арасынан
Сол сәтте-ақ қоя берді Өмір өніп.

Тірілтіп бір ғаламат құдіретті,
Еріні Дәу Адамның күбір етті.
Ғажап-ай!
Кездеспеген бұрын-соңды
Болмыс Хақ жайып салды сүгіретті.

Нәп-нәзік күй тербетті төңіректі,
Тәнті ғып Көкті Жерге еңіретті.
Ғарыш пен Ғалам мидай араласып,
Бір сәтте бір ғасырлық өмір өтті!

Жалғады келешек пен бұрынғыны.
(Шыдамай тек пен кекке бүрілді ірі).
Жапырып астан-кестен өгей тілді,
Қазақтың қажырланып тірілді үні!

Тірілді үн!
Түрілді аспан төңкеріліп.
Шіренді Адам-Дала кең керіліп.
Шапшыды Көкке қолдан асқар шың боп,
Тау-Тұлға
Қадау-қадау ер көрініп.

Әлемнің күй ойнады құлағында.
(Болмас-ау дәл осындай жұмағың да)
Жеткенде Тіршіліктің мәз күлкісі,
Күлдім де,
Қуандым да,
Жыладым да.

Жоғалды кейіс,
Өкпе,
Күпірлігім.
Оралды ырзалығым,
Шүкірлігім.
Бәрібір мен пендені күндемеспін,
Жыртса да тал бойымнан бүтінді мың...

Жоғалды Ажал мыстан өмірді аулар.
Жоғалды сыбыс,
Өсек,
Дабыр,
Даулар!
Даланың қақ төсінен биік шапшып,
Орнады Тәңіртау, һәм
Қадіртаулар!
Бой созды тағы үш тау Жерден Көкке,
Әр тасын орап өшпес шер мен кекке!
Шаншылған елдің сұсы – қайзадай боп
Сес беріп тұра қалды төңірекке.

Атқыған аспанға тік шоқысына
Ұрынбай өзен үрікті оқыс ыға.
Сол шоқы бірте-бірте тау боп өрлеп,
Айналды алты Алаштың Софысына!

Көбейді көкке ұмтылып қырат, төбе,
Жарысқан көлеңкесін бір-ақ төге.
Тілі мен үні болды сол төбелер
Халқының кеудесінен мұратты еме.

Ақындар тізбек құрды қыраттардан,
Жырынан мәңгі бітпес сұрақ тамған.
Cөзі боп ақиқат пен әділеттің,
Көмбесін көкейдегі сыры ақтарған.

Шашқанда Ақын-Дала мырзалығын
Тау,
Шың ғып көтергенде құр жазығын,
Құс біткен сайрап алып жөнелді де,
Төбемнен құйды нұрын ырза Күнім!

... Хақ-Дала!
Ақын-Дала!
Қасым-Дала!
Тазарып кір-қоқыстан асылдана,
Жарқ та жұрқ жалын шашты жан-жағына
Қойнына көктен жауған жасынды ала.

Тау емес.
Сен – құдірет, айхай Дала!
Жағынбас жаңғырықпен айқайға да.
Оралар Өзіңді аңсап, өзек жарып
Кетсе де сан ұлдарың қай-қайдаға.

Тау емес,
Сен асқақсың кеңдігіңмен.
Сұрамас жолды кімнен,
Жөнді кімнен.
Бүгінгім тауын мақтап,
Бұрылмаса,
Даласын табар шындық ендігімнен.
Табады.
Бар Әділет!
Сенемін мен.
Шын талант дарынсызды жеңе білген.
Күрмелген Даласына кіндігімен
Халқың бар
Тірі жеткен көне күннен.

Жараспай төреңменен,
Төріңменен,
Өмірден,
Көріңнен де жерінбеген.
Ұрпаққа рухымен сіңіп кетіп,
Ол әне, тағы әкелді өмірге өлең.

Аруға жыр-сырымен назданатын,
Өлмейді
Өлмес өлең жазған ақын.
Ғарышқа самғап ұшып,
Тірі кеткен
Сермеп қап жаз-қанатын,
Қаз қанатын.

Жақтырман тас табытта шіренгенді,
Тірілте алармысың бір өлгенді.
Жеңбейді ажалы да,
Тажалы да,
Жыр егіп көкіректен,
Нұр емгенді.

Салмаймын табытыңа ұлы Ақынды,
Іздейтін мақсатымды,
Мұратымды.
Пендеден биік етер, Исраил дос,
«Ақындық!»
Дейтін ғажап біл ақыңды!

Сөзімді дұрыс ұғын,
Теріс демей.
(Несіне бұғамыз біз, өрістемей).
... Ғаламды барлап тұрған Дала-Ақынның
Жанары тұнық еді періштедей.

Дарытып сұсты қарас,
Ойлы пішін,
Жаратқан Ақын-Хаққа қойды мүсін.
Табиғат үйіп-төгіп бере салған
Болған соң ойға сойы сай Кісінің.

Алып боп Ақын әне көтерілген,
Оралып Мәңгіліктің мекенінен.
Жалғанды жаңғыртып кеп дүбірлетті
Ағылған асыл сөздер екі еріннен:

– «Ояндым уыз уын еміп нұрдың
Кеткен соң дос азайып,
Кеміп құрбым.
Үстімде кебін емес,
Кебенегім.
Көгімнен жер боп өніп,
Келіп тұрмын!

Көр емес,
Ел жүрегі – шын тұрағым.
Кеудемнен жамыраған мың бір ағын.
Көруге қайта оралдым Туған елді
Мініп ап ауыздықтап жыр пырағын.

Қорыққан,
Қашып-пысып үрейменен
Ісім жоқ әкім-төре,
Дүлейменен.
Қазағым – жаны нәзік қандастарым
Өзімнен баяғыдай тілейді өлең.

Таниды,
Безінбейді елім менен.
Кетпегем,
Ұлтымнан мен бөлінбегем.
Өзекті өзектеспен жалғастырған
Арым да,
Жаным да – өлең,
Тегім де – өлең!

Барым да,
Бақытым да осы өлеңім,
Жақыным,
Жүрегімнің досы өлеңім.

Асқарым – Алашыма арқам сүйеп,
Жырыммен толтырамын бос әлемін.

Гүрілдеп жалын атқан кеудем – көрік,
Сөз соғам құлашымды еркін керіп.
Суарып шынықтырам күйге малып,
Болсын деп әрі әдемі,
Әрі берік.

Таниды.
Іздеп мені табады елім.
Табады алты Алашым,
Дала,
Көлім!
Қайтейін кей «мықтымның» кещелігін
Қуанар жетсе еріне қаралы өлім.

Шарлаған жолым жатыр жер бетінде,
Көрінер көлеңкесі келбетімде.

Әй, анау бір шыбықпен кімді айдап жүр?
Апырай, жер жетім бе,
Ел жетім бе?!.

Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ,
Қараймын елесіңе мен таңырқап...

Осыны мен айттым ба,
Жел айтты ма,
Көңілім құлазыды-ау құр жабырқап...»

Кідірді жасыра алмай ренішін,
Әлде өксік,
Әлде сұрақ тіреп ішін.
Есірген есекмасы дүмділерге
Ышқынып ашу толы күреді ішін:

«– Әй, қарақ!
Тоқта былай!
Кескестеме!
Басыңнан бақыт құсы көшпес деме.
Жарлыны жағалатпай қуғаныңмен,
Бар ғылып алып шығар өшпес дәме.

Кетіпті-ау кембағалдар тым далиып,
Салбырап түскен неге мыңдағы иық?
Даламның тоз-тоз қылып тіршілігін
Шер қамап,
Орап апты-ау мұң жайылып.

Кетіпті-ау төрдегілер төбе болып...
Жайраң жүз айтшы, ау, інім, неге солық?
Білмей ме құдайсынып құтырғандар
Тиерін құрыш қолдың төбеге нық.

Білмей ме дертті шерден кек табылып,
Түйрерін қақ жүректі оқ сағынып.
Бүгінгі биліктегі жетесізге
Жетерін жер түбінен жоқтау ұлып.

Белшемнен от кешсем де езілмеп ем,
Күйзелтті-ау өксігі елдің безілдеген.
Күніне мың мүжіліп,
Мың өлсе де,
Қазақы қандай берік төзім деген?!

Не деген алдамшы едің Сезім деген,
Серің боп сені іздеумен көз ілмеп ем.
Сезімге,
Төзімге де
Талақ! Талақ!
Ерімді алмастырсам езімменен.

Жүректі түйрер кезде бізі іздеген,
Қырғынның қиялымды сызы үзбеген.
Тастамай сұр шинелді иығымнан
«Қайдасың Дариғалап?» қыз іздегем.

Дуылдап қанымдағы жалынды үміт
Жүргенде ел мен жерді сағындырып,
Сол бір қыз,
Қазақ қызы, қастерлім-ай,
Жарасқан жанарымнан жанымды ұғып.

Сол бір қыз
Жетті маған атыра Күн,
Көңілімнің күйге бөлеп атырабын.
Жайқалтты ыстық жүрек лебімен
Жанымның жалын шалған жапырағын.

Сол бір қыз
Аңыз болған ерте күннен,
Оралған Ана-Дана ертегімнен,
От құйып мұз жайлаған кеуделерге
Әманда артық туған еркегімнен.

Сұм жендет Кремль боп қыс жамылып,
Сол қыздың сыққан жанын ұстап ұрып.
Алаңда арман өшіп,
Үміт сөніп,
Жын жылап,
Пері күлді,
Мыстан ұлып!..

Жын ойнап,
Пері ойнақтап,
Мыстан ұлып,
Сол қызды тар карцерге қысқан ұлық.
Қызыл қан ақ тамақтан көкке атылып,
Кеудеден жанмен бірге ұшқан үміт...

Тас жүрек,
Безбүйрек ед егелерім,
Шекеге қадап қаққан шегелерін.
Мәскеуден құтқарса да Жаратқан Хақ,
Әлі де жауап таппас «Негелерім?»

Не өнер тісіңді құр қайрағанмен.
Шарасыз құр дәрменің жайрап өлген.
Не шығар өре тұрған ішіңдегі
Жыланды ысылдатып айдағанмен?!.

Қайнаймын тар қазандай  ызаменен,
Сол қыз боп
Қоштасты ма Муза менен?..
Ақынын ақиқаттан адастырса,
Қамалын қаскөйлердің бұза ма Әлем?..

Жапқандай жабу етіп тасқа кілем
Өтем бе өзгерте алмай қасқаны мен.
Ақылды тентіретіп жіберер-ау,
Ақынды ақымақтар басқарумен.

Кім ұлық?
Кім кемеңгер?
Кім данышпан?
Сезердей зар мен шерді,
Мұңды алыстан.
Жоқ қой, жоқ!
Өз қазағын жұтып жатқан
Кіл қасқыр!
Кіл жолбарыс!
Кіл арыстан!
Сен маған десең-дағы «Айхай, Дала!»
Түңілген өң-түсімді байқай қара.
Шыңғыртып шыбын жанды шырқыратып,
Ішімде бұғып қалған айқай ғана.

Өңештен от-жалыным төгілмеген.
Өксікті азық еткен көңіл-дөнен.
Түсімде бұрқ-сарқ еткен асау толқын
Қайтейін...
Бола алмады-ау өңімде өлең!

Жетімдік желкелеген...
Жеңілмеп ем.
Жанымда құр жаңғырып,
Жеңілді өлең...
Сөзімді көмейіме кептеп тығып,
Өксітті өкінтумен өмір деген.

Іздеген «халық жауын» қырағылық –
Бөрі боп жатсаң, тұрсаң тұрады ұлып.
«Ұлтым!» деп мұрт астынан бүлк еткізсең,
Жағыңды опыратын бір-ақ ұрып.

Күмілжіп ұйқамақта қорғалақтай,
Жабысқан қабырғаға жарқанаттай,
Гүл жүзді, бұлбұл үнді, сырлы сазды
Жырымды қор болдым-ау сорғалатпай.

Айтқызбас айтарыңды сұры надан
«Мықтыңның» мәлім әлсіз сыры маған.
Шошимын «Ұлы!» деуден өлтіріп ап...
Алса ғой өз бағасын тіріде адам.

Түсті де тіл тістеткен күшке күнім,
Булықты астан-кестен іштегі үнім.
...Қоғамның өзгергенін қашан көрем,
Бүгін де ұрпағымның ішкені ірің.

Құл қоғам құлдығынан тазара ма.
Мәңгілік мүлгіп, көзі бозара ма?
Бұл қоғам батпағына батырады
Алмасақ қағып, сілкіп тез арада!..

Ел – мықты!
Елден туар тектілерің.
Жасайтын,
Жарылқайтын көп тілегін.
Қысады биіктегі құйрықтарын,
Ұшады биліктегі ептілерің.

Құшады жан жазасын азғындаған.
Ұсынар ар тазасын әз ғып ғалам.
Елжіреп еміренген Ел жүрегін
Ғарышқа жеткізеді саз ғып балаң.

Аршындап басар арлы қадам бар да,
Сенемін азғындамас адамдарға.
Ірі мен тірілерге өсиетім бұл,
Сөзімді қор қылмаспын жамандарға.

Уай, Тәңір!
Көктен лаулар құралды ұшқын.
Халқыма қанатын бер қыран құстың.
«Жұмақта жүрміз!» деумен
Алға тосқан
Келмейді шикі өтірік ұранды ішкім!..

Қарыштап өсуі үшін ел-барыстың
Қаматпай қапасына дағдарыстың,
Ұлтыма ашуын бер арыстанның,
Жұртыма жүрегін бер жолбарыстың!..»

Тоқтады дауылдатып күрсінді де.
Бас шұлғып тына қалды сыршыл Дүние.
Қызынып тұла бойым бара жатты,
Білмеймін...
Жыр сіңді ме,
Нұр сіңді ме?!

Лақтырды шинелді де,
Шекпенді де.
Бір өксік тамағына кептелді ме,
Қылғынды жер сілкінтіп Ақын-Дала
Сұр бұлтты жотасына бөктерді де:

«– Түсіртпей «кірме» дейтін жауға күнді,
«Естірт – деп ессізге емес,
Сауға үніңді!»
Айтсын деп елдің сөзін
Ақын етіп
Төсімнен тұрғызбап па ем Тауларымды?!.

Жанына қан ғып құйған аз ба сырым,
Қалайша «Аттан!» салмай азды асылым?!.
Бермей ме сыбағасын тексіздердің
Өзгеге матап берген өз нәсілін.

Апырмай,
Жүрем бе ылғи жанымды жеп,
Құнсыздың бере алмастан арын түзеп.
Әлемнің сылып тастап кір-қоқысын
Онда сен бомба бол да, жарыл, жүрек!..–»

Өңештен өксік-тілек саулады да,
Өкпелеп ақын тұтқан Тауларына,
Қарады қимай, тоймай жалт-жұлт еткен
Ғаламның кіп-кішкентай аумағына.

Қадады от жанарды Көк пен Жерге,
Ыза боп бүгінгіге,
Өткендерге.
Қайтадан айналды да Даласына
Сағымды сіңіп кетті көк белдерге.

 

Ес

Қайран Қасым!
Түсінем өкпеңді мен.
Күтпейсің сен құрметті өктемдіден
Ардақ тұтқан Тауларың кішірейіп,
Жағымпаз боп жарыса шөккен кілең.

Ірілігің,
Ұлылық,
Алыптығың
Тамсандырды тәнті етіп халықты мың.
Ұғысуға Өзіңмен өзім бармын,
Жұлысуға ұмтылмас Анықты кім.

Сен – Анықсың
Көтерген қоғам мұңын.
Азған қоғам тұсында жоғалды үнің.
Ұғынбаса қайтейін көп ағайын
Толағайдан біп-биік шоң арғынын.

Қажыдың ба күрсініп,
Қайран Ақын,
Қаусап,
Күйреп
Кеткен соң айнала тым?
Өңешіңе тағы да кептелді ме,
Қызыл тілің қыжылмен қайралатын?

Жан сырыңды қоймаса надан ұға,
Адамыңа,
Бар кінә – заманыңа.
Елдегінің жетпей жүр күш-қуаты
Төрдегінің мызғымас қамалына.

Ақын – жалғыз.
Жалғыздық еншісіндей.
Жалғыз Хақтың жердегі ол елшісіндей!
Күншіл қауым жабылып талағанда,
Жым-жырт қалар
Ұлы Ерін
Ел түсінбей...

Ақын – тағдыр.
Пысқырмас ақылгөйге.
Құдіретке бар болса ол
Жақын Бейне.
Ақын – автор
Тірілткен талай жанды
Тәңірмен де тең түсер Ақын кейде.

Ақын сыры – ғажап сыр.
Аңдамадық.
Өгейлеттік,
Өксіттік,
Талғамадық.
Ашықтырып,
Азайтып асыл бәсін
Алмақ болды қырт пен мұрт қолбала ғып.

Ақын – Пірім!
Қолбала бола алмаған.
Ар-ұжданым!
Асылым тоналмаған.
Ғазалымен Ажалды алып ұрған
Кем көрмеймін кей-кейде оны Алладан.

Пайғамбар ол болжайтын алдағыны,
Кеудесінде түнеген Аллам үні.
Сүмірейтер сұмдықты шындықпенен
Қалғымайтын ешқашан ар дабылы.

Күреседі ол қалғанша құр сіңірі,
Ел жүрегін ертеді тылсым үні.
Мәңгі жайы – Көгіне қонақтар ол
Тартып өтсе тәңірдің бір шыбығы.

Симайды Ақын тұқыртқыш бір арнаға,
Алда жүрер арыңдай мұнарлана.
Өзектегі өзің боп дамыл бермей,
Өшкеніңде өмірден
Тынар Дана.

Деміңменен Ақынның туыс демі.
Жылытады жаныңды буы іштегі.
Кәусарына қандырып қара халқын
Ұлы ақындар туады у ішкелі.

Ызғары бар күзіндей көктемінің
Төккені зар көмейден,
Шеккені мұң.
Қалың елдің қайғысын қанында ертіп,
Дәл өзі боп кетеді Көктегінің.

Епсектікпен еңкейіп,
Ептегенбіз.
Қолды сүйіп,
Құл болып кеткен елміз.
Төбемізге қондырып төменгіні,
Қадіріне ұлының жетпегенбіз.

Арсыз,
Жансыз,
Ұждансыз
Неткен елміз.
Жалғандықтың уына бөккен елміз.
Құл тірліктің қылғынып құрығында,
Ұлымызды табалап сөккен елміз!..

Айналса да Ақын – жер серігіне,
Мәңгілікке кетсе де демі іліне,
Айдап салып ажалдың қақпанына
Күліп қарап тұрамыз өліміне.
Өлтіргенмен қамалап,
Өлмейді Ақын.
Тағдыры боп халқының өрлейді Ақын.
Ат-атағын Алыптың әжуалап,
Өшіргенмен табалап,
Жеңбейді әкім.

Кердеңдікпен керілген кері тақым,
Бақ пен таққа өлердей жерік әкім.
Жетпістегі ақынын танымаған,
Түзер ме екен жүзіңді Серік әкім?..

Суатынан сусындап ел кенелер
Жеңе алмайды Ақынды жер кенелер.
Ел тұтқасы боп жүрген бәкенелер
Белгісіз боп бар-жоғы ертең өлер.

Кейде дана,
Кейде ала халық деген.
Кейде бала,
Кейде алып Алыппенен.
Өлмес рухы ұлтына сіңіп кеткен
Сала алмаймын Ақынды табытқа мен.

Ұлы Ақынның ғұмыры – бір бір заман.
Келешекке оларсыз жылжыр ма адам.
Сөнеді Күн,
Жұмыр Жер қақ жарылар,
Тұншықтырса ақынын құрғыр заман.

Заман қанша тықса да қапасына,
Жыр-жүректің лап қояр оты асыға.
Кеудесінде булыққан шерлі зары
Бозінген боп оралар ботасына.

Төр, төре де тұсалып,
Бағынады.
Қондыртпаған қонады ол тағына әлі.
Бар қазаққа құшағын айқара ашып,
Сарыарқасын елжіреп сағынады.

Жүреді Ақын өлместен жыр елінде,
Бір өмірі берілмей мың өлімге.
Рухы көкте.
Ұлы Ақын қалады тек
Мәңгі-бақи жұртының жүрегінде!..
* * *

Уай, Исраил!
Қырық күн кіші мен сенің – үндес інің,
Тербетелік екеулеп мұң бесігін.
Жүрегімнің пернесін жаңылмай бас,
Жатырқамас жанымның түр де есігін.

Ел құсасын тастайық сілкіп, сүртіп,
Салғырт ойды оятып жұлқып, түртіп.
Еміренер ер болса,
Бізді тыңдап,
Қара көзден жас тамсын бүртік-бүртік.
Уассалам!

27 маусым – 3 шілде 2011 жыл.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5409