Нұр Отан - саясаттағы монополист
Коронавирус дамыған елдер үшін де, дамушы елдер үшін де үлкен сынақ болып тұр. Үкіметтер адамдар мен ел экономикасын аман алып қалуға тырысып жатыр. Билік басындағы тұлғалардың/партиялардың тыраштануының артында конституциялық жауапкершілікпен қатар өзінің саясаттағы болашағы үшін уайым жатыр. Сондықтан осындай кризиспен күресті пропагандасыз елестету мүмкін емес.
Пропаганданың түр-түрі бар. Оның формасы мемлекеттегі саяси режимге тікелей байланысты. Демократиялық елдерде пропаганда көбінесе белгілі бір мәселе төңірегінде ақпараттық кампейн түрінде жүреді. Ал авторитарлық елдерде ол “кампанейщина” форматында өтеді. Оның жарқын мысалы ретінде #StayHome мен #BizBirgemiz-ді келтіруге болады.
АҚШ-та бастау алған #StayHome кампейнінің месседжі өте қарапайым әрі түсінікті. Науқанды ұйымдастырушылардың айтқысы келгені – “Үйде отыр. Қолыңды жиі жу. Мұқтаждарға көмектес. Паникаға берілме.” Яғни, кампейн саяси идеологиядан гөрі ғылыми фактілер мен логикаға, адамгершілікке сүйеніп тұр. Одан бөлек демократиялық елдердің президенттері елде қаржы жеткілікті деп мәлімдеп алып, артынша халықтан ақша сұрап жатқан жоқ. Идеологтар науқаншылдыққа беріліп, маскаларына дейін “Біз біргеміз” деп жазып алып, а-ля Ескендір Ибрагимге “рухты” көтеретін ән айтқызып, Джеки Чанды кампанейщинаға араластырып жатқан жоқ. Ең бастысы, мемлекеттің қиналғандарға қол ұшын созуын міндетсініп жатқан ешкім жоқ.
Ал Қазақстанда “бас кітапханашы” жұртқа қол жайып, NurOtan-дықтар “Biz Birgemiz” деген кезекті “кампанейщинаны” бастап кетті. Осы науқан арқылы NurOtan-дықтар мен Jas Otan-дықтардың айтқысы келетіні – “Сын сағатта 41 млн доллар жинап, елді жарылқап жатқан біз ғана. Елбасының сарабдал саясаты арқасында тонналап азық-түлік тараттық. “Диванный критиктер” пандемия кезінде саясатты қойып, бізге қосылыңдар”.
Бір қарағанда бас партияға бастама көтеріп, мұқтаж жандарға көмектескені үшін, саясатты шетке ысырып тастап, пандемияға бірге қарсы тұруға шақырғаны үшін рахметтен басқа ештеңе айтқың келмейді. Бірақ “Biz Birgemiz”-дің қалай жүріп жатқанына мұқият қарасақ, Нұр Отан “молданың айтқанын істе, істегенін істеме” деген жағдайды тудырып отыр. Одан қалса науқаншылдықтың кесірінен қазақстандық дәрігерлер мен “ВОЗ”-дың ақылға қонатын ақыл-кеңестері партия ұранының көлеңкесінде қалып жатыр. Яғни, коронавируспен күресті саясиландырмайық деп алып, Nur Otan-ның өзі “Біз біргеміз!” деп ұрандатып, саясиландырудың көкесін көрсетіп, әдеттегідей когнитивті диссонанс тудырып жатыр.
Біріншіден, кризис кезінде саясатты қоя тұру мүмкін емес. Себебі кез келген кризистен саяси шешімсіз шығу мүмкін емес және осындай жағдайда билік өзінің әрбір шешімін дұрыс деп көрсетуге тырысады. Бұл – саясаттағы қалыпты нәрсе. Өйткені ұзағырақ үстемдік ету үшін билікке ие топ кез келген проблеманы шешуде өзін өзгелерден қабілеттірек деп көрсетуі керек. Көпшілікті соған сендіруі керек. Сол үшін Қазақстандағы билік былтырдан бері “Biz Birgemiz”-ді өрт сөндіруге, өзінің “косяктарынан” пайда болған проблемалардың салдарын жуып-шаюға пайдаланып жүр.
Мәселен, Арыстағы жарылыс кезінде Нұр Отанға қатысы жоқ адамдар волонтерлік таныта бастағанда билік “Арыс, біз біргеміз” деп шыққан болатын. Сол кезде де үкімет қаланы қалпына келтіруді 17 аймақтың мойынына іліп қойды. Партияның идеологиясы жүрегіне жақын кісілер “Biz Birgemiz” деген жазуы бар футболка киіп шыға келді. Той Һәм партия әншілері “Арыс, біз біргеміз” деп “рухты көтерді.” Мемлекетке тәуелді бүкіл медиа мен блогерлер биліктің арыстықтарға қамқорлығы жайлы жарыса жазды. Осылайша “Арыстағы жарылысқа жол берген кім?” және “Жарылыстың қайталанбайтынына қандай кепіл бар?” деген сұрақ шетке шығып қалды. Қалай десек те, сол кезде билік кризис коммуникацияда “грубый” қателер жіберсе де “Біз біргеміз” акциясы арқылы нарративті өзіне тиімді жаққа бұрып кете алды.
Сондықтан осы уақытқа дейін ешқандай мардымды саяси бәсеке көрмеген, кризистің бәрін кампанейщина арқылы шешуге бойы әбден үйреніп қалған биліктің Фейсбуктегі сенімді өкілдерінің Жанболат Мамайды және өзге саяси белсенділерді мәселені саясиландырмауға шақырып, популист деп айыптауы ақылға сыймайды және өте күлкілі нәрсе.
Екіншіден, “Biz birgemiz” қайырымдылық акциясынан бұрын парламент сайлауы алдындағы саяси үгіт-насихат акциясына көбірек келеді. Былтыр “Екі сиыр” туралы әңгіме болған партияның отырысынан кейін парламент сайлауына бас партия кірісіп кеткен-ді. Б.Байбектің карантинге байланысты тоқтап қалған аймақтарды аралауы сол дайындықтың бір бөлігі еді. Төтенше жағдай мен карантиннің, девальвацияның әсерінен сол гастрольдік сапар қайырымдылық акциясына айналып кетті. Әрине, Нұр Отан әрбір сайлаушының дауысы үшін күресіп жатыр деу артық. Мақсат - кедей халыққа нұротандықтар көмек керсетеді деу арқылы протестті көңіл-күйді сайлауға дейін басу.
Үшіншіден, жұртқа өз бидайын қуырып беру арқылы елді жарылқағандай көріну – нағыз көзбаяушылық. Партия төрағасының қызы әрі партияның саяси бюросының мүшесі Д.Назарбаеваның Лондондағы үш үйінің құнының жартысына жетер-жетпес бюджеті бар фонд құру арқылы көмек көрсету қайырылымдылықтан бұрын қайырымдылықтың имитациясына көбірек ұқсайды. Оған қоса, қамқоршылар кеңесін құру арқылы қаржының жұмсалуын бақылауға ұмтылу “Мүшелері жемқорлыққа әбден батқан партия өзге түгілі өз-өзіне сенуден қалыпты” деген ой қалдырады. Бюджеттің ашықтығы мен дұрыс жұмсалуын қамтамасыз ете алмай отырған партияның бір фонд арқылы ашықтық саясатының үлгісін көрсетуге тырысуынан да имитацияның иісі шығады.
Төртіншіден, Жас Отандықтардың “Диванный критиктер сөзді қойып, қайырылымдық жасау үшін бізге қосылыңдар” деуі өте күлкілі. Олардың логикасына салсақ, Қазақстанда мұқтаж адамдарға көмек көрсетіп жүрген тек нұротандықтар және олардың акциясына қатысу арқылы ғана адамдарға көмектесуге болады. Ең сорақысы, көмек алған мұқтаж азаматтардың суретін интернетте жариялап “фото-отчет” ұйымдастыру, сол арқылы сыни пікір айтып жүретін азаматтарды түйреп өтуге тырысу қайырымдылық жасауды міндетсінуге ұқсайды. Осындайда “Көргенсіз кісі бергенін айтар” деген қазақтың сөзі ойыңа еріксіз келеді екен.
Рас, Нұр Отанның әзірше құрығы ұзын. Аз уақыттың ішінде кампанейщинаны бастап кете алады. Өйткені ол саясаттағы монополист. Сондықтан азаматтардың бай-қуатты өмір сүруіне мүмкіндік жасау – биліктің үш тармағын уысында ұстап отырған партияның міндеті. Алайда нұротандықтар абсолютті билік абсолютті жауапкершілікті жүктейтінін толық түсінбей жүргенін “Biz Birgemiz” кампанейщинасы тағы бір рет көрсетті. Екінші жағынан, монополист болу бизнес пен саясатта босаңсуға себеп болады. Уақыт өте монополисттер саясатта жеңіледі. Ең жаманы, тоқмейілсу мен науқаншылдықтың зардабын әділ сайлауда жеңіліс табатын монополист партия ғана тартпайды. Монополист биліктен кеткеннен кейін сол партияның саясатымен өмір сүрген азаматтар ұзақ жылдар бойы кампанейщинаның “жемісін” көретін болады.
P.S. Иә, апат айтып келмейді. Табиғи апаттар кезінде барынша бірігуіміз керек. Ол үшін пропаганда да керек. Бірақ пандемияға қарсы бірігу үшін компартия стиліндегі биліктің пропагандасы тиімсіз. Б.Байбектің “Тек соңғы 6 күнде бүкіл ел көлемінде 11 600-ден астам отбасыға 214 млн. теңгеге көмек көрсетілді” дегеннен гөрі 42,500 теңгені азаматтарға еш кедергісіз жеткізіп беруді мақсат тұтып, “Қолдарыңызды жиі жуып, үйде отырыңыздар” деуі әлдеқайда пайдалырақ болады. Тіпті адам өмірін сақтайтын кеңес болар еді. Ал азық-түлік таратып жүрген жасотандықтар миллиондаған адамның “выживать” етіп жатқанын көріп, “30 жылдық сарабдал саясаттың нәтижесі осы болса, сарабдал емес саясаттың нәтижесі қандай болар еді?” деген сұрақты өз-өзіне қояр деп үміттенемін.
Шалқар Нұрсейітовтың әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz