Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Айтқыш екен 5158 4 пікір 5 Сәуір, 2020 сағат 11:30

Асқардың арифметикасы немесе 15 миллион қайдан шықты?

Президенттен пәрмен түсіп, Үкімет мақұлдаған соң, әлгі жыр болған 42 500 теңге бас-аяғы 3 миллион адамға берілетін болған-ды.

Бір емес, бірнеше министр мәлім қылып, жарылқап берген жәрдемпұлды алудың жолдарын түсіндірді. Арнайы сайт ашылатыны айтылды. Ал шынтуайтына келгенде «Сайт» сызылып-созылып ол тұрды. «Электронды үкімет» «кілт» түгендеп ол тұрды. «Телеграмм-боттардың» хабарын естіген адам тағы жоқ. Күн ұзаққа сайттың бетін шұқылап отырған көп адам ақыры өтініштерін өткізе алған жоқ.

Ал кеше министр Асқар Жұмағалиев кешегі техникалық ақаулар үшін ақталып сөйлеймін деп, сөзден сүрініпті. Дәл айтсақ, Асқардың айтқандары әлеуметтік желі қолданушыларының әжуасына айналды.

«Электронды үкіметтің жұмыс істеу мүмкіншілігіне тоқталсақ, ХҚКО-ларжабылған соң, портал штаттық режимде жұмыс істеді. Порталды пайдаланушылар саны бірден көбейді. Соған қарамастан портал штаттық режимде жұмыс істеді.

Күнделікті режимде порталда 600 мың өтінім түсетін. Қазір ең жоғарғы шектік жүктеме кезінде сағатына 15 миллионға дейін жетіп отыр. Ол өз кезегінде айтарлықтай ауыр жүктеме.

Біз түні бойы жұмыс істеп, аталған қызметті іске қостық. Осыдан кейін әлеуметтік төлемді ұсынуға қатысты тиісті қызметті іске асыруды бастадық. Порталда бір мезгілде 15 миллионға дейінгі сессия тіркелді. Бұл көрсеткіш барлық штаттық режимдерден асып түсті. Әрине, бұл тұрғыда белгілі бір мәселелер туындап, біз проблемаларды шешу мақсатында сыртқы каналдарды ажыраттық», - депті министр.

Сонымен, министрдің сөзінен ұққанымыз төтенше жағдайға байланысты еліміздегі барлық ХҚКО жабылғаннан соң, «egov» сайтына сұраныс артқан. Ал Үкімет 42 мыңдық көмекті беру туралы шешім шығарғанда, министрліктің мамандары түн баласы көз ілмей жүріп, арнайы сайт ашқан. Онысы жаңағы «42500.enbek.kz» дейтін сайт. Алайда оған бір дегенде 15 миллион адам кіріп, сайттың шамасы жетпей, істемей қалған-мыс.

Өзі елде 18 миллионнан аз асатын жан саны болса. Министрлік жап-жаңа ашқан, ашқанына 1 тәулік те болмаған ол сайтқа бір күнде 15 миллион өтініш түскен болса, әрі қарай өзіңіз есептей беріңіз.

«Бір күнде пәленше миллион адамнан, бір емес, бірнеше өтініш келіп, содан осы 15 миллион деген сан шықты» десе және сенер ек. Ал әлгі әңгімесі көп 42 мыңды алуға 15 миллион адам өтініш берген дегенді арифметиканың қай амалына салып есептесеңіз де, ақылға сыймайтын дүние.

Асекең министр. Жәй министр емес, Қазақстанның Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі. Яғни, елдегі цифровизация саясатына тікелей қатысы бар адам. Әйтпесе, жәрдемпұлға жауапты Еңбек министрі сұраққа алынуы керек-ті. Жоқ. Бұ жолы Асекең түсті, «майданға».

Енді әліміз жеткенше ақтап көрейік. Бұл жерде, бір болса, сөзден сүрінген шығар, Асекең. Ондай-ондай Қазақстанның шенеуніктеріне бұрыннан тән әдет қой. Әрісі «потому что – потому что», деп танылған экс-министр Әбденовті, берісі кешегі «наконец то», деп күлкіге қалған бұрынғы бас санитар Бекшинді айтыңыз. Мысал көп. Анау, Қарақұсова апамның әр сөзі ел ішінде «хит». Депутаттардан Косарев пен Божколар, министрлерден Бекетаевтар мен Сүлейменовтер бар. Енді бұл санатқа Асекең де қосылды, әне.

Тақырыпқа тұздық ретінде біле жүріңіз:

Қазақстанның халық саны – 18 миллион 600 мың адамнан көп. Оның ішінде: қала халқы – 58,5 пайыз, ауыл халқы – 41,5 пайыз. Қазақстанда – 6 миллионға жуық бала бар. Мектепке баратындары – 2,5-3 миллион. Зейнет жасына жеткен 2 миллионнан астам адам тағы бар.

Ал Асекеңнің арифметикасы: (18 млн. – 15 млн. = 42 500 теңге) дейді.

Айтпақшы, осы мақала жазылып жатқанда астана жақтағы ақ жағалылар есеп-қисаптарын түзетіпті.

Жедел штаб таратқан мәліметтерге қарағанда, 4 сәуірдегі таңғы сағат 9-дағы жағдай бойынша қазақстандықтардан төтенше жағдай кезеңінде табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындауға 351 777 өтініш қабылданды.

Оның ішінде:

eGov порталы арқылы – 292 281;

42500.enbek.kz сайты арқылы – 59 496.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3507