Жексенбі, 24 Қараша 2024
Деп жатыр 4180 11 пікір 10 Сәуір, 2020 сағат 14:00

Қазақ қоғамындағы «Обломовтарды» қайтеміз?..

«Обломов» романын орыс жазушысы Иван Гончаров 1847-1859 жылдар аралығында жазған. Бұл туындының толық нұсқасы алғаш рет 1859 жылы «Отечественные записки» журналының 4 нөмірінде жарияланды. 1937 жылы И.Гончаровтың 125 жылдық мерейтойына арналған мақала «Правда» газетінде жарық көріп, онда «Обломов» тоқырау мен кері кетуге қарсы күреске шақырған шығарма, деп баға берілді.

«Обломов» романының бас кейіпкері – Илья Ильич Обломов. Ол – дворянин. Яғни, дәулетті отбасынан шыққан. Ата-анасы өлгенде, үлкен жер, иелік пен 350 шаруа мұраға қалған.

Иван Гончаров аталған шығармасын Илья Ильичтің сырт келбеті мен бөлмесін сипаттаудан бастайды. Петербургте 3 бөлмелі пәтер жалдап тұратын 32-33 жас шамасындағы Обломов төсегінде жатыр. Бірақ бұл жатысы – шаршаған не ауырған адамның демалу үшін жатысынан бөлек. Жалқау кісінің рахаттану үшін жатқанындай да емес. Жата беру Обломов үшін қалыпты өмір салтына айналып кеткен. Таңертең ұйқысынан оянған соң, оған ебедейсіз кәрі қызметшісі Захар шашып-төгіп, ыдыстарды сындырып, таңғы асын әкеліп береді. Төсегінде жатып, тамақтанғаннан кейін, Илья сол қалпында ұзақ ойға шомады. Іштей жоспар құрады: Обломовка деген өз ауылындағы иелігін кеңейту керек, жаңадан үлкен үй, атқора, жол, көпір, мектеп т.б. салу қажет. Сөйтіп, ол өзгелерге, тіпті, күллі адамзатқа пайдасы тиетін істер тындыруы тиіс. Кейде өзін ұлы қолбасшы, ғұлама ойшыл не даңқты суретші ретінде елестетіп, қиялдайды. Өстіп, ойланып жатып, қажиды. Болашақта бүкіл ғаламға еңбек сіңіру мақсатында жоспар құру Обломовты әбден шаршатады да, қайтадан ұйқыға кетеді. Күнде осылай қайталанады. Бір қырынан басқа қырына ауысып, керуетінде дөңбекшіп жатып, күн сайын таңын атырып, кешін батырады. Алда-жалда төсегінен тұра қалса, оған шұлығын да, аяқ киімін де кигізуге қызметшісі жетіп келеді. Тек «Захар!» деп айғай салса, болғаны.

Ал оның бөлмесі қандай күйде дейсіз ғой? Үйдің бұрыш-бұрышы мен мен қабырғаға ілінген суреттердің жиегіне өрмекші торын құрып тастаған. Кілем мен төсеніш кір-кір, еденде нанның қиқымы шашылып жатыр. Қалың шаң басқан айнаға қарасаңыз, түріңіз көрінбейді. Саусақпен бірдеңе деп жазсаңыз, сақталып қалар еді. Терезелер де салтақ-салтақ. Үстелде кешегі кешкі астан қалған ыдыс-аяқ жуылмаған күйі тұр. Төңкерілген кітапты парақтап көрсеңіз, қалың шаң мен сарғайған беттеріне қарап, иесі әлдеқашан осылай лақтыра салғанын аңғарасыз. Қасындағы газет былтыр шыққан нөмірі екен. Ал қауырсынды сиясауытқа салсаңыз, оннан үріккен шыбын жанталаса ызыңдап, ұшып шығар еді. Сиясы қатып қалған ғой.

Обломов мұндай деңгейге қалай құлдырады деп ойлайсыз? Жоқ, бір кездері оның да бойына сыймаған жастық жалыны, асқар таулардан да асқақ армандары болған. Мысалы, ауылы Обломовкадан Петербургке Илья мемлекеттік қызметте істеймін, табысты боламын, жетістікке жетемін деп келген еді 20-дан енді асқан шағында. Колледж хатшысы болып жұмысқа да орналасты. Бірақ өмірге бейімделмеген жігітке бастық әкесіндей қамқор болады, үнемі жағдайын сұрап өбектейді, көзі ісіп келсе, түнде неге дұрыс ұйықтай алмағанын сұрайды деп ойлады. Қоғам ата-анасындай еркелетеді деп күтті. Бір күні Астраханға жіберілуі тиіс маңызды құжаттарды шатасып, Архангельскке салып жіберген Обломов бұл қателігі үшін қатты ұялды. Оның бақытына орай, басшы жұмсақ мінезді кісі еді. Жай ғана ескерту жасап қоя салатын еді. Дегенмен, салғырттығы үшін қысылған Илья ауырып жатырмын деп сылтауратып, анықтама жіберіп, жұмысына бармай қояды. Содан кейін кеңсе табалдырығынан мүлде аттамай, қызметтен біржола кетеді. Міне, осы оқиғадан соң ол мүлде ештеңеге ұмтылмай, үйінде жата беретін болды. Сөйтіп, 12 жылы қалай өтіп кеткенін білмей де қалды. Жасы 30-дан асса да, өскен жоқ, өркендеген жоқ. Үйленген де жоқ. Обломовкадағы шаруашылыққа бас-көз болуға тағайындаған староста жіберіп тұрған ақшаға пәтер жалдап, ішіп-жеп, жата берді, жата берді.

Обломов неге бірінші сәтсіздіктен-ақ сынып кететін мұндай боркемік әрі жатыпішер жалқау адам болып қалыптасқанын түсіндірейік енді. Ильяға әкесінен, әкесіне атасынан, атасына бабасынан, бабасына арғы бабаларынан мұраға үлкен иелік қалған. Олардың ешқайсысы бұл иелікті үлкейтіп, дамытуға тырысқан емес. Сірә, «Әкенің малы балаға мал болмайды» деген рас болса керек. Бәрі де түгелдей думандатып, дәулетін оңды-солды шашып, той жасап, бүкіл ғұмырын сауық-сайран құрып өткізді. Обломовтың ата-анасы балаға дұрыс тәрбие беруге де жете мән берген жоқ. Бұған олардың өресі де жетпес еді. Кішкентай Илья таңертең ұйқысынан тұра сала аяғын созса болды, оған шұлығын да, аяқ киімін де, үстіңгі киімдерін де қызметші Захар кигізетін. Алда-жалда қолындағы затты түсіріп алғанда, өзі көтерейін десе, 3-4 қызметші жапа-тармағай алып беруге жанталасатын. Баспалдақтан түссе немесе терезені ашса, «құлап қалады!», «сүрініп кетеді!», «суық тиеді!» деп жанұшыра айқайлаған дауыстар естіліп, лезде әлдекім жетектей жөнелетін. Әке-шешесінің бұлай тым артық өбектеуі Ильяны мезі қылып жіберетін. Бірде қыста білдіртпей үйінен қашып шығып, балалармен қар атысып ойнай бастағаны сол еді, оның жоқтығын байқап қалған Захар, Митька, Васька, Ванька т.б. қызметшілер соңынан тұра жүгірді. Келе сала, Ильяға қар лақтырған балаларға шапалақ беріп, құлағын бұрап, «сазайын тартқызды». Содан соң оны бөлмесіне көтеріп әкеліп, көрпемен қымтап орап, жатқызып қойды. Негізі, бала үшін жүгіріп, секіріп ойнау анағұрлым пайдалырақ еді. Кішкентай кезінде Обломовтың сабақ оқығаны да қызық болатын. Әке-шешесі оның білімді болғанын, үлкен оқу орындарын тәмамдағанын, білікті маман атанып, жетістікке жеткенін армандағанмен, өзін қинап, тым көп оқығанын қаламайтын. Әйтеуір, пара беріп, тамыр-таныс арқылы келісіп, оқуын аяқтатқызамыз деп ойлайтын. Міне, осылай өскен Илья Ильич ержеткен соң, қолынан түк келмейтін адам болды.

Оның жолында жанашыр, жақсы кісілер кездескені рас. Мысалы, бала кезден бірге өскен өте еңбекқор, пысық неміс досы Андрей Штольц және Обломов ғашық болған қыз Ольга Сергеевна оны өзгертеуге тырысып бақты. Ольга да Ильядан кетәрі емес болатын. Бастапқыда ғашықтық жігітке жақсы әсер етіп, ол сүйіктісіне ұнау үшін еңбекқорлыққа, үсті-басын таза ұстауға, кітап, газет-журнал оқып, таным көкжиегін кеңейтуге кәдімгідей көңіл бөле бастады. Екеуі үйленбек те болды. Бірақ Петербургте тұрып жатқан Обломовқа иелігіне бекітіп кеткен старостадан хат келіп, ол шаруашылықтың қатты құлдырағанын естіген соң, жағдай күрт нашарлайды. Ауыл шаруашылық өнімдері өтпегендіктен, ақша да келмей қояды. Илья ауылы Обломовкаға өзі барып, жағдайды қалпына келтірейін десе, шаруашылықты жүргізудің ретін білмейді. Сөйтіп, той жасауға ақшасы болмағандықтан, Ольгамен некеге тұруды кейінге созып жүре береді. Мұның себебін ашық айтуға қалыңдығынан ұялып, әрнені бір сылтауратып, кездесуден де қашқақтай бастайды. Ақыры ол ауырып не бірдеңеге ұшырап қалды ма уайымдаған Ольга үйіне өзі іздеп барғанда, Ильяның бұрынғы өмір салтына қайта оралғанын, түк істемей, жата беретінін көріп, көңілі қалады. «Сен өліп қалғансың» дейді ашынған бойжеткен. Сөйтіп, екеуі айрылысып тынады.

Обломовкадағы шаруашылықты жүргізуге Илья басқа староста тағайындағанмен, ол нағыз алаяқтың өзі болып шығады. Өнімдерді сатудан түскен пайданың бестен бірін ғана қожайынға жіберіп, Обломовты әбден тонайды. Көмекке оның досы Штольц келіп, алаяқтың қулығы мен қылмысын әшкере етіп, оны қуып шығады. Сөйтіп, өзі бас-көз болып жүріп, тұралаған шаруашылықты қайтадан аяққа тұрғызып береді.

Сондай-ақ, кейін Андрей Штольц пен Ольга Сергеевнаның әңгімесі жарасып, екеуі шаңырақ көтереді. Бірнеше баланың ата-анасы атанып, бақытты ғұмыр кешеді. Ольга білім, таным көкжиегі әрі өмірлік тәжірибесі жағынан өзінен биік жанға тұрмысқа шыққаны үшін шаттыққа толы өмір сүреді.

Олар 5 жыл өткеннен кейін Обломовты өздері іздеп келеді. Жасы 40-қа жақындаған Илья бұрын екі рет тұрмыста болған және бірнеше баласы бар үй қызметіндегі әйелге үйленіпті. Одан бір ұлы дүниеге келген екен. Ал өзі ішіп-жеп, жата бергеннен, қимыл-қозғалыстың аздығынан дертке шалдығыпты. Яғни, жүрек талмасы ұстап, бір ажалдан қалған. Бірақ ағзасы әбден тозып, әлсірепті. Бұрынғыдай күш-қуаты жоқ. Жасы жетпей қартайған. Көп ұзамай Обломов тағы жүрек талмасы ұстап, қайтыс болады.

Міне, жалқау әрі бойкүйез адам ғұмырда мүлде болмағандай осылай өтіп кетеді. Роман авторы Иван Гончаров Андрей Штольцтың болмысын сипаттау арқылы неміс халқына, ал Илья Обломовтың өмір салтын суреттеу арқылы орыс ұлтына баға береді. Жазушы өз халқының кемшіліктерін, бос жүріске құмарлығын, еріншектігін Обломов бейнесі арқылы шенеген.

Жоғарыда «Обломов» туындысы 1859 жылы жарияланғанын жазған едік. Ол кезде Ресей империясы елтаңбасындағы самұрықтай төңірегін түгелдей жалмап, кішкентай халықтарды жұтып келе жатқан еді. Соған қарамастан, Гончаров өз ұлтын жалқау деп сынайды. Сонда салыстырмалы түрде қарасақ, біздің қазақ қандай болғаны? Қазақ ол уақытта, тіпті, қалың ұйқыда еді ғой. Ал қазір ше? Біз толықтай ояндық па? Өмірге не үшін келгенін білмейтін жатыпішер масылдар аз ба қазіргі қазақ қоғамында?.. Біздегі Обломовтарды қайтеміз?.. Осы мәселе ойландырады...

Алпамыс Файзолла

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3269
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5650