Путиннің досы кім, жауы кім?
«Қасқырды қанша асыраса да орманға қарап ұлуын қоймайды», деген бар. Еш уақытта күшін жоймайтын мақал. Бір қызығы бұл – өздерін аса ұлы мемлекетпіз деп, кеуде соғудан шаршамайтын Ресейдің өзіне қарата айтылған секілді.
Рас, сөз жүзінде бұрынғы Кеңес одағының елдерімен, әсіресе құдайы көрші дейтін бізбен тату-тәтті тіршілікте тұратындығын, бізге деген ешбір дұшпандық ойы жоқтығын ресми мінберлерден айтып тұрады. Сөйте тұра сыртқы саясатта бір бармағы бүгулі. Президенттері көкейіндегісін қашан да өзінің жандайшаптарына қабақ арқылы білдіріп отырады. Әсіресе, біреудің жерін бөлшектеп, өздеріне қосып алуды ойлайтын сепаратизм ауруы олардың санасына айықпастай болып сіңіп кеткендей.
Кейбіреулер ойлағандай, Қазақстанның солтүстігіндегі төрт облысты Ресейге қосу туралы алғаш айтқан Солжиныцин де емес. Бұл сандырақ КСРО-ны басқарған Горбачев деген қубастың аузынан шыққан. Онан әрі қазақтың жерінде туған Жириновский деген жұмыртқадан жүн қырыққан ебірей қағып алып, саяси ұпай жинауға айналды. Оны күні кеше ғана өзін данышпан санап андырақтаған Лимонов (қайтыс болған) деген дамытып әкетті. Осы идеяны асқан өлермендікпен алаулатып-жалаулатып дәріптегені үшін де шығар, оның күні кеше ғана көзі кеткенде орыс баспасөзі: «Ойбай, мың жылда бір туатын таланттан айырылдық», деп жер тоқпақтап жылап жатты. Бұған, әрине, әдеттегідей біздің елдегі орыстілді сайттар да көз жастарын бір сығып алды.
Асылы, бұл көршіміздің жерге шүйлігіп, қоқаңдауы жалғыз бұл емес. Өшпенділіктің өртін сөндірмеу үшін, анда-санда үрлеп қойып, өздері түк білмегендей отыруы әдетке айналған.
Мәселен, жер дауының басылар-басылмас тұсында: «Қазақстанда орыс тілділерге қысым жасалып жатыр» деген жалған ұран тағы да көтерілді. Бұл талап федерация көлемінде өткізіліп тұратын жиындардың бірінде Путинге де қойылды. Жап-жас студент қыздың аузынан естілді. Мұндай халықаралық маңызға ие мәселені Путиннің өзі болмаса да, жандайшаптардың дайындап аузына салғаны айдан-анық емес пе?.. Өзін Ресейдің жарты құдайы санайтын Путиннің рұқсатынсыз артық әрекет жасалушы ма еді?.. Сондықтан болар, сабазың кейде шешендікке салынамын деп, не айтып, не қойғанын білмей де қалатын болуы керек...
Алысқа бармай-ақ, күні кеше Мәскеуде өткен коронавирусқа арналған жиынды айтайық. Онда әдеттегідей әсіре білгішсініп отырған Путин өз жұртын шыдамдылыққа шақыра келе: «Бізге кезінде талай азап әкелген половцылар мен печенегтерді де жеңдік. Енді біз бұл коронавирусты да жеңеміз», деп сөйледі. Сөйтіп, Ресейдің басты жауы, ең қаныпезер дұшпаны әрі түп-тамырымен қиратушылары – половцылар мен печенегтер болып шықты. Егер бұлардың арғы тегі қазақтар мен қырғыздар екенін ескерсек, сонды ата жау кім?
Путиннің ойынша, Ресейге анау Тевон ордендері мен шведтер ешбір шапқыншылық жасамаған, қайта үнемі қолдап отырған тәрізді. Бұл орайда даңқты Шыңғысханды құдай қосқан құдасы дерсің... Оның Ресейді үш жыл билеуі – жай ғана қамқорлығы шығар, бәлкім. Ал Мәскеуді өртеп жіберген Наполеон ше? Гитлер ше? Ендеше, күшеніп-тышанып жыл сайын 9 мамырда жеңіс шеруін өткізудің не керегі бар?
Міне, Ресейдің ешкімге керексіз тауарларын өткізу үшін еуразиялық одақ құрып, достықты дәріптеп жүргенде естігеніміз осы болды.
Жайберген Болатов
Abai.kz