Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 5051 6 пікір 20 Сәуір, 2020 сағат 12:18

Біздің бөлім (әңгіме)

Бір кеңседе алты қызметкер қысылып-қымтырылып отырамыз. Ұйымдастыру бөлімі дейтін ортақ атауымыз бар. Төрде екі үстел қатар орналасқан. Оң жақтағы үстелде бөлім бастығы Бақ, сол жағында бас маман Көк жайғасқан. Қалған төртеуіміз бір-бірімізге қарсы қарап, қабырғаның екі жағында қатар отырамыз. 

Қарсы жақтағы әріптестеріміздің жүзін алдымыздағы компьютердің мониторы қалқалайды. Менімен қатарлас отыратын Қаракісі деген қызметкер зейнеткерлікке таяп қалған қартаңдау адам. Клавиштегі әріптерді тойған тауықтың тары шоқығанындай оң қолының сұқ саусағымен ғана баяу басып отырады. Ал, бізге қарсы жақтағы екеу жастары әлде қашан отыздан асса да, тұрмысқа шықпаған Гүл мен Наз. 

Негізі, бөлім бастығы Бақтан өзге бесеуіміз де бас маманбыз. Бөлімде жай маман деген атымен жоқ. Тіпті, бұрын-соңды болмаған да шығар. Төрде қатар отырғаны ғана болмаса, Көк ешқандай да орынбасар емес. Бізде ондай штат та жоқ. Бастығымыз Бақ іссапарға кетсе немесе демалысқа шықса, оның орнына Гүл ғана түсін суытып алып, бастықтың міндетін атқарушы болып жүретіні бар. Сөйте тұра Көктің не себептен төрде жайғасқанын білмейміз, тіпті оған назар аударған да ешкім болған жоқ. Мен алғаш жұмысқа орналасқанда Көктің орны бос тұрған. Бір аптадан кейін бәрімізден жасы кіші әрі жаңадан келгендігіне қарамастан, мекеменің әкімшісі оған осы орынды ұсынған.   

Бақтың осы кеңседе бастық екенін айшықтайтын жалғыз белгі бар. Онысы, үстелінің үстінде тұратын бірі қара түсті факс, екіншісі, ақ екі телефон құрылғысы ғана. Қарасымен сыртпен байланысса, ағы ішкі телефон. Осы екі аппарат оның кеңседе бастық екендігін айғақтап қана тұрғаны  болмаса, аса көп қолданылмайды. Ертеректе факспен келетін парақшалар көп-ақ еді. Маңызды хабарламалар, ресми хаттарды Бақ басшымыз қабылдап алып, шекесіне бұрыштама соғып, бізге қарай жылжытып отыратын. 

Қазір ондай құжаттардың бәрі электрондық пошта арқылы келіп түседі. Жұрттың бәрінде смартфон пайда болғалы басқарманың арнайы әлеуметтік желіде чаты ашылған. Хабарламалар енді мәтінмен ғана емес, бейнелі, суретті, тіпті, дауысты түрлермен келіп жететін болды. Сөйтіп әлгі факс-телефонның бағы қайтып, сағы сынған жайы бар. Дегенмен, ара-тұра қолданылатын кездері де болып тұрады. Сонда да, ғасырдың басындағы кездермен салыстырғанда, жұрттың дәл сол қалалық желі арқылы байланысқа шығуы тым сиреп кеткен. Айында-жылында бірер қоңырау түсе қалатыны бар. Ондай кезде тұтқаны асқан ептілікпен көтеріп, құлағына тосқан бастығымыз: 

- Сәлеметсіз бе? Сізді басқарманың ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бақ Бақович тыңдап тұр! - дейді, өткен ғасырдағы орталық радионың дикторы секілді әуезді үнмен. 

Бірақ, ондай қоңыраулардың көбі шатасып келіп жатқан бірдемелер болып шығады да, салиқалы әңгіме өрбімей сол сәтте шорт кесіліп қалады. Осылайша, әлгі қала аралық қара факс-телефон істен шыққан зат құсап көбінесе күні бойы жым-жырт болып, мелшиіп тұрады. Ал, онымен салыстырғанда ақ телефон аппаратының бағы жанып тұр. Қабылдау бөліміндегі бикеш күнделікті қоңырау шалып, жиналыс болатынын, аптаның аяғында сенбілікке шығатынымызды хабарлап тұрады. Кейде бөлім бастығын басқарма басшысы, орынбасары шақырғанын айтып, құлақтандырып қояды. Әйтеуір, факспен салыстырғанда қолданыста бар. 

Телефон тұтқасын көтеріп оған жауап беру бөлім бастығының құзырындағы шаруа. Сонысымен ол бастық әрі еңбекақысы да молдау, бізден бір саты жоғары тұр деген сөз. Кеңседе біз өзара аса көп сөйлеспейміз. Әрбіріміз өз шаруаларымызбен үн-түнсіз айналысып, отырамыз да түскі үзілісте төрт еркек төрт жаққа кетеміз. Қаракісі екеуіміздің үйіміз жұмыстың іргесінде. Көктің үйі алыстау болғанымен астында көлігі бар. Ал, Бақ бастығымыз басқарма басшысының орынбасарын ертіп, жолдың қарсы бетіндегі дәмханаға апарып түстендіреді. Әрине, оған тамақ алып беріп өзі сілекейі шұбырып қарап отырар дейсің бе, өзі де бірге тамақтанады. 

Гүл мен Наз кеңседе оңаша қалып, үйлерінен пісіріп әкелген тамақтарын қысқа толқынды пешке ысытып, біз келгенше ауқаттанып, шай ішіп, арасында өсек-аяңды да айтып үлгеретін болса керек. Олай дейтінім, түскі үзіліс аяқталысымен төртеуіміз төрт тұстан қатар келіп, кабинетке сау етіп кіргенімізде екі қыз самбырлап айтып отырған әңгімелерін кілт тоқтатып, ыдыс-аяқтарын жинастыра бастайды. Шай үстінде олардың үкіметтің жол картасын, даму бағдарламасын немесе мемлекет басшысының жолдауын, министрдің алгоритмін талқылап отырмайтыны айдан анық дүние ғой. Оның үстіне кім туралы айтқандарын көзқарастарынан да аңғаруға болады. Мысалы, Қаракісіні өсектеген болса, екеуі де сол кісіге қарағыштап, еріндерін сылп еткізеді. Кейде сырттай менің де сыбағамды бергенін әлде бір ішкі түйсігіммен өзім де сезіп қоямын. 

Ал, Көк туралы бұрын олар пәлендей жағымсыз ештеңе айта қоймайтын. Себебі, ол салт бас, сабау қамшы жігіт. Оған екеуінің де ойы болған. Күні бойы бір бөлмеде отыратын адамдар ашылып сөйлеспесе де, әркімнің іс әрекетінен, тіпті, жүріс-тұрыс қас-қабағының өзінен біраз сырын біліп, сипатын танып қалады екен ғой. Екі қыз қосарлана жік-жапар болса да Көк те пәле неме ғой, ешбір рай танытпайды. Оның ондай өр көкіректігі жындарына тиді ме, әлде, екеуіне де ешбір мүмкіндік болмайтынын білді ме, ол жағы беймәлім,несі болса да, екі қыз соңғы жылдары Көкті атарға оқ таппайтын халге жетті. 

Адамның жан дүниесін зерттеп таныған ғалымдардың айтуынша, махаббатына лайықты жауап ала алмаған әйел адам өте қауіпті көрінеді. Олардың құлай сүйген шексіз махаббаты лезде бітіспес өшпенділікке айналады екен. Құштарлық пен жек көрушілікті екі полюс деп қарастырсақ, әйелдердің бір полюстен келесіге өте салуы өте оңай дегенді ғалымдар дәлелдеп отыр. Олардың екі полюстың ортасына тоқтап, тепе-теңдік сақтауы тым сирек көрінеді. Қысқасы, бұрын қалай құлай сүйсе, кейін дәл солай иттің етінен жек көріп шыға келмек. Көк үшін екі бірдей кәрі қыздың қаһарына қатар ұшыраудың қандай қиын боларын алдын ала болжаудың өзі қорқынышты еді.

Сөйтіп жүргенде күтпеген оқиға болды. Бір күні таңертең әдеттегідей жұмысқа келсек, Бақ пен Көк баяғыдай орындарында отыр. Бірақ, әлгі бөлім бастығының рәмізіне айналған қос телефон аппараты Бақтың емес, Көктің алдында тұр. Бақтың ұнжырғасы түсіп кеткен. Есесіне Көктің жүзі жадырап, мәз-мейрам болып отыр. 

Ештеңенің мәнін түсінбей аңырып тұрғанымызда басқарма басшысының орынбасары мен кадр бөлімінің бастығы екеуі келіп, жаңадан шыққан бұйрықты таныстырды. Бүгіннен бастап, бөлімді Көк басқаратын болыпты. Кезектесіп құттықтадық. Қаракісі екеуімізге олардың орын ауыстырғаны, кімі басшы, қайсы қосшы болғаны бәрі бір еді. Келіп-кетер ештеңе де жоқ. Жұмысымыз сол баяғыдай, айлығымызда өзгеріс жоқ. Көп ұзамай зейнеткерлікке шығатын Қаракісі үшін тіпті де маңызы болмаса керек. 

Ал, бұл шешім Гүл мен Назға ұнамағанын өздері қанша жасырмақ болса да, анық білініп тұрды. Екеуі де құттықтап, жақсы тілек айтып жатты, обалы нешік. Бірақ, дауыстарының өңінен, бет-әлпеттерінен қынжылыстың ізі де айқын аңғарылып тұрды. Оны сырттай бақылаған менің өзім сезіп қойғанда Көк білмеді ғой дейсің бе? Ол да екі қызға тыжырыныңқырап тұрса да құттықтауларын қуана қабылдаған түр көрсетуге тырысты. Бірақ, бәрі бір аса жақтырмай тұрғаны білініп тұрды. 

Жаңа бастық тағайындалғанымен қызметіміздің ырғақтылығы өзгере қойған жоқ. Баяғы сол түрлі деректер жинап, оны өңдеу, жоспар жасау, жоғары жаққа есеп-қисап жолдау, ақпараттарды талдап, сараптау дегендей айналып келіп, жалғаса беретін бір сарынды тірлік. 

Ең үлкен өзгеріс - орынбасарды түстендіруге жолдың қарсы бетіндегі дәмханаға Көк ертіп апаратын болды. Бақтың үйі қаланың сыртында болғандықтан, алғашында түскі үізілісте оны Қаракісі екеуіміз кезектесіп үйімізге ертіп барып жүрдік. Бірде біздің үйде тамақтанып отырғанда, Бақ менен былай деп сұрады: 

- Мені неге бөлім бастығынан алып тастағанын білесің бе?

- Сараптамадан әлде бір қате кетті ме, не болды, өзі?

- Қызмет бабына еш қатысы жоқ оның!

- Енді не болды? Айтып өлтірсеңші! 

-Бір күні Қаракісі екеуің жоқ едіңдер. Мен бір жаққа асығыс шығатын болып, әлде бір шұғыл қағазға қол қойдым да Көкке тапсырып “Мынаны шалдың қабылдау бөлмесіндегі қара қызға бере салшы!” деп жұмсағанмын. Ол неме сол сәтте басқарма басшысына кіріп әлгі қағазды тапсыра отырып, айтқан сөзімді айна қатесіз жеткізген ғой. Бастық “шал” деген сөзді ести сала шат-шәлекейі шығып, бұлқан-талқан болған. Сол күні кешке маған телефон шалып, “кет, кет”-тің астына алды. Қабылдау бөлмесіндегі қыз да, өзін аршыған жұмыртқадаймын деп ойлай ма екен, жатып кеп ойбайлаған ғой. Шын мәнінде қап-қара екені рас. Бірақ, онысын айтуға болмайды екен. Әнеки, “басқа пәле тілден” деген осы ғой. Шайтан түртіп, “шал” және “қара қыз” деген сөз қайдан ғана аузымнан шығып кеткенін білмеймін. Жыларман болып, жалынып-жалпайып кешірім сұрадым. Бастық сәл жұмсарғандай болып, бөлімде бас маман болып қалуыма зорға көнді. Бірақ, қалай да Көкті тайдырып, орнымды қайтарып аламын - деп, Бақ сыр шертті.

Сол сәтте менімен аса көп жүздесе бермейтін, көбінесе, анандай жердегі мінберден немесе жиналыстың төралқасынан ғана көрінетін басқарма бастығы есіме түсті. Бірақ, бір-екі рет жақыннан көргенімде шашының ұшы қап-қара болғанымен, түбі аппақ екенін байқағанмын. Үнемі боятып жүретінін сонда білдім. Абырой болғанда шашы қоюлау екен. Кекілін ұзынырақ етіп маңдайын жауып қойғанымен, жақындап қарағанда маңдайының әжімі бес елі, шимай-шимай болып айғыздалғандай көрінген. Алпысты алқымдап қалғанына қарамастан сақал-мұртын жылмағайлап қырып, бетін бояп алған секілді сезілген. Несі болса да, кәрілікпен күресте барын салып, жанталасып жүрген бір адам. Бақтың айтуына қарағанда, басқарма бастығының әйелі өзінен туп-тура екі мүшел жас кіші. Сол себептен де, өзін “шал” деп атаған адаммен өліспей беріспейтін жыны бар көрінеді. Мұны білген соң дәл осы атауды сөздік қорымнан мен де біржолата аластауды жөн деп шештім. Сонымен бірге “қара қыз” деген сөзді де қолданыстан шығардым. Қайдан білесең, байқамай оқыстан ауыздан шығып кетіп жүрсе, наныңнан айырылуың мүмкін ғой. 

Бір күні бөлімде екі қыз бен Бақ жоқта жаңа бастығымыз Көк Қаракісі екеуімізге былай деді: 

- Екеуіңе айтар бар. Мұқият ескеріңдер! Осыдан былай Бақты үйлеріңе апарып түстендіруді қоймасаңдар, менен жақсылық күтпеңдер! Басқарма басшысына мәлімдеме-ұсыныс жазамын да екеуіңмен де қоштасамын.

- Айтсаңыз болды, басеке! Бүгіннен бастап, қойдым. Енді, ешқашан үйіме “әбетке” апармаймын - деп, Қаракісі ант-су ішті. “Сен ше?” дегендей Көк бұрылып маған қарады: 

- Бүгін оны үйге ертіп апарып түстендіру менің кезегім еді. Рұқсат етсеңіз, соңғы рет түстендірейін. Одан кейін ешқашан апармаймын!

- Жарайды, бүгінге рұқсат берейін. Ертеңнен бастап тапсырманы бұлжытпай орындайтын боласыңдар! - деді. Біз де“ләппай!” десіп келістік. 

Осыдан кейін Бақ таңертең жұмысқа үйінен түскі өз тамағын ала келіп, екі қызбен бірге кеңседе түстенетін болып кетті. Байқаймыз, жағдайы жаман емес секілді. Әңгімелері жарасып, көңілді отыратынға ұқсайды. Біз келіп кіргенде екі құлақтарына жете жаздаған езулерін зорға дегенде, жалма жан жиып ала қойып жатады. 

Бір күні жұмыс арасында Көк екеуімізді орынбасар шақырған соң дәлізге шыққанбыз. Анандайтын  жерде лифтінің қасында Бақ, Наз және Гүл үшеуі маңдайларын түйістіре жаздап, сыбырласып тұр екен. Дәліз жаққа қарап тұрған Наз бізді көріп қойса керек. Қасындағы екеуге ымдағандай болды. Үшеуі де жалт қарады да сасып қалды. Сөйткенше болған жоқ, екі жақта қатарласып тұрған төрт лифт те ашыла қалды. Үшеуі үш лифтке кірді де есіктері тарс жабылды. Көк екеуіміз төртіншісіне еніп, жоғары қабаттың түймесін бастық. 

- Мына үшеуі маған қарсы бірдеме ұйымдастырып жүрген секілді. Ана жолы Қаракісі екеуіңе Бақты түскі шайға апаруға тиым салғаным бекер болды. Анау оңбаған неме екі кәрі қызбен “одақтасып” кетті. Ол екеуі менімен әбден өштесіп алған. Үшеуі бірігіп алып түбіме жетіп жүрер. Қаракісі екеуің бұрынғыша оны “әбетке” кезектесіп апарып жүрсеңдер қайтеді? - деді, жол-жөнекей. 

- Енді... - деп, мен бірдеме дегенімше, екеуіміз орынбасардың кабинетіне жетіп қойдық та сөзіміз аяқсыз қалды. 

Ертеңінде жұмыс басталысымен, Көк қаһарына мініп, Бақ пен екі қызға кезек-кезек тиісумен болды. Қол қойдыруға ұсынған сараптамаларын қызыл қарындашпен сызып-сызып кері қайтарады. Қайтадан жасауды талап етеді. Бақтың ұсынған есебінен ешбір мін таппаса да, парақты ортасынан қақ бөліп жыртты да: 

- Ана тұрған қоқыс жәшігіне апарып таста да, қайтадан жаса! - деп әкіреңдеді. 

- Бәрін дұрыс жасадым ғой... - дей бастап еді:

- Бақ, сен басты қатырма! Егер жасай алмасаң түсініктеме жаз! 

Ол басын салбыратып, үстеліне барып жайғасты. Осы сәтте ішкі телефон шыр етті. 

- Иә! - деп, тұтқаны көтерген Көк біраз уақыт тыңдап отырды да: 

- Қазір Бақ пен Гүл екеуін жіберемін. Жарайды. Ол екеуінде дәл қазір алып бара жатқан шаруа жоқ, текке отыр ғой, барып келсін! - деді. 

Біраз үнсіз отырды да: 

-Бақ! Гүл екеуің қазір әкімдікке барасыңдар! Бір партия қайраткерімен кездесу өтеді екен. Адам жиналмай, зал толмай проблема туындап жатқан көрінеді. Қазір бара беріңдер! - деп, бұйырды. 

Төртеуіміз оңаша қалып, өз шаруаларымызбен отыр едік, сырттан үш бейтаныс жігіт кірді де Көкпен емен-жарқын жүздесіп, құшақтасып амандасты. Сөздеріне қарағанда курстас достары секілді. Оны бөлім бастығы болуымен құттықтай келіпті. Достарының бірі ақ көңіл жігіт секілді. Көкті жер-көкке сыйғызбай мақтай келіп:  

- Біздің Көкке бөлім бастығы болу сөз болып па? Кешікпей сені осы басқарманың бастығы ретінде көруді Алла нәсіп етсін! - деп бата беріп еді, қасындағы екеу “әмин, әмин!” десіп мәз болысты. Құттықтауға есіріп кетті ме, әлде, құрдастарымен қалжыңдасқан түрі ме, Көк былай деді: 

- Несі бар, болсақ болармыз, ол да Құдайдың бермесі емес қой! - деп төртеуі кеңсені басына көтеріп, қарқылдап күлісті. 

Осы сәтте қарсы алдымда отырған Наз монитордың арғы жағынан мойнын соза көтеріліп, маған әлде бір ишара білдіріп ымдады. Ештеңе түсінбеген басым иығымды қиқаң еткіздім де қойдым. 

Сол сәтте Наз орнынан тұрды да шығып кетті. Біраз дуылдасқан құрдастар кешкісін әлде бір мейрамханада кездесетін болып тарқасты. Көктің мәнсабын жуатын болып келіскенін құлағым шалды. 

Арада он-онбес минуттай өткенде хатшы қыз келіп, Қаракісі екеуімізді кадр бөлімінің бастығы шақырып жатқанын хабарлады. Екеуіміз салып ұрып жеттік. Оның кабинетінде Наз отыр екен. 

Кадр бөлімінің бастығы бізді отырғызды да, Назға: 

- Жаңа ғана маған айтқаныңды мына кісілердің көзінше қайталашы! - деді. Наз үш жігіттің келгенін, олардың бірі Көкке басқарма бастығы боласың дегенін, оларға Көк “болсақ боламыз, онда тұрған не бар” деген сыңаймен жауап бергенін айтты. 

- Рас па? Сен естідің бе? - деп кадр бөлімінің бастығы маған қадалды: 

- Естуін естідім. Бірақ, құрдастары секілді ғой, қалжыңдап айтқан болуы керек - дедім. 

- Мен сенен қалжың ба, басқа ма деп сұрап отырған жоқпын. Дәл сондай “фраза” болды ма, жоқ па? 

- Болуы болды. 

- Жақсы. Естідің, әңгіме болды, растадың. 

- Ал, Қаракісі ағай, сіз естідіңіз бе? 

- Нені? - деді, Қаракісі сасқалап. 

- Мына Наздың айтқанын бәрін түгелдей растайсыз ба? 

- Мен шаруалармен миым ашып отырған едім. Оның үстіне құлағым да нашар естиді ғой. Үш жігіт келіп, қауқылдасып жатқан, ешбір әңгімені есімде сақтамадым. 

- Ағасы, жұмысқа қабілетіңіз нашарлап, миыңыз ашыса, оның үстіне саңырау болып қалсаңыз, оныңыз аз болғандай есте сақтау қабілетіңіз төмендеп кетсе, мен ертеңнен бастап, сізге жолдама толтырамын. Мүгедектікке шығып, қызметтен босайсыз! Орныңызға жас мамандарды қызметке шақырамын! - деп еді, Қаракісі безек қақты:  

- О, не дегеніңіз, басеке! Иә, есіме түсті, айтқан, айтқан...

- Не деп айтты? 

- Әлгі не ғой...болсам несі бар дей ме, сол секілді бірдеме...

- Қысқасы, Наздың айтқанын растайсыз ғой? 

- Жүз пайыз растаймын. Наз не айтса соны...

Кадр бөлімінің бастығы үшеуімізге бір-бір парақ ұсынып, айтқанымызды жаздырып алды. Ұсынған парақтарымызды оқыды да, менікін мыжып, қоқысқа лақтырып: 

- Сен мына жердегі “құрдастардың қалжыңы” деген артық сөзіңді жазба! Қандай фраза естідің, соны ғана жаз! Артық әңгіменің қажеті қанша? - деп, кейіді де жаңа парақ ұсынды. Айтқаны бойынша жазып беруіме тура келді.

Үш парақты бір папкіге салып, қол қойдырып алған соң: 

- Ал, жүріңдер, бастыққа кіреміз! - деп бұйырды. 

Төртеуіміз сап түзеп, басқарма бастығының алдына келдік. Кадр бөлімінің бастығы болған жайды баяндап, үшеуімізге алдында айтқан сөзімізді қайталатты. Мен тағы да “қалжыңдаған болулары керек” деп қалып едім, жаңадан боялған қап-қара шашын кері қайырып, маңдайының әжімдерін одан ары тереңдете, қабағын қарс түйген бастық, үстелін жуын жұдырықпен бір перді де: 

- Қалжың деген не сөз? Айтты ма, жоқ па? Нақтысын айт! - айғай салғанда, Қаракісі селк етіп, Наз баж ете жаздап, өз аузын өзі баса қойды. Қасымда отырған кадр бөлімінің бастығы санымнан шымшып алғанда: 

- Айтты, айтты! - деген даусым біртүрлі оғаштау шықты. Таңдана басын көтерген басқарма бастығы маған тесіле қарап біраз үнсіз отырды да: 

- А, бұл енді басқа әңгіме. Артық-ауыс сөзбен созбай осылай қысқа да нұсқа жауап бермейсің бе? - деп, лезде жұмсара қалды. 

Дереу Көкті шақыртты. Ойында ештеңе болмаса керек, арсалаңдап кірген Көк: 

- Аға, сәлеметсіз бе, мені шақырдыңыз ба? - деп еді, бастық сәлемін алған да жоқ. “Тоқта!” деген ишара жасап, бізге қарай бұрылды да: 

- Ал, қанеки, бөлімде естіген әңгімені қайталап айтыңдар! - деп бұйырды. 

Наз бастап, мен қостап, Қаракісі растап қайталап шықтық. Көк сол сәтте ескерткіш іспетті тұрған орнында қатты да қалды. 

- Ал, не дейсің, Көк бастық? - деп, басқарма басшысы креслосын шықырлата шалқайды. 

- Аға, өліп кетейін, қалжыңдаған едік...

-Не деген әзілқой едіңдер? “Ажалы жеткен тышқан мысықтың құйыршығымен ойнайдының” керін келтірген екенсің. Қалжыңдайтындай өкіметтің ресми мекемесі саған сатира театрының сахнасы ма? Өлмей-ақ қой, басың жас қой. Қазір мұнда келіп отыр да, бөлім бастығы қызметінен өз еркіңмен босау туралы өтініш жаз! Мен сені басқармада қалдырайын, бұрынғы орныңда отыра бер! - деп басшы кесіп айтты...

Ертеңінде әдеттегідей жұмысымызды бастадық. Сәл кешігіңкіреп кірген Бақ аяңдап келіп, Көктің алдындағы екі телефон аппаратын жұлып алып, өз үстелінің үстіндегі бұрынғы орнына қойды да орындығына  жайғасып, кең тыныс алды. Көк үн-түнсіз тұжырап отыр. Гүл мен Наз бір-біріне қарап, жымың-жымың етеді. Қаракісі оң қолының сұқ саусағын клавишіне жақындатты. Бәрі бұрынғыдай жалғасып кетті... 

Қуандық Шамахайұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5642