Жексенбі, 24 Қараша 2024
Ерлік 9034 3 пікір 28 Сәуір, 2020 сағат 12:19

Әлияның ерлігі куәгерлердің көзімен...

Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық. Батырдың қасында болған жауынгерлердің естеліктеріне баға жетпейді. Олар мәңгілік біздің жадымызда қалады. Мен үшін ефрейтор Әлия Молдағұлованың марапаттау парағында үлкен мән жатыр. Содан бастап ол мәңгілікке аяқ басты.

Атылып жатқан оқтың астында толтырылса да, тіпті, көптеген сәйкессіздіктер болса да, оны құрастырғандар Әлия туралы болған оқиға ізімен, болашақ ұрпаққа арнау жазғандай көрінді. Соғыс кезінің өзінде марапаттау парағын толтырған адамның сауаттылығын атап өту керек. Онан біз келесіні көреміз:

Магдагулова Лия Курумгамбетовна (Молдағұлова Әлия Нұрмұхамбетқызы) ефрейтор, 4-ші жеке атқыштар батальонының 54-ші жеке атқыштар бригадасының снайпері. Кеңестер Одағының Батыры атағына ұсынылады. 1925 жылы туған, қазақ. 1942 жылдан бастап Қызыл Әскер қатарында. Бүкілодақтық лениндік комсомол жастары одағының (ВЛКСМ) мүшесі. Отан соғысына 1942 жылдың желтоқсанынан бастап қатысқан. Калинин облысы Локнинск ауданы Казачиха селосы үшін болған шайқаста қаза тапты. Бұрын марапатталмаған. Рыбинск қаласының аудандық военкоматы шақыртқан.

Әрі қарай жеке ерлігі мен сіңірген еңбегі жазылған:

Ефрейтор-комсомолка Лия Молдағұлова Советтік Отаны үшін өшпес даңққа бөленді. Қазақ халқының өжет те, батыл қызы неміс басқыншыларының ізін кесуші, нағыз снайпер болды. Оның әскери тізімінде 30-дан астам неміс басқыншылары бар.

Сұрапыл шайқастар жүріп жатты. Бұл шайқастарға снайпер Лия Магдагулова белсенді қатысты. 1944 жылдың 14-16 қаңтарындағы шайқаста Дедорухново селосы маңындағы қарсыластардың күшейтілген қорғанысын бұзу кезінде Лия Молдағұлова шайқасқан батальон жаудың күшті артиллериялық және пулеметтік оғының астында қалды. Бірақ Лия Молдағұлова: «Сталин үшін, Отан үшін», деген ұранмен жерден көтеріліп, алға жүгірді. Батыл қазақ қызының үндеуі жауынгерлерді жігерлендіріп, олар Әлияның артынан шабуылға шықты. Молдағұлова бірінші болып жау траншеясына жетті және автоматты шеберлікпен қолданып, 10 солдат пен бір офицердің көзін құртты. Фашистердің қорғанысы соққыға төтеп бере алмады. Қайтарып алынған учаске қайтадан советтік болды. Воско селосы үшін шайқаста Лия Молдағұлова тағы да солдаттарды бастап алда келе жатты. Бұл ұрыста ол тағы да 12 неміс солдаты мен офицердің көзін жойды. Насва атты теміржол стансасына шабуыл кезінде батыр қыз Молдағұлова батальонның барлаушыларымен қоян-қолтық әрекет етті. Сол кезде ол біздің жаяу әскерге атқылаған жау минометін байқап қалып, жақындап келіп, граната лақтырды. Ал тірі қалған жау солдатын тұтқынға алды.

Қазақ халқының батыр қызы Лия Молдағұлова үш рет жауға қарсы контршабуылға шықты. Бұл ұрыстарда ол 23 неміс солдаты мен офицерлерін жойды. Лияның жау десе қаны қайнайтын еді. Ол өзінің жасаған істеріне қанағаттанбай, әлі де Отанына пайдасын тигізгісі келіп, жауды торып жүріп жойғысы келетін.

Лияның соңғы шайқасы траншеяда өтті. Ол  неміс офицерімен бетпе-бет келіп, қоян-қолтық ұрысқа көшті. Бірақ күш тең емес еді. Сонда да Лия фашисттің қолынан сытылып шығып, автоматпен неміс офицерін атты. Фашист өлер алдында пистолеттен қазақ халқының батыл қызы Молдағұлованың кеудесіне оқ атып үлгерді. Қазақ халқының батыр қызы Лия Молдағұлова ерлікпен қаза тапты.

Қазақ халқының даңқты қызы Лия Молдағұлова қайтыс болғаннан кейін Кеңестер Одағының Батыры атағына лайықты.

4-ші жеке атқыштар батальонының командирі  - майор Моисеев,              Штаб бастығы - лейтенант Винокуров


Жақында ресейлік арналарда Чулпан Хаматова басты рольде ойнаған «Зулейха открывает глаза» фильмі көрсетілді. Татарстанда байлардың мал-мүлкін тәркілеу жағдайы ешкімді де бей-жай қалдырған жоқ.

Бізде, Ақтөбеде де, байлардың мал-мүлкін тәркілеу кең етек алды. Көбі Әлияның тегі шешесі жағынан екенін біледі. Бұл қазақ халқы үшін сирек кездесетін жайт. Отызыншы жылдардағы қырғын Бұлақ ауылының ауқатты тұрғыны әрі Әлияның атасы Сарқұлға да ауыр тиді. Оның отбасы қуғынға ұшырады. Қызыл террордың суығы Әлияның әкесі Нұрмұхамбетті де шарпып өтті. Ол өзінің бай тұқымынан екендігін жасыруға мәжбүр болды. Сондықтан нағашысының қолында тәрбиеленіп жатқан Әлияға қазақтан шыққан нағашы ағасы тұңғыш инженер - теміржолшы Әубәкір Молдағұлов өз тегін берген болатын.

Бұл сақтық тектен тек емес еді. Кейіннен Ақтөбе облысы ҰҚКД (ДКНБ) мұрағатынан  07.02.1933 жылғы ҚК 58 бабының 2 және 11 тармағы бойынша Канапин Елтайға қатысты №140 у\с бойынша Әубәкір Молдағұловтан алынған жауаппен таныстым. Әубәкір сол кезде оқудан демалысқа Ойыл ауданы Алтыкарасу ауылында келген болатын.

Әлияның өмірінде ерлік пен қайғылы парақтар қатар жатты. Бірақ тарихта Әлияның аққан жұлдыздай жарық ізі қалды.

Балнияз Ажниязов

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552