Жұма, 22 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 7896 12 пікір 6 Мамыр, 2020 сағат 00:04

Путиннің арманы. «Өз баламызды өзіміз дайындап беріп отырмыз!»

Тағы да тіл төңірегінде, онда да, отау ішіндегі орта қазанға ортақтасқан «көп ұлттың» бірінің тілі емес, Мемлекетті құрушы ұлттың, қазақтың тілі, Қазақстанның Мемлекеттік тілі төңірегінде сөз саптаймыз!

Біраздан бері қазақ зиялылар бастап, Қазақстан халқы қолдап, қазақ тілінің мәртебе алып, арнайы Заң болып бекітілгенін талап етіп, Ашық хат жариялағанын білесіздер. Оған ұзын-ырғасы 100 мыңнан аса адам қол қойды.

Ал кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» гәзетіне берген сұхбатында мемлекеттік тіл туралы айтты. Әуелі Президент не деді?

«Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қор­ғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғам­дағы татулық пен келісімді, береке-бір­лікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғы­ры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қа­уіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады», - деді.

Шындығында Президент Тоқаев мемлекеттік тіл туралы бүгін ғана айтып отырған жоқ-ты. Қараңызшы:

2019 жыл. Сәуір. «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз».

2019 жыл. Қыркүйек. «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін».

2020 жыл. Ақпан. «Шетелдіктер бізді қазақ елі деп таниды. Өзге ұлт өкілдерінің дәстүрі мен ділі құрметтеледі. Ал мемлекеттік тіл ұлтаралық байланыс тіліне айналуы қажет».

Қара танып, хат жаза алатын кез келген қазақ Президенттің не айтқанын, не айтқысы келгенін түсінді. Әйтсе де, бұл да қоңсы жұрттың тіліне «жүкті» кейбіреулердің бетін бұра алмай келеді. Сондықтан да, қазақтың, қазақ тілінің бүгінгі күйіне күйінбеске шара жоқ. Орыстың тілінің қылбұрауынан енді-енді босай бастап едік, тағы бір «Құдай» таптық. Қазір қазақтың бәрі ағылшын тілінің құлдық қамытын мойынға ілуге жанталасып жатыр. Бұл әлемдік технологияға, әлемдік өркениетке ұмтылу емес, құлдың құл қалпында қалуға деген ынтызарлығына қатты ұқсайды.

Біз неге қазақтың тілінің қазақтың қажеттілігін қанағаттандыратынына сенгіміз келмейді? Бұл тілдің құдіретін өзіміз мойындамасақ, өзгелер қайтсін? «Eurasia Group-тың» Басқарма һәм директорлар кеңесінің мүшесі Нүркен Асанов «Facebook» желісінде: «Путиннің арманын» орындау үшін өз баламызды өзіміз дайындап беріп отырмыз», - деп дабыл қағыпты! Талқылайық...

Нүркен Асанов:

- Қазақстан халқын біріктіретін күш – Отаны, Жері және Тарихы! Тәуелсіздік алғанымызға 29 жыл. Алайда қазақ тілі – Қазақстан халқын біріктіретін алып күшке айнала алмады. Өкінішке орай, бұл мәселеде сырт қалып отыр.

Кім кінәлі?

Мен дәл осы мәселені көп адамнан естідім. Мектепте де өзім талай рет куә болдым. Бір кездері сіздердің де бастарыңыздан өткеніне күмәнім жоқ.

Әңгіме былай, орыс тілді қазақтар өз балаларын әуелі қазақ мектебіне береді. Кейін, арада 3-4 ай өткенде шығарып алып, қайтадан орыс мектебіне ауыстырады. Себеп – баланың ана тілін бірден меңгеріп кете алмауы. Ол мұғалімнің не айтып жатқанын да түсінбейді. Содан соң, үлгерімі нашарлайды. Оны көрген ата-ана әуелі келіп мектепті, мұғалімді айыптайды. Ақыр аяғында баланы тілдік мәселеде өздеріне қолайлы ортаға ауыстырады.

Бұл олқылық міне, біраздан бері жалғасып келеді. Мұнда алдымен жапа шегетін – бала. Кішкене күнінен бастап өзінің ана тілінде емес, бөтен тілде, бөтен әлемде өмірді танығанына бала кінәлі емес. Алдымен ата-ана кінәлі! «Аташкалары» мен «ажешкалары» кінәлі!

Бала қазақи мектепке барып жүргенімен, оның рухын сезінбейді! Өйткені, мектептен шыға бере, үйінде ол сол өздерінің «ұлты құдыретті» - орыс тілінің аурасына қайта түседі. Себебі, үйінде орысша сөйлеседі.

Әдетте, баланы қазақ мектебіне беру туралы ой ата-ананың санасына бала жеті жасқа толғанда бірақ келеді. Ал ол кезде бала өзінің ана тілінен, туған мәдениетінен толықтай ажырап үлгереді. Ең басты қателік – ата-ана баланы мектепке әкеліп тапсырған сәттен бастап өздерінің жауапкершіліктерін қоса тапсыратыны! Сөйтеді де, бар жауапкершілікті мектепке, мұғалімге арта салады. Тіпті, өздерінің ең маңызды қателікті балабақшадан бастап жасағанын, сол кезден бастап баламен қазақша сөйлесу керектігін ұмытқанын сезбейді де.

Түптеп келгенде, бүгін біз ортақ қоғамдағы осы бір олқылықтың ащы нәтижесін көріп отырмыз! Баланың қиналуы, оның ішкі дүниесінің қақ бөлінуі – қоғамдық һәм мемлекеттік деңгейдегі қателік. Бізде, қайда барсаңыз да барлығы орыс тілінде. Адам. Оның ана тілін жетік білетіні көрініп-ақ, тұрады. Бірақ, ол – өзін «дамыған адам» секілді көрсеткісі келеді. Орысша сөйлесе солай болады екен, деп ойлайды.

Тағы бір түйткілді мәселе – мемлекеттік тілге деген сұраныстық жоқтығы. Ол – қарым-қатынас, бизнес пен өмір сүру тілі емес. Сол ата-аналардың өзі ана тілін үйренуден гөрі ағылшынды үйренуге әуес. Ата-аналар үшін баламен бірге қазақ тілін үйрену – ең соңғы орында тұрған мәселе.

Егер қазақ тілі қазаққа керек болмаса, ендеше айдаладағы «Алексейге» не айтасың?! Шындығын айтқанда, олардың мемлекеттік тілмен шаруасы да жоқ. Олардан қазақ тіліне қатысты сұрай қалсаң, ашықтан-ашық: «Білесіз бе, менде қажеттілік жоқ», - деп жауап береді.

Ендеше, біз қалай ғана балаға ана тілін үйретуге көмектесе аламыз? Сізді осы мәселе алаңдата ма?

Өткен жолы Ресей Президенті Путин КСРО-ны тірілту туралы сөйледі. Қызық па? Ол: «Орыс тілі ұлтаралық һәм мемлекетаралық қарым-қатынас тілі. Ортақ тіліміз», деп сөйледі. «Барлық елдерде орысша емін-еркін сөйлейді», деді. Бұл жағдай ол үшін дәудей ұпай! Демек, біз «Путиннің арманын» орындау үшін өз баламызды өзіміз дайындап беріп отырмыз. Тілді дамыту – халықтың өз қолында. Егер халық өзі оны бизнес пен білімнің тілі жасай алмаса – ендеше биліктің әлде басқаның не кінәсі бар? Осы уақытқа дейін біз қолында билігі барларды тыңдап келдік. Енді барлығы халықтың өз қолында болуы керек. Жауапкершілікті әрбірі сезінуі керек! «Билік бізге қазақша сөйлеме», деп отырған жоқ қой!

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322