Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 8121 70 пікір 13 Мамыр, 2020 сағат 12:34

Бұл - Абайдың емес, Жамбылдың домбырасы!

Абай елінде Ұлы ақынның 175 жылдығына байланысты күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынғаны қуантты. Бірақ, ақынның дүниеге келген жері – Сырт-Қасқабұлақта жасалып жатқан саябақта жерге төселетін домбыра әлеуметті елең еткізді.

Қазақ домбыраны аяқ астына төсемек түгілі босағаға қоймай, төрге іліп қастерлегенін жоба жасаушылар білмеген бе?!  «Намысым тапталмасын», «арым аяқ асты болмасын»,  деп тілеген елміз ғой. Қазақтың бойтұмарына айналған ұлттық құндылықты аяқтың астына төсеп қойып, ертең тойға келушілерге не деп таныстырмақ? Аяқ астында домбыра жатқанын білген сәтте-ақ, әрі қарай киелі домбыраны таптап жүруге менің рухым жетпес еді. Төбеден ұшақпен көрмесеңіз, көзге түсініксіз домбыраның бұл нұсқасы Абайдың домбырасы емес, Жамбылдың домбырасы. Қазақ даласында кең тараған домбыраның екі түрі - «Абай домбыра» және «Жамбыл домбыра». Тым болмаса, жоба жасаушылар Абайдың үш ішекті домбырасын Абай музейінен көріп, алдымен танысып алу керек еді.

Бұл жобада екі үлкен қателік орын алған, біріншісі қазақтың қастерлі домбырасын аяққа басу,  екінші «Абай домбыра» емес, «Жамбыл домбыраның» жобасын алу.

Абайдың туған өлкесіндегі тарихи саябақ ертеңгі ұрпаққа жететін рухани құндылық. Құндылыққа абай болып, сақ қараған жөн. Абай тойын өткізуге құрылған арнайы кеңес мүшелері жобаны талқыға салып, кеңесіп қолға алу керек еді.

Менің ойымша, қазақ руханиятына шынайы үлес қосу, Абай тойында Абай заманының құндылығын арттыру қажет болса, аспан асты киіз үйдің жобасы жасалғаны дұрыс.  Қазақ даласындағы ұлттық ерекше құндылығы қанша гектар жерді алып жатқан еліміздегі ең үлкен киіз үй болар еді. Төбесін жабу шарт емес, Аспанмен көмкеріліп тұрған киіз үй, оң қанатта Абайдың өзі өлкетану мұражайына өткізген тұрмыс құралдары киіз үйдегі  орындарына сай - сандық, жүкаяқ, асадал, сандық, кебеже, келі мен келсап, т.б. сол жақ қанатта ер тоқымнан бастап, қару құралдарын қойып, төрге Абайдың қасиетті домбырасын ілсін. Жерге «брусшаткамен» қара ала текемет, ортаға дөңгелек стол, қымыз тегене, қымыз ожау қойсын. Қай жерге қандай сөз жазамын десе еркі. Кіре беріске жылқы, түйе, т.б. төрт түлік малдың бейнелері, Абай отырған пәуеске арба қойылсын. Абайдың заманын жаңғырту деген осы емес пе?!  Кімге көрсетсек те, келген қонақтарға, ертеңгі ұрпаққа таныстырсақ та қандай керемет болар еді. Әлі де кеш емес шығар?!

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Abai.kz

70 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502