Бейсенбі, 28 Қараша 2024
Талқы 5010 9 пікір 18 Мамыр, 2020 сағат 14:07

Ерте ме, кеш пе, кез келген билік партиясының орнына оппозиция келеді

Қазір Парламентте қабылданған «Парламенттік оппозиция туралы» заң жобасы қоғамның қызу талқысында. Ел ішінде әртүрлі әңгімелер айтылуда. Солардың бірсыпырасы: «Парламенттік оппозиция туралы» заңды Перуашев «жекелеп» алыпты», «Ақ жол» енді оппозиция болады екен» т.б. деген ауанда өрбіген. Депутат Азат Перуашевтің есім-сойын тілге тиек етіп, сынның төпесін алыпты. Тіпті, осыдан бес жыл бұрын швейцариялық «Burson-Marsteller» компаниясының кеңесшісі Мари-Луизе Бауманн мен Азат Перуашевтің екеуара хаттарын қайта жариялапты. Ондағы ақпаратқа сүйенсек, Перуашев Храпуновты экстрадициялауға Швейцария саясаткерлерінен көмек сұраған-мыс. Мәселенің анық-қанығын білу үшін, біз Азат Перуашевтің өзін сөзге тарттық.

–  Сіздің аты-жөніңіз айтылып жатыр. Швейцария саясаткерлерінен «көмек сұраған» екенсіз... Сізше, бұл ақпарат құралдары неліктен бес жыл бұрынғы «компроматты» қайта қопарып,  жариялап отыр?

–  Әуелі бұл – «әбләзовшіл» ақпарат құралдарының жасап жатқан арандатуы. Мені мұны «аңқау елге арамза молданың айтқан» сандырағы дер едім. Өзіңіз байқағандай, бес жыл бұрынғы бұл оқиға, Ахаңның (А. Байтұрсынұлы) сөзімен айтсам, «ақ малтаны езе беретіндей» еш маңызы жоқ. Қызыққандар болса, сол кездегі басылымдарға берген сұқбатымнан оқи алады. Одан «сенсация» жасау – сасыған балықты тағы да саудаға шығарғанмен бірдей.

Қазір өтпелі кезеңді бастан кешіріп жүрміз. Қалың елді елең еткізетін құбылыс-оқиғалар күнара демесек те, апта сайын шығып жатыр. Былтырғының өзгерістеріне тоқталмай-ақ, жақындағыларын алайықшы: Алматыдағы ұшақ апаты, Қордай қақтығысы, теңгенің тағы да құлдырауы, дәрігерлердің жаппай індет жұқтыруы, 42 500 теңге айналасындағы олқылықтар, Қытай басылымдарының «Қазақстанның қосылуы» туралы мақалалары, өзбек су бөгетінің құлап, Мақтааралды су басуы... Міне осындай шым-шытырық жағдайда бес жыл бұрынғы өтірікті қайта қозғау - далбаса тірлік. Парламенттің құзыретіне келсек, кімді болмасын елге қайтару («экстрадициялау») депутаттың өкілеттілігіне қарамайды. Бұл мүлде басқа органдардың шаруасы.

Ақпараттық шабуылдардың артында кімдер тұр?

«Ақ жол» демократиялық партиясы жемқорлардың елден сыртқа ақша тасуына тосқауыл қоюды және ол қаражатты Қазақстанға қайтаруды басым бағыттардың бірі санайды. Осы мақсатта біз бірқатар елдегі әріптестерімізбен үнемі байланыстамыз. Құқық қорғау органдарына Кипрдегі, сонымен қатар «Панама тізіміндегі», «Жұмақ құжаттарындағы» қазақстандық қаражат туралы; банкротқа ұшыраған Әзірбайжан банкіне жүздеген миллион зейнетақы ақшасын салу туралы, Швейцарияның бір банкіндегі 82 азаматымыздың, соның ішінде бүгінгі шенеуніктердің құпия шоттары туралы ондаған депутаттық сауал жіберілді.

Биылдың өзін де біз Еуропарламент делегациясына үшінші рет Қазақстаннан ұрланған ақшаны заңсыз шығарудың алдын алу және елге қайтару үшін бірлескен топ құруды ұсынып, ҚР Сыртқы істер министрлігіне БҰҰ-дағы да сол сияқты жұмыс тобының құрамына бізді қосыңыз деген ұсыныс жібердік.

2010 жылдың ортасында баспасөз беттерінде Храпуновтар отбасы Қазақстаннан кетіп бара жатып, 5 млн. АҚШ доллары сомасындағы  қаражатты декларацияласа, ал  Швейцарияға табан тірегенде олардың шоттарында 400 млн. доллары бар болып шықты. Біз жергілікті әріптестірімізден осыны анықтауды өтіндік. Біз осы бір отбасын елге «экстрадициялануды» емес, онымен бірге басқа да алаяқтардың елден ұрлаған ақшасының елге қайтарылуын көздедік.

Швейцария депутаттары біздің өтінішімізді жерге тастамай, өздерінің бас прокуратурасына бірнеше сауал жолдады. Егер сол кезде алынған жауаптар баршаны қанағаттандырған болса, қазір ұры-байсымақтарға деген көзқарас күрт өзгеріп келеді. Халықаралық сахнада «Шығуы жұмбақ байлық» деген жаңа түсінік пайда болды және бұл түсінік шетелде байлығын жасырған басқаларға да қатысты айтылуда. Мүмкін бізге жасалып жатқан шабуылдардың ар жағында осыған қатысы барлар тұр...

–  Жаңағы «әбләзовшілдердің» ойынша, сіздің партияңыз «ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «парламенттік оппозиция» мәртебесін институционалдық тұрғыда бекіту туралы тапсырмасын орындау»,  дейді. Бұған не айтасыз? 

–  Не дейін, егер олар Президент тапсырмаларын оқыған болса, дұрыс-ақ екен. «Ақ жол» партиясы 2013 жылы «Парламенттік оппозиция туралы» заң жобасын әзірлеп, ол Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократия институттары және адам құқықтары жөніндегі бюросының оң бағасын алған болатын. Менің ойымша, Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби дипломат ретінде Еуропадағы оппозицияның мәртебесін бізден артық білсе керек. Оның желтоқсандағы тапсырмасы мен біздің жұмысымыздың ұштасуы да содан шығар.

Сол себептен біз бастапқы заң жобасын қазіргі кезеңге ыңғайлап, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қорытындысын және Құқық арқылы демократияға қарай атты Еуропа Комиссиясының («Венеция комиссиясы» деп те аталады) «Демократиялық парламенттердегі оппозицияның рөлі туралы» баяндамасының ұстанымдарын қолдандық. Онда: «Парламенттік оппозицияның болуының құқықтық шарттары кез-келген саяси жүйенің демократиялық кемелденуін бағалаудың эталоны болып табылады» (23-тармақ) делінген.

Қазақстанның заң кеңістігінде «оппозиция» деген ұғым мүлде болған жоқ

Шынын айтсам, осы заң идеясын жүзеге асыру үшін біз бастапқы жобадан Конституциялық өзгерістер мен бюджет шығындарына қатысты нормалардан бас тартуға мәжбүр болдық. Сонымен бірге Үкімет парламенттік оппозицияны мемлекеттік ақпараттық тапсырыстар аясында билік партиясымен тең насихаттау туралы ұсынысмызды өткізбеді. Дегенмен ең бастысы - Мәжіліс «парламенттік оппозиция» институтын бекітуді қолдады, осы үшін біз палата басшылығына, «Nur Otan» фракциясына алғыс айтымыз. Өйткені олардың қолдауынсыз бұл мүмкін болмас еді.

Осы уақытқа дейін Қазақстанның заң кеңістігінде «оппозиция» деген ұғым мүлде болған жоқ, сондықтан қоғамда «нағыз» оппозиция кім деген пікірталастар әлі басылар емес. Сонымен бірге Еуропалық Комиссияның баяндамасында «Парламенттік оппозиция деген – парламентке енген, бірақ үкіметтің мүшелері жоқ саяси партиялардан тұрады» делінген (11-тармақ).

Алайда Мәжіліс бұл тым кең, жалпылама тұжырымды деп тапты. Заң жобасы бойынша, парламенттегі оппозицияны билікке шынымен қарсы болып, балама көзқарас ұсынып, қоғамды толғандыратын мәселелерді көтеруге міндетті. Сондықтан, «парламент оппозициясының» анықтамасында, бұл партиялар, әдетте, билік партиясынан өзгеше саясат жүргізуге міндетті деген тезис енгізілген.

Сонымен бірге оппозиция үшін бірқатар құқықтық артықшылық қарастырылған: мәжіліс комитеттерінің біріне төрағалық ету, екі комитеттің хатшысы лауазымдары; әрбір сессия кезінде парламенттік тыңдау мен үкімет сағаттарын (министрлердің есебін тыңдау) бекіту құқы, үкіметтің заң жобасына (оппозиция келіспейтін) қарсы балама (альтернативті) заң жобасын ұсыну; парламенттің кез-келген іс-шарасында, мәжіліс пен сенаттың бірлескен отырысында сөз сөйлеуге кепілдік беріледі.

–  Қазірдің өзінде, іс жүзінде мұндай мүмкіндік әрбір депутатта бар емес пе?

–  Иә, қәзірдің өзінде әрбір депутаттың лауазым үшін сайлауға түсуге, заң жобаларын енгізуге, іс-шаралардың тақырыбын ұсынуға немесе сөйлеуге ресми мүмкіндігі бар. Бірақ осы мәселелер бойынша нақты шешімді парламенттік көпшілік қабылдайды. Бүгінгі таңда парламенттік азшылықтың қолында бір комитеттің де жоқтығы – соның салдары. «Ақ жол» депутаттары  сөйлеген кезде бірнеше рет микрофон өшірілді, біз дайындаған бақандай алты заң жобасының бірі де Мәжіліске өткізілмеді.

Енді бұл заң парламенттік көпшілікке оппозицияны шеттетуге жол бермейді. Мысалы егер оппозицияға бөлінген комитетке азшылық үміткері қажетті дауыс жинай алмаса, ол лауазымға тек оппозиция ғана басқа үміткерін ұсына алады. Себебі бұл квота тек оппозицияға берілген. Егер парламенттік көпшілік пікірталасты тоқтатпақ болса да, бәрібір оппозицияға сөз беруге міндетті. Меніңше, бұл оппозиция «шекпенін киіп көрмегендерге» ғана ұнамауы мүмкін.

«Мықтылар идеяны талқылайды,  ал, әлсіздер - мықтыларды өсектейді»

Заң жобасы қаңтар айынан бастап өңірлерде сайлаушылар мен сарапшылар арасында ашық әрі кең қоғамдық талқылаудан  өтті. 10 қаңтарда Алматыдағы Alma-U университетінде талқыланып, ақпарат құралдарында жарияланды. 19 қаңтарда «Хабар» телеарнасында «тікелей эфирде» өткір пікірталас өтті.

Кейін әлеуметтік желілерде тәуелсіз сарапшылар да бей-жай қалмады: 10 сәуірде – «Парламентаризмді дамыту қорының» сайтында және 11 сәуірде – Халықаралық «Voice of Kazakhstan» YouTube арнасында пікір алмастық. Яғни Жоба жан-жақты талдаудан өтті, пысықталды.

Сондықтан, бізді сынаушылардың «Тоқаевтың тапсырмасын орындады» дейтіндей жөні бар. Бірақ мәселе басқада. «Мықтылар идеяны талқылайды,  ал, әлсіздер - мықтыларды өсектейді» деген жақсы сөз бар. Оппозицияның мәртебесін заң жүзінде бекіту батыл идея болды. Кім осы осы идеяны талқылай ма, әлде оны жасағандарды талқылай ма, оны әркім өзі білсін.

Кейбір сарапшыр аталған заң жобасы парламентте өзінің фракциясы бар «Ақ жол» партиясын қолдауға бағытталған дейді, оған айтар уәжіңіз бар ма?

– Ондай бос дақпыртты айту үшін саяси сарапшы немесе эпидемиолог болу шарт емес. Кез-келген «көлденең көк атты» сізге дәл сондай сараптама жасап береді. Оларға өзгенің өсегін «езгілей бергенше», өз тақырыбын білгені артық дегім келеді.

Сенат заң жобасын мақұлдаса, заң 2021 жылдан бастап күшіне енеді. Яғни бұл заң қазіргі фракциялар үшін емес, болашақ парламентке арналған. Мен тіпті уақыт өткен сайын біз негізін қалаған парламенттік оппозиция мәртебесі бұдан да күшейе түседі деп сенемін. Сондықтан біз осы заң жобасын ұсынғанда, келешекте қоғамымыз бұдан да ашық, парламенттің құрылымы бұдан да күрделі, пікіралмасулар бұдан да өткір әрі ашық болуын қаладық.

Еркін қоғамда кез-келген билік партиясы ерте ме, кеш пе оппозицияның орнын басады. Демократиялық мемлекеттің тұрақтылығы қатып қалуымен емес, кезек-кезек, жүйелі жаңарумен қамтамасыз етіледі. Сондықтан демократиялық билік білікті, кәнігі, мемлекетшіл оппозицияға мүдделі болып, ал билік ​​партиясы - көшедегі дау-дамайды парламент қабырғасында шешуге тырысуы керек. Сонда ғана оппозицияны кездейсоқ адамдар емес, халықтың өзі заң жолымен таңдаған саятсаткерлер құрайды. Ол «Ақ жол» бола ма, басқа бола ма, - сайлаушылар өздері шешсін.

– Дегенмен, кейбір шолушы сіз осы заң жобасымен өзіңізге оппозицияның мәртебесін бекітуді көздеп отыр деп болжайды...

– Бәріне де уақыт төреші. Мен айтқан тұжырымдар қабылданғаннан кейін, «Ақ жолдың» өзін оппозиция деп айту қиын. Оппозиция, «ереже бойынша» (яғни көпшілік жағдайда, соның ішінде дауыс бергенде де), билік партиясынан бөлек саясат жүргізуге тиіс.

«Ақ жол» оппозиция бола ма?

Иә, біз билік партиясымен үнемі айтысып отырамыз: кеше ғана көпшілік дауыспен экономика комитеті бизнес-климат туралы заңға «Ақ жол» енгізген түзетулерді өткізбеді. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында біздің фракцияның депутаттары денсаулық кодексін қолдамады. Бірақ мұндай жағдай көп пе? Жоқ, жартысына да жетпейді. Өйткені даулы мәселелер негізінен жұмыс барысында шешіледі, ал Мәжілістің жалпы отырысына, ел көзіне тек келісілген құжаттар ғана шығарылады. Тіпті Мәжіліс бюросында біз қарсылық білдірген кезде, спикер талқылауды тоқтатып, мемлекеттік органдарды фракциямен келісуге жіберген сәттер болды. Бұл өте тиімді тәсіл, бірақ сол үшін ғана бүгінгі «Ақ жолды» оппозиция деу қисынсыздау болады. Себебі біздер парламенттегі көпшілікпен әзірге уәжге, ымыраға (компромисс) келудің жолын білеміз. Ал біздің заң жобамыз бойынша болашақ оппозиция компромиссіз болуға міндетті.

Келешекте, парламентке өткен партиялар оппозиция екенін жариялау үшін ресми шешім қабылдауы керек. Көп нәрсе олардың бағдарламаларына ғана емес, сонымен бірге билікпен қарым-қатынас тактикасына да байланысты болады. Меніңше, ең дұрысы, жеңіске жеткен партия үкіметті жасақтауы керек және де саяси жүйемізді соған жеткізгеніміз жөн. Бірақ қолданыстағы Конституцияда атқарушы билік парламенттегі партиялық құрамына байланысты емес. Бұл жағдайда партияларға түрлі мүмкіндік беріліп отыр.

Мысалы егер парламенттік азшылық өкілдерінің бірі үкіметке кірсе немесе жергілікті билік органдарын басқаратын болса, онда мұндай фракция да өзін оппозиция деп жариялауы дұрыс емес. Әрине, бұл күмәнді нұсқа, бірақ біз қазіргі уақытта еш қалыпқа (стандарт емес) сыймайтын талай саяси және экономикалық шешімді көріп жүрміз. Оппозиция мықты және қажетті құрал. Бірақ ол атақ немесе өмірдің мәні емес. Мемлекет, тіпті қатардағы азамат тұрғысынан қарағанда тиянақты нәтижеге жету, экономиканы дамыту және қарапайым халықтың күнделікті өмірін жақсарту одан әлдеқайда маңызды.

Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1562
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3369
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6422