Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 8952 46 пікір 20 Мамыр, 2020 сағат 16:17

Президенттің сөзі немесе одақтастардың ойы не?

Күні кеше Еуразиялық экономикалық интеграцияны одан әрі дамыту стратегиясын талқылаған жиын өткен. Одаққа мүше мемлекет басшылары онлайн отырып, «2025 жылға дейінгі ЕАЭО-ның стратегиялық даму бағыттары туралы» құжатты ақылдасқан.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аталған құжаттың кейбір бөлімдерін қайта қарап, пысықтау керектігін айтыпты. Сөйтіп, құжатты онлайнда емес, жүзбе-жүз кездескенде қабылдау керектігін айтып, кейінге ысырыпты.

«Ақорда» сайты қазақ Президентінің сөздерін жариялады. Сонымен, ЕАЭО жиынында Қасым-Жомарт Тоқаев қандай мәселелерге тоқталды? Әуелі соны жазайық...

Қайта пысықтау керек

«Жалпы алғанда, оны қабылдау идеясын қолдай отырып, мен қосымша талқылау мен пысықтауды қажет ететін мәселелер бар деп санаймын. Алдағы жылдарға арналған интеграцияның негізгі контурларын көрсететін осы құжаттың ерекше маңыздылығын ескере отырып, оны әлі де талқылап, бетпе-бет кездесу барысында қабылдаған жөн. Ерте ме, кеш пе, біз бір-бірімізбен кездесеміз», - депті Президент.

Әуелгі келісімнің мәніне қайшы келеді

Әрі қарай, одақ аясындағы экономикалық, әлеуметтік, гуманитарлық қатынастарға тоқталып:

«Аталған мәселелерді бесжақты форматта Еуразиялық экономикалық комиссияны қатыстыра отырып қарастыру, оның нақты іске асуын қиындатады. Денсаулық сақтау, білім және ғылым салаларын Еуразиялық экономикалық комиссияның құзыретіне толық көлемде беру, оның экономикалық бағытын айтарлықтай өзгертіп жіберуі мүмкін. Яғни, 2015 жылғы Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімнің мәніне қайшы келеді», - дейді Тоқаев.

Ұлттық құқықтық жүйенің ерекшеліктерін ескеруге тиіс

Президент Тоқаевтың айтуынша, интеграциялық жұмыс ұлттық құқықтық жүйенің ерекшеліктерін ескеруге тиіс әрі ұлттық заңнаманы үйлестіру және біріздендіру мәселелерін қарастыру кезінде «жеткілікті қажеттілік» қағидатын ұстануы керек.

«Стратегияда ұсынылған заңнаманың «үйлестіруге және біріздендіруге» қатысты құқықтық жауапкершілік орнату бөліміндегі әкімшілік және қылмыстық, кеден ісі, техникалық реттеу, тұтынушылардың құқығын қорғау сияқты бірқатар сала, біздің пікірімізше, ақылға қонымды жеткіліктілік қағидатына әлі де толық жауап бермейді. Ал бұл ұлттық қоғамдық ой-пікірдің Стратегияны қабылдамауына алып келеді. Өйткені Стратегия үкіметтер мен парламенттердің дербес құқығын шектейді», - дейді Президент.

ЕЭК өкілеттігін кеңейту мәселелеріне мұқият болу керек

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілеттігін кеңейту мәселелеріне мұқият болуға шақырды.

«Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қызмет көрсету, өзара сауда мәселелері бойынша үшінші елмен өткізетін екіжақты келіссөздеріне Комиссияның қатысу құқығын беру қосымша зерттеуді қажет етеді», - деді Ол.

«Біз алдағы бес жылға арналған Еуразиялық экономикалық одақтың дамуын анықтайтын маңызды стратегиялық құжат қабылдауды жоспарлап отырмыз. Іс жүзінде бұл үлкен тарихи оқиға, ол барлық жағынан мұқият дайындықты талап етеді. Бұл - құжаттың өзі болсын, әлде ұйымдастырушылық және хаттамалық құжаттама ма, ақпараттық қолдау болсын, аса маңызды», - деді Президент.

Ортақ көбейіп келеді

Сөйтіп, алқа-қотан жиналыс соңы аталған құжат комиссия мен одаққа мүше мемлекет үкіметтеріне қайта пысықтауға жіберілді. Стратегиялық құжат жалпы отырыста мақұлданғанымен, қабылданбаған. «Еуразиялық бестіктің» көшбасшылары Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысын 2020 жылдың күзінде Минск қаласында өткізуге уағдаласты.

Жалпы әуелде «экономикалық одақ болады», деп құрылған бұл одақтың жүре келе саясиланып бара жатқанын біраздан бері жазып келеміз. Дабыл қақтық. Дат айттық! «Одақта «ортақ» көбейіп келеді» дедік. Ортақ одақ, ортақ экономика, ортақ бизнес, ортақ кеден, ортақ футбол, ортақ мәдениет, ортақ тарих, ортақ әскер т.с.с. Бұл ортақтарды бүгін тізіп бітпеспіз... Әлгінде ортақ ақша туралы да айтты. Ендігісі не? Ортақ рәміз бен ортақ шекара ма?

Лукашенконың наразылығы

Осыдан екі-үш жыл бұрын Александр Луашенко «демарш» жасаған. «Ресей мүддесіне ғана қызмет ететін мұндай одақтың керегі жоқ», деп сөйлеген. 2017 жыл. Халықаралық саясат бірде ақ, бірде көк десек те, сол жолы Лукашенко арындап сөйледі. ЕАЭО-дан да, Кедендік одақтан да шығып, тіпті Ресей мен Белоруссия қарым-қатынасына тоқтау қоятынын айтқан. Батьканың осы мәлімдемесінен кейін, РФ мен екіарада шекара қайта орнатылды. Бұрынғыдай емін-еркін кіріс-шығыс тоқтады. Жалпы Лукашенко осы одақтағы Путиннің біржақты «монологына» бағынбай, ара-тұра қату сөйлеп, «қаһарланып» қоятын жалғыз-жарым адам. Рас, өз есебін түгендеу үшін десек те, мұндай дискуссиялар өлі одаққа жан бітіргендей әсер қалдыратын.

Расында, Кедендік әм Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердегі экономикалық мәселелердің мәз еместігін жазып жүрміз. Тең бәсекелестіктің жоқтығынан, елдер экономикасы құлдырап, тауар айналымы төмендеген. Бұл жерде кәдімгі монополия. Ал Кремль  сол монополиядан шыққысы келгендерге ашықтан-ашық қоқан-лоқы жасаған күндер де болды.

2016 жыл. Белоруссия-Қырғызстан «демаршы». Бұл жолы ЕАЭО-ның жаңа кедендік кодексіне қол қойылуы керек еді. Қырғызстан жаңа кодекске қол қоймады. Ал Белоруссия саммитке мүлде қатыспады. Себеп біреу - одақтағы ашық кедендік жүйе ішкі нарыққа тиімсіз.

 Атамбаев пен Медведев айтысы

2016-2017 жылдар. Петербордағы бас қосуда қырғыздың сол кездегі президенті Алмазбек Атамбаев ЕАЭО-дағы теңсіздік туралы ашық айтты. «Армения одаққа тек ортақ әскер үшін кірді», деп сөйледі. Одақтың ойраны шығар күн алыс еместігін ескерткен Атамбаев бес жылға толар-толмас уақыт ішінде Ресейге 15 миллиард доллар беріп қойғанын айтып күйінді. Сөйтті де, «орыспен одақты үзем», деді.

Осының барлығын үнсіз тыңдаған Медведев  Кремльдің ресми позициясын жайып салды. «Одақтан шыққыларың келсе, біздің газды еуропалық бағамен сатып аласыңдар», деді төтесінен.

Ресейдің «рұқсаты»

2018 жыл. Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров: «Қазақстан АҚШ-пен визасыз режим орнатуы үшін бізбен ақылдасуы керек еді. Мұндай мәселе міндетті түрде келісім жасауды талап етеді. Себебі, Еуразиялық одақ аясында да визасыз режим орнаған. Адамдар емін-еркін келіп-кетіп жүр», - деп шала бүлінген.

КСРО-ны қайта құру

Ал биыл Кремльдің қожайыны Владимир Путин бұрынғы Совет одағын қайта құрғысы келетінін ашық айтты. «Россия 1» арнасына. «Москва. Кремль. Путин» дейтін бағдарламада. «Бірігу - бұрынғы Совет одағы елдерінің барлығына пайда әкелмесе, зияны жоқ»,деп сөйледі.

Путин не деді?

«Өткен шақтың, әсіресе Совет одағының, Совет империясының қайта құрылуына қатысты қандай да бір үрей-қорқыныштан арылған соң, күш біріктірудің барлығы үшін пайдалы екені туралы түсінік туады. Бұл мүмкіндікті, бұл басымдықты процесстің барлық қатысушылары көріп, біліп отыр. Біз әрі қарай жылжып, жаңа қадам жасап, алға басып келеміз», - депті Владимир Путин.

Ресей президенті өз сөзінде: «біріккен кезде ғана бәсекеге қабілеттілік деген болады. Бұрынғы КСРО елдері үшін де солай», - деп сөйлепті.

«Біздің ортақ тіліміз бар. Ұлтаралық, мемлекетаралық қарым-қатынас тілі - орыс тілі. Барлық елде орысша еркін сөйлейді. Бұл үлкен басымдық. Бізде бұрынғы ортақ мемлекетімізден қалған ортақ транспорт, ортақ энергетика,  ортақ байланыс инфрақұрылымдары бар. Бұл тағы бір басымдық», - дейді Путин.

Біз бұларды не үшін еске түсіріп отырмыз. Экономикалық одақ саяси сипат алып бара жатқанын бұл жолы президент Тоқаевтың өзі айтыпты, әне. Путин секілді: «Одақтағы ортақ тіліміз – орыс тілі», - деп төтесінен соқпаса да, саяси тілмен сөйлепті.

«Денсаулық сақтау, білім және ғылым салаларын ЕЭК құзыретіне толық беру, оның экономикалық бағытын айтарлықтай өзгертіп жіберуі мүмкін. Яғни, 2015 жылғы ЕАЭО құру туралы келісімнің мәніне қайшы келеді», - депті Тоқаев.

Президент Тоқаевтың бұл сөзінен кейін орыстың айтақтағы аттаншылары біраз шулайтыны айтпаса да түсінікті. Соловьев, Скабеева, Киселев секілді жалдамалы жаушылар жатта кеп жамандауға кіріседі. «Қазақстанда орыстардың құқығы шектеліп жатыр», «Орыс әлеміне қауіп төніп тұр», «АҚШ-тың Алматыдағы зертханасы», «Қырым сценарий» секілді сөз шығарып, қызыл кеңірдек болары да шын. Десе де, Президент бұл жолы көпке ұнайтын сөз айтыпты. Саясиландыру процессіне тоқтау жасар бағыт ұстаныпты. Сіз не дейсіз?

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

46 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5409