Дүйсенбі, 24 Қараша 2025
Білгенге маржан 80 0 пікір 24 Қараша, 2025 сағат 14:29

«Бақи дүние бар ма?»

Сурет: автордың жеке архивінен алынды

(пәлсапалық-эссе)

Осы сұрақ бүкіл адамның ең көкейтесті сұрағы. Өйткені, мәңгі өмір сүргісі келмейтін адам бар ма? Бірден, ойланбай-ақ жоқ деп айтуға да болады. Адамзат баяғыдан бері «мәңгі өмір» туралы қаншама қиялдағаны тарихқа аян. Қазір де адам баласы сол ойынан қайтқан жоқ. (Қазір ғылымның алғы шебі  басқа ғаламшардан өмір іздеуі соның бір дәлелі) Егер, жер бетіндегі бір неше миллион адамға осы сауалнаманы жүргізсе, бәлкім, «мәңгі өмір сүрсем» дейтіндер тоқсан тоғыз пайзы кем түспейтін шығар... тіпті, көшеде бомж боп қалған адам да өлгісі келмейтіні мәлім. Себеп неде, себеп, адамның рухында «мәңгі өмір» деген фаилдың бар екендігінде.

Бір қызығы, адамзат өзіне пайғамбарлар арқылы жолданған сәмауи кітаптардағы  және соңғы кітап Құрандағы «Бақи  өмір бар. Рахатқа толы Жәннат пен азапқа толы Жәханнам бар» дегенге тоқсан тоғыз пайз сенбейді. Неге, адам мына дүниеде көзімен көріп тұрған ақиқаттан басқа тылсым ақиқат бар екеніне ой жүгіртпейді. Яғни, өзінің жоқтан бар болғанына, ерек пен әйелдің екі тамшы ғана ұрығынан осындай адам пішініне келгеніне, кішкентай бөбек болып туып, уақыттың өтуімен қарияға айналуының ғажап бір заңдылық бойынша жүріп жатқанына, сондай заңдылықты керемет бір хикметпен қойған теңдессіз Жалғыз Иенің бар екенін білгісі келмейді, сенгісі келмейді.

Айналадағы таңғажайып құбылыстарға көзі үйреніп кеткен, үйреншікті көзбен қарап қана: «Иә, адам болып туыппыз, өмір сүреміз, өлеміз бітті, өмір деген осы ғана» дейді. Бірақ, көкірегіндегі «мәңгі өмір» деген рухани шырақ сөнбеген қалпы ұзақ өмір сүре бергісі келеді. Әрі, үнемі жақсы өмірді, рахат тіршілікті аңсайды. Онда, бұның бір ғылыми негізі бар болу керек қой! Әрине, ол Құранда тылсым ақиқаттар мен терең ілімдер бойынша айтылған.

Соның ең қарапайым бір-екеуін ғана айтып көрейік. Құранда: «Адамды топырақтан жараттық» деді. Бүгінгі ғылым саласы физика, биология, химия адамның дене-ағзасында топырақтың құрамынан өзге ештеңенің жоқ екеніне көз жеткізді. Яғни, жер бетіндегі бүкіл химиялық элементтердің әр мөлшердегі  жиынтығы тән-денеде бар екендігі дәлелденді. Әйтседе, оның  сонша нәзік өлшемдер мен ерекше құрылымға айналуы ғана «АДАМ» атты ғажайып құрылысты сомдап тұрғанына мән бермейміз. Ондағы өлшемдер мен мөлшерлердің дәлдігі сонша, қазіргі медициналық анализдер сол бойынша диагноз қояды.

Мұндай таңғажайып «құрылыс» өзінен-өзі, кездейсоқтықпен, уақыт жетегіндегі бейберекеттікпен бола ала ма?! Мысалы, адамның қылдай ғана тамырының өзінде ондаған түйіршіктер өз-өз міндетін мүлтіксіз атқарып зымырап жүр! (бірі оттегін тасып, бірі көміртегін тазалап, бірі қанды ұюдан сақтап, бірі микробтардан қорғап...)  Ал, адамның миындағы триллион нейрондардың өз-ара байланысының күрделілігі сонша, нейрология оның құпиясын әлі шеше алмады, соған сәйкес ауруларды да емдеу әлі жолға қойылмаған... Олай болса, бұл ғажайып «құрылыстың» «теңдессіз инженер» Иесі бар екені сөзсіз. Оны өзінен-өзі болып тұр деп ойлау, тау басындағы қара тастар өзінен өзі жиналып компьютер пайда болды, деумен тең есерсоқтық десек болады.

Онда, қарапайым топырақтан адамның жаратылуы – оны өте нәзік есеппен, мөлшермен, өлшеммен, ретпен орналастырудың нәтижесі деп, түсінуге мәжбүрміз. Құранда: «Сендерді топырақтан өте көркем пішінде жараттым, топыраққа қайта жіберем және топырақтан қайта тірілтіп аламын» дейді. Иә, адамның мүрдесі қабірде қайта топыраққа айналатынын ешкім жоққа шығармайды. Әйтседе, топырақтан қайтадан өзі болып тірілуге адам сенбейді.

Құранда: «АллаТағала адамды топырақтан жараттым да, өз рухымды үрледім» дейді. Адамның көру, есту, сезу, сөйлеу, ойлауы, армандауы, қиялдауы... секілді ғажап адамдық қасиеттері түгел сол рухтың нәтижесі екені анық.

Онда, мына жер бетіндегі адамның уақытша өмірінің мақсаты не? Оны да Құранда анық хабарлап, пайғамбарлар бүкіл адамзатқа үйретіп кетті. Бұл дүниедегі адамның негізгі міндеті де, мақсаты да Құрандағы айтылған хақ жолды ұстанып кемелдікке жету. Ол деген сөз, адамның тән-денесі мен рухының үйлесуі деген сөз. Құранда: «Жаратушы Ие тек маған ғана  мойынсын, маған ғана жалбарын!» деген шарт қойған. Бұл шарт орындалған кезде, біздің көзбен көріп, қолмен ұстайтын денемізбен көзбен көріп, қолмен ұстай алмайтын, тіпті ғылымның бүкіл аспабымен білуге келмейтін ең нәзік зат рух екеуі бірлесіп, теңдессіз үйлесімді өзге бір «құрылысқа» құбылысқа айналады. Былайша айтқанда, біздің ақылымыз жетпейтін бақи әлемнің, жәннат дүниесіне лайықты бола алады, деп түсінеміз. Құрандағы: «Адам Жалғыз Жаратушы Иеге әрі Ақирет әлеміне сенуі шарт» деген аят осы құбылысты меңзейді.

Бұған бір қарапайым мысал алсақ. Алмаз бен көмірдің түпкі заты бірдей, екеуі де «көмір тегі» деген төрт валентті элементтен құралған. Әйтседе, сол көміртегінің өте нәзік, ерекше тәртіппен орналасқан түрі алмасты құрайды. Яғни, жер бетіндегі ең қымбат саналатын алтын, платинадан да алмас қымбат саналады. Сондықтан, алмаз ең атақты байлардың үйінің төрінде, ең әйгілі мекемелердің мұражай-көрмесінен орын алған. Ал, ондай ерекше тәртіпке бағынбай, бейберекет күйде орналасқан көміртегінен отқа жағатын кәдімгі көмір пайда болып тұр. Алмас пен көмірдің тегі бір болса да құрылымындағы ерекшелік бірін сонша бағалы еткен де, бірін отқа жанатын елеусіз зат болдырған.

Бір діни риуаятта: «Жаратушы Ие былай дейді, адамды алмастай қымбат санап жәннаттың мәңгілік тұрғыны ету үшін жараттым. Ал, сол мәртебеге, шақырғанда, бұйрыққа көнбей бұрыс жолмен кеткендер, көмірдей болып жәханнам отына жануға тиіс болды» деген.

Ал, қазіргі кезде шетсіз әлемді бақылап космология картасын жасауға ықпал етіп жатқан Джемис Уэбб радио-телескобы тоқсан миллиард «жарық жылы» қашықтағы бізге өшкін жұлдыздай ғана болып көрінетін миллиондаған галактикаларды зерттеуде. Оның әрбірінде жүз миллардтаған біздің Күнге ұқсас болса да орасан үлкен, әсіре ергежейлі жұлдыздар бар екенін дәлелдеуде. Ал, адамзат қанша ғылыми мүмкіндікке ие болса да, ол галактикаларға жетуді қойып, өзіміздің галактика «құс жолындағы» ең жақын жұлдызға да ешқашан жете алмайды.

Бірақ, Құранда  соңғы Пайғамбардың с.а.у. осы қашықтықтан да ары сапар шекені туралы «Исра» (түнгі сапар) деген сүреде баяндалған. Бұл құбылыс, жоғарыда айтылған тән-дене мен рухтың үйлесімінен болғанын паш етеді. Былайша айтқанда, қазіргі материалистік ойлау шеңберінен шыға аламаған ғалымдар, шексіз кеңістік пен уақытты өз пайымдарымен ғана өлшеп, сол тығырықтан шыға алмауда. Құранда: «Періштелерді нұрдан, жындарды түтінсіз оттан (плазма) жараттым» дейді. Бұл екі жаратылыс материалдық заңдылықтан тыс яғни физикалық заңдарға бағынбайды. Сол шексіз қашықтықтардағы әлемдерде олардың сан-салалы түрлері өмір сүруде. Жер бетіндегі адамзатқа да олардың келіп-кетуі қас пен көздің арасындай ғана уақытта болады.

Осы сенімге жеткен, Құранның тылсым ілімін үйренген адамдар, «Бақи әлемнің» сөзсіз бар екеніне сенеді. Материалистердің айтып жүргеніндей, егер адамзат,  жер бетінде уақытша ғана өмір сүріп, миллиардтаған жыл бойы жым-жылас жоқ болып кететін кездейсоқ бір құбылыс болса, онда бұл өмірдің ешқандай құны да, мәні де болмас еді.

Абай Мауқараұлы

Abai.kz

 

 

0 пікір