Мұқағали «Күнделігіне» зер салғанда...
1
Жыр жұлдызы Мұқағали Мақатаев әдебиеттің барлық жанрына қалам тартқан дарын иесі. Біз Мұқағалиды шынайы тану үшін оның «Қош, махаббат» атты прозалық жинағы мен «Күнделігіне» зер сала кетуді жөн көріп отырмыз.
Мұқағалидың қазақ поэзиясы туралы ой-толғаныстары мен Олжас Сүлейменов, Еркеш Ибрахим, Қадыр Мырза-Әлі қатарлы қабырғалы қаламгерлер туралы жазған сын мақалалары оның сын саласындағы өзіндік биігін байқатып тұр. Бұл сөзімізге Мұқағалидың Қадыр Мырза-Әлі туралы қалам тербеген «Сезім найзағайы» атты сын мақаласын атап айтуымызға болады.
Ақынның «Қош, махаббат» атты прозалық жинағына «Құлыптас», «Марусияның тауы», «Өзгермепті», «Әже» қатарлы төрт әңгімесі, «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» атты екі повесі, «Қош, махаббат» атты драмасы енгізіліпті.
«Мұқағали өлең жазумен қатар, прозаға және драматургияға қалам тартып, өзінің шығармашылық қуатын байқатқаны белгілі. «Ақ қайың» поэмасының негізінде «Қош, махаббат» пьесасын жазды. Бұл пьеса ақын дүниеден озған соң сахналанды. М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының репертуарынан тұрақты орын алды. Содан бері қаншама жылдар өтсе де көрермендер көбеймесе, азайған жоқ» («Мұқағали» журналы, 2009 жыл, 9-сан, 4-бет).
Мұқағали прозасы туралы ақын Фариза Оңғарсынва: «Мұқағали Мақатаев ــ қазақ тарихындағы ең оқырманы көп, қалың халық басты жанашыры болған суреткер. Ол ең алдымен ақын, қазақ жырының құдыреті.
«Қош, махаббат» – сол жыр құдіретінің қара сөзбен жазылған ой өрнектері, түйін-тұжырымдары. Мақатаев ــ үлкенді-кішілі прозалық туындыларында да сол ақын Мақатаев күйінде қалған. Өнердің биіктігі мен адам биіктігінің тұтастығын, жарасымын іздеген ойлы оқырман үшін керегі де сол болса керек» (Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат» атты кітабына жазған алғысөзінен), – деп жазыпты.
Мұқағали Мақатаевтың жалпы шығармаларын оқып шыққаннан кейін оның ақын, сыншы, прозик, аудармашы, журналист сынды сан өнердің биігінен көрінген аса зор талант иесі екенін байқайсың.
Ал біз басқасын қоя тұрып, 1991 жылы Қазақстанның «Жалын» баспасынан жарыққа шыққан ақынның «Күнделік» атты кітабына тоқтала кетейік. Мұқағалидың күнделігі ең алғаш «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің 1988 жылғы қаңтардың 20-21-22-күнгі үш санында «Махаббатта-парасатқа» деген айдармен жарияланыпты. Кемеңгер қаламгер Әбіш Кекілбаев «Күнделікке» жазған алғысөзінде: «Өз халқына деген ұлы махаббатын өле-өлгенше жоғалтпай, шын ғашық бола білген ақын – Мұқағали», – деп керемет теңеуін беріпті. Біз енді Мұқағалиды танудың бір қыры болған «Күнделікке» зер салайық.
2
Күнделік жазу үлкен мәдениеттіліктің белгісі болып табылады. Күнделіктің уақыт өткен сайын құны артып, адамдарды сол дәуірдің тарихи жағдайымен танысуға әрі ұлы адамдардың өнегелі өмір жолынан тәрбиелік дәріс алу орайына ие бола алады.
«Күнделікте адам өмірінің күнделікті іс-әрекеті, сондай-ақ қоғамдағы күнделікті оқиғалар жазылады» («Орта мектептерге арналған қолданылмалы әдебиет», Шынжаң жастар-өрендер баспасы, 1996 жыл, желтоқсан, 143-бет).
Ұлы адамдардың көбі күнделік жазуды дағдыға айналдырған. Солардың бірі Мұқағали Мақатаевтің «Күнделік» атты әдеби жинағы.
«Мұқағали мұрасының ішіндегі жұрт назарын ерекше аударған дүниесі ــ «Күнделіктері». Ақын онда өзі әсерленген сәттерді ақ қағазға түсіріп отырған. Мен мынадай көзқарас түйіндерін жазудамын деп ешкімге айтпаған. Яғни, өзімен-өзі сырласқан, өзімен-өзі мұңдасқан.
Қазір сол «Күнделіктерге» көз салып отырсаңыз, сондағы заманның да, сондағы адамның да сан алуан бейнелерін көресіз. Ақынның жабырқаған жанын, күйзеліп шыққан жүрегінің әнін тыңдайсыз» («Мұқағали» журналы, 2011 жыл, 1-2-сан, 47-бет).
Ақиық ақын 1972 жылдың 21 сәуір күнгі жазған күнделігінде: «Адамдардың арасында болған алауыздық мені де шарпымай өткен жоқ. «Жұлдыздың» дилосын өткізіп беріп, поэзиямды өзім алып қалдым...немен тынары белгісіз, барым менің, балам менің, жарым, жақсылығым менің – поэзиям, тек сені сақтап қалсам екен. Сені де өлтіргісі келе ме, қалай? Олай бола қоймас, егер бола қалса, қалған өмірдің қызығы не маған?! Ойлап отырсам, менде бір-ақ арман бар екен. Ол ـــ қалайда халқыма жағыну, ұнау соған. Тек, соған ғана жасырмай шынымды айтсам деп едім. Халқым, үнімді қалай жеткізем саған? Айналам тарылып, құрсауланып барады. Жағдай қиын, өте қиын...» («Мұқағали қазақтың домбырасы», Шынжаң халық баспасы, 2009 жыл, шілде, 163-164-бет), – дейді.
Ерекше талант иелері өлмейді, халық жүрегінде мәңгі жасайды. Мұқағали есімі халық жүрегінде жазылған киелі ақын. Ол өз халқын, өз поэзиясын мәңгі сүйіп өтті. Қазақ поэзиясында ешкім қайталамас дара қолтаңба қалдырды. Ақынның 1973 жылы желтоқсан айының 24-күні жазған күнделігі осының айқын мысалы.
«Бұл жыл да өтті, күйбеңімен, азаппен өткен өлі күндерді қойшы, жырсыз өткен күндер мен үшін өлі күндер. Тағдырдың бұл алданышты қиғанына да құлдық. Поэзия болмаса қайтер едім, не істер едім? Ақынның өз мемлекеті, өз қоғамы, өз дүниесі бар. Бұл аз дүние емес, демек, мен сол үшін өмір сүрем, сол үшін күресем. Күресем?! Кіммен, немен күресем? Өзіммен өзім бе? Соңғы сөзді айтып өлу керек қой. Қандай сәби едім. О, тәңірім! Түйсік бере гөр, түйсік бере гөр!» («Хантәңірі» газеті, 2011 жыл, 29-шілде күнгі саны).
Жазушы, ғалым Зейнолла Қабдолов: «Әдеби талант деген нәрсе – қолдан жасалмайтын, өзінде жоқ болса, өзгеден қарызға алу мүмкін емес, жер- жаһаннан қанша іздегенмен таптырмайтын нәрсе!», – дейді.
Мұқағали «Күнделігі» біз үшін табылмайтын ең қымбат байлық. Ақынның бұл мұрасы туралы Нұрлытай Үркімбай «Күнделіктер» қалай жарық көрді?» атты мақаласында:
«Бір күні бөлімге мені іздеп кинорежиссер Серік Айтбаев келді. Деректі фильмдер бойынша маман екен.
ــ Мұқағали ақын жайлы деректі дүние түсірсем деген ойым бар. Сценарий авторлығына сізді таңдап отырмын, – дейді жаңа ғана танысқан қонағым. Сөйтті де Серік Айтбаев қапшығынан бір қалың дәптер шығарды.
ــ Мұқаңның күнделігі! – деді ол аса салтанатты үнмен.
ــ Менде мынандай ұсыныс бар. Әуелі бұл дүниелерді біздің газетте жариялайық. Яғни халыққа ортақ дүниеге айналсын.
ــ Сіз кешіріңіз, мен бұл дәптерлерді сізге дәл қазір ұстатып кете алмаймын. Лашын апаймен келісім бар еді. Өз қолына тапсырамын. Кешіктірмеуге тырысамын. Апарып берген күні сізге хабарлап, айтармын.
Режиссермен қош айтса салысымен Уәкеңнің, «Лениншіл жастың» сол кездегі редакторы Уәлихан Қалижанның кабинетіне қарай құстай ұштым.
ــ Жақсы, егер сен шынымен ол дүниені қолыңа түсірер болсаң, тоқтатпастан бірнеше нөмірге берелік» («Мұқағали» журналы, 2011 жыл, 1-2-сан, 47-48- бет), – деп жазыпты.
Осылайша автор Мұқағалидың қарашаңырағына барып Лашын жеңгеймен кездесіп, қымбатты ақын күнделіктерін алып қайтады. Бұл күнделіктің шамамен 80-90 пайыздайы орыс тілінде жазылғандықтан мұны белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеевқа бір бөлімін таңдап қазақшаға аудартып, «Лениншіл жас» газетінің 1988 жылғы 20-21-22-қаңтар күндеріндегі үш санында қатар жариялап, қалың оқырман арасында күшті аңыс қозғайды. Осыдан кейінгі жылдарда Мұқағали күнделігі жеке кітап болып, бірнеше мәрте басылым көрді.
Әрі қарай тағы да ақынның күнделік беттеріне назар аударайық. 1973 жылы наурыз айының 6 күнгі күнделігінде ақын былай деп жазған екен:
«Поэзия ــ ғылым. Зерттеу керек. Адам өмірінің, адам жанының зерттелмеген, қалам тартылмаған несі қалды? Соны табу, соны зерттеу керек. Адам сезімін жан-жақтылы зерттейтін құдірет болса, ол тек поэзия. Басқа ешқандай да ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл» («Мұқағали қазақтың домбырасы», 165- бет).
Міне, бұл күнделікте сөз өнерінің киелі жолына сапар шеккен Мұқағали адамның жан-дүниесін, мінез-құлқын поэзия арқылы зерттеу керектігін меңзейді. Қасиетті поэзияны ақынның ғылым ретінде қараған мол білімін, биік мәдениет деңгейінің ұлы парасатын аңғара аламыз.
Мұқағали Мақатаев өзінің 1973 жылы наурыздың 17 күні жазған күнделік дәптерінде қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповқа кездескендігі, ол кісінің алтын қалам тарту еткені айтылған. Естелікте бұл былайша баяндалған:
«Өткен аптада Ғабит Мүсіреповтың үйінде болдым. Бұл адаммен жақын келіп сұхбаттасқаным осы. Үйінде өзі жалғыз екен. Жылы қарсы алды. Екі сағаттай әңгімелестік. Мен Ғабеңді бойындағы дарынының бәрін беріп болған адам деп айта алмаймын. Ал, бойында жасырынып жатқан жанар тауы бар екеніне күмәнім жоқ. Уақыт-ай! Әдебиет, жалпы көркем өнер жөнінде болар-болмас шолу жасап, пікірлестік, қарт арыдан ойлайды. Қазіргі қазақ поэзиясы қатты толғандырып жүрген көрінеді. Бірдеме десем бе дейді. «Аққулар ұйықтағанға» тебіреніп пікір айтты, сүйсініп қалды, мен ыңғайсыздандым, ойымды түйе қойды да, қоя қойды. Өлеңдер оқыдым. Кетерде маған қалам сыйлады (алтын қалам).
Қарт қартайған екен. Бүкіл үйде жалғыз өзі отырғаны қатты әсер етті маған. Кабинеті жұпыны, жазу үстелі тіпті жұпыны, басы артық дүниелер, әлеміш- жәлеміштер жоқ. Ұзынды-қысқалы, бір түстес үшкір ұшталған қарындаштар тұр. Тілдей параққа арабша жазып тастапты, жаңадан жазылған, сірә. Қорапқа салған екі мылтығы тұр. Кіре берісте саятшының сауыт-саймандары. Ретін тауып өзімен ұзағырақ сөйлесер ме еді. Біраз бірге болып, достасар ма еді. Тәңірім-ай, бұлар деген аяғын үзеңгіге салып тұрған адамдар ғой...» («Мұқағали қазақтың домбырасы», 166-167-бет).
Ұлыларды ұлылар ғана қадірлеп тани алады. Атақ-даңқы әлем қазақ әдебиетіне тараған, біртуар талант иесі Ғабит Мүсірепов Мұқағалидың ұлылығын танып, оған алтын қалам сыйлапты. Мұқағалиға деген Ғабит Мүсіреповтың құрметі қазақ халқының құрметі, Мұқағалидың бұл күнделігі Ғабит Мүсіреповтың өмірі мен жасампаздығын зерттеудегі құнды материал боп есептеледі.
Ақиық ақын Мұқағали қазақ әдебиетінің маңдайалды сөз зергері Ғабит Мүсіреповке кездескеннен кейін оған арнап мына өлеңін жазыпты.
Ғабеке, анда-санда сізді көрем,
Сізді көрсем, жомарт бір күзді көрем.
Еліктеп өзіңізге есім кетіп,
Көгендеп ақ қағазға тіздім өлең.
Мейіріммен қарайтын сізді көрем,
Басқалар үміттерін үзді менен.
Зәһармен жібітем деп қу таңдайды,
Сеземін өзін- өзі жұрт алдайды.
Жібітсем мен де кейде қу аңдайды,
Басымнан Алатаудың бұлты аунайды.
Түбінде құртса мені құртар қайғы,
Алайда жырларымды жырта алмайды!!!
Менен де үміт күтіп туған елім!
Мен-дағы үмітпенен туған едім.
Мас болған өлеңіне бір жан едім.
Ғабеке, айтыңызшы мыналарға,
Мен кімнің қазынасын ұрлап едім? (1974 жыл).
Міне, бұл арнау жыры сөз қадірін, ер қадірін білетін ұлылардың ұлыларға мұң шағуы.
Мұқағалидың өзі жазған күнделігіндегі: «Мен ⅩⅪ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Одан кейінгі ұрпақтың тусымын», – дегені айнымай нақ келді. Ақын мұралары күллі қазақ халқы жасаған әлемнің бәрін шарлады. Мұқағалидың өз тағдырын болжаған көрегендігіне еріксіз таңдай қағып тамсанасың.
Мұқағали әлем қазақ әдебиетіндегі күрделі дара тұлға.
Біз Мұқағалидай алып ақынды әлі де жүйелі тани, зерттей алмай келеміз.
Біз Мұқағалидай ұлы тұлғаның алтын мұрасының кенін шынайы қазуға, шынайы зерттеуге тиіспіз, міне бұл ұлтымыздан шыққан ұлыларды ұлағаттаудағы адамдық парызымыз.
Біз ендігі сөз кезегін Мұқағалидай ұлы тұлғаның өзіне берелік.
«Егер бір кездері менің өмірім, менің шығармашылығым әлдекімнің көңілін аудара қалса, оларға былай дер едім: Менің қымбатты достарым! Егер сендер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылығымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыңдар. Мені өз өлеңімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем. Естеріңде болсын, менің жеке өлеңім өзінше ештеңе құрамайды. Біріктіріп қарағанда, ол поэма іспетті біртұтас. Басы және аяғы бар.
Сонымен, достар, бүкіл менің жазғаным ــ бар-жоғы бір ғана бүтін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қам жеулері мен қуанышы туралы поэма. Егер нанбасаңдар, барлық өлеңімді жинап, бір жинаққа топтастырып көріңдерші. Естеріңде болсын, әрбір өлеңім өз орнында тұрсын, яғни жылына және бойына қарай, сонан соң көз алмай оқыңдар. Сюжетіне көңіл аудармай-ақ қойыңдар. Ал, композициясы мен архитек-тоникасына зер салыңдаршы. Егер мен онда болмасам, онда ақынның да болмағаны. 1976 жылы, 14-ақпан» («Мұқағали қазақтың домбырасы», 199- 200- бет).
«Күнделік» Мұқағалиды танудың бір қыры ғана.
Жинақтап айтқанда, Мұқағали Мақатаевтың «Күнделік» атты жинағының кемелдігі мен тереңдігін мына жақтардан байқауға болады.
1, «Күнделік» атты бұл жинақтың тілі көркем, ойы ұғынықты, ақынның өз басынан кешкен ауыр күндерді шынайы бейнелеген нағыз өмір туындысы. Бұл жинақ шын мәніндегі күнделік жазудың озық әдеби үлгісі деуге болады.
2, Ақынның «Күнделік» атты жинағы ғылымилық қуаты жоғары, мазмұны бай, тәрбиелік құны күшті, қалың оқырмандарды өзіне баурайтын құнды оқулық.
3, Бұл кітап – ірі тұлға Мұқағалидың өмірге деген тың көзқарасы, өмір- жолы, өсу жолы, қайғылы, қасіретті шақтары, ақын айналасында жасаған адамдардың ұнамды, ұнамсыз сан алуан бейнелері жан-жақтылы баяндап жазылған тарихи дерегі мол, аса құнды материал.
Біз Мұқағали Мақатаевті терең тану үшін оның «Күнделігіне» ат ізін салып ізденіс жасаумен бірге зерттеуіміз қажет. Сонда ғана Мұқағалидай ұлы тұлғаның қыры мен сырын шынайы танумызға болады.
Нұрлан Сәрсенбаев
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф
Abai.kz