250 мың тонна орамжапырақтың жыры һәм бюджеттің 2 миллиард теңгесі
Сәуір айының соңында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев шаруалардың 250 мың тонна орамжапырақты өткізе алмай отырғанын айтқан. Жай айтқан жоқ, Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Маминнің өзінен көмек сұраған.
-Бізде 300 мың тонна орамжапырақ өсірілді. Қазір Ресей тарапынан сұраныс күрт төмендеді, біз барлық аймақтармен меморандумдар жасадық, алайда оның бір келісінің құны 10-15 теңгеге дейін төмендеді. Мұндағы фермерлер осы мәселені көтеріп отыр. Қазір 250 мың тонна орамжапырақ дайын тұр. Оны бір жерге орналастыру керек. Әйтпесе үлкен проблема болады. Қазір олар шулап жатыр, - деген болатын Шөкеев.
Шөкеев Маминнен көмек сұрардан 15 күн бұрын, сәуір айының ортасында Ауыл шаруашылығы министрлігі әр облыстың әкімдіктерімен кеңес өткізіп, Түркістан облысында өндірілген 50 мың тонна орамжапырақты ел ішінде сатуды жоспарлаған. Ал 250 мың тонна өнім Ресейге еш кедергісіз сатылады деп сенген.
Алайда карантин бұл жоспарды бұзды. Ресейге орамжапырақ сату мүмкін болмады. Сөйтіп аталған 250 мың тонна орамжапырақты қайда қоярын білмей, Шөкеев «шырылдап» премьер-министрден көмек сұраған. Өмірұзақ өтініш жасаған үкімет отырысында Асқар Мамин Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа «Облысқа көмек көрсету керек. Бірге жұмыс істеңіз» дегеннен әрі ештеңе айта қоймады.
Осыдан кейін елде өтпей жатқан қырыққабаттың жыры басталды. 15 күн бұрын ғана бар өнімді еш кедергісіз сатамыз деп жініккен АШМ да, үкімет те, үкіметтен көмек сұраған Түркістан облысы әкімдігі де амал таппай дағдарды. Өңірдегі диқандар қып-қызыл зиянға батты. Бірі өнімінің аз бөлігін келісі 10 теңгеден болса да сатты. Ал бірі тегін таратып берді. Тез бұзылатын қырыққабат қазақ билігінің жайбасарлығына қарап тұрмасы анық, бірден керектен шығады. Сол үшін босқа шірігенше деп тегін таратуға тура келді.
Ақпарат құралдарында әлгі өнімнің 500 тоннасы Беларусь еліне экспортталатыны жазылды. Ал 250 тоннасы «Дегдар» қайырымдылық қоры арқылы еліміздегі барлық балалар үйлеріне және тұрмысы төмен отбасыларға тегін таратылған. Тағы бір 300 тонна орамжапырақ Алматы қаласындағы базарларға жөнелтілгені хабарланды. Осының бәрін қосқанда өтпей жатқан 250 мың тонна орамжапырақтың 1%-ына да жетпейді.
Ал қалған өнімнің қалай біржақты етілгені, шаруалардың шығынын кім төлейтіні жайлы еш ақпарат айтылмай қалған. Тіпті өзі бастап үкімет отырысында көтерген Шөкеевтен де еш хабар болмады.
Осыған байланысты, көпшілік Ресейге сатылмай қалған 250 мың тонна өнім түгелге жуық керектен шықты ма деп қауіптенген. Қолда тұрған дайын өнімді пайдаға асыра алмаған үкіметті сынап, егіншілердің табан ет, маңдай терін далаға төккеніне өкініш білдірген.
Бұл дауға еліміздің алғашқы премьер-министрі Сергей Терещенконың агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі онлайн-брифингте айтқан сөзі қосылды. Қазіргі таңда омарташылар одағының президенті болып отырған Терещенко мырза 300 мың тонна қырыққабатты ішкі нарыққа өткізе алмаған үкімет шіріп кеткен өнімді көму үшін 2 млрд теңге қаржы жұмсады деген.
-Жуырда оңтүстікте 300 мың тонна қырыққабат бұзылып кетті. Оны көму үшін Үкімет 2 млрд теңге бөлді. Қырыққабатты әкеліп, еліміздің басқа қалаларына тегін таратуға ешкімнің фантазиясы жетпеді, - деген Терещенконың сөзі көп адамның назарын аударған болатын.
Сергей Терещенконың қатардағы жай омарташы емес, бұрынғы премьер-министр екенін ескерген жұрт, оның ойдан ақпарат құрастырмайтынына сенген. Сөйтіп, орамжапырақты дер кезінде сатуды ойламай, өнім әбден шіріген соң оны көмуге екі млрд теңге бөлген шенділерге наразы болған.
Осы мәселеге байланысты Түркістан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы «Азаттық рухы» сайтының сауалына жауап беріп, мән-жайды баяндаған екен.
Әкімдік таратқан мәліметке сенсек, 300 мың тонна қырыққабат түгел бүлініп кетпеген, 150 мың тоннасы сатылған екен. Оның 104 мың тоннасы ішкі нарыққа сатылса, 46 мың тонна қырыққабат Ресей, Беларусь және Қырғызстанға экспортталған.
Ал Терещенко айтқан 2 млрд теңге шіріген қырыққабатты көмуге ғана жұмсалмайды екен. Ауыл шаруашылығы басқармасы ол қаражат басқа да мақсатқа жұмсайтын көрінеді.
-Ал, қалған 150 мың тонна қырыққабатты Қазақстан Үкіметінің тапсырмасына сәйкес республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың тұрақтандыру қорлары арқылы сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар, қырыққабат еккен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге екінші өнім егу үшін 0,01% несие беру мақсатында, Үкіметтік қордан 1 600,0 млн теңге (1,6 млрд теңге – авт.) қаржы бөлу қарастырылуда, - дейді Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.
Осылайша, облыстық әкімдік жыр болған 300 мың тонна қырыққабат үшін де, 2 млрд теңге үшін де есеп бергендей болыпты.
Бірақ әу баста Шөкеевтің өзі өтпей тұрған өнім 250 мың тонна екенін айтқан. Бұл Ресейге экспортталуы тиіс өнім. Жоғарыда біз диқандардың өнімін су тегінге сатып немес тегін таратып жатқанын айттық. Шіріп керектен шыққан өнімнің бар екенін де ешкім жоққа шығармайды. Ендеше облыс әкімдігінің «150 мың тоннасы сатылды, қалған 150 мың тоннаны да сатып алу жоспарланып отыр» деп ақпарат таратқаны қалай? Әкімдік 300 мың тоннаға толық есеп беріп қойды. Сонда тегін таратылған және шіріген өнімнің есебі қайда қалды? Әлде өнімнен шашау шыққан жоқ па?
Қуаныш Қаппас
Abai.kz