Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Ғылым-білім 3307 2 пікір 29 Мамыр, 2020 сағат 11:00

Білімді ұрпақ қана елдің еңсесін көтереді

Ғылыммен түбегейлі айналысып, әлемді аузына қарататын ғалымдар қазақтың ішінен шықпайтынына кім кепіл? Ал ғылымның атасы философия емес пе еді? Жалпы әлемді шарлайтын, ғаламды барлайтын ғұламалар  көбінесе ғылым саласынан шығады ғой. 

Осы орайда бір жарым ғасыр бұрын ұлы ойшыл ретінде танылған ақын Абай, мың бір жүз жылдан аса әлем елдерін аузына қаратқан ғұлама әл-Фараби еріксіз еске түседі. Екеуі де ғылымның атасы саналған философияны тереңінен толғаған тұлғалар екені баршаға аян. Биыл екеуінің де  мерейтойлары. Алғашқы кемеңгердің туғанына 175 толса, ал әлем танып, ғұламалығын баяғыда мойындаған әл-Фараби бабамыздың өмірге келгеніне 1150 жылдың жүзі болыпты.

Екеуі де біздің бабаларымыз екенін әрине, мақтан тұтамыз. Осыған орай Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев барша жұрт мойындаған алып тұлғалардың  зор еңбегін барынша насихаттап, ел көлемінде кеңінен атап өтуге шешім қабылдағаны белгілі. Жыл бойына жоспарланған ғылыми шаралар, ел ішінде жүзеге асуы тиіс және көптеген елдерге белгіленген іс-сапарлар өкінішке орай, баршаға белгілі себептермен жүзеге аспай тұр. 

Осылайша артында қалған мол мұраларына, ойы терең еңбектеріне ел сүйсінген екі тұлға да ғажап философ, кемеңгер дана болғанын барынша мақтан тұтамыз. Бұл ғылымның атасы философия болғанын, солардың бел ортасында біздің даналарымыз жүргенін тағы бір мәрте мойындау.  Соны өзгелерге дәріптеу.  

Философия дегеннен шығады, осыдан отыз, қырық жыл бұрын философия саласымен айналысқан ғалымдардың заманы жүріп, тереңінен ой толғаған сала мамандарының беделі аспандап тұрушы еді. Орта мектепті бітірген жастардың дені шамасы жетсе ҚазМУ-дің философия факультетіне түсуді армандайтын. Әлемге аты танылған ғалымдардың кітаптарын оқып, айтулы философ болсам деген мақсаттары болатын. Ал қазір ше? Ғылымның атасы атанған философия саласы неге тоқырап қалды?

Күні кеше өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында елді толғандырған өзекті мәселенің бір парасы ғылым туралы ойлар кеңінен талқыға түсті. Ғылым мен білім – ешқашан таусылмайтын тақырып. Білімді ұрпақ қана елдің еңсесін көтеріп, көсегесін көгертеді, экономиканы өрге сүйрейді. Қазақстан экономикасын дамыту адам капиталына байланысты. Демек, ғылымды жүйелі түрде дамыта бермесе болмайды. Тоқырауға жол жоқ.

Ал ғылымның бастауы мектептен басталады. Білімнің негізі орта мектептен қалыптасса ғана ары қарай дұрыс жолға түседі, ілгері дамиды. Ал ауылдағы білім деңгейі қалай?  "Дипломмен ауылға" деген бастама шын мәнінде жүзеге асуда ма? Кейбіреулер түңіліп, ауылдың болашағы жоқ дейді. Айналдырған екі сйыр, бес қойын бағатын жер қалмады. Ана бір жылғы жер сатылады деген солақай шешім шыққалы бері бәрін қолында билігі барлар иеленіп, сатып алды. Соның бәрін түзетіп, қалпына келтірмей, ауылды өркендету оңай емес.

Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесінің кезекті отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде білімге алты есе, әсіресе ғылымға жеті есе қаржы бөлінетіндігін қадап айтқаны қалың жұртшылықтың көңілінен шықты. Ғылымға, соның ішінде дәл қазіргі таңда медицина саласына назар аудару аса маңызды. Ғалымдар жаппай ізденіп, әлемде орын алған індетті ауыздықтауға тиісті шараларды қолға алып, нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін нақты тапсырмалар берді. Егер Қазақстан ғалымдары айтулы жаңалық ашып, ғаламды жайлаған вирусты жойып, вакцинасын табар болса, кермет жаңалық болғандай. Әлемді алаңдатқан аты жаман індеттің ошағын біздің ғалымдар  өшіре алса, Қазақ елін барша жұрт танып, білер еді, мойындар еді. 

Мемлекет басшысы қадап айтқанындай, жалпы, білім мен ғылым жүйесін түбегейлі реформалауға бетбұрыс аса маңызды. Экономика ғылымсыз өрге баспайды. Бүкіл мемлекеттік саясат соған негізделіп, жүзеге асуы тиіс деп  атап көрсетті Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев.

Соңғы екі айда барлық оқушы, бүкіл студент қашықтан, онлайн оқуға ден қойғаны баршаға белгілі. Мектептегі балаға қосылып, ата-ана да компьютерге тесіліп, интернетке үңілді, теледидаарға телмірді. Мұғалімдер оқытудың сапасын арттыруға әрекеттенді, қағазбастылықтан арылғандай болды. Сапасыз оқулықтың жағдайы да кеңес барысында сәт сайын тілге тиек етілді. Онлайн оқыту барысында ауыл мен қала арасындағы алшақтық тағы байқалды. Бұған бір себеп – интернеттің  ауылдағы әлжуаздығы. Тәжірибелі, білімді мұғалімдердің жеткіліксіздігі. Осының бәрі ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы барысында негізгі мәселе ретінде айтылды. Ауылға жолдама алып, сонда жұмыс істейтін жас мұғалімдер мен дәрігерлердің жағдайын жасап, еңбекақысын еселеп көтеру туралы сөз болды. Енді сол мәселе нақты іс жүзіне асса жақсы. 

Бүгінгі таңда біздің назар аударып, тоқталғымыз келгені, елдегі ғылымның сапасы. Жоғары оқу орындарындағы сапасыз білім, кей тұста дипломдардың сатылуы секілді өрескел жағдайлар орын алып отырғаны жасырын емес. Студенттердің онлайн оқудағы келеңсіз көріністері, мемлекеттік тілдегі оқулықтардың жетіспеуі, мұның бәрі сапалы білім алуға үлкен кедергі. Ал сапасыз оқудан білікті маман қалай шықсын. Ғылым қалай дамысын. Елдегі қаптаған университеттерден қандай пайда? Бәсекеге төтеп беретін, саусақпен санарлық сапалы білім бере алатын аз ғана жоғары оқу орны да жеткілікті болар еді. Сол білім ордалары әлемге танылған Еуропадағы, Америкадағы университеттермен тайталаса алатын болса ғой, шіркін. Сонда біздегі мұхит асып, Еуропаға елеңдеп отыратын «ақылды милар» өзімізде  қалар ма еді.

Қазір белгілі болып отырғандай, отыз мыңнан аса жастарымыз шетелде оқып жүр. Солардың қаншасы елге қайтпай, өз қамдарын күйттеп, алған білімі мен білігін өзге жұрттың игілігіне жұмсап жатыр. Осыған ішің ашиды, обал-ақ. Егер соларға өз елімізде барынша жағдай жасап, ынталандырса еліміздің өркендеуіне, ғылымның айтарлықтай дамуына айтулы үлес қосар ма еді. Білім мен ғылым – экономиканың маңызды саласы. Ол - аксиома, дәлелдеуді қажетсінбейді. Демек, жан-жақты, сапалы білім алған мамандар өз елімізге ауадай қажет. Солардың білігі мен тәжірибесі Қазақстан үшін игілікке жараса қанеки.

Осы арада өзгелерге де көз тігіп, қасымыздағы көршілерге бір сәт назар аударсақ, өзбек ағайындарда мектеп саласын қамтитын Білім министрлігі бөлек екенін көреміз. Осыған орай бізде де Ғылым министрлігі мен Білім саласы өз алдына бөлек болса сонда нәтижесі көп болар ма еді. Сол министрліктерді далитпай, шағын құраммен тиісті салаларға тиімді қызмет ете алатындай етіп, жасақтаса, қаржы да үнемделер еді. Тағы бір тілге тиек етер жәйт, біздегі аудандық, облыстық білім саласының басқармалары жергілікті әкімдіктерге бір, министрлікке бір бағынышты болып жалтақтамай, тікелей білім саласына қарағаны дұрыс деген ұсыныстар айтылуда.

Ғылым дегенде, тарих, философия, саясаттану, экономика, басқа да нақты ғылыммен тікелей айналысатын салаларға барынша назар аударып, қомақты қаржы бөліп, оң нәтижесін, қайтарымын талап етіп, жолға қойса ел экономикасына қосар үлесі мол болар еді.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің осы отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев пікір білдірушілердің ойлары мұқият тыңдап, зер салып, орынды деген ойлары қағазға түртіп алып отырды. Демек, айтылған сөз, өзекті мәселелер жерде қалмайды. Соның оң нәтижесі, қайтарымы Қазақстан Президентінің қадағалауында болады. Парламент те, Үкімет те, жергілікті ұйымдар, аймақтық әкімшіліктер де тапсырылған міндет шараларды мүлтіксіз орындауға тиіс. Ал мынандай қамқорлықтан кейін білім мен ғылым саласының мамандары, барша ғалымдар еліміздің экономикасының өркендеуіне үлес қосып, құлшына кірісеріне сенім мол. Ғылымға ден қойған халықтың ұтары көп.

Саясат Бейісбай

Abai.kz

2 пікір