Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
Дат 5723 25 пікір 31 Мамыр, 2020 сағат 10:59

Тәуелсіздік үшін күрескендерді ескермеу – тәуелсіздікті мойындамау деген сөз!

Қазақстан Республикасы Парламенті
Сенат палатасының спикері
Мәулен Әшімбаевқа
Жазушы, диссидент Кәмел Жүністегінен

Құрметті Мәулен Сағатханұлы,
Ел үшін абыройлы еңбек етіңіз.

Жуырда Парламентте қабылданған «Ардагерлер туралы заңды» зейін қойып оқып шықтық. Әрине сіздің бұл заңның осы күйінде қабылданып кетуіне байланысты жауапкершілігіңіз жоққа тән. Осы туралы пікірімізді Дариға Назарбаеваға да жазып, жауап беруін күткен едік. Заңда Ұлы Отан соғысына қатынасқан ардагерлер жеткілікті түрде бар жеңілдік, марапаттармен қамтылған екен. Иә, кәзір сол ардагерлерді ауыл түгіл, аудан бойынша табу жоқ іздегенмен бірдей.

Сондай-ақ, ардагерлер қатарына 1941-1945 жылдар аралығында кемі алты ай жұмыс істегендер (к/з, с/здарда бөгеншік-пагонщик болған балалар), Ауған ағысына қатынасқандар, Чернобыль атом станциясындағы апатты сөндіріскендер іліккен екен. Құптадық. Енді бір «тамашасы» қай кезеңде болмасын талайды зар еңіреткен, ұлт тағдырын ойлаған тұлғаларды қыруға қатынасқан КГБ деген жендеттің де адамдары Ұлт ардагерлері қатарына жатқызылған екен. 

Мына заң ССРО жоғары советінде қабылданған ба деп те қалғандайсың. Неге? Бізге тәуелсіздік аспаннан түскен жоқ. Сол тәуелсіздік үшін арпалысып, құрбан болғандар жетерлік. Кешегі Алаш азаматтары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, т.б., осы республиканы құруға ат салысқан қазағым деген үшін басын оққа байлаған Н.Нұрмақов, Б. Майлин, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, т.б. осы отан соғысының алдында ғана атылып кетті. Солардың ұрпақтары әрі арамызда. Соларға деген ілтипат қайда? 

Тәуелсіздік үшін күрес бізде тоқтамаған. Соғыстан кейін құрылған «ЕСЕП» (Елін сүйген Ерлер Партиясы) мүшелері тегіс айдалды, 1960 жылы жаңадан қайта құрылған «ЕСЕПтің» мүшелері сотталды, «Жас Тұлпар» болып тәуелсіздікті аңсағандар қуғындалды. «Жас Қазақ», «Жас Ұлан», т.б. ұйымдар талқандалды. Желтоқсан қайраткері ажал құшқан Қайрат Рысқұлбеков және т.б. бірде бірі ескерілмеген. Тәуелсіздік үшін күрескендер ардагерлер қатарына кірмеген.

Тәуелсіздік үшін күрескендерді ескермеу – тәуелсіздікті мойындамау. Осындай заңға сенаттағы депутаттардың «қызу» қолдап, дауыс беруі таңқалдырады. Бірақ олардың кейбіреуін өзіміз де танимыз ғой. 

Иә, біз сотталдық. Мына заңға қарасаң біз «халық жауы» қамытын өз еркімізбен «сұранып» өзіміз кигендейміз. Сол үшін лагерлерде бізді пышақтап, итке талатыпты. Карцерлерде сүйегіміз сыңғанша тоқпақтапты. Елге қайта келген соң... «Қазақстанның өз еркімен Ресейге қосылғандығының пәленбай жүздігі» деген тойланып жатты. Есі кірмеген қазақ та, орыс та тойда, айқай-шуда. Пәленбай жүздікке арналған жиналысқа барудан бас тарттым. «Неге?» деп сұрады біреулер. Мен сонда оларға: «Қазақстан қатын емес. Қатыннан ғана өз еркіңмен тидің бе, әлде зорлады ма?» деп сұрайды» деп жауап бергенмін. Оның ақыры балаларымды үйде дәрімен талдырып тастап, үйде тінту жүргізді. 

Тәуелсіздік – бабаларымыз аңсаған арман. Соған арнап әкімдердің соңынан қалмай жүріп (біріншісі тауықтың күркесіндей еді жел ұшырып әкетті) белгі қойғыздық. Тәуелсіздік үшін күрескен, оққа байланғандар ардагерлер заңына кірмесе, ескерілмесе, репрессия құрбандарына арналған монументтер не үшін қажет? Жылына бір рет аяқасты жиналып, монументке барып бірер сөз айтып қайтуымыз, ертедегілердің пұтқа табынғанындай ғана шара емес пе.

Жасым 80-нен асты. Алланың берген жасын жасап өтерміз. Мәселе ұрпаққа тіреліп тұр. Жас ұрпақ елін сүйген патриот болып өссе екен деп тілейміз. Ұрыны көріп өскен – ұры болмақ, қарыдан қары өседі. Жағымпаздық пен сатқындық егіз. Алаяқтың ақыры – арамдық. Бізге осы керек пе? Ұрпақ намысты болуы үшін тарихтың қай кезеңінде болмасын, қандай қатігез, апатты заман болса да елі үшін басын ажалға байлар азаматтардың болғанын біліп өсуі керек. Осыны ұрпақтың санасына сіңіре алмасақ түбінде не қайыр сұрай аламыз?

Өзіңізден жауап күтеміз. 

Кәмел Жүністегі

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036