Дүйсенбі, 1 Маусым 2026
Абай.tv 92 0 пікір 1 Маусым, 2026 сағат 14:32

Министр: Су тапшылығы болуы мүмкін...

Сурет: Видео скрині.

Биыл Түркістан мен Қызылорда облыстарында су тапшы болуы болжанып отыр. Сондықтан шаруа қожалықтарына суды үнемдеу тапсырылды. Бұл жайында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов «24KZ» арнасындағы «ТҮЙІН» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.

«Рас, биылғы жылы Түркістан мен Қызылорда облыстарында су тапшылығы болады деген болжам бар. Ең бірінші ол болжам мына жоғары Қырғызстанда Тоқтағұл су қоймасы орналасқан. Біз оны көріп отырмыз ол жерде қаша су жиналғанын. Былтырғы жылмен салыстарғанда жалпы жоғары су қоймаларында ол – Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанда вегетация басталардың алдында 1 млрд 600 млн текше метр су аз болған былтырғы жылмен салыстырғанда. Ол дегеніміз вегетация кезінде сол су тапшы болады деген сөз. Біз қыста өзімізде орналасқан су қоймаларын жинақтадық 100 пайыз көлемінде. Бірақ сол вегетация кезінде 6 айдың ішінде бәрібір сол жоғары жақтан міндетті түрде су келу керек. Сондықтан, су аз болғанын көргеннен кейін болжам сондай болды су аз болатыны», - деді ол.

Министр су көп талап ететін дақылдарды, оның ішінде күріш көлемін қысқарту мәселесі қолға алынғанын айтты. Желтоқсан айында Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарына барып шаруа қожалықтарымен кездесіп, осы жағдай түсіндіріп айтылған.

«Нақты Қызылорда облысына келетін болсақ, ол жерде суды пайдаланатын ауыл шаруашылығынан басқа тағы екі үлкен бағыт бар. Ол Солтүстік Арал теңізі және экологиялық бағыт. Қызылорда облысында 70-ке жуық көлшіктер бар. Егер оларды сумен толтырмасақ экологиялық мәселе туындайды. Осы үш үлкен бағыт бойынша баланста болуымыз керек. Су ауыл шаруашылығына, балық шаруашылығы үшін Солтүстік Аралға су баруы керек және экологиялық мақсатқа біз суды жіберуіміз керек», - деді бағдарлама қонағы.

Сонымен қатар, Су ресурстары және ирригация министрі өңірлерде су бассейні инспекцияларының штат саны көбейтілгенін жеткізді. Бұл шара жергілкті жерлерде бақылау жұмыстарын күшейтуге мүмкіндік берді.

«Бүгінгі күні 8 бассейн инспекцияға министрлік құрылғаннан бастап біз арнайы комитет құрдық. Ең бірінші мәселе біз бассейн инспекцияларының штат мәселесін шештік. Қосымша 230-дан астам штат бірлігін бердік. Бұрынғы инспекцияларда штат саны аз болғаннан кейін көп көлемде жұмыстар атқарыла алмай жүрді жергілікті жерлерде. Сондықтан, біріншіден штатын көбейттік. Екінші, материалдық-техникалық базасын нығайттық», - деді Нұржан Нұржігітов.

Министрдің азаматтар суды тұтыну мәдениеті жайында да пікір білдірді. Айтуынша, егер әр азамат суды үнемдеуді үйренсе жыл сайын 260 млн текше метр ауызсуды үнемдей аламыз.

«Егер азаматтар біз берген ұстанымдарды сақтаса, Қазақстан 1 жылдың ішінде біздің есебіміз бойынша 260 млн текше метр ауызсуды үнемдеуіне болады. Еліміз жылына 1 млрд 300 млн текше метр аузызсу пайдаланады», - деді спикер.

Айта кетейік, мамандар биылғы жаз еліміз үшін оңайға соқпайын деп тұрғанын айтты. 11 облыс қуаңшылықтың қыспағында қалуы мүмкін. Құрғақшылық әсіресе батыс, оңтүстік және орталық аймақтарда қатты сезілуі ықтимал. Оңтүстік өңірлерде ең қиын кезеңдерде суару суының тапшылығы 1 млрд текше метрге жетеді.

БАҒДАРЛАМАНЫҢ ТОЛЫҚ НҰСҚАСЫ:

Abai.kz

0 пікір