Сағынбек Иманқұлұлы: «Рактың алдын алу және рак алды ауруларды дер кезінде емдеу бүгінгі заман талабы»
Қырғыз Республикасына еңбегі сіңген дәрігер, медицина ғылымының докторы, Біріккен Ұлыттар Ұйымының штаб пәтеріндегі халықаралық Ақпараттану Акедемиясының академигі, профессор Игісінов Сағынбек Иманқұлұлы:
«Тәуелсіздік жемісі» атты айдарымыздың бүгінгі қонағы, сұхбаттасымыз Қырғыз Республикасына еңбегі сіңген дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтеріндегі Халықаралық Ақпараттану Академиясының академигі, профессор Игісінов Сағынбек Иманқұлұлы.
- Сағынбек аға, ғылыми атақ дәрежеңізге қарағанда « өзге елде сұлтан...» болғаныңыз биіктен байқалып-ақ тұр. Сұхбатымызды өресі биік оқырманға көршілес қырғыз еліне қалай барып, қалай келгеніңізді қысқа ұғындырудан бастасақ.
- Ендеше өткен өмір доңғалағын сәлге қысқа кері бұрып айтар болсам, мен Игісінов Сағынбек Иманқұлұлы 1937 жылдың 16 наурызында, Жамбыл облысына қарасты Луговой (қазіргі Т. Рысқұлов) ауданындағы Алғабас ауылында дүниеге келгенмін. Ұлтым - қазақ. Білімім - жоғары. 1954 жылы орта мектепті күміс медальмен бітіріп, сол жылы Қазақтың мемлекеттік медицина институтына түсіп, 1958 жылы Қырғыздың мемлекеттік медицина институтына ауысып, оның емдеу факультетін 1961 жылы тамамдадым.
Қырғыз Республикасына еңбегі сіңген дәрігер, медицина ғылымының докторы, Біріккен Ұлыттар Ұйымының штаб пәтеріндегі халықаралық Ақпараттану Акедемиясының академигі, профессор Игісінов Сағынбек Иманқұлұлы:
«Тәуелсіздік жемісі» атты айдарымыздың бүгінгі қонағы, сұхбаттасымыз Қырғыз Республикасына еңбегі сіңген дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтеріндегі Халықаралық Ақпараттану Академиясының академигі, профессор Игісінов Сағынбек Иманқұлұлы.
- Сағынбек аға, ғылыми атақ дәрежеңізге қарағанда « өзге елде сұлтан...» болғаныңыз биіктен байқалып-ақ тұр. Сұхбатымызды өресі биік оқырманға көршілес қырғыз еліне қалай барып, қалай келгеніңізді қысқа ұғындырудан бастасақ.
- Ендеше өткен өмір доңғалағын сәлге қысқа кері бұрып айтар болсам, мен Игісінов Сағынбек Иманқұлұлы 1937 жылдың 16 наурызында, Жамбыл облысына қарасты Луговой (қазіргі Т. Рысқұлов) ауданындағы Алғабас ауылында дүниеге келгенмін. Ұлтым - қазақ. Білімім - жоғары. 1954 жылы орта мектепті күміс медальмен бітіріп, сол жылы Қазақтың мемлекеттік медицина институтына түсіп, 1958 жылы Қырғыздың мемлекеттік медицина институтына ауысып, оның емдеу факультетін 1961 жылы тамамдадым.
Оқу аяқталысымен Қырғыздың онкология және радиология ғылыми зерттеу институтына, онкология саласы бойынша клиникалық ординатураға, одан соң аспирантураға қабылдандым. 1966 жылы «Қырғыз ССР -дағы тері предрагының өлкелік ерекшелігі мен оның ағымы» атты тақырып бойынша Алма-Ата қаласында кандидаттық диссертацияны, медицина ғылымдарының докторы, профессор Алексей Ильич Саенконың ғылыми жетекшілігімен қорғадым.
1966-1968 жылдары Қырғыздың онкология және радиология ғылыми зерттеу институтындағы кеуде мен іш қуысы ісіктерінің секторында аға ғылыми қызметкер болып істедім.
1968 -1970 жылдары Қаз. ССР -ның денсаулық сақтау міністірлігінің 4- бас басқармасына қарасты Республикалық емханада онколог, ал 1970-1974 жылдары Қазақтың онкология және радиология ғылыми зерттеу институтындағы «Қатерлі ісіктердің эпидемиологиясы зертханасында»- аға ғылыми қызметкер, одан соң оның меңгеруші қызметін атқардым.
1974-1978 жылдары Қарағандының мемлекеттік медицина институтының онкология кафедрасында ассистент болып, студенттердің ғылыми үйірмесін басқарып, 1976 жылы Республикалық конкурста бірінші орын алып, «Коммунистік еңбектің озаты » марапатымен марапатталдым.
1978-2002 жылдары Қырғызстанның Ұлттық Онкология Орталығындағы «Рактың эпидемиологиясы және статистика» бөлімінің меңгерушісі, ал 1992-2000 жылдары Қырғызстанның мемлекеттік медицина академиясындағы онкология кафедрасының профессоры болып жұмыс істедім.
Осы жоғарыда көрсетілген мерзім ішінде 1000-нан аса әртүрлі қатерлі ісіктерге операция жасадым. Көп жыл өңеш хирургиясы бойынша еңбектеніп, алғаш рет «Инвагинациялық гастростома» жасауды ойлап таптым (өнертапқыш №4906823/14.0102242).
Қырғызстан мен Қазақстан территориясында экспедициялық әдіспен ел арасындағы қатерлі ісіктердің (предрак пен рактың) таралуын анықтау жолындағы жұмыстарды басқардым. Осы істелген жұмыстардың нәтижесінде 1992 жылы Санкт -Петерборда, «Өңеш рагінің пайда болуына биік таудың, этностық құрамның және тұрмыстық жағдайлардың әсері (Қырғызстандық модель)» атты тақырыпта докторлық диссертациямды қорғадым.
Аға ғылыми қызметкер атағын 1986 жылы,
«Саламаттык сактоонун ардактуу кызматкери» -1993 жылы,
Жоғарғы категориядағы онкологты -1997 жылы,
Профессорлық атақты - 2000 жылы,
Қырғызстан Республикасына еңбек сіңірген дәрігерді - 2000 жылы,
Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтеріндегі Халықаралық Ақпараттану Академиясының академигін - 2006 жылы, алдым.
Қазіргі кезде «Asian pacific journal of Cancer prevention» (Жапония) журналының редакция алқасының мүшесімін.
2002- 2009 жылдары Алматы Медицина колледжінде «Хирургиядағы мейірбике ісі» кафедрасының меңгерушісі және Қазақтың онкология және радиология ғылыми зерттеу институтында - бас ғылыми маман болып жұмыс істедім,осы көрсетілген жылдары 1600 жуық мейірбике тәрбиелеп шығардым.
2009 жылдан бастап С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-ің онкология, маммология және сәулемен емдеу кафедрасының профессорымын. Жоғарыда көрсетілген ұжымдардың атынан бірнеше алғыс пен «Құрмет грамоталары», ал 2007 жылы - Алматы қалалық денсаулық сақтау департаментінің «Құрмет грамотасымен» марапатталдым.
Жалпы 230-ға аса ғылыми еңбек жарияладым.
Барлығы - медицина ғылымдарының 2 доктор, 3 кандидат, соның үшеуін тарихи отаныма келгенде дайындап, шығардым.
Осы жылдары «Хирургиялық аурулар туралы дәрісбаяндама» (2009), «Онкологиядан таңдамалы дәрістер жинағы» (2010) және «Хирургиялық аурулардың тәжірибелік сабақтары» (2010) атты оқулық кітаптарым қазақ тілінде жарық көрді.
- Өмір жолыңызға қарағанда оқыған-тоқығаныңыз, өмірлік іс-тажірибеңіз қатерлі ісікке байланысты болғандықтан, Сіз тарапыңыздан қыруар жұмыстың жасалғаны көрініп-ақ тұр. Орайы келген сәтті кеңінен пайдаланып, осы дерт жайлы терең білгіміз келеді... Жер бетінің халқына үрей тудырған, кімге қарай атылса ажалдың оғы болып қадалар жалмауыздың түп тұқиянынан бүгінгі күнге дейінгісін сұхбатымызға арқау етсеңіз, Аға?
- Айтарымды оқырман қауымға түсінікті болу үшін осы дертті бүгінгі медицинаның шамасы келген жеріне дейінгісін таратып айтып көрейін. Ісіктер қатерсіз және қатерлі болып екіге бөлінеді. Бұлардың бір - бірінен ең негізгі айырмашылығы, біріншісі еш уақытта көрші сау ұлпаларға, тіндерге, яғни мүшелерге тарамайды, немесе көшпейді - зақымдамайды, ал екіншісі - аталмыш үрдісті міндетті түрде орындайды, сөйтіп өмірге қауіп туғызады. Ал микроскоппен қарағанда қатерсіз ісіктерде, олардың клеткалары бірдей бір -келкі болып, олар сырт пішіні, көлемі жөнінен аналық клеткаларға өте ұқсас келеді. Қатерлі ісіктерде, клеткалардың көлемі, бояалу қасиеттері, тіпті ядро мен цитоплазманың ара қатынасы, хромосомдардың саны, сапасы мүлдем өзгеріп кетеді. Кейбір қатерсіз ісіктер мүлдем қатерлі ісіктерге ауыспайды, мысалы липома, миома, ал кейбіреулері - тоқ ішектегі түймешіктері (полиптері) міндетті түрде қатерлі ісікке айналады. Сондықтан барлық қатерсіз ісіктерді нақты, нақты емес деп те қарауға болады. Нақты рак алды аурулар қатерлі ісікке көшу қабілеті өте жоғары келеді, ал нақты еместерде бұл қасиет төмен, немесе, тіпті, мүлдем болмайды. Дегенмен олардың қөбісін ісік алды өзгерістер деп қараған жөн.
Біріншіден, ісік алды өзгерістерді ісік алды аурулардан ажыратып алу керек. Ісік алды өзгеріс ол ауруға жатпайды, бірақ созыла түссе және оны туғызған себептері ағзадан кете қоймаса, яғни емделмесе, онда ол міндетті түрде ісік алды, немесе ісік ауруларына ауысады. Өмірде көбінесе бұл екеуі де рак түйінінің айналасында орналасады.
- Сағынбек аға, не себептен ісік алды өзгерістер, не аурулар ракқа айналады?
- Бұл енді елді елең еткізер, әрі өте қиын сұрақ? Егер біз бұл құпияны тез аша білсек, онда рак ауруының сырын білер ме едік? Дегенмен қазір XXI-ғасырдың басында алдыңғы 100-1000 жылдармен салыстырғанда көп нәрсені түсіндік және рак туғызғыш заттарды аштық.Таратып айтар болсам, олар - вирустар, онкогендер, гормондар, сәуле шоқтары, химиялық рак туғызғыш заттар - канцерогендер. Бұлар жеке дара, немесе қосарланып әсер етуі ықтимал және олардың әрқайсысы рактың барлық түрінде шешуші рөл атқарады.
Канцерогендер тек сырттан ағзаға түсіп қана қоймайды, сонымен қатар ішкі мүшелерде де пайда болуы мүмкін, әрине мұның бәрі зат алмасу үрдістерінің бұзылуынан негізделінеді. Дегенмен, аналық - сау клетканың кенеттен рак клеткасына ауысуы жедел, тез арада пайда болатын құбылыс емес, бұған көп уақыт - айлар, жылдар қажет. Көптеген зарттеулер сау клетканың ракқа айналуын анықтай түсуде.
Мысалы: малигнизация деген сөз тәжірибеде жиі қолданады, оның түбірінде сау клетка ракқа айналды деген пікір, түсінік жатыр. Аталмыш үрдістің негізінде мутация үрдісін аңғаруға толық болады, ол клетканың ядросындағы генетикалық өзгерістен басталады. Пайда болған бір рак клеткасы басқа сау клеткалармен ықпалдасып, оларды да өзгертеді, сөйтіп бірнеше рак жанұялары негізделінеді, оларды рак клеткаларының клондары дейді. Мутацияның нәтижесінде жаңа пайда болған рак клондары қалыптасады.
- Сонда қалай аға, адам организіміндегі иммундар қаншама ауруға қарсы тұрғанда, бұған қарсы тұра алмай ма?
Жалпы рак клеткаларына мыналар тән - атипизм, яғни клеткалардың өзге түрлілік болуы, ядросының полиморфизмі мен цитоплазманың әртүсті бояуымен боялуы, ядродағы бөліну үрдісінің неше түрлі дәрежеде және деңгейде тұруы. Рак клеткасы дамылсыз өніп, өседі, бұл үрдіс ағзадағы ми жүйелерінің реттеу қасиеттеріне бағынбайды және ол жеке дара автономды басқарылады. Осылардың нәтижесінде рак клеткалары көрші сау мүшелерді зақымдай отырып, ісіктің ошақ көзі ұлғайа береді.
- Кешіресіз аға, осы Сіз айтып отырған дерттің ел арасында қалыптасқан ілеспе сөзде «еркегі, ұрғашысы» болады екен дегенді жиі естиміз. Осыған байланысты Сіздің айтарыңыз?
- Бұл енді ел арасында айтылған қарапайым қалыптасқан сөз. Медицинада бұл дерттің жаңағы өзің айтқан «еркегі, ұрғашысы» болмайды. Осыған байланысты айтар болсам кейде ісіктің үлкен көлеміне байланыссыз қан-лимфа тамырлары арқылы ісік алыста орналасқан сау мүшелерді зақымдап, екінші бір рак ұяларын - бөгелме ісік ошақтарын тудырады. Мұны метастаз деп атайды, оның болмайтын, орналаспайтын жерлері мен мүшелері, кемде-кем. Дегенмен әр рактың жиі бөгелме ісік беретін жерлері бар, мысалы: ішкі мүшелердегі рак көбінде бауырға, лимфа бездеріне, миға, өкпеге оның екінші ошағын негіздейді. Сүт бездерінің рагы жалпақ сүйектерге жиі бөгелме ісік береді. Жалпы бөгелме ісік беру қасиеті рак орналасқан мүшенің қан-лимфа тамырларына бай, не нашар бітуіне тікелей байланысты және атқаратын қызметіне де тығыз сыбайлас келеді. Қызметін белсенді атқаратын мүшедегі рак жиі, әрі тез арада бөгелме ісік береді. Бұған мысал: рактың жас және ескірген ағзада орналасуына да байланысты болады, ал оның біріншісінде зат алмасу үрдісі тез және белсенді жүреді, сол себепті ісік тез арада өзгеріп, құбылып отырады, әрі жылдам ағзаға тарап кетеді. Міне, осының салдарынан жас адамдарда емдік нәтиже өте тиімсіз орындалады, ал егде жастағы адамдарда алмасу үрдісінің баяу жүруінің негізінде кезкелген ем пәрменді орындалады. Жалпы емдік нәтиже ісіктің өсу дәрежесіне, қарқынына, орналасқан жеріне, морфологиялық түріне және ағзаның иммунологиялық хал-ахуалына байланысты болып келеді. Кейінгісі ең керекті және өте маңызды себептердің бірі болғандықтан, оған кезкелген дәрігер үлкен мән беруі керек.
Көп жылдық клиникалық тәжірибе бойынша кезкелген ракқа тән ағзада созылмалы өзгерістер, немесе ісік алды аурулар кездесетіні дәлелденген. Ісік алды ауру деген ұғым мүшедегі, оның шырышты қабатының клеткалары қабыну емес үрдістен пайда болған атипиялық көрініске тап болуын айтады. Бұл көрініс тек бір жергілікті жердегі ғана құбылыс, ол әлі мүшенің шекарасын бұзбайды, ыдыратпайды. Егер аталмыш үрдіс емделмей, ұзаққа созылса, онда ол ракқа айналу қаупін туғызуы мүмкін, онда бұл облигатты, яғни нақты ісік алды ауру болып саналады. Ал, нақты емес ісік алды аурулардың өмірге ешқандай зияндық әсері жоқ. Деседе, патогенетикалық тұрғыдан, ісік алды аурулардың бұлай екіге бөлінуі бір жағынан шартты құбылыс, сондықтан нақты емес ісік алды аурулардың зияндығы жоқ деп оларды диспансерлік бақыламау және емдемеу - нағыз қателік.
Әрине, дені сау адамдарға қарағанда кезкелген ісік алды ауруы бар науқас дер кезінде толық емделінбесе және рак туғызғыш заттардың ағзаға әсері тоқталмай қайталана берсе, онда нағыз қауіпті жағдай болып саналады, егер оның клеткасында атипизм және полиморфизм негізделінсе. Көбінесе тәжірибеде ерте пайда болған атипизм мен полиморфизмді дисплазия деген мәтінмен белгілеп жатады. Пролиферация көбейіп, үдеген сайын оның аймағы ұлғая түседі. Дисплазияның үш түрлі көрініс дәрежесі бар, біріншісі - әлсіз, екіншісі - орташа, ал үшіншісі - айқын көріністегі дисплазия. Кейінгіде - жеке оқшауланған рак клеткасын көруге болады, бірақ ол клеткалар тіннің базалды сызығынан өтпегендіктен, оны іп situ рагы, яғни қатерлі дерттің нөлдік өсу дәрежесіндегі ісік деп саналады. Қазіргі таңда оның 100 ден астам түрі белгілі. Ол орналаспайтын, зақымдамайтын ұлпа, тін, мүшелер жоқ. Бұлардың барлығына тән жалпы бір патогенетикалық ұқсастық бар.
- Сағынбек аға, осы орайда біздің білгіміз келгені бұл дерт тұқым қуалаушы кеселдер тобына жатама?
- Дәл қазіргі деректерге сәйкес ракты тұқымқуалаушы ауру - деп те санайды, себебі бұл өспе, клеткадағы тектік қасиеттің бұзылуынан болады, дәлірек айтсақ протоонкогендердегі, немесе супрессор - гендердегі терең күйдегі өзгерістердің қалыптасуынан, олар клетка ішіндегі ядроның бөлінуін реттейтін жүйке талшықтарының қызметін бұзады, сөйтіп оның өніп-өсуі өз бетінше, жеке - автономды болады, бұлардың бәрі молекулярлық деңгейде жүреді.
Гендегі мутация және оның қызметтерінің өзгеруі көптеген себептерден пайда болады, олардың бірегейлеріне тағамдану және темекі тарту жатады, себебі тағаммен бірге ағзаға неше түрлі химиялық заттар түседі, солардың ішінде рактың дамуына әсер ететіні канцерогенді заттар, олар ауруды одан әрі қоздырады, үдетеді.
- Бұл айтқандарыңыз оқырман қауымға түсінікті болу үшін мысалдармен толықтыра кетсеңіз?
Бұған мысалы:Темекі тарту, мен насыбай ату. Байқасаңыз ежелден белгілі ел арасындағы өте жағымсыз әдеттер. Бұлар 50,0% еркектерде рак туғызады деген жорамал бар. Темекі түтінінде ракты қоздырғыш химиялық заттар - канцерогендер өте көп, атап айтқанда қошиісті көмірсутегі 3-4-бензпирен, радиоактивті заттар - полоний-210, бұларға қоса никотин, синил қышқылы, мышьяк тотығы, никель, хром, кадмий бар. Егер бұлар ұзақ уақыт ұлпаға әсерін тигізіп отырса, мысалы: ерінге, көмейге, жоғары тыныс жолдарына, өкпеге, өңешке, кеңірдекке, рак қоздырғыш әсері темекі түтінімен қосылып қосарланып, тікелей зиянды ықпалы еселенеді және қалыптасады. Аталмыш заттардың қалдықтары ағзадан бүйрек, ұйқы безі, тері арқылы шығарылып отырады. Ұзақ уақыт темекі тартқан, не насыбай атқан адамдарда осылардың орын алуы өмірде дәлелденген құбылыс. Қазір тікелей гендерге, текке, өздерінің уытты қасиеттерімен де ықпал ететін заттар белгілі, оларға жататындар:
1. Нитритпен, нитраттар, ауыр металдардың тұздары, мышьяк, бериллий, кадмий, қорғасын, никель сияқты канцерогенді микроэлементтер т.б., нитрозоқоспалар.
2. Майлар, әсіресе семіз адамдарда май ұлпаларынан ароматизация үрдісі арқылы артық мөлшерде эстроген гормондары өндіріле бастайды. Сонымен бірге, артық мөлшерде шығарылған өт қышқылы ішектердегі микробтардың сандық, сапалық өзгеруіне, өттің жүруіне, тұрып қалуына әсерін тигізеді де, тікелей өт май қышқылынан канцерогендік зат пайда болады.
3. Консервіленген тағамдарда, кептірілген және ысталған балықтарда, нитрит, нитрат тұздары бар.
4. Көмірсутектер кулинарлық іс-әрекетке байланысты асқазандағы тұз қышқылымен қосылып олардан нитрозоқоспаларын негіздейді.
5. Арахис және бидай сияқты дақылдар көгеріп, өзгерсе олардан афлотоксин сияқты канцерогендік қасиеттері бар уытты заттар пайда болады.
Канцерогенезді тежейтін заттар да бар, олар: витаминдер тобы, әсіресе, витаминдер С, А және Е, тиолды қоспалар - глутатион, N-ацетилцистейн, көк шәй т.б.
Мына вирустар адам ағзасында ісік ауруын туғызады.
1. Эпстайн-Барр вирусы - Беркит лимфомасын және мұрын қуысымен көмейдегі ракты қоздырады.
2. В,С гепатит вирустары - бауыр рагының пайда болуына себепті болады.
3. Лимфаклеткаларындағы - Т клеткалы вирус рактың көптеген түрлерін қоздырады - жатыр мойнының, қынаптың, тік ішектің, терінің, қуық асты бездің, көмейдің, еркек жыныс мүшелерінің және папилломаларды. Мұны папиллома вирусы дейді.
Рак ауруы тез арада пайда бола қоймайды, оның жасырын жүру мезгілі 20-60 жыл. Эпидемиолдогиялық зерттеулердің нәтижелерінде қатерлі ісіктердің жиі таралған жерлерінде сол ісіктерді туғызатын вирустардың қөп таралғанын байқауға болады. Соның ішінде - Эпстайн-Барр мен бауыр В вирустары. Олардың көп таралған жерлеріне - Орталық және Оңтүстік Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері, ал Т- клеткалы лимфотропты вирустар болса - олар кейбір Жапония аралдары және Кариб теңізінің аймақтарында кездеседі. Ресейде және Қазақстанда Т- клеткалы лейкозды қоздырғыштары табылмаған, болса да ол өте сирек кездеседі. Тәжірибе жұмыстарында адам баласындағы папиллома вирусының - бірнеше түрлері анықталған. Ол тек жайылмалы шырышты қабаттарын ғана зақымдайды, әсіресе жатыр мойын рагын қоздырады, сөйтіп олардағы р53, Е6 гендерін мутациялайды, ауырған адамдардың 90,0% -ында осы вирустың бары анықталған. Ал вирус қайдан, қалай жұғады деген сұраққа, науқас әйелдердің сыртартпасында - олардың ерте жыныстық қатынаста болуы, еркектерді жиі-жиі алмастыруынан анықтауға болады. Мәселен, жыныстық қатынаста болмаған жас қыздарда - папиллома вирусы 1,0%- дай, жыныстық қатыныста болғандарда - 10,0% -ға жетсе, ал бірнеше еркектермен жыныстық қатынастағы әйелдерде - 30,0% ға дейін өскен. Сонымен бірге - бұл вирус адамдардың 80,0% жуығы бір- бірімен сүйісу арқылы жұғып, олар мутациаланып өзгеріп отырады, соның нәтижесінде олардың бірнеше түрлері пайда болады. Папилома вирусы - көптеген рактың қозуына мүмкіндік тудырады, оның 5- және 8- түрлері - терінің, 16,18,31,33- түрлері - жатыр мойнын, 16-түрі - қуық асты без, 31, 33- түрлері - көмекей рактарынның пайда болуына негізгі себебі болады.
Гормональды және зат алмасу үрдістерінің бұзылыстары әйелдер ағзасындағы репродуктивті жүйесінің ұрпақ дамыту қызметтеріне -тікелей байланысты. Аталмыш жүйеге сүт, аналық, ұйқы, қуық асты бездері, жатыр жатады. Гормонды зат алмасу үрдістерінің нәтижесінде ағзада эстроген, тестостерон гормондарының мөлшері тым көбейіп кетеді - ал бұлар жүктілік бұзылғанда жиі байқалады. Еркек жыныстық гормоны - тестостеронның өсуі, ұйқы және қуық асты бездерде рак туғызуы ықтимал. Орташа есеппен барлық онкологиялық аурулардың 20,0% -ында ракқа тұқым қуалаушылық байқалады. Бірақта, тұқым қуалаушылық рак онкологиялық аурулардың барлығын қосқанда ғана тек солардың 5-10,0% -ын ғана құрастырады және олардан мыналарды байқауға болады:
§ рактың сондай түрін ең жақын деген туыстарынан аңғару,
§ ата-бабаларынан да кездесуі,
§ рак ұяларының бір ғана түйіні емес, бірнеше түрлерінің болуы,
- адам баласының жас, немесе, тіпті, ерте кезеңдерінде рак ауруының анықталынуы.
Әрине, онкогендердің болуы және оның өзгеруі - мутациялануы және бұлардың ұрпақтан ұрпаққа берілуі ракқа тек қолайлы жағдай туғызады. Сондықтан генетикалық себеп пен қоршаған ортаның қолайсыз әсерлері рактың әр түрінде әртүрлі. Мысалы, ананың сүт бездеріндегі және тері меланомасында генетикалық себептер 50-60,0%-дай рөл атқарса, ал жатыр мойнындағы ракта оның үлесі 3,0%-дан аспайды. Тұқымқуалаушылық фактор ракта әлі де ғылыми-тәжірибелік шешімін тапқан емес, осы күнге дейін олардың жиілігін, эпидемиологиясын, клиникасын, диагностикасын, тиімді емдеу және сақтандыру жолдары жан-жақты, терең зерттелмеген. Сондықтан, бұл терең, пәрменді тексеруді қажет етеді.
Ұзақ күнге қақталу, біріншіден, тек теріге зияндық әкеледі. Бірақ, мұның қан және сүт безі рагына да әсері бар.
Радиоактивтік - иондық сәуле шоқтарына ұшыраған адамдардың генетикалық аппараттарында гендік мутация байқалады да кейіннен олардың көбісінде рак ауруы анықталынады. Бұл көрініс Жапонияның Хиросима және Нагасаки тұрғындарында дәлелденген, ал ТМД елдерінде Чернобыль АЭС-інде болған. Радий сәулесі қан және қалқанша безіндегі рактарда шешуші рөл атқарады.
Кәсіптік рак - деп адам баласының жұмыс істейтін жерлеріндегі зиянды өндірістік қалдықтарының ағзаға канцерогендік әсер етуінін пайда болатын ісікті айтады.
Қоршаған орта - ауа, топырақ және су - адам баласының тіршілігімен тығыз байланысты. Көлік жанармайларының жартылай жануы және сол сияқты завод, фабрикалардың түтіндерінде канцерогендік заттар тым көп, міне, осылар қоршаған ортаны ластайды, солар арқылы жоғарғы тыныс жолдарына - тікелей өкпеде алдымен қабыну ауруларын туғызып, кеңірдектің, немесе өкпенің шырышты қабаттарындағы клеткаларды өзгертеді, мұны метаплазия дейді, кейіннен бұл өзгерген шырыш ұлпасы ракқа айналады.
- Бүгінгі күнде көңілдің қошы мен дастарханның сәніне айналған арақ-шараптың бұл ауыздықталмайтын «жанның егеуі» болған дертке қаншалықты жағымды, жағымсыз ықпалы бар? Біреулер арақ пен шарап көп аурулардың алдын алады депте жатады. Сіздің маман ретінде айтарыңыз?
Спиртті ішімдіктер(Алкоголь)- ауыз қуысындағы, жұтқыншақтағы, өңештегі шырышты қабатқа тікелей зиянды әсерін тигізеді. Оған мысал Францияда - оның солтүстік аймақтарында күн суық, соған байланысты бұл жердегі тұрғындар - кальвадос деген арақты көп ішеді, ал оңтүстіктің адамдары күн жылы болғандықтан арақты аз қолданады, қөбінесе қуаты төмен жүзім шараптарын пайдаланады. Сондықтан бұл жерде өңеш рагы сирек тіркелінеді, ол Францияның солтүстік тұрғындарында, оңтүстіктерге қарағанда 2-3 есе жиі кездеседі. Арақ екі жақты зиянды әрекет жасайды: біріншіден - ол жыныс клеткаларын уыттайды, сөйтіп тұқымқуалайтын рактардың пайда болуына себеп болады, ал екіншіден - аналық сау клеткаларды бұзады және өзгертеді. Оларда ракқа бейімділік қасиет орнығады, атап айтқанда мутация туғызады, бірнеше рет мутацияланған клеткада бөліну үрдісі бұрынғы қалпына келмейтіндей терең әрі күрделі үрдісте байқалады.
Қазіргі кезде ғылымда 100- ден астам протоонкогендердің бары мәлім, олардың кейбіреулері ісікті анықтау және емдеу жолдарында таргетті әдіс - нәтижелі қолданылып келеді. Келешекте бұл жөнінен табысты болатындығымызға көп үміттің бары айқын.
Рак клеткасының 1,0 см.-ге дейін өсуі үшін азында 90 күн қажет екен, яғни 30 рет клеткада ядро бөлінісі болады. Бұл рактың жасырын жүруіне 3-5 жыл керек деген ұғым. Бірақ осы уақыттың ішінде мардымсыз болса да әйтеуір бір клиникалық белгі, немесе көптеген клиникалық белгілер туады, алғашқысын симптом десек, кейінгісін синдром дейді.
Бес феномен, рак ауруының негізгі көріністерін білдіреді, олар мыналар:
1- қуысты, немесе ұлпасы қатты тіндерде, мүше қуысы бітеледі, осыған байланысты бірнеше клиникалық белгілер туындайды,
2- мүшенің қабырғасы зақымдалып ыдырап, бұзылады, бұл көріністе қан ағу, не ойық жара пайда болады, аталмыш белгі ісіктің экзофитті-анатомиялық түрінде кездеседі,
3- мүшені сырттан қысып, ауырсыну сезімі пайда болып, оның қызметі бұзылады,
4- ағзаның жалпы уыттануы әлсіздікпен, арықтаумен, тамаққа тәбеттің шаппауымен белгіленеді,
5- ісіктің түйін тастауы, ол көзге көрініп, қолға сезіледі.
Есте сақтайтын бір нәрсе ол клетка 40 рет бөлінгеннен кейін ісіктің жалпы салмағы 1-1,5 кг. болады. Әрине бұл кезде адам өміріне өте қауіпті жағдай туып, алыстағы мүшелерде бөгелме ісік пайда болады.
Ең бірінші бөгелме ісік - лимфа бездерінде байқалады, бірақ олар алыстағы мүшелерде де болуы ықтимал. Әрине, лимфа сұйығының ағым бағыты диагностика, әсіресе, ем үшін өте қажет, себебі радикальды ем үшін тек қана ісік көзін алу жеткіліксіз болып саналады, сондықтан да бұған қоса лимфа бездерін сылады, оның қаншасын алу, алмау лимфа ағымына, бездердің сау, сау еместігіне тікелей байланысты.
Әр рактың өзінше бөгелме ісік беретін жолдары бар. Мысалы: сүт безінің рагы өте жиі сүйектерге, онда да жалпақ сүйектерге, бөгелме ісік береді, кейде оның орналасқан жеріне байланысты - емшек рагынан пайда болғанын анықтауға болады. Ана бездегі және бүйректегі ракта - бөгелме ісік өкпеде, тоқ ішектегі ракта - бауырда ошақтары орналасады. Жалпы бөгелме ісіктер өкпеде, бауырда, сүйектерде, мида орналасады, бір ғана немесе бірнеше болуы - ісіктің асқынғанын, өршігенін білдіреді. Мұндайда радикальды операция жасауға болмайды.
Ісіктің биологиялық ерекшелігі, яғни оның қауіптілігі, қауіпсіздігі клетканың тез, немесе баяу өсетіндігіне қарай сыбайлас жүреді. Оның осындай ең негізгі қасиетін морфологиялық зерттеу арқылы анықтауға болады, неғұрлым клетка пісіп, жетілмеген сайын, ол соғұрлым қатерлі жүреді. Пісіп жетілмегендікті морфолог микроскоп арқылы, клетканың аналық клеткаға ұқсастығын анықтау арқылы ажыратады, неғұрлым ұқсаспастық деңгейі өскен сайын, соғұрлым клетка жастау келеді, сондықтан биопотенциалық қүш-қуаты жоғары болады да, ол тез өсіп, ұлғаяды, әрі бөгелме ісік береді. Клетканың пісіп-жетілу деңгейі жасқа да байланысты, жас адамдарда көбінесе ісік клеткасы да жастау болып, аналық клеткаға ұқсас келеді.
Ісіктің қайталануы және бөгелме ісіктер қолданған емнен кейін 1-3 жылдар арасында жиі байқалады, сондықтан оларды осы уақыт аралығында жиі-жиі бақылауға алып, тексеріп отыру керек. Жалпы көрсетілген мерзіммен бөгелме ісіктің пайда болуы бітіп қалмайды, кейбір ісіктерде олар 3-5 жылдардан кейін білінеді, тіпті, 10-20 жылдардан кейін де пайда болуы әбден ықтимал. Осы көрсетілген мезгіл тек сырт орналасқан ісіктерге тән, ал ішкі мүшелерде - бұлай болуы сирек. Міне, осы заңдылыққа байланысты онкологиялық аурулар арнайы емнен кейін, өмір бойы бақылауда болады.
- Сағынбек аға, жалпы бұл дерт жайлы оқырман қауым бір шама мәліметке ие болды. Біздің ендігі білгіміздің келетіні, осы дерттен құтылудың жолдары. Негізінде бұл дерттен құлан таза айығып кетуге бола ма? Бүгінгі медицинаның қауқары қай деңгейде?
Жалпы халыққа көрсетілетін онкологиялық қызметтің негізі, осы қатерлі ісіктен айығу жолдарын іздеу болып саналады. Қазіргі таңда әлемдік медицинаның рак дертіне ерте және алғашқы сатысына шалдыққандардың өмір сүру кезеңін 5 жылға ұзаруына қол жеткізіп отыр. Ескерте кететін мәселе, ол көзбен көріп анықталатын қатерлі ісіктерде (тері, сүт безі, жатыр мойны, тік ішек, қалқанша без) бес жылдық өмір сүру мерзімі, ішкі ағзалармен салыстырғанда жоғары, бұл көрсеткіш 60-70 пайызды құрайды. Қазақстанда (2010ж) бұл аурудан айығып кеткендер саны жыл санап өсуде: Мысалы 2009 жылы 138823 сауыққан адам болса, ол 2010 жылы 144899 науқасқа жеткен. Ал олардың ішіндегі 5 жылдан асық өмір сүргендері 51,2 пайызды құрайды. Рактың алғашқы сатысында анықтау екі жаққа байланысты, біріншісі халық арасындағы қатерлі ісікке деген күдіктің төмен болуында, рак туралы сауаттылықтарының жетіспеушілігі, санитарлы-насихаттың пәрменсіздігі, ал екіншісі ол арнайы аспаптармен қондырғылардың жетіспеушілігінен, жоғарғы санатты дәрігерлердің үлесіне тығыз байланысты. Салауатты өмір салтын сақтау, қоршаған ортаны ыластамау, рактың алдын алу және рак алды ауруларды дер кезінде емдеу бүгінгі заман талабы. Дегенмен 20 жыл ішінде, Қазақстанның көпшілік облонкодиспансерлері заманауи құралдармен жабдықталуда, компютерлік, магнитті резонасты, плазмалы эмиционды томографтармен жабдықталуда. Негізгі қағида ракты болдырмау, оның рак алды ауруларын дер кезінде анықтап емдеу онкологиялық қызметтің басты мәселелерінің бірі болып саналады.
- Аға, осы дерттің біреуге ерте, біреуге кеш жабысатынының себебін осы саланың маманы ретінде қалай түсіндіріп берер едіңіз? Адам не себептен бұл дертке шалдығады?
Қатерлі ісік жер шарында бірдей барлық адамдарда кездеседі, жасы 40 қа жетпегендерде дәнекер тіндерден пайда болатын ісік- саркома, ал 40 жастан асқандарда -рак кездеседі. Олар негізгі үш факторға байланысты: физикалық, химиялық және биологиялық. Бұл факторлар қоршаған ортада кең таралғандықтан, солардың әсерінен әртүрлі қатерлі ісіктер пайда болады. Мысалы қанцерогендік химиялық заттар (3-4 бензпирен, нитрозамин, афлотоксиндер т.б.), адамдағы рактың бір түрін қоздырса, физикалық факторлар көбінесе терідегі ракты қоздырады, ал биологиялық факторлар, оның ішінде вирустар жыныс мүшелердегі ракты қоздырады. Адамзат өмір сүру ұшін, өзіне керекті заттарды өндіруге мәжбүр, ал оны өндіре отырып, онымен бірге қанцерогенддік заттардың пайда болуына жол береді. Ядролық жарылыстар адам өміріне тікелей әсер етуде. Экологиялық жағдайлар әрбір құрлықтарда әртүрлі, сондықтан рактың пайда болуы да әртүрлі. Өлкелік өзгешіліктері бар. Мысалы Австралияда тері рагы өте жиі кездессе, ол түрік тектес елдерде өте сирек кездеседі. Еуропалық әйелдерде - сұт безі рагы мұсылман елдермен салыстырғанда басым.
- Аға, осы дертке шалдыққандарға белгілі маман ретінде берер кеңесіңіз? Елде әр түрлі ем-домдарды естиміз. Біреулер жыланның, кірпінің етін жеу ракка кері әсер етеді дегенді көлденең тартады. Сіздің айтарыңыз?
Бұл өте қате пікір, қатерлі ісік морфологиялық жолмен (микроскоппен көріп, зерттеу) дәлелденсе, оған тек арнайы емнен басқа, ем-дом жоқ! Ел арасындағы «шипагерлер» шын мәнінде ракты жазатын болса, осы жолмен анықталған рагы бар науқастарды, әрбір облыстағы онкодиспансерге келіп неге емдеп жазбайды? Оларға қаралған науқастардың кей біріне қате диагноз қойылғанының салдарынан, кейде осындай жағдайлар ел арасында орын алып жататынын көзіміз көріп,құлағымыз есітіп жүр. «Дәрігерлер рак деп диагноз қойған науқасты мен емдеп жаздым» деп жүргендері сондықтан. Әрбір адамның денсаулығы өзіне байланысты. Денінің саулығы бірінші кезекте адам өмірінің асқар шыңы. Сол биікке шығудың негізгі жолы тек салауатты өмір салтын қалыптастырып және сақтау.
- Аға, осы дертке шалдыққандардың дене мүшесінің емі белгілі бағыттағы схема арқылы, елдің қолданыстағы сөзімен айтар болсақ «химия» алу арқылы емделсе, баз бірі «сәуле» мен күйдіру арқылы емделеді. Бұл қолданыстағы тәсілдердің қайсысын қандай жағдайда қолданады? Олардың тиімділігі қаншалықты деңгейде?
Қатерлі ісіктің табиғи шығу тегі әртүрлі және адам мүшелерімен ағзаларындағы ісіктерде бірдей емес. Сондықтан да оларға әр түрлі ем қолданылады. Негізгі емдеу тәсілдеріне - хирургиялық, химиотерапиялық және сәулемен емдеу жолдары жатады. Бұлар рактың өсу сатысына байланысты жүргізіледі. Қатерлі ісіктің I,II- сатысында тек хирургиялық ем қолданылса, ал III- сатысында, кейде IV-сатысында қоспалы, не кешенді ем қолданылады. Міне осы кезде химиятерапия мен сәуле қосарланып, операция жасар алдында, не соңында жүргізіледі. Кейбір ісіктерде соңғы екі тәсіл жеке түрде арнайы ем ретінде қабылданады. Осы үш тәсілдің екеуі қатарымен қолданылса (хирургия+ химиотерапия, сәуле+ хирургия, химио+ сәуле) онда қосарланған, немесе үш-төрт тәсіл бірінен соң бірі қолданылса (химиотерапия+хирургия+сәуле + гормондар), онда кешенді ем деп аталады. Осы тәсілдердің өздігінше қатерлі ісікке әсірі бар, кейбір ісіктерде тек химиотерапия жеткілікті, ал кейде операцияға қарсы көрсеткіштері болса, онда жалғыз сәуле қолданылады. Адам ағзасындағы ісік, сол мүшенің қай бөлігінде орналасуына да байланысты. Мысалы өңештің мойынымен, жоғарғы кеуде бөлігінің үштен бірінде сәулемен емдеу тиімді. Қазақстанда барлық онкодиспансерлерде бір ыңғайлы (стандартты) ем қолданылады, одан ауытқуға болмайды. Сол стандартта көрсетілген ем жолдарын ауыстыруға да тиым салынады. Бүгіңгі медецинада осы аталған тәсілдерге керекті химиопрепараттар жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген.
Мысалы, кейде тері рагы бетте ораналасқанда, оның алғашқы сатысында сәулемен емдеудің 100 пайызды нәтижесіне жетуге болады. Қан өндіру жүйелерінде пайда болған қатерлі ісікте- химиотерапия тәсілі ұзақ мезгіл науқасты сауықтандыру жолымен барып жүргізіледі (ремиссия). Ал асқорыту жолдарындағы ісікте-хирургиялық тәсіл басым, алайда қандайда бір операция радикалды жасалсада, операциядан кейін химиотерапия бірнеше курспен (6-12 циклмен) жүргізіледі.Себебі оперияциялық жолмен катерлі ісіктің клеткасын алып тастағаннан кейінде, қан арқылы адам дене мүшелеріне бірлі жарым рак клеткаларының орнығып қалмауы үшін.
- Аға, жаңағы «химия» мен емдеу тәсілі бойынша белгіленген цикл біреуге 6 ай, біреуге 12 ай деп, дәрігерлер ем алу мерзімін алдын ала белгілеп, осы жоба бойынша ем алуды талап етеді және осыған сай емдейді де. Осының мәнін түсіндіріп айтсаңыз, неге бұлай? Енді осы сұрақтың заңды жалғасы, белгіленген мерзімі біткен сон, дәрігерлер науқасқа енді дем алыңыз дейді. Сонда олар қандай дәйекке сүйенеді? (Аузы ашық жара болса екен, жараның аузы бітелді, ыстығың түсті, енді үйіңе бара бер деп жібере салатын.)
Бұл сұраққа жауап жоғарыдағы сұраққа сәйкес болғандықтан, мына мәселеге тоқталайын, химиотерапия жүргізгенде, бірнеше препараттар белгілі бір жүйеде қолданылады, оның себебі, рак клеткаларының өз бетінше бөлініп көбейуі олардың бөліну кезеңіне (циклына) байланысты, Пресинтетикалық, синтетикалық, постсинтетикалық және митозды болып бөлінетін жолдары бар. Осы кезеңдеріне сай берілген химиопрепарат әсер етеді. Мысалы бір препарат- рак клеткасының пресистезді циклында әсер етсе, екіншісі, тек митозда әсер етеді. Қазіргі кезде - рак клеткасының ішінде, қайсы бөліну циклы басым оны анықтау қиын, сондықтан біренеше химиопрепараттар жүйелі, өздеріне тән нұсқау арқылы қолданылады. Осы аталған химиопрепараттар, тек ісікке ғана әсер етпей ағзадағы сау клеткаларғада залалын тигізеді, әсіресе қан өндіру жүйесіне, міне соған байланысты осы ем қолданылған соң белгілі мерзімге демалыс беріледі. Сәуле жүйесімен белгілі мөлшерде сәуле дозасын алғанда да, адам организіміне демалыс қарастырылған, себебі үзілістің негізінде осы мерзімде ағзадағы қан өндіруші жүйенің жұмысы қалыптасады.Сіз сұраған демалыс сол үшін керек.
- Аға, мәнді де мағаналы сұхбатыңызға үлкен рахмет. Мақсатымыз ел арасында «бейдауа» деген атқа ие болған осынау дерттің бүгінгі медецинаның деңгейіндегі қыры мен сырынан өресі биіқ оқырманды хабардар ету болатын. Хабардар еттікте. Ендеше сұхбатымыз мұрат мақсатына жетті десекте болады.
Сұхбаттасқан Төлемырза Темірбекұлы
«Төртінші билік» газеті.