Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2612 0 пікір 26 Маусым, 2009 сағат 05:21

Қайрат Жолдыбай. «МӘЗҺАБСЫЗДЫҚ — АДАСУШЫЛЫҚҚА ҰРЫНДЫРАДЫ

 

НЕМЕСЕ «МӘЗҺАБ ҰСТАНУ - ҚАЖЕТ ЕМЕС...» ДЕУШІЛЕРГЕ НАҚТЫ ЖАУАПТАР

Мәзһаб - жол, бағыт, көзқарас деген мағынаны білдіреді. Шариғатта - арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығы «мәзһаб» делінеді.

 

НЕМЕСЕ «МӘЗҺАБ ҰСТАНУ - ҚАЖЕТ ЕМЕС...» ДЕУШІЛЕРГЕ НАҚТЫ ЖАУАПТАР

Мәзһаб - жол, бағыт, көзқарас деген мағынаны білдіреді. Шариғатта - арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығы «мәзһаб» делінеді.

Мәзһаб ұғымын жете түсіне алмаған шала сауатты кейбір адамдар халық арасында: «Сен, Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетімен жүресің бе, жоқ әлде Ханафи мәзһабын ұстанасың ба?» дегендей сөздерімен Ханафи мәзһабын ислам дінінен бөлек етіп көрсетуге тырысуда. Әрине, мұндай сөздердің астарында мәзһаб ұстанушылардың адасқандығы меңзелгендіктен, ел арасында діни дүрдараздық пен бүлікке себеп болуда.
Ханафи мәзһабы Пайғамбар (с.ғ.с.) жолынан бөлек, жеке басына дара жол емес. Мұхаммед Ғазали: «Мәзһабтар - Исламның теңдессіз мәдениеті һәм тіректері» десе, Ибн Тәймия: «Ислам мәзһабтары - жұмаққа  жетелер жолдар» (Әбдул Желил Жандан, Мүслүман Ве Мезһеб, 13-бет. «Елест» баспасы, Стамбул, 2004 ж.) деп мәзһабтардың исламды түсіндіруші мектептер екенін білдірген.
Шариғат үкімдерінің қайнар көзі болып табылатын Құран және хадистің әрбір сөзінің тілдік негізгі бірнеше мағыналарымен қатар ауыспалы мағыналары да бар. Тіпті, кейде аят пен хадистердің бір әрпінің өзі бірнеше мағынаны білдіреді.
Мысалы, басқа мәсіх тартуды әмір еткен «Маида» сүресінің 6-аяты: «Ей, иман еткендер! Намазға тұрарда жүздеріңді және қолдарыңды шынтаққа дейін жуыңдар. Бастарыңа мәсіх тартып, аяқтарыңды екі тобыққа дейін жуыңдар»,- дейді. Бұл аятта басқа мәсіх тартудың көлемі нақты белгіленбегендіктен, шафиғиларда бастың кішкентай бөлігіне мәсіх ету, тіпті, су себу жеткілікті. Ал ханафиларда, кем дегенде, бастың төрттен біріне мәсіх ету парыз болса, малики және ханбалиларда басты түгел мәсіх ету парыз. Әр мәзһаб өзінің ұстанған көзқарасын қолдап, шариғи дәлел келтіргендіктен, бәрі дұрыс. Себебі, барлығы берген пәтуаларын аятта қолданылған «бастарыңды» деген мағынаны білдіретін «руусикум» сөзінің алдына қосылып жазылған «ب» яғни, «б» әрпінен шығаруда. Араб тілінде «б» әрпі әр түрлі мағынада келеді:
1. «әз-Зайд» - Өзіндік ешқандай мағынасы жоқ, тек өзінен кейінгі сөзді көркемдеу үшін келеді.
2. «Лит-табъид» - «Кейбір» деген мағынаны білдіреді.
3. «Лил-илтисақ» - «Тигізу, жанастыру, бітістіру» деген мағыналарды білдіреді.
Міне, сондықтан Имам Ахмед пен Имам Малик: бастың барлық жерін мәсіх ету керек дейді. Себебі, бұл жердегі «б» әрпі тек қана сөзді әдемілеу үшін келген (зайд) яғни жеке тұрғанда мағынасы жоқ артық әріп дейді.
Ал Әбу Ханифа болса, бұл жердегі «б» әрпі «кейбір» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан, бастың кейбір жерін мәсх етсе, жетіп жатыр дейді.

Ал имам Шафиғи болса, бұл жерде «б» әрпі «тидіру, біріктіру, жабыстыру, жанастыру» мағынасында келгендіктен, тек қана қолдың басқа жанасуы, бірнеше шашқа тиюі мәсіх ету болып саналады деп пәтуа берген.
Жоғарыдағы «Би» әрпінен байқағанымыздың Құран және хадистердің бір сөзі, тіпті, бір әрпі көптеген үкімдерге негіз бола алады. Сондықтан, араб тілін жетік меңгермеген адамның өздігімен ижтихад жасаймын деуі үлкен қателік.

Аяттардың түсу себептері, кейбір себептерге байланысты хадистердің бір-біріне қарама-қайшы келетін, яки бір қарағанда қарама-қайшы сияқты көрінетін жерлері де кездеседі. Және хадистердің «сахих лизәтиһи», «сахих лиғайриһи», «хасан лизәтиһи», «хасан лиғайриһи», «әлсіз», «жалған», «мутауатир», «ахад», «мәшһур», «ғариб» сияқты қуаттылық жағынан үкім шығаруда үлкен әсерлі дәрежелері бар. Бұларды кез-келген қарапайым адам тереңнен талдап, ара-жігін ажыратып, шариғи үкім шығара алмайды. Аллаһ тағаланың өзі барлық мұсылмандарды мұндай ауыр жүкпен міндеттемейді. Керісінше, Құранда: «Білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» («Нахл» сүресі, 43-аят),- деп білім иелеріне жүгінуді жүктеген. Сондықтан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бақилық болғаннан кейін сахабалар мен табиғиндардың Хижаз аймағындағылары АбдуллаҺ ибн Омардан, ал Куфадағылары Абдуллаһ ибн Мәсғуд сынды ғалым сахабалардан фәтуа сұрап, солардың айтқан үкімдерін негізге алып амал еткен болатын.
Ендеше, ана тілдері арабша, әрі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды көздері көрген сахабалардың және сахабаларды көзі көрген табиғиндердің өздері діни мәселелерде араларындағы білімділерге жүгінген болса, кейінгі ғасырлардағы адамдардың Әбу Ханифа секілді Құран ілімімен қоса хадис ілімін, мантық-қисын, фиқһ негіздерін, сахаба фәтуалары мен басқа да ғұламалардың көзқарастарын, т.б. ислами ілімдерді жетік біліп, әрбір аятты зерделеп, мыңдаған хадисті мұқият зерттеген мүштәһид ғалымдардың  шығарған үкімдерімен жүруге қаншалықты зәру, әрі мұқтаж екені айтпаса да түсінікті. Ал, өз бетінше әрекет еткен адамның ақиқаттан адасуы, әрі өзгелерді де адастыруы әбден мүмкін. Бейнебір асау толқынды теңізге желкені жоқ әлсіз қайықпен шыққан ақылсыз бейшараға ұқсамақ. Міне, сондықтан, Ханафи мәзһабы исламнан бөлек, Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетінен өзгеше жол емес, керісінше, Құран аяттары мен хадистерде білдірілген ақиқаттарды анықтап, үкімдерді  халыққа түсіндіруші мектептердің бірі.
"Мәзһаб ұстанбаймын" деген қатардағы адамның мысалы мынаған ұқсайды: Физика ғылымында ғалымдардың анықтаған тұрақты формулалары бар. Қарапайым адам-дар сол формулаларды қолдана отырып есептерін шығарады.

Ал оны қолданбаймын деп бас тартқандар өздері сондай формулаларды ойлап табуы ләзім. Ал ол үшін ондай адам зеректілік пен ыждықат бойынша өзінің алдындағы оқымысты ғалымдардан да асып түсіп, білімі олардан да терең болуы қажет. Олай болмаса, бұрынғы формулаларды қолданбаймын деуі бекер. Міне, дәл осы тәрізді мәзһаб ұстанбаймын деген адам да Имам Әбу Ханифа, Имам Малик,  Имам Шафиғи, Имам Ахмад ибн Ханбал секілді мүжтаһиттік дәрежеге жетпеген жан болса, мәзһабсыз жүрем деуі де бос әурешілік.
Бірде маған бір студент: «Мен мәзһаб ұстанбаймын»,- деді. Мен оған: «Жоқ, ұстанасың»,-  дедім. Ол маған: «Қалайша»?- деді. Мен оның кімнің діни мектебінен сусындап жүргенін сезгендіктен: «Сен, Насруддин Албанидің мәзһабын ұстанасың ғой»,- дедім. Егер менің осы сөзім жаңсақ болса, аты аталған кісінің жаңылысқан бір жерін айтып берші»,- дедім. «Сен, соның дұрыс дегенін - дұрыс, бұрыс дегенін - бұрыс деп айна-қатесіз қабылдайсың. Міне, сен, «мәзһаб ұстанбаймын» дейсің, бірақ іс жүзінде мәзһабтасың»,- дегенімде қатты ойға қалды.

Ижтиһад жасауға ғылыми деңгейі жетпейтін бұқара халық егерде тарихта өзін дәлелдеген һәм ұстанымдарын Құран мен сүннетке негіздеген Ханафи, Мәлики, Шафиғи, Ханбали секілді мәзһабтармен жүрмесе, онда жалпы қоғамда анархия, бейберекеттік белең алады. Әр адам Құранды өзінше шала түсініп, нәпсілерінің қалауына қарай жорамалдай бастайды. Үкім шығаруда белгілі бір тәсіл мен ереже-қағидаларды ұстанбағандықтан, өздері де адасады, өзгені де адастырады. Мұндай жағдайда қоғамда төрт мәзһаб емес, сансыз қате «мәзһабтар» дүниеге келеді.

Қазіргі таңда мәзһабсыздықтың туын көтеріп, сойылын соғып жүргендер, шын мәнінде, халықты өздерінің түсінген шала діни ұғымына, яки өздері жақтап жүрген басқа бір адамның жолына - «мәзһабына» шақыруда.

Хадис ғылымының ақиқаты

«Қазіргі таңда хадис кітаптары алдымызда, қай хадистің сахих, ал қайсысының әлсіз екені де белгілі. Олай болса, «Мәзһаб ұстанудың қажеттілігі жоқ» дейтін  түсінік мүлде дұрыс емес. Олай дейтініміз:
Біріншіден, фиқһта тек қана сахих хадистермен емес, кейде әлсіз хадиспен де амал етіледі. Мысалы, «әлсіз» делінген хадис басқа жолдармен риуаят етілсе, «Хасан ли ғайриһи», яғни басқа жолмен «жақсы» дәрежесіне көтеріледі. Ал мұндай хадиспен амал етуге әбден болады. Мысалы, Омар ибн Хаттабтан риуаят етілген хадисте былай делінеді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қолдарын дұға ету үшін көтерер болса, оны жүзіне сипамастан түсірмейтін еді» (әт-Тирмизи, 3308. Қосымша қараңыз: әл-Мустадрак алас-сахихайн лил-Хаким, 1923. Муснад Абд ибн Хамид, 40. әл-Муғжамул-әусат лит-Табарани, 7252. Субулус-сәлам шарху булуғул-Марам лис-Санғани). Сондай-ақ, Ибн Аббастан риуаят етілген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаһ тағаладан тілеген кезде алақандарыңның сыртымен емес, ішімен тілеңдер және алақандарыңды жүздеріңе сипаңдар деді» (Әл-Мустадрак алас-сахихайн лил-Хаким, 1924. Және қосымша қараңыз: Әбу Дәәуід, Бабуд-Дуға. Муснад Абд  ибн Хамид, 717),- делінген.

Жоғарыдағы келтірген хадис-тердің барлығының дәрежесі әр хадисті жеке алғанда «әлсіз». Бірақ, әлсіз хадис басқа да риуаяттармен келер болса, бірін-бірі қуаттағандықтан, хадистердің жалпы топтамасы «хасан» дәрежесіне жетеді. Ал «хасан» дәрежесіндегі хадиспен амал етуге әбден болады. Сахих Бухариге «Фатхул-бари» атты 15 томдық түсіндірме жазған Хафиз Ибн Хажар әл-Асқалани өзінің «Булуғул-Марам мин әдиллатил-әхкам» атты еңбегінде жоғарыдағы бет сипауға байланысты Тирмизидегі хадисті келтіргеннен кейін: «Бұл хадис басқа да жолдармен келген, мысалы, Ибн Масғудтан. Сондықтан, бет сипауға байланысты хадистердің  топтамасы бұл хадистің «хасан» болуын қажет етеді» деген. Ғалым  Мухаммед ибн Исмағил әс-Санғани «Булуғул-Марамға» түсіндірме етіп жазған «Субулус-Сәлам» атты кітабында Ибн Хажардың осы сөздерінен кейін: «Бұл жерде дұғадан кейін бет сипаудың шариғатта бар екенін көреміз»,- дейді. (Субулус-сәлам, лис-Санғани).

Екіншіден, мәзһаб ұстанбай-мын деген адам хадистердің сахихтығы мен әлсіздігін өз біліміне сүйеніп біліп отырған жоқ. Хадис ғалымдарының хадистерге берген анықтауына  жүгініп  отыр. Ал хадистің сахихтығы мен әлсіздігін анықтау - әр хадис ғалымының хадис-терді қабылдаудағы шарттары мен талаптарына, зеректігі мен ыждақаттылығына қарай өзгеруі мүмкін. Сондықтан, кейде бі-реуінің сахих дегенін екінші бірі қабылдамауы мүмкін. Әр  хадисті  өзі жеке зерттеп, оларды риуаят еткен хадис тізбектеріндегі мыңдаған адамның  өмірбаянын жеке-жеке тексеріп, сараламаған қатардағы адам - хадис  ғалымдарының сахих дегеніне - сахих, әлсіз дегеніне - әлсіз деп хадистерге берген үкімдерін айна-қатесіз қабылдайды. Бұл дегеніміз хадис ілімінде белгілі бір мәзһаб ұстанып отыр деген сөз. Ал енді фиқһта белгілі бір мәзһаб ұстауға қажеттілік жоқ деген адам хадистің сахихтығы мен әлсіздігін анықтауда да мәзһаб ұстанбауы тиіс. Ал ұстанады екен, онда фиқһ мәселелеріндегі мәзһаб ұстануға да қарсы шықпауы керек (Зафар Ахмад әл-Ъусманиют-Таһауани, Қауағиду Ъилмил-хадис, 466-457-бет. «Дарус-Салам» баспасы, Каир қаласы, 2000 ж).
Үшіншіден, хадистердің сахих, әлсіз секілді дәрежелерінің белгілі болуы - үкім шығару үшін жеткіліксіз. Себебі, хадистердің қайсысының үкімінің жалғасып, қайсысының мәнсұх болғанын білмек керек. Қайсысының қандай жағдайда айтылғанын білу үшін мыңдаған хадистерді толық оқып, ондағы нәзік мағыналарды бір-бірімен салыстырып бүтіндей білу қажет. Ал, мұның бәрін базарда саудада тұрған яки көлік жүргізіп жүрген қарапайым мұсылмандарды былай қойғанда, арнайы бес-алты жыл діни ілім алып шыққан маман да біле бермейді.  Мысалға, хадис кітабынан сахих хадис көрсем болды сонымен амал ете беремін дейтіндерге: «Құранда: «Не айтқандарыңды білмейтіндей мас күйінде намазға жақын-дамаңдар» деген аят бар. Бұл аяттың Алладан келгендігене еш күмән жоқ. Ал енді осы аятты көре сала,  амал етесің бе? Яғни,  мас болмайтындай деңгейде арақ ішуге болады ма?» - десек, ол дереу: «Жоқ» бұл аятпен амал етуге болмайды. Себебі, бұл аяттың үкімі тоқтап, мәнсұх болған. Құранның араққа байланысты кейіннен түскен басқа да аяттарын саралап барып, үкім шығару керек. Яғни, мәселеге бүтіндей қарау қажет. Құранның  «Мәйда» сүресінде: «...Араққа мүлде жақындамаңдар!» деген кейіннен түскен аяты бар»,-деп жауап береді. Біз оларға, жауабыңнан Құранның аяттарын көре сала амал етпейтінің белгілі болды. Бірақ, неліктен сахих хадисті көрсем болды, сонымен амал етемін деп асығыстық жасайсың. Мыңдаған сахих хадистер бар. Олардың арасында да көптеген мәнсұх болып, үкімі жойылған хадистер бар емес пе? Бұған қоса бір ғана сахих хадистің өзін  әртүрлі түсінуге болады ғой деген уәж айтылса, мардымды жауап таба алмай жерге қарайды.

Әбу Ханифаның құқықтық үкім берудегі ерекшелігі
Әуелі, Әбу Ханифа хадис ілімін жете меңгерген заманының шоқтығы биік ғалымы екенін ұмытпауымыз қажет. Бұл жайлы хадис ілімінің сұлтаны әл-Бухаридің шейхі саналатын Иахия ибн Адам: «Нұғман (Әбу Ханифа) өлкесіндегі барлық хадистерді жинады. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) қандай нәрсе алынса да, ақырына дейін зерттейтін»,- десе, Әл-Бухаридің руаяттарынан Хасан ибн Салих: «Әбу Ханифа насих пен мәнсұхты өте жақсы зерттеген, әрі куфалықтардың арасында хадистерді ең жақсы меңгерген, сондай-ақ, көпшілік жамағаттың ұйыған нәрселерін берік ұстанатын және өлкесіне жеткен барлық хадистер мен шығармаларды жаттайтын адам еді» (Исмайл Хаккы Унал, Имам Әбу Ханифаның хадис түсінігі және ханафи мәзһабының хадис методы. 56-57 бет),- деп Әбу Ханифаның хадис ғылымындағы ерекше орнын айтқан.
Ал енді оның кейбір сахих хадистермен амал етпеуіне келер болсақ, ханафи мәзһабында әр сахих хадис дәлелге жатпайды. Яғни, сахих хадистердің өзі арнайы шарттар арқылы ғана дәлелге саналады. Осы шарттарды бірер мысал бере отырып талдамас бұрын мына терминдерге түсінік бере кетейік:
Сахих хадис -  «әділет    (тақуалық пен адамгершілік қасиеттер) және дабт (жақсы есте сақтау мен терең түсінік) сипаттарына ие кісілердің үзілмеген шежіре бойынша риуаят еткен шәзз және кемшіліктен ада хадистері;
Мутауатир хадис - әдейі немесе білместіктен жалған ақпаратта бірігулері мүмкін емес бір үлкен жамағаттың, екінші бір сондай жамағатқа риуаят еткен хабары»;
Ахад хадис - мутауатир ха-дисте талап етілген көлемге жетпейтін аз ғана кісілердің риуаят еткен хабары.
Бірінші шарт:
«Ахад» жолмен жеткен сахих хадистің дәлелге саналуы үшін ондай хадистің Құранның және Мутауатир хадистердің жалпылықты білдіретін үкімдеріне қайшы келмеуі керек. Яғни, «ахад» жолмен жеткен сахих хадис - Құранның, яки, басқа «Мутауатир» сахих хадистердің білдірген үкімдерінің жалпылығын (ъамм) кейбір жағдайларға байланысты жалқылай (тахсис) алмайды.
Мысалы, Құранда: «Сөзсіз намаз мүміндерге арнайы белгіленген уақыттарда (оқылуы) парыз етілді»,- деп әрбір намаздың жеке уақытының бар екендігі білдірілген. Сондай-ақ, көптеген мутауатир сахих хадистерде де әр намаздың жеке уақытының бар екендігі әрі әрқайсысының белгіленген өз уақытында оқылуы керектігі жайлы айтылған. Яғни, Құранда да,  мутауатир хадистерде де әр намаздың жеке уақытының бар екендігі білдірілген. Ал енді осы үкімнің жалпылығын, яғни әр намаздың жеке уақытта оқылуының парыздығын жолаушылық секілді кейбір жағдайларға байланысты өзгерту үшін өте қуатты дәлел керек. Дәлел ретінде қолданылатын хадистің тек қана сахих болуы жеткіліксіз. Себебі, ахад жолмен жеткен сахих хадисте өте аз болса да шүбә бар. Ал мутауатирде тозаңдай күмән жоқ. Сондықтан, мутауатир жолмен бекітілген жалпы үкімді ахад жолмен жеткен хадистер арқылы өзгертуге болмайды. Міне, сондықтан Ханафи мәзһабында сапар кезінде екі намазды қосып оқуға рұқсат етілмейді. Себебі, сапар кезінде намаздарды қосып оқудың болатындығын білдірген хадис - сахих болғанымен, ахад жолымен жеткен. Яғни, мутауатир емес. Осыған бай-ланысты ханафи ғұламалары сапар кезінде екі намазды қосып оқудың  болатындығын білдіріп келген сахих хадисті Құран мен мутауатир хадистердің жалпы үкіміне сай етіп жорамалдаған. Мысалы, хадистегі бесін мен екінді намаздарының қосылып оқылуын - бесінді өз уақытының соңғы сәтінде, ал екінді намазын алғашқы уақытында оқыды деп жорамал жасаған. Яғни, хадистегі қосып оқу - сырттай қосып оқуға жатқанымен, шын мәнінде, қосып оқуға саналмайды деп тұжырым жасаған (Ханафи мәзһабында қажылық кезінде Арафатта бесін мен екінді намаздарын, Муздалифада ақшам мен құптан намаздарын қосып оқу сүннет. Өйткені, пайғамбарымыздың (с.а.у.) Арафатта және Муздалифада аталмыш намаздарды қосып оқығандығын білдіретін хадистер мутауатир жолмен жеткен).
Міне, сондықтан, «Ханафи мәзһабында неліктен екі намазды қосып оқуға болмайды? Сахих хадис  тұр  ғой.  Демек,  Әбу  Ханифа бұл сахих хадисті білмеген»,- деп асығыс үкім беру қате. Себебі, Әбу Ханифаның мұндай үкімге баруы - сахих хадисті білмегендігінен емес, керісінше, «Құран немесе мутауатир хадистермен дәлелденген жалпы үкімдерді ахад хадистермен жалқылауға (тахсис) болмайды» деген үкім шығарудағы қатаң ұстанымында жатыр. Яғни, Әбу Ханифа Құран немесе мутауатир хадистердің білдірген үкімдерін «занни» (өте аз да болса күмәнға ие) дәлелдермен өзгертпеу үшін ахад хадистерге сахих болса да аса сақтықпен қараған.
Екінші шарт:
Ахад жолмен жеткен сахих хадистің дәлелге саналуы үшін оны жеткізген кісі өзі риуаят еткен хадиске қайшы амал етпеуі қажет. Мысалы, мутауатир емес, ахад жолмен жеткен сахих хадисті риуаят еткен сахаба егер өзі жеткізген хадиске қарама-қайшы әрекет етер болса, ондай жағдайда Ханафи мәзһабы бойынша оның жеткізген хадисі емес, амалы негізге алынады. Себебі, хадисті жеткізушінің өзі жеткізген хадис бойынша емес, басқаша амал етуі - ол хадистің үкімінің мәнсұх болғандығынан болуы әбден ықтимал. Олай болмағанда, жеткізушінің өзі риуаят еткен хадиске қарама-қайшы әрекет етуі - хадистің сахих болуы үшін қосылған жеткізушінің бойында болуы тиіс «әділет» шартына зиян келтіргендіктен, хадис сахихтығын жоғалтады. Мысалы, Ханафи мәзһабында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Әбу Һурайрадан риуаят етілген «Ыдыстарыңызды ит жаласа, онда оның тазалалығы ыдысты жеті рет жуу, әрі біріншісін топырақпен ысу арқылы жүзеге асады» деген хадисі бойынша амал етілмейді. Себебі, хадисті жеткізген Әбу Һурайраның өзі іс жүзінде ит жалаған ыдысын үш рет жуғандығы жайлы дәйекті риуаят бар. Ендеше, Әбу Һурайраның өзі риуаят еткен хадиске қарама-қайшы әрекет әрекет етуі - Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бұл мәселеге байланысты кейіннен айтқан басқа бір хадисін білгендігінен туындауы ықтимал. Яғни, Әбу Һурайра өзі риуаят еткен хадис үкімінің мәнсұх болғандығы үшін басқаша амал жасаған. Сондықтан, сөзі емес, ісі негізге алынады.
Үшінші шарт:
Сахих хадис дәлел ретінде қабылдануы үшін хадисті риуаят еткен кісі егер фақиһ, яғни, шариғи мағыналарды терең түсінетін, әрі ижтиһадымен танылған адам болмаса, онда ондай кісінің риуаят еткен хадисі - сол мәселеге байланысты фиқһ ілімінде одан да тереңірек басқа бір адамның риуаят еткен хадисіне қайшы келмеуі керек.
Яғни, Ханафи мәзһабында ахад жолмен жеткен сахих хадис діндегі жалпы ережеге және басқа сахих хадиске  қайшы келген жағдайда, хадисті риуаят еткен кісінің фиқһ ілімін меңгеріп-меңгермегендігі, фәтуа берумен шұғылданып-шұғылданбағандығы ескеріледі. Егер хадисті жеткізген кісі фақиһ болмаса, яғни, хадистердегі сөздердің шариғи мағынасын терең түсінетін кісі болмаса, ондай кісінің риуаят еткен хадисі - басқа сахих хадистермен қайшылыққа түскен жағдайда негізге алын-байды. Себебі, хадистерді сөзбе-сөз емес, мағынасы бойынша риуаят ету жиі болғандықтан, хадис сөздерінің шариғи мағынасын жетік түсінбеген адам, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қолданған сөздің дәл мағынасын білдіретін сөзді таңдап қолданбауы ықтимал. Ал бір сөздің, тіпті, бір әріптің өзі дұрыс таңдалмаған жағдайда, көптеген үкімдерге әсер етуі мүмкін. Сондықтан, сахих хадистер арасында қайшылық туған жағдайда, сөздердің мағынасын жақсы түсінетін фақиһ рауилердің риуаяттары негізге алынады. Ханафи мәзһабындағы осы ұстанымға байланысты Әбу Ханифа мен әл-Әузағидың арасында болған мына бір қызық оқиғаны бере кетейік:
Суфиян ибн Ъуиайна риуат етті: «Әбу Ханифа мен әл-Әузағи Мекке қаласында Дарул-хаййатинде кездесті.
Әл-Әузағи Әбу Ханифаға:
- Сендер, рүкүғқа  бара  жатқанда және одан қайтқанда қолдарыңды неліктен көтермейсіңдер?- деді.
Әбу Ханифа:
- Себебі, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) намазға кірерде және рү-күғқа бара жатқанда, әрі одан қайтқанда қолын көтергендігіне байланысты хадисі сахих емес,- деп жауап берді.
Әл-Әузағи:
- Қалайша? Маған Зүһри Сәлімнен, ал Сәлім әкесінен (Абдуллаһ ибн Омардан), ал әкесі: «Пайғамбарымыздың намазға кірерде және рүкіғқа бара жатқанда, әрі одан қайтқанда қолын көтергендігін» риуаят етті,- деді.
Әбу Ханифа:
- Ал бізге Хаммад Ибраһимнен, ал ол Алқама және әл-Әсуадтан, ал олар Ибн Мәсғудттан: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) намазға кірерде ғана қолын көтергендігін және бұл ісін намазда қайта қайталамайтындығын» риуаят етті,- деді.
Әл-Әузағи:
- Мен саған Сәлімнен және оның әкесінен (Абдулла ибн Омардан)  хадис риуаят етіп отырмын. Ал сен болсаң Хаммад Ибраһимнен риуаят етті дейсің,- дейді.
Әбу Ханифа:
- Хаммад фиқһта Зүһриден де терең, Ал Ибраһим Нәхаъи болса, Сәлімнен де терең, Алқамә да Абдулла ибн Омардан кем емес. Абдулла ибн Омардың сахабалық артықшылығы бар болса, әл-Әсуадтың да көптеген артықшылықтары бар. Ал Ибн Масғудтқа аты аталғандардың ешқайсысы жете алмайды,- деп жауап берді» (Мұхаммед Әбу Зәһра, Әбу Ханифа, 244-бет. «Дарул-фикрил-араби» баспасы. Египет, Каир қаласы, 1997 ж.).
Жоғарыдағы оқиғадан байқа-ғанымыздай Ханафи мәзһабында бір мәселеге байланысты сахих хадистер арасында қайшылық туған жағдайда, қай сахих хадистің жеткізушілері фиқһта тереңірек болса, солардың риуаяты негізге алынады.

Төртінші шарт:

Ахад жолмен жеткен сахих хадистің негізге алынуы үшін оның күнделікті өмірде жиі қайтала-натын әрбір мұсылманның білуі тиіс мәселелерге байланысты болмауы керек. Мысалы, «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намазда «Фатиха» сүресін оқыған уақытта «бисмилланы» да дауыстап оқитын» деген хадис бойынша Ханафи мәзһабында амал етілмейді. Себебі, намазда оқылған қырағат әрбір мұсылманның күнделікті намазда естіп, білетін мәселесі. Егер Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шынымен-ақ «бисмилланы» дауыстап оқығанда, онда бұл хадис ахад жолмен емес, барлық сахабалар еститін болғандықтан, мутауатир жолымен жететін еді. Мутауатир жолымен жетпегендігіне қарағанда, бұл хадис негізге алынатындай сахих емес (Зәкюд-Дин Шаъбан, Усулул-фиқһил-ислами (Ислам Һукук илминин есаслары, 88-89 бет. Түркие дианет вакфы иаиынлары, 2006ж. ауд: Ибраһим Кафи Дөнмез). Бұл мысалға намазда «әминді» жария айту мәселесін де кіргізуге  болады. Яғни, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) және сахабалары «әминді» үнемі жария айтқанда, «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әминді жария айтты» деген хадисі ахад жолмен емес, мутауа-тир жолмен жетер еді.
Жоғарыда келтірілген шарт-тарда түсіндірілгендей, Ханафи мәзһабында әрбір сахих хадис дәлелге жатпайды. Ендеше, Әбу Ханифаның кейбір  мәселелерде сахих хадиске қайшы әрекет етуі, сол хадисті білмегендігінен емес, керісінше, ахад жолмен риуаят етілген сахих хадистерді қабылдаудағы аса сақтығынан. Яки, ол хадиске қайшы басқа бір сахих хадисті негізге алғандығынан. Немесе, ол сахих хадисті басқа бір қырынан түсінгендігінен деп білуіміз қажет. Ал енді белгілі бір мәселеге байланысты кейбір сахих хадистер Әбу Ханифаға жетпеуі де мүмкін ғой деген уәжге жиырма бір томдық «иълааус-сунан» атты мәшһүр кітаптың авторы Зафар Ахмад әл-Ъусмани әт-Таһанауи былай деп жауап береді: «Ханафи мәзһабы дегеніміз - тек Әбу Ханифаның берген фәтуалары мен пікірлерінің жиынтығы ғана емес, Әбу Ханифаның фәуа шығаруда қолданған негізгі ережелер бойынша ғасырлар бойы мүжтаһид ғалымдардың шығарған фәтуларының жиынтығы екені сөзсіз. Белгілі бір мәселеге байланысты амал етілуге тиісті риуаят етілген сахих хадис Әбу Ханифаға жетпеген күннің өзінде Мұхаммед, Әбу Юсуф, Зуфар ибн Һузайл, Ибн Мүбәрак секілді шәкірттері хадис ілімінің жазылған шағына үлгерді. Одан кейінгі уақыттарда Ханафи мәзһабын ұстанған әт-Тахауи, әл-Кархи, «әл-Кафидің» авторы әл-Хаким, Абдул-Бақи ибн Қаниъ, әл-Мустағфири, Ибнуш-Шарқи, әз-Зайлаъи секілді басқа да хадис ілімінің білгірлері мен сыншылары хадис ғылымының кемелденіп, нақтыланған зама-нында өмір сүрген. Сондықтан, олар хадистердің сахихы мен әлсізіне, мәшһүрі мен ахадына көз жеткізді. Міне, сондықтан Әбу Ханифаның сахих хадистерге қайшы қияс жолымен берген барлық фәтуларын Мұхаммед, Әбу Юсуф, Зуфар, әл-Хасан секілді шәкірттері тәрк қылды. Тіпті, бұлар Әбу Ханифаның берген фәтуларының жартысында басқаша пікір білдірген. Міне, сондықтан Ханафи мәзһабы Әбу Ханифа мен қоса осы кісілердің берген фәтуларының жиынтығы болмақ. Тіпті, ханафи мәзһабын ұстанған  кейінгі  хадис ілімінің білгірлері кейбір мәселеде Имам Шафиғидың, енді бірінде Имам Мәликтің, басқа бірінде Имам Ахметтің көзқарастарын таңдаған. Бірақ, мұның бәрі Ханафи мәзһабына жатады. Өйткені, бұл мәселелер таңдалған уақытта  Әбу Ханифаның үкім шығаруда қолданған негіздері бойынша жүзеге асты. Қазір енді «әлхамдулиллаһ» біздің мәзһабымызда қияс жолымен берілген ешбір үкім Пайғамбарымыздың хадисіне қайшы емес. Кейбірі қайшы болғанымен, ол үкімімізді қуаттайтын басқа хадиске сүйенеміз. Немесе, берілген үкім хадиске сырттай қайшы болғанымен, ол хадисті басқаша жорамалдаймыз. Барлық мәзһаб имамдары мен олардың шәкірттері осылай жасаған» (Зафар Ахмад әл-Ъусмани әт-Таһанауи, Қауағиду фи ъулумул-хадис, 455-456-бет. «Дәрус-сәлам» баспасы, Каир қаласы, 2000ж.).

 


Мұхан Исахан

«Қазақстан Заман» газеті 25 маусым 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5401