Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Бұ не мазақ? 6138 13 пікір 18 Маусым, 2020 сағат 12:04

Ашаршылықты жоққа шығаратындар неге көп?

Қазақстанда қазақ саны жыл сайын артып келеді, бұл кремль идеологтарын алаш жұртына жөн-жосықсыз тиісудің жаңа амал-тәсілін жасауға мәжбүр етуде. Жақында Мәскеу Қазақ «Голодоморы» - «Ашаршылықтың» өңін айналдыру науқанын тағы көтерді. Бұл жолы 2005 жылдан бастап, қазақ-қырғыз тарихына қалам тартып, неоколонализм мүддесін қызғыштай қорып жүрген «Ашаршылык. История Великого голода» кітабының авторы Дмитрий Верхотуровтың қолымен от көсеп отыр. 

Верхотуров «Ашаршылык. История Великого голода» кітабында жазғандарынан мүлдем бас тартып, аяқ астынан өз сөзінен айнып шыға келеді. Неге? 

Иә, Сібір жерінде туған 40 жастағы әрі блогер, әрі Орталық Азия бойынша тарихшысымақ өзінің қырғыздың Stanradar.сom сайтына «Қазақтарды жәбірлеуші болмаңдар». Тарихшы Қазақстандағы «голодоморға» кінәлілерді атайды» //«Не смейте оскорблять казахов»: историк назвал виновных в «голодоморе» в Казахстане (часть I и ІІ)  атты сұхбатын екіге бөліп жариялады. Біз осы сұхбатты «Abai.kz» оқырмандарына аударып ұсынып отырмыз.

Дмитрий Верхотуров дейтін «тарихшы» осы

Осы StanRadar.com берген сұхбатында тарихшысымақ: «Кәмөнестер көп астықты, көп малды, әрине, өздері үшін осы мақсатта жұмыс қолы болатын көп қазақты керек етті. Бұдан шығатыны қазақ шаруашылығын жойып, қазақтарды геноцидке ұшыратты деген – барып тұрған сандырақ әм абсурд», - деп, ұлттық трагедиямызға топырақ шашады. 

Қырғыз сайты әп-бісіміләсін «...тарихшы Дмитрий Верхотуров бізге берген сұхбатында өткен ғасырдың 30-40 жылдары Қазақстанда орын алған оқиғалар төңірегінде өздік версиясын әңгімелейді»,- деп бастайды. 

STANRADAR.COM: ӨТКЕН ҒАСЫРДЫҢ 30-ШЫ – 40-ШЫ  ЖЫЛДАРЫ ҚАЗАҚСТАНДА ОРЫН АЛҒАН АШТЫҚ ТРАГЕДИЯСЫ БОЙЫНША ҚАНДАЙ ТАРИХИ МИФТЕР БАР?  

– Мен бұл сауалдың мазмұнын өзгерткім келеді. Істің мәнісі тарихи мифтің болғанында емес, олардың қандай екендігінде. Меніңше, ақиқатында қоғам тарихи мифтерсіз, тарих жайындағы қысқа хикаяттарсыз өмір сүре алмайды.

Егер бел шешпей отбасын асырау үшін мұрынынан шаншылып еңбек етіп жүрген отағасы тұтас бір кітапхана жайында айтпай-ақ қоялық, кере қарыс тарихи еңбектерді қолына алып оқымайды да. Оның барлық тарихи ұғым-түсінігі әдетте тарихи миф деп аталатын шағын ауызша әңгіме төңірегінде тұйықталады.

Мектептегі тарих оқулығы да тарихи мифтердің жиынтығы. Менің бұны айтып тұрғаным тарихи мифтердің бәрі бірдей атынан ат үркетіндей жаман емес.

Миф жаман болады сол жағдайда: егер оны тарихты бұрмалап, қиялдан жоқты барды қосып әңгімелейтін болса, міне, Қазақстандағы 1930 жылғы аштық тап сондай былжырағандық. Бұл оның үстіне, ең алдымен, қазақтардың өздері үшін – әм сандырақ, әм абсурд.

STANRADAR.COM: НЕГЕ?

– Әдетте «голодоморшылардың» кітаптарында: «ауылға төтенше уәкіл келіп, тапаншасын қазақтарға қаратып, олардың барлық малдарын тартып алғаны былай тұрсын, сусыз, азық-түліксіз қу медиенге қоныс тебуге мәжбүр етті. Нәтижесінде малсыз қалған қазақтар аштан қырылды» деп әңгімеленеді.

Құлақ асатын болсаңыздар, ауылдағы 10 кигіз үйде елуге тарта жан тұрса, онда оның 15-20 еркектер еді. Үлкен ауылдарда ел қарасы одан да көптін. Олар жын ұрғандай тіксінген төтенше уәкілді астыға екі бүктеп неге жықпайды? Араққа сілейте тойғызып, ел көрмейтін жерге өлігін көміп тастауға милары жетпеді ме? Өйткені, өздерінің малсыз аштан өлетінін қазақтар бек жақсы білді ғой!?

Егер осылардың бәріне имандай ұйып сене беретін болсақ, қазақтар сондай жасқаншақ жандар, оларды көзін бақырайтып қойып тонап алуға болады деген ойға қаламыз. Қорғансыз әм өздерін мүлдем қорғай алмайтын мұндарлар. Бұл дегеніңіз қазақтарды адам құрлы көрмей, оларды ит етінен жек көріп, осындай малғұндық әңгімелерді көйітіп, оны мемлекетік деңгейде тануды талап етушілік бассыздық!

Менде қазақтарды адам құрлы көрмеу, оларды ит етінен жек көру сезімі жоқ, сондықтан, «голодоморшылардың» версиясы бүкіл ұлтты қорлау жәнеде әм сандырақ, әм абсурд деген түйіндеу жасадым. Шындығында істің мәнісі мүлдем басқаша болған еді.

STANRADAR.COM: ОЛАЙ БОЛСА, СІЗДІҢ ПІКІРІҢІЗШЕ БӘРІ ҚАЛАЙ БОЛҒАН?

Таяуда бұрыннан өзімді мазалап жүрген осы мәселе бойынша жаңа зерттеулер жасадым. Мен кейбір маңызды құжаттарды мәскеулік архивтен таптым, одан бөлек өзіме бұрын белгісіз болған материалдары кітапханалардан  жинастырдым. Жұрт бұған дейін жазған «Ашаршылык. История Великого голода» кітабымды біледі. Енді мен оны түке жарамсыз деп тауып, бұрынғы жазғанымдарды қателік екенін ұғындым. Енді мен басқа кітапты жазып шықтым, оның бұған дейін жарық көрген еңбектерден түбегейлі өзгешелігі бар, онда мен өздік версиямды алға тарттым.

STANRADAR.COM: ЕНДІ СОЛ ОРЫН АЛҒАН ОҚИҒА ТУРАСЫНДАҒЫ ӨЗДІК ВЕРСИЯҢЫЗДЫ СӨЗ ЕТСЕҢІЗ?

– Біріншіден, кеңестік жоспар қазақтарға қатысты геноцид жасауды мүлдем ойластырған жоқ, керісінше, қазақтардың өсіп-өнгенін қалады. Маған Құдай иіп, темекілік қағазға басылып, әбден өңі озған  КСРО Жершаруашылығы халкомының жоспарын архивтен тауып алу бақыты бұйырды.

Онда егер 1929/30 жылдары  861,1 мың қазақ шаруашылығы болса, 1932/33 жылдары 907,3  мың болуға тиістігі көрсетіліпті.

Бұл кезде әр қазақ шаруашылығында орта есеппен 4,8 адам болса, 1929/30 ҚазақАКСР 4 млн 133,2 мың қазақ болуға тистін, ал, 1932/33 жылы 4 млн 355 мыңға жетуі керек болатын.

Себеп өте қарапайым. Қазақтарға үлкен тапсырма: 4,9 млн гектар жерді (ҚАКСР барлық егіндік жерінің 40%) жырту және сол кезде 28,5 млн болған мал басын: 1932/33 жылы 53,3 млн жеткізу жүктелді. Әр ересек адамға орта есеппен 1,8 гектар егіндік пен 10,5 бастан келді.

Екіншіден, одақтық орталық Қазақстанға 1931-1934 жылдары 2 млрд аса рубль бөлсе, оның 750 млн рублі ауылшаруашылығына арналды.

1931 жылы ауылшаруашылығына түсетін табыс 35,6 млн. рубльге бағалынып, 21 жылға арналып, ауылшаруашылғы қызметкерлерін, қазақтар мен орыстарды бөліп-жармай теңдей қарастырылды. Статистика танытып тұрғандай Мәскеу Қазақстаннан алған жоқ, керісінше берді.

Осылайша, кәмөнестер көп астықты, көп малды, әрине, өздері үшін осы мақсатта жұмыс қолы болатын көп қазақты керек етті. Бұдан шығатыны қазақ шаруашылығын жойып, қазақтарды геноцидке ұшыратты деген – барып тұрған сандырақ әм абсурд. Осыдан келіп, қазақ шаруашылығын кім бүлдіріп, кім жоқ қылды деген сауал туындайды?

STANRADAR.COM: КІМ ЖОҚ ҚЫЛҒЫСЫ КЕЛДІ?

– Байшыкештер (байство)! Қазақ байшылдары ұжымдасқан қазақ ауылдарын жойып жіберуді қатты қалады әм ақыр аяғында ойлағандарына қол жеткізді.

Менің бұл мәлімдемем ашу-ыза мен наразалық тудырады деп ойлаймын. Өйткен, бай дегеніңіз сондай мәрт әм бекзат жандар болған ғой. Бірақ мен 1927 жылдың жазында өзінің төлтума күйінде сақталған, не нарық, не кеңестендіру өз ықпалын тигізбеген Қырғыз АКСР қиырдағы көшіп-қоын жүрген айылында жүргізілген тамаша бір әлеуметтік-экономикалық зерттеуді ұшыраттым.

Зерттеудің авторлары Погорельский мен Батраков жолдастар өте көлемді әңгімелесулер мен сауалнамалар жүргізіп, шаруашылық пен мал жайын сипаттап, өздерінің есептеулерін жасайды. Олар қырғыз бен қазақ ауылдарын өзара салыстыра отырып, қырғыз айылындағы кейбір құбылыстарды сипаттау үшін (атап айтсақ, атқа мінер, сасық бай сияқты) қазақ терминдерін қолданады.

Олар бұнысымен не айтпақшы болды? Біріншіден, рулық қарым-қатынас дегеніміз – қарапайым көшпенділерді аяусыз қанап, өздеріне құлдану үшін байлардың ойлап шығарған былжырағы. Екіншіден, қырғыз манаптары мейманасы асқан шұбар балақ, шынжыр төс мол байлық иесі болды,  олардың ішінде дәурені жүргендердің малынан бөлек, құны 30 мың рубльмен бағаланған жеке мүлкі де бартын.

Салыстыру үшін сөз етсек, өте бай деген орыс құлағы бар жағы 5-6 мың рубльдік мал-мүлікке иелік етті. 20-30 мың рубльдің капиталы бар құлақ төңкеріске дейін шын мәнісінде астық саудасымен айналысты. Асып шалқыған манаптар жыл сайын 14 - 15 мың  рубль пайда көріп, жеке бастары үшін 6 - 7 мың рубль жұмсаса, бұның 600 рублі ақшамен еді. Ауыл пролетариат бір жылға бар болғаны 37 рубль жұмасады.

Үшіншіден, бай-манап пен жарлы-жақыбай арасында жер мен көктей зор айырма бар еді. Жарлы-жақыбайлардың бұл тірлігін Погорельский мен Батраков басыбайлылық деп бағалады.  Бірақ орыстың басыбайлылары теориялық тұрғыдан Ақ Патшаға шағымдана алса, қырғыз манабы өзі сот, өзі жендет болатын. Қазақ байлары да тап сондайтын. Кеңес үкіметі бұның бәрін өз ақыл-парасатына салып: еңбекшілер кез келген контртөңкерісші элементтерге емес, кеңес мемлекетіне қызмет етуі керек. Тап осы тұста еңбекшілерге өз билігін жүргізу үшін кәмөнестер мен байлар арасында өліспей беріспейтін күрес басталды. Байшыкештер әуелі басмаштарға үміт артты, ашық шайқаста тез жеңіліп қалды.

Кәмөнестер байлардың нар жігіттеріне қарағанда, қылышты қанға көп бояп, сұр мылтық (винтовок) пен оққұсардан (пулеметтен) атқанын мүлт кеткізбейтін. Оларға еш қайран қыла алмаған соң, байлар өз зәрін ұжымдасуды қоштаған қарапайым халыққа төкті. Өйткені, олар соңдарынан ерген жоқ қой! Кеңес үкіметі оларға кезінде байдан тартып алған жер мен малды, одан кейін трактор, комбайн, автомобильдерді беріп, сауатын ашып, шаруашылық жүргізу амал-тәсілдеріне үйретті.

Байшыкештер Кеңес үкіметін қолдағандардың көзін түрлі жолдармен жойды: тікелей лаңкестікпен, табанда жоқ қылып жіберумен, тонаушылық жасаумен, кейде асыра мал салығын салумен, сондай-ақ, малға жұқпалы ауыру жұққызып, бактериологиялық соғыста жүргізді.

Міне осы соңғысы Қазақстандағы мал басының күрт кемуінің себебі болып табылады. Мен бұны айғақтайтын дүниелерді таба алдым. Осының себеп-салдарымен бетпе-бет келген кәмөнестер қалған-құтқан байларға қарсы өз тыңшыларына арқа сүйей отырып, бірқатар астыртын жазалау іс-шараларын жүзеге асырып, оларды толықтай құртып жібере алды, дәлірек айтсақ, 1934 жылы қазақ тарихынан байшыкештік бір жола өшті.

Мен осы күрестің құрбаны аспаннан алынған миллиондар емес, 650 мыңдай қазақ  болғандығын есептеп шықтым. Осы қисынды әдістемемен жасалынған есептеу арқылы менің жаңа кітабымда өзге де сілтемелер мен фактілер келтіріледі.

Қазақтарға жасалған жасалған Как появился миф о  «голодомор немесе геноцид» туралы миф қалай пайда болды? (II бөлік)

STANRADAR.COM: ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АШТЫҚ ТУРАЛЫ ТАҚЫРЫПҚА ӘСІРЕСЕ САЯСАТКЕРЛЕР АРАСЫНДА ЫНТА ТАНЫТУШЫЛЫҚ НЕМЕН БАЙЛАНЫСТЫ ӨЗІ?

– Қазақстандағы «голодомор»  немесе өз басым «қазгеноцид» деп атайтын мифтің өздігінен пайда бола қалып, қылаң берушілігін идеологиялық себеп-салдардан деп санаймын.

Біріншіден, Қазақстан тәуелсіз ел атанған соң, идеологияны керексінді. Әрине Қазақстан Республикасы ҚазақКСР шекпенінен шықса да, кеңестік емес, қазақ ұлтшылдық идеологиясын хош көрді. Осы тұрғыдан барлық кеңестік кезеңдегі қазақ тарихына күйе жағылып, дүниенің бәрі Алаш-Орда төңірегіне тоқайластырыла шоғырландырылды.

Екіншіден, қазақ ұлты үшін оның саяси-қоғамдық кеңістіктегі өмір сүру құқығын және барылығы мен нарлығын ұқтыратын, ел болып бір шаңыраққа ұйыстыратын тарих керек.

Дегенмен, біз қазақтардың көбіне бастары қосыла бермейтін  ру-тайпаға және жүзге бөлінгенін жақсы білеміз. Мемлекеттікті оларға Шығысхан әулеті тарту етіп, одан кейін ұзақ уақыт Ресей империясының қанатының астында болды. Бұндай тарихты түрлі шоқпыттан қалайша қайыра құрастырасың.

Сол себепті де қазақтардың басын қосқан жалғыз тарихи оқиға «аштық» болып табылып,  «голодоморшылар» оны мінтаздады. Араларында жер мен көктей айрымашылық болса да, менің елордалық бастық болған ата-бабам ауыл қазағымен бірге зардап шекті. Қазақтардың қазақ болып қалуы, Сталин жолдастың жерімізді талан-таражға салып, кесіп-пішіп тартып алуы да, одақтас республика мәртебесін беруі де емес, өзі жүргізген «геноцид» үшін ат-шапан айбын төлеуі дегенге саятын «қазгеноцид» туралы мифке арқа сүйейді.

STANRADAR.COM: НЕ СЕБЕПТІ ДӘЛ ҚАЗІР БҰЛ АСА ТАНЫМАЛ БОЛЫП, КЕҢІНЕН НАСИХАТТАЛА БАСТАЛДЫ?

– Білетін болсаңыз, бұған дейін Қазақстанның Тұңғыш  Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақтарды жарқын болашақ туралы идеялардың жетегіне ергізіп алдарқатып, өткен тарихтан аластатып ұстай білді. Сол себепті 1980-шы жылдардың соңында пайда болған осы мифке ұзын арқан, кең тұсау сала алды. Бірақ жарқын болашақ турасындағы дәменің күлі көкке ұшқандықтан ары қарай жұртты не күтіп тұрғаны айқын бола түсті.

Олардың алдында мынадай таңдау тұр: не Сталинді Қазақстанды өмірге әкелуші деп тану, не «қазгеноцидке» жата жабысып қалу.

Қазақ нацпаттары өз таңдауын жасап, өзге жұрт бізді мүсіркеп, Ресейге қойған талабымызды қолдап, оны әйкәпір қылады деген есек дәменің жетегіне ілесті. Қалған қазақ қоғамы әзірше әрі-сәрі күйде қалып, ләмим деп жақ ашпауда.

STANRADAR.COM: СІЗ БҰЛ ҮРДІСТІ ҚАЛАЙ БАҒАЛАЙСЫЗ: БҰЛ ТАРИХТЫ ҚАЙЫРА ПАЙЫМДАУ МА, ӘЛДЕ ТАРИХТЫ БҰРМАЛАУ МА?

– Мифтің қалай өмірге келгенінің парқын ұғынған соң, өте қызықты әм тағылымды нағыз тарихтың өңін айналдыратын ойдан шығыралған қисындарға құрылған дөрекі бұрмаулаушылық деген біржақты қортындыға келдім. Бұл барып тұрған қасақана әрі саналы түрдегі тарихтың өңін айналдырушылық болып табылады.

Қазақстан тарихын бес саусағындай білетін, «голодомордың»  таза фикция әм ойдан шығарылған дүние екендігін ұғынатын академик Манаш Қозыбаев 1980-1990-шы жылдар тоғысында осы қырық құрауды жамап жасқауға жетекшілік етті.

Бір сөзбен айтқанда, ол кезінде Қазақ Кеңес энциклопедиясының бас редакторы болды. Ол саяси мүдде бәрін ақтап шығады деп санады.

Бірақ, Чехословакияның бірінші президенті заңғар тарихшы Томаш Масарик кезінде: «Егер Ұлы дүние өтірік болса, ешқашан ұлы бола алмайды» деген болатын. Жалғандық – ұлығтық емес, жалғандық ең пасық, ең жиркенішті әм ұяттан бетті қызартатын дүние.

Қазақтар қолындағы малын тартып алған соң, аштан өліп қалды дейтін «голодоморшылардың» пайымдаулары айтуға ауыз бармайтын жексұрындық, әрі қазақтарды қорлау болып саналады.

Меніңше, бұның бәрі саусақтан сорылып алынған «қазгеноцид» турасындағы миф қана болып табылады.

STANRADAR.COM: КЕҢ КӨЛЕМДЕ ҚОЛҒА АЛЫНЫП ОТЫРҒАН ТАРИХТЫ БҰРМАЛАУШЫЛЫҚТЫҢ ӘМ ҚАЙЫРА ЖАЗУШЫЛЫҚТЫҢ АРТЫ НЕГЕ АПАРЫП СОҚТЫРАДЫ?

– Бұл жайында Қазақстан тарихындағы бұндай ұғым-түсінікті ел санасына сіңіру Ресей мен Қазақстан арасында дүрдараздықтың дұшпандық отын жағады деп өзімнің бір сұхбатымда сөз еткен болатымын. Кәмөнестер барлық қазаққа жер мен мал беріп, әлеуеті зор өнеркәсіп, темір жолдарды, қалаларды салып берді. Бұл үшін басты жерге иіп, алғыс айту керек.

Қазақтар көмір жаға білмеді, олардың саз балшықтан салған пештері оның қызуына шыдамай жарылып кетті. Егер орыстар болмаса, қазақтар көршілері дұрыс кездеспеген басқа көптеген халықтардың бірі болып, жер бетінен мүлдем жоқ болып кетер еді. Ресей ақкөңілділікке басып, бергенін бұлдаған жоқ, ешқашан қазақтың тәуелсіздігі мен бостандығына қолын сұқпады. Бірақ «голодомор» турасындағы кінә тағушылық бұл шектен шығып, төбеде шоқпар ойнатқан мысықтілеу қарау тірлік. Олар шынымен Ресейдің қас жауына айналғылары келе ме?

Қазір әлемде халықаралық қатынас шиеленісіп, бұрынғы сіз-біздесуге орын қалмай келеді. Осы кезде «Кім – дос, Кім – жау?» деген сұрақ сөз жүзінде емес, іс жүзінде туындайды. Ресейде бұл сауал төтесінен қойылып өз шешімін табады.

Коллаж: informburo.kz

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

"Қазақ орыс пен қытай танкілерінің шынжыр табанының бірін таңдауға мәжбүр"

"Караван" мен Верхотуров "репрессияға қазақтың өзі кінәлі" деп жатыр

Сергей Масаулов. Қазақтың ашаршылық турасындағы жанайқайы жай ғана миф...

13 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060