Сенбі, 23 Қараша 2024
Ауыс-түйіс 14496 33 пікір 25 Маусым, 2020 сағат 20:20

Үш күнде министр болған Цой кім?

Алексей Владимирович Цой. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі. Бүгін тағайындады.

Әуелі оның кандидатурасын Мәжіліс, Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мақұлдады.

«Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде Алексей Цойдың ҚР Денсаулық сақтау министрі қызметіне ұсынылған кандидатурасы келісілді. Аталған мәселе «ҚР Парламенті және оның депутаттарының статусы туралы» Конституциялық заңының 22-1 бабына сәйкес қаралды», - делінген Мәжіліс хабарламасында.

Кейін Цойдың министр қызметіне тағайындалғаны туралы ақпаратты Ақорда жариялады.

«Алексей Владимирович Цой Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалсын», - деп жазылыпты Президент Жарлығында.

22 маусымда дәл осы Алексей Цой ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалған.

Премьер-министр Асқар Мамин ДСМ ұжымына Цойды таныстырып, індет жұқтырып, оқшауланып жатқан министр Біртановтың міндетін уақытша атқарады деп кеткен.

Цойдың сәлем хаты

Бас-аяғы үш күнде министр міндетін атқаушы Цойдың өзі  министр болып тағайындалды. Цой жаңа қызметке кірісер-кіріспестен бұрынғы министр Біртановқа арнап жазба жариялапты желіде.

«Құрметті Елжан Амантайұлы! Ел үшін ең қиын осы сәтте Сіз коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде тұрдыңыз. Сіздің өңірлердегі, індет ошақтарындағы ел-жұртпен және мамандармен жүргізген жұмысыңыз Денсаулық сақтау жүйесін айтарлықтай ілгерілетті. Өкінішке орай, індет ешкімді аямайды. Сізге шын көңілмен тезірек сауығып, қатарымызға қосылуыңызды тілеймін», - деп жазды Ол.

Цойдың еңбек жолы мен білімі туралы

Алексей Цой 1977 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында туған екен. Лондонда білім алған (Sells College). Мемлекеттік медициналық академияда, ОҚО Мемелекеттік медициналық академиясында, «Дәнекер» Халықаралық құқық және бизнес институтында, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында, білім алған.

АҚШ-та, Синапурда, Мәскеуде, Германияда, Ұлыбританияда тәжірбиеден өткен. Іскерлік әкімшілік докторы, медицина ғылымының кандидаты.

Хирург-эндоскопист. Қалпына келтіру хирургиясы және трансплантология орталығының аға ғылыми қызметкері, Ұлттық ғылыми медицина орталығының ішкі медицина орталығының жетекші ғылыми қызметкері, «Еуроазиаттық респираторлық қоғам» қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы, ҚР Президенті Іс басқармасының Заманауи медициналық технологияларды енгізу орталығының директоры, ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының басшысы, Астана қаласының №1 қалалық ауруханасының бас дәрігері, ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі қызметтерін атқарған.

2019 жылғы ақпаннан бастап 2020 жылдың 22 маусымына дейін ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығын басқарған.

Үш күн бұрын бірінші вице-министр, бүгін министр болды.

Айтпақшы, өз отставкасы туралы Елжан Біртанов та жазба жариялаған. Онда қызметінен өз еркімен кеткенін, індетінен толық айықпағанын, қосымша ем қабылдайтынын айтқан.

«Құрметті әріптестер, достар! Бүгін мен өз еркіммен қызметімнен кету туралы Мемлекет басшысына өтініш жаздым. Өкінішке орай, мен коронавируспен ауырып қалғандықтан және пневмонияның асқынуына байланысты қосымша ем қабылдауым керек.

Елде эпидемиологиялық жағдай асқынып тұрған қазіргідей кезде, бұл салаға министрлік деңгейінде де, өңірлік денсаулық сақтау басқармалары деңгейінде де толық күшпен жұмыс істейтін басшы керек деп есептеймін.

Біздің денсаулық сақтау жүйесі бұл тығырықтан шығады деп сенемін. Әрқайсымыздың уақытымыз бен қажыр-қайратымыз керек. Барлық әріптестеріме мықты денсаулық пен сабыр тілеймін. Қазақстанның Денсаулық сақтау саласын дамыту ісіне аз да болса үлесімді қосуға мүмкіндік берген Мемлекет басшысына алғыс айтамын», - деп жазды Біртанов.

Естеріңізге сала кетейік, 14 маусым күні Елжан Біртанов өзінің коронавирус жұқтырғанын хабарлаған.

Abai.kz

33 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373