Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 4207 6 пікір 26 Маусым, 2020 сағат 11:30

Тарих таразысында ұтылуға қақымыз жоқ

Адамзат баласын өзіне бір қарауға мәжбүр еткен осынау қатерлі індет бүгінгі әлемдік құрылыстың әлпетін өзгертіп қана қойған жоқ, сонымен бірге оның жасандылықпен жасырылып келген шынайы болмысын да жалаңаштап берді. Әншейінде жаһандану жөнінде жағы талмайтын «үлгілі» мемлекеттердің өзінің үні шықпай, түңлігін тұтас жауып, керегесін тас қылып қымтап алды.

Мінеки, осылайша халықаралық ауқымдағы ұлтшылдыққа жаппай бет бұрудың куәсі болудамыз. Ерте ме кеш пе, мұндай үрдістің орнайтынын бұрыннан болжай білген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Ана тілі» газетіне берген кешенді сұхбатында қазіргі ғаламның келбетімен бірге еліміздің ертеңі, қоғамымыздың тағдыр-талайы салмақты талдауға түсіпті. Өркениетті оқырманмен бөлісу ниетінде келелі әңгімеден түйген ойымыз, қысқасынан қайырғанда, төмендегідей.

Жаһанды жайлаған індеттің жойқын тұрпаты: бар мен жоққа, бай мен кедейге, жас пен кәріге, шенеунік пен еден жуушыға – ешқайсысын бөлместен, Жаратушының өзі о баста тең етіп жаратқанын еске салғандай, баршасына бірдей тарап, уайым-қайғыға қатар түсіруінде. Шындықтың тағы бір өткір бейнесі – қалтасы қалыңдардың әншейінде қит етсе шетелдегі қымбат емделуге қаша жөнелу мүмкіндігінің мүлдем жоққа шығуы. Демек, «Кемедегінің жаны бір», бір топырақты басып, бір ауаны жұтып, ішетін суымыздың да ортақ қайнардан екендігінде. Олай болса, жер шары қанша кең болғанымен, қасиетті Ата мекеннің, қайран елдің, туған Отанның жалғыздығын жанымызда түю, жалқы сәт жадымыздан шығармау.

Пандемиямен күрестің өзі халықаралық ынтымақтастықтан тыс, «әркім өзі үшін» қағидатымен жүргізілуде. Мұнан-ақ, жеме-жемге келгенде, әрбір мемлекет басына түскен қиындықпен жеке өзі қалатындығын аңғартты. Ақиқаттың ащылығы, біз – қазақтар, түптеп келгенде, әлемде ешкімге соншалықты қажет емеспіз. Өзімізге өзіміз ғана керекпіз. Ендеше бүкіл адамзаттың мәселесін шешуге тыраштанбай-ақ, өз қотырымызды өзіміз қасыған абзал.

Әлемдегі, айналадағы ахуалдың тұрақсыздығы, ірі мемлекеттердің геосаяси мақсаттарының өзгеруі, оның салдарынан ауқымды зардаптар мен қайшылықтардың туындауы ықтималдығы тұрғысында, ең бастысы, көршілес елдермен  мемлекеттік шекарамыздың беріктігінің тарихи һәм саяси мәнінің астарын айқын түсіну. Дей тұрғанның өзінде, ұлысымыздың ұлттық мүддесін қорғаудың маңыздылығы күн тәртібінен ешқашан түспейді, анығы уақыт өткен сайын күрделене бермек.

Қазақстан қоғамының ұзақ жылдардан бері жанды жарасына айналған ішкі ең бір өзекті мәселесі - мемлекеттік тілдің жағдайының толассыз көтеріліп, ақыры мұны өзге жұрттар, әсіресе Орталық Азиядағы туысқандардың өзі түсіне бермейтін, ол аздай, халықаралық қоғамдастықтың алдында кемшін ұлт ретінде көрінуімізге дейін жеткізуі ықтимал келеңсіз ахуалды қалай еңсереміз.

Ол үшін, қоғамда қазақ тіліне қажеттілікті іс жүзінде арттыру арқылы ана тіліңде сөйлей білуді мақтаныш ету. Оның күретамырлы жолы - мемлекеттік қызметке, әсіресе халықпен тығыз қатынастағы лауазымға кәсіби біліктілікпен қатар мемлекеттің тілін меңгерген азаматтарға басымдық беру. Парламентте, ресми мекемелердің баспасөз мәслихаттарында, ең алдымен, қазақ азаматтарының мемлекеттік тілде сөйлеп, пікірін жеткізе алмауы – анахронизмге айналуы тиіс. Мұндай мәртебеге талпынушы ниеті түзу азаматтарды кемсітпей, керісінше қолдау білдіру.

Төңіректегі геосаяси жайттарды, іштегі ұлттық сипатты ескере отырып, осынау тарихи миссияны ың-шыңсыз, бірақ табанды түрде орындауға қол жеткіземіз. Жоғалған буынның қалыптасуын болдырмай, жастар үшін әлеуметтік лифт орнықтыру. Мемлекеттік басқару ісінде және идеологияда қателіктерге жол бермей, сөзсіз әділдік орнату жолымен қандай да болмасын наразылықтардың алдын алу. Көшеде ұрандатып, саясатқұмарлыққа салынбай, күнделікті жасампаздық еңбекпен дегеніңе жету.

Отандық телевидение мен радионы арзан сайқымазақтан арылтып, ұлттық идеяны таратудың қуатты құралына айналдыру. Бұл салада зиялы қауымның алға бастаушылық әлеуетін толыққанды, екі жаққа да тиімді нысанда пайдалану.

Еліміздегі блогосфераның қазақ тіліне бет бұрғандығы қуантады. Олай болса, билікпен, сондай-ақ танымал, белсенді азаматтармен қоғамның диалогы қазақ тілінде құрылуының стратегиялық маңызы күн санап арта түсуде. Сонымен бір мезгілде жоғары заманауи технология, жасанды интеллект дәуірінен қалыспай, ар, намыс, ұят сияқты адами қасиеттерді ұлықтау. Жеті атаға дейін қыз алыспайтын асыл текті халқымыз ғаламдық құбылыстарды өзінің айнымас философиялық көзқарасы арқылы кәміл ұғына да, қабылдай біледі.

Мемлекет басшысының өз елін одан әрі жаңғыртуға, дамытуға қатысты тың идеялары бар, оларды халықтың іс жүзінде сезінгенін бүкіл болмысымен қалайды.

Мұхтар Кәрібай

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377