Британдық жазушы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Елбасының мерейтойымен құттықтады
86 жастағы жазушы Джон Мэсси Стюарт барша қазақстандықтарға денсаулық пен амандық тілейді. Барлық сақтық шараларын ұстанып, оқшаулану режимін сақтауды сұрады деп хабарлайды abai.kz тілшісі. Айта кету керек, қазір Ұлыбритания да пандемиямен күресуде. Соңғы мәліметтерге сүйенер болсақ, бұл ел COVID-19 қайтыс болу көрсеткіші бойынша Еуропада бірінші орында тұр.
Биыл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында, облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен британдық жазушы Джон Мэсси Стюарттың кітабы қазақ тіліне аударылады. Кітаптың басты кейіпкерлері британдық саяхатшылар Томас және Люси Аткинсондар қазақ тілінде сөйлейтін болады. Ағылшын тіліндегі нұсқаның авторы 86 жастағы Джон Масси Стюарт былтыр Алматы облысы әкімдігінің шақыртуымен Жетісуға келген еді. Сапарында Жер жәннаты Жетісудың көрікті жерлерін аралап қайтты. Енді соны туындыға арқау етпек.
Жақында ғана фотограф, жазушы, эколог Джон Мэсси Стюарт өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жоғары деңгейде жүзеге асырылып жатқанын айтып, бейнеүндеу жолдаған болатын. Аткинсондар саяхатын зерттеу үшін автор 20 жыл уақытын сарп еткен.
Ол өз сөзінде: «Менің кітабым қазақ тіліне аударылып, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жарық көретініне өте ризамын. Сондай-ақ, мен «Рухани Жаңғыру» сияқты керемет бағдарламаны бастағаныңыз үшін 80 жылдық мерейтойын тойлап жатқан Тұңғыш Президентіңіз Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтқым келеді»,- деді жазушы Джон Мэсси Стюарт.
Туындының негізгі мазмұны – сәулетші және саяхатшы, ХІХ ғасырдың ортасында Қазақстанға алғаш рет саяхаттап келген Томас Аткинсон туралы баяндалады. Ақсу ауданындағы Тамшыбұлақ бұлағында Томас пен Люсидің отбасында бала дүниеге келеді. Олар есімін Алатау Тамшыбұлақ деп қояды. Томас сол уақытта әдемі пейзаждарды суретке түсіріп, егжей-тегжейлі күнделік жазып, онда жергілікті халықтың өмірі мен мәдениетін суреттеді.
Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алидың айтуынша, таралымы 2 мың дана болатын кітаптың шығуы келесі жылға жоспарланған. Ол қос елдің кітап қоржынында Қазақстанда да, Ұлыбританияда да сақталмақ.
«Өте қызықты, баға жетпес туындылардың аудармасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге іске асыруға ерекше серпін береді. Халықаралық және ішкі туризмді дамытудағы үлкен қадам болуы мүмкін.»,- дейді Рустам Али.
Айта кету керек, бұл кітап Аткинсондардың саяхаты жайлы жазылған алғашқы туынды емес. Осыдан 5 жыл бұрын британдық жазушы Ник Филдинг те «Оңтүстікке Ұлы далаға. 1847-1852жж. Томас пен Люси Аткинсондардың Шығыс Қазақстанға саяхаты» атты кітабын шығарған болатын.
Жалпы, Алматы облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында соңғы үш жылда 15 мыңнан астам жоба жүзеге асқан.
Айман Асыл
Abai.kz