Коронавируспен күреске қанша қаражат бөлінді?
Коронавируспен күреске тағы 150 миллиард теңге бөлінеді. Бұл туралы үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
«Үкімет пен өңірлер пандемиямен күресте шұғыл мәселелерді шешу үшін 150 миллиард теңге бөледі. Негізгі міндет - коронавирустың таралуын тоқтату және науқастарды емдеуде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізу», - деді президент.
Бәріміз білетіндей, бұл - коронавируспен күреске бөлінген алғашқы қаржы емес. Бірақ елде індеттің беті қайтқан жоқ. Қайта күн сайын өршіп бара жатқандай. Тәулігіне мыңнан аса адам вирус жұқтырып жатыр.
Ең өкініштісі осындай қиын-қыстау күнде де сыбайлас жемқорлық толастамай тұр. Коронавируспен күреске бөлінген қаржыны жымқырған жемқорлар мен дәрігерлерге төленетін қосымша өтемақыны қалтаға басқан басшылар жайлы ақпарат жетерлік. Вируспен күреске бюджеттен мол қаржы бөлінсе де, індеттің жойылмауына осы жемқорлық та қатты әсер етіп тұрған секілді.
Енді көктемнен бері коронавируспен күреске қанша қаржы бөлінгенін есептеп көрейік. Мамыр айында коронавирусқа қарсы күреске Қазақстан 6 трлн теңгеге жуық қаражат жұмсады деген ақпарат тарады. Бұл шамамен 13 миллиард доллар немесе ұлттық ЖІӨ-нің 8 пайызы. Бірақ мұнша мол қаржының есебін ешкім берген жоқ. Қашан бөлінді, қайда жұмсалды, нәтижесі қандай? Бұл сұрақтар сол беті жауапсыз қалды...
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 7 шілдеде коронавируспен күреске Үкімет резерві мен республикалық бджеттен қанша қаражат бөлінгенін және ол қаражаттың қайда жұмсалғанын айтып, есеп берген болды.
Оның айтуынша, пандемия кезінде коронавирус инфекциясымен күрес үшін, оның пайда болуы мен індеттің бетін қайтару үшін 114 миллиард 826 миллион теңге бөлінген. Мұның 40 миллиард 58 миллион теңгесі үкімет резервінен, ал 74 миллиарды респбликалық бюджеттен бөлінген.
Денсаулық сақтау министрі Цой 114 миллиардтың есебін түгендеп бергенімен, сөзі қаржы министрлігінің есебімен бірдей шықпай қалды. Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұловтың айтуынша, елімізде коронавируспен күреске 191 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
«Бүгінгі күнге коронавируспен күреске республикалық бюджеттен 191,9 млрд теңге бөлініп отыр. Оның 125 млрд теңгесі бюджетті нақтылау аясында, 66,9 млрд теңгесі Үкімет резервінен бөлінген. Қаражат мақсатты бағыттарға жұмсалады. Бұдан басқа, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан Медициналық қызметтер сапасын бақылау комитеті арқылы да көрсетілетін медициналық қызметтерге бақылау жүргізіліп, қадағаланады», – дейді Шолпанқұлов.
Қаржы министрлігінің есебі ақпарат құралдарында 8 шілде күні жарияланды. Алексей Цойдан бір күн кейін. Ендеше екі министрлік екі күннің ішінде екі түрлі есеп соғып отырғаны қалай? Кім өтірік айтып отыр? Әлде біз дұрыс түсінбедік пе?
Abai.kz