Covid-19 кезіндегі елдегі еңбек нарығы. Не өзгерді?
Еңбек ресурстарын дамыту орталығы (WDC) COVID-19 кезінде Алматы, Нұр-Сұлтан және солтүстік өңірлерде жұмыс берушілер білікті жұмысшылардың жетіспеушілігін бастан өткеруде, ал батыс және оңтүстік өңірлерде сұраныстан өтініш басымдығын атап өтті.
Ондағы деректерге сүйенсек, Алматыда – 22,5 мың, Нұр-Сұлтанда – 16 мың, Қарағанды мен Қостанай облыстарында 17,4 мың және 16,6 мың бос жұмыс орындары болса, керісінше еліміздің оңтүстігінде жағдай мүлдем өзгеше.
Атап айтсақ, Түркістан облсында 100 бос орынға – 164 түйіндеме, Жамбылда – 139 түйіндеме, Қызылордада – 126 түйіндемеден келеді. Еліміздің батысындағы Атырау мен Маңғыстауда да тап осындай жағдайлар көрініс алуда.
Бұл орайда жастарды жұмыспен қамтуда ел билігінің ескеруге тиіс дүниесі шикізаттық экспортты бірте-бірте жартылай шикізатпен алмастыруға бағдар ұстануы дер едік.
Қазір біздің мемлекет COVID-19 кезінде жаңа экспорттық кеңістіктерді игере бастады. Соның бірі – Үндістан. 2019 жылдың қаңтар-мамыр айларыман салыстырғанда аталған елмен сауда-сатық 3 есеге өсіп, экспорт – 1,4 млрд долларға, ал, импорт – 159,7 млн долларға жетіпті.
Ескеретін жайт біз биыл үнділерге өңделмеген күмісті 18,2 млн долларға сатсақ, есесіне олардан 39,8 млн долларға керемикалық кірпіш сатып алғанбыз.
Еліміздің аталған елге өңделмеген күмісті сатуы – былтырғы жылға қарағанда 39,8% кемігендігі байқалады. Күмісті өңдеу мен керемикалық кірпіш жасауды жолға қою біраз жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік берер еді. Әрі осы салаларға мүдделі үнді бизнесмендерін инвестор ретінде тарту мүмкіндігін қарастыру облыс әкімшіліктерінің назар аударар салаларының бірі.
Шикізаттық экспортты бірте-бірте жартылай шикізатпен алмастыруға көшу оған сай маман дайындаудан бастау алады. Оған отандық іскерлеріміз бен жұмыссыз жастарымыз тастүйін дайын, ал қазақ билігі ше?
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz