Қазақстан тарихындағы қаралы күндер
8 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілдені коронавирус құрбандарын еске алу – жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы 9-қаралы күн.
Қаралы күн қайғылы оқиға салдарынан қаза болғандарды еске алып, көңіл айту үшін белгіленеді. Бұл күнді белгілеуге қатысты арнайы критерий жоқ. Жағдайға байланысты президент бір немесе бірнеше күнді “қаралы” деп жариялауы мүмкін. Белгіленген күні мемлекеттік мекемелердегі мемлекеттік ту түсіріліп, телеарналардан ойын сауық бағдарламалар көрсетілмейді.
Ленин шахтасындағы жарылыс
Қарағанды облысындағы шахталардың бірінде болған қайғылы оқиғаға байланысты 2006 жылдың 20 қыркүйегі қаралы күн деп жарияланды. Шахтада метан газы жарылып, 41 адам қаза болған. Жарылыс сақтық шаралардың сақталмауынан және жұмысты ұйымдастыруда жіберілген қателіктен болды.
Абай шахтасындағы жарылыс
2008 жылы 11 қаңтарда Қарағандыдағы тағы бір шахтада метан жарылып 30 шахтер қайтыс болды. Жарылыс кезінде шахтада 191 адам болған. Құтқарушылар 161 шахтерды шығарып, 23 адамның денесі жер астында қалды. Қаза болғандарға көңіл айту үшін Қарағанды облысында 3 күн «қаралы» деп жарияланды.
Қызылағаштағы су тасқыны
2010 жылы 12 наурызға қараған түні Алматы облысындағы бөгет жарылып, Қызылағаш ауылын су шайып кетті. Ресми дерек бойынша 45 адам қайтыс болды. Бұлардың ішінде кәмелетке толмаған он бес бала бар. Осыған байланысты елде 16 наурыз қаралы күн деп жарияланған еді.
Арқанкерген қырғыны
2012 жылы 28 маусымда Қазақстан мен Қытай шекарасындағы «Арқанкерген» бекетінде 15 адамның мәйіті табылды. Олардың 14-і шекарашы, біреуі қорықшы болған. Бұл туралы тек 1 маусым күні мәлім болды. Ал 5 маусым қаза болғандарды аза тұту күні деп жарияланды. Шекарашылардың ішінен аман қалған Владислав Челах бұл қылмысқа айыпты деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Ан-72 ұшағы апаты
2012 жылы 25 желтоқсанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ан-72 ұшағы Шымкент маңына құлап, борттағы экипаж мүшелерін қосқанда 27 адам қаза болды. Апат техникалық ахаудан және экипаж мүшелерінің қателігінен болған. Қаза болған шекарашыларға көңіл айту үшін 27 желтоқсан қаралы күн болып жарияланды.
Bombardier CRJ200 ұшағы апаты
2013 жылы 29 қаңтарда Көкшетау – Алматы бағытындағы ұшақ Қызылту ауылының маңында апатқа ұшырады. Борттағы барлық 16 жолаушы және 5 экипаж мүшесі қаза тапты. Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев 31 қаңтарды қаралы күн деп жариялады.
Ақтөбедегі терракт
5 маусым күні бір топ адам Ақтөбедегі екі қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасады, соның салдарынан 25 адам қаза тапты. Оның ішінде төртеуі жергілікті тұрғын, үшеуі әскери және 18 шабуылды ұйымдастырушы азамат болған. Терракт құрбандарына арнап 9 маусым қаралы күн деп жарияланды. Сонымен қатар 2017 жылдың қаңтарына дейін террористтік жағдайдың “сары деңгейі” енгізілді.
Bek air ұшағы апаты
Былтыр 27 желтоқсанда Алматы–Нұр-Сұлтан бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңында апатқа ұшырады. Апат себептері техникалық ахаулар және адам факторы болған. Борттағы 11 жолаушы және 2 экипаж мүшесі қайтыс болды. Ал 28 желтоқсан қаза болғандарды аза тұту күні ретінде жарияланды.
Коронавирус құрбандары
Өткен аптада президент Тоқаев 13 шілдені коронавирус құрбандарын еске алу – жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Кейінгі мәлімет бойынша елде коронавирустан 375 адам қайтыс болған. Сонымен бірге коронавирус анықталған 101 науқас әртүрлі аурудан және маусымда 628 адам пневмониядан қайтыс болған.
Дереккөз: factcheck.kz
Abai.kz