Сәрсенбі, 5 Тамыз 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 94882. Жазылғандар — 67031. Қайтыс болғандар — 1058
Әдебиет 2461 8 пікір 19 Шілде, 2020 сағат 13:17

Абай жүрген жолменен...

Елу жылда ел жаңа

Ел  жаңа елу жылда, жүзде қазан,
Артыма алаңдаймын  кетіп мазам.
АҺ ұрып бұл жалғаннан бәрі де өткен,
Секілді жер бетіне қонған тозаң.

Асындай кешегі өткен ірі байдың,
Дүрілдеп тойы да өтті ұлы Абайдың,
Сол тойға мен де бардым, думан құрдым,
Өзімді  не деп, бірақ, кінәлаймын.

Той өтті, дырду бітті, енді қайттік?!
Өсектеп,  қилы-қилы әңгіме айттық.
Не ішіп, не жегенін сөз қып көбі,
Әйтеуір, опыр-топыр үйге қайттық.

Жол бойы сынған шөлмек, жыртқан қағаз,
Тер төгіп  Қарауылға шыққандар мәз.
Тойына халқы мыңдап келгенімен,
Алайда, Абай сөзін ұққандар аз.

Дабысы  күндей болған күркіреген,
Той өтті талай-талай дүркіреген.
Құлындай ұзай алмай қазығынан,
Шылбырға оралып жүр, шіркін, өлең!

Әкімдер ақын жырын жатқа  білмей,
Ақындар олқысынып атқа мінбей,
Құлазып айдалада біз отырдық,
Ішіне адам кірмей жатқан үйдей.

Өзіңдей  ұлы қазақ, мықты қазақ,
Шыққаны арамыздан тіпті ғажап.
Күні ертең  естен шығып, ұмытылар
Халқымыз  шеккен азап, көрген мазақ.

Ел болсақ барлық әлем мойындаған,
Арылса  шаң-тозаңнан сайын далам,
Елімнің қасиетті  құтты жолын
Әуелден сен екенсің дайындаған.

Жетеді сыйлаған да, қимаған да,
Түсінбей жан-сырыңды қинаған да.
Берсе де ойлансын деп миды адамға,
Қор болды асыл сөзім кей наданға.

Қарасаң назар салып төңірекке,
Қазақтың шынымен-ақ езі көп пе?!
Жаны ашып ұлтына арнап жазған сөзге
Абайдың қоя алмаған өзі нүкте...

Жататын қара тастай сай жағалай,
Келеді ауыр теңеу ойға қалай?!
Тұрғызған асыл жырдан алтын сарай,
Қор болды-ау есіл сөзің, қайран, Абай!

Біреулер жүрер жолын танып-білмей,
Адамның санатына анық кірмей
Жүргенде  қараңғыға сеуіп нұрын,
Төбемде сен тұрасың жарық күндей.

Абай айтқан кеп

Жиренемін кей кезде досымнан да,
Үйренемін кей кезде қасымнан да.
Абай айтқан кеп менің басыма тұр,
Алдамаған кім қалды осы маңда?!

Төбесіне көтерсе ел еркесін,
Есерлерді еріксіз семіртесің.
Япырай, ақын қалай тауып айтқан:
«Бәйтерек те күндейді көлеңкесін».

Аз сөйлеп, көп ой айтар кезді ұмытқан,
Жалықтым мылжыңдаған езбе, қырттан.
Абай айтқан шындықты мойындайсың:
«Қазақтың сөзі ұзын, - деп, - өзге жұрттан...»

Жүргеннен соң даңғырлап, баса-көктеп,
Теңесіпті кей кезде есек атпен.
Ойлап тұрсам, кезінде ұлы Абай да
Арпалысып өтіпті кесапатпен.

Өксіп өткен кезінде Абайлар да,
Тауқіметі жүк болған талай нарға,
Ақынды оқып, көңілге тоқыған жұрт
Не болғанын заманның абайлар ма?!

Абай  жолы

Бұл не сұмдық?!
Көзім түсті оқыста,
«Абай жолы» жатыр екен қоқыста.
Данышпанды  дымбілместер не қылсын,
Үйренген соң шабыс пенен атысқа.

Заман өтті алағай да бұлағай,
Қазағым деп күніренді ұлы Абай.
Талай асыл өтіп кетті фәниден,
Тар қапастың қорлығына шыдамай.

Экранда – кейіпкерлер әңгүдік,
Көретінің зорлық пенен зомбылық.
Төсек, өсек...
Не болса да үндемес,
Көрерменді  жаратқан ба сорлы қып?!

Ұрылардың айтқан сөзін ақыл деп,
Кісі өлтірген қарақшыны батыр деп,
Жүзеге асты ойлағаны дұшпанның,
Жақсылықтың қасиетін кетірмек.

Көрген кісі отырғанда бет басып,
От басынан кеткен-сынды бақ қашып.
Мұның бәрін өнеге деп қабылдап,
Жас жеткіншек қалмаса екен от басып.

Біреуге ұнап, біреулерге ұнамай,
Сүрінсең де жүрсең болды құламай,
Мақтау сөзден запы болып құлағы,
«Сенбе жұртқа»! деген екен ұлы Абай.

Өзге тілге жасап жатқан құрметін
Ана тілі болып тұр ғой шын жетім.
Ел байлығын үлестіріп өзгеге,
Қазақ неге тарту керек бейнетін?!

Бастық келсе басын шұлғып, жалбақтап,
Алды-артына көпшік қойып, жан бақпақ.
«Келер заман – көк тұман» – деп күрсінген,
Абай сөзін жатқан кім бар салмақтап.

Ортасында отырғандай өзге елдің,
Қазағыма қандай тағдыр кез келдің?!
Абай жүрген, атам өткен сол жолдан
Ешқашан да шықпаймын деп сөз бергін!

Абай жалғыз

Қазағымда ақын көп.
Абай жалғыз.
Ұлы адамға жақын көп.
Абай жалғыз.
Жалғызбын деп қамықпа,
Абай-абыз,
Жалғастырар ісіңді біздер бармыз.

Бармыз біздер,
Бәрібір жалғыз Абай,
Ынсапсызды жүрміз біз тойғыза алмай.
Арақты да, өтірік, өсекті де
Қазағыма келеміз қойғыза алмай.

Қайран, ақын!
Көңілі нұр, сөзі мерген,
Мінбесіне заманның өзі келген.
Миллион  болдық  Абайдың арқасында
Көп шуылдақ өншең нөл соңына ерген.

«Жалғыз болса болар тек жалғыз Құдай»,
Деп сөйлейді біреулер қан  қызып-ай.
Алматыда  Көктөбе  етегінде
Бара жатыр адымдап жалғыз Абай.

Үлкен-кіші ақындар, талай бармыз,
Отқа түсіп ел үшін, жана алармыз.
Өмірде де,
Өлең мен өнерде де
Абай жалғыз,
Бәрібір Абай жалғыз.

Абай да ыза болған

«Ішім өлген, сыртым сау» – деген Абай,
Шошыды екен шынында неден Абай?
«Өз дертін тығып ішке, білдіре алмай,
Ауру жүрек ақырын соғады жай».

«Бас-басына би болса өңкей қиқым»,
Қамын ерте ел-жұрттың жеген Абай.
Елдің сәнін келтірген, бұзбай шырқын,
Айтқан сөзге болған соң ісі оның сай.

Мақсаты ұлы Абайдың болған тірек:
«Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.»
Болғанмен таудай талап қайрат қылмай,
Арманға жете алмасын білсе керек.

Бас тартпай көрген қорлық, азабынан,
Өзгенің құтылмаса тұзағынан,
Абай да соны көріп құса болған,
Сиясы уға толып,  ыза болған.

Шықпайды өлең-жырмен аты кімнің,
Кең өлкем, көп қой сенің ақын ұлың.
Сонда да оқығанда Абай сөзін,
Қаламды кеп тұрады атып ұрғым.

Соғыстым дейтіндер бар отқа кірмей,
Мал бағып жүргендер бар атқа мінбей.
Кеудесін ақынмын деп соққандар бар,
Абайдың бір өлеңін жатқа білмей.

Жан-жаққа қарасаң да қалай бүгін,
Дәуірдің  көтере алар талай жүгін,
Қазақты түсінеді  деп ойлаймын,
Аңғарып, жатқа оқыған Абай жырын.

Жол  көрсеткен

Жалғыздықтан жапа шексем,
Жүрегімнің шерін төксем,
Қас дұшпанның туын жықсам,
Сағыныштың уын жұтсам,
Ой маржанын сүзіп терсем,
Бала сүйіп, қызық көрсем,
Жөн көрсеткен ұлы Абай.

Жеріміздің кеңдігін де,
Еліміздің ерлігін де,
Халқымыздың тірлігін де,
Еріміздің өрлігін де,
«Сенемін, – деп, – енді кімге?»
Ашып айтқан кемдігін де,
Қайғы шеккен ұлы Абай.

Бұл жалғанның сырын білсем,
Қатарымнан бұрын жүрсем,
Көтерілсе көңіл көкке,
Ауыр ойдан мазам кетсе,
Дәм таусылып, базар бітсе,
Демім бітіп, ажал жетсе,
Жол көрсетер ұлы Абай.

Ұлы ақынның сөздері

«Арсыз болмай атақ жоқ,
Алдамшы болмай бақ қайда?»
Ұлы ақынның сөздері
Шымбайыңа батпай ма?!

«Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ»
Болғаннан соң бойға шақ,
Жатыр қазақ жамбастап.

«Қорқақ, надан, мақтаншақ,
Арсыз, жалқау, сұрамсақ»
Қазақпын деп аттан сап,
Жүр жалықпай ұран сап.

«Арыз жазғыш, қаскүнем»,
Атаққұмар, алакөз,
«Нәпсіқұмар, маскүнем»
Төрге шыққан болды кез.

«Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Көрсеқызар, жалмауыз»,
Даңғой, қырсық, көңілшек,
«Әпербақан, алауыз».

Жоқ секілді арманы,
Сүйек берсе қожасы,
Ал өзіне қалғаны
«Бейнет, күйік, ызасы».

Талай жайды көз көрді,
Түстім су мен отқа да...
Абай айтқан сөздерді
Қайталадым тек қана.

Өмірдің мәнін ұғынтқан

Шырмауындағы өзгенің,
Қазақтың қара көздері!
Оқыңдар және ұғыңдар
Абайдың қара сөздерін.

Естіген жанды ұйытқан
Тыңдаңдар оның сырлы әнін.
Өмірдің мәнін ұғынтқан,
Оқыңдар Абай жырларын.

Сабырдың ұстап ноқтасын,
Берілем кейде ойға көп:
«Тудырған сөздің патшасын
Абайдай болмақ қайда?!» деп.

Санаға жұғын жұқтырмай,
Қинаған ойлар Абайды
Түрмеде жатқан тұтқындай
Тағы да мені қамайды.

Абайды оқығанда

Жас тамса көзімнен,
Сөз шықса тілімнен,
Барлығы  өзімнен,
Көретін  күнімнен.

Кемеңгер Абайдың
Алланы тануы –
Тазартқан талайды,
Жүректің жалыны.

Тер ақса тәнімнен,
Шер туса жүректен,
Сескенсем өлімнен –
Өмірге тілектен.

Ақ сөйлеп ақынның,
Шындыққа келуі –
Жетегі ақылдың,
Ақиқат сенімі.

Жыр оқып сүйіндім,
Жаныма үңілдім,
Аллаға сыйындым,
Ақынға жүгіндім.

Абайға үңілем...
Жанының  шуағы
Жүректің түбінен
Шымырлап туады.       

Өзгертсе өзгені,
Сананың қаймағы,
Абайдың сөздері –
Хақ діннің айғағы.

Тағы Абайға үңілем...

Жас боп тамса көзімнен,
Сөз боп шықса тілімнен,
Соның бәрі өзімнен,
Көріп жүрген күнімнен.

Тер боп ақса тәнімнен,
Шер боп туса жүректен,
Сескенгенім өлімнен,
Өмірге ізгі тілектен.

Тырнап көңіл жарасын,
Жанды тәнге билетіп,
Көп адамның санасын
Кеткен шайтан күйретіп.

Тағы Абайға үңілем...
Жанның жылы шуағы
Жүрегінің түбінен
Қасиет болып туады.

Ақылбек Шаяхмет

Abai.kz

8 пікір