Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 3274 0 пікір 29 Маусым, 2009 сағат 06:32

Тоғыз тілді білетін студент

 

 

«Жеті жұрттың тілін біл,
Жеті түрлі ілім біл» - дейді қазақ. Дәл осы мақал біздің бүгінгі кейіпкерімізге арналғандай. Бірақ ол жеті тіл емес, тоғыз тілде еркін сөйлейді. Ал жасы - бар-жоғы жиырма үште. Төрткүл дүниені шарлап, тоғыз тілде сөз саптаған сабаздың есімі - Нематулла Наджмуддин. Есімі құлаққа тосаңдау естілгенмен, қаны бір қандасымыз. Жат жұртта атамекен, туған жерді аңсаған Нематулла: «Шет жақта жүрсем де ғаламтордан Қазақстан жайлы көп оқитынмын. Әсіресе, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мені қатты қызықтыратын. Бұл оқу орнында білім беру деңгейі өте жоғары және бұл жерді бітірген азаматтар беделді қызметтерге ие болып жатады. Қазіргі мемлекет қайраткерлерінің, ғалымдардың, ақын-жазушылардың дені осы университтен білім алғандар. Мен білімімді тереңдетуге Түркия, Канада секілді елдердің жоғары оқу орнына тапсырсам да болатын еді. Бірақ мен өз елімде білім алуды жөн көрдім», - дейді. Осындай асыл армандары Нематулланы 2004 жылы алғаш рет қазақ жерімен қауыштырады. Алматы қаласына келіп, грантқа оқуға түсу үшін тест тапсырмақшы болады. Алайда қазақ тілін жақсы білмейтіндіктен бұл сынақтан өте алмасын біліп, өзіне қарастырылар жеңілдіктер жайлы Алматыдағы көші-қон ұйымынан көмек сұрайды. Одан еш қайран болмаған соң, ақылы негізде болса да оқуға түсемін деп, қайсар жігіт Ұлттық университеттің шығыстану факультетіне құжаттарын тапсырғалы жүргенде әкесі қайтыс болғандығын естіп, Ауғанстанға қайтып кетеді. «Әкем қайтыс болған соң, біраз уақыт қол үзуге тура келді. Сосын отбасымызбен осында көшіп келдік. Қазақстанның азаматтығын алдық. 2008 жылы ҚазҰУ-ге қайта тапсырып, шығыстану факультетінің араб тілі мамандығына ақылы негізде оқуға түстім. Мен негізінде төрт елдің мектебінде оқыдым. Үшінші сыныпқа дейін Түркияда оқысам, одан кейін Ауғанстан, Иран, Пәкстан елдерінде білім алдым. Әр елде көшіп-қонып жүргендіктен, сол елдердің ана тілін игеруге мәжбүр болдым. Түркияда - түрік, Ауғанстанда - пуштун, өзбек, тәжік, дарий, Иранда - парсы, Пәкстанда - урду, хинди тілдерін үйрендім. Оған қоса, Түркияда халықаралық қазақ-түрік лицейінде ағылшын тілін тереңдетіп оқытатындықтан еш қиындықсыз үйреніп алдым. Бұл менің 7-13 жас аралығындағы кезім болатын», - дейді ана тілінде еш мүдірместен. Араб тіліне түскен себебі жоғарыда атап өткен парсы, түрік, пуштун тілдерінде 65-70 пайыз араб сөздері кездеседі екен. Тек онымен шектелмей, болашақта Батыстан - тания, Шығыстан - кавия тілдерін үйренбекші. Нематулланың алдына қойған мақсаттары да ерекше. «Аман-есен оқуымды бітірген соң, осы үйренген тілдерімді пайдаланып, сөздік жасау ойымда бар. Парсыша-қазақша, қазақша-парсыша және ағылшынша-қазақша, қазақша-ағылшынша дегендей. Сонымен қатар Абай, Шәкәрім, Ахмет сынды қазақтың біртуар зиялыларының төте жазумен, шағатай тілімен жазылған шығармаларын зерттеп, әдебиеттануға да өз үлесімді қоссам, араб, парсы шығармаларын қазақ тіліне тәржімалап, мәдениет, әдебиетіндегі жаңалықтарын қазақ жастарына жеткізсем», - деген ниетін білдірді. Оның әр сөзінен алға ұмтылушылық, «білсем, көрсем» деген ынта-жігер анық байқалып тұрды. Бірінші курсты үздік тамамдаған Нематулла келесі жылы грантқа ілігуден үмітті.
Келешекте аудармашы, тілтанушы, білікті маман, университетке мұғалім болып қалуды да қалайды. Қазір де тіл үйренем деген достарына, талапкерлерге ағылшын тілінде сабақ беріп жүр. Таланты ерек, талабы таудай Нематулланы Қазақстанның білім, ғылым, өнер саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырар белгілі азамат болады деп сенеміз.

 

Ботакөз СӘТИЕВА, ТарМУ-дың студенті

«Айқын» газеті 27 маусым 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006