Бейсенбі, 28 Қараша 2024
Қайнайды қаның... 4781 5 пікір 31 Шілде, 2020 сағат 14:07

Үкімет тиын санап отыр ма?

Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантин шаралары тағы екі аптаға ұзартылды. Осыған орай көпшілік арасында табысынан айырылғандарға тамыз айында жәрдемақы төлене ме деген сұрақ туындаған.

Бұл сұрақтың жауабын премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов берді. Тоғжановтың айтуынша, уақытша жұмыссыз қалған қазақстандықтарға жәрдемақы беріледі. Бірақ карантин екі аптаға ұзартылғандықтан, жәрдемақы да екі аптаға ғана төленеді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бар. Карантин екі айға ұзарғандықтан, жәрдемақы төленеді. бірақ соманың жартысы, яғни 42 500 теңгенің жартысы, 21 250 теңге төленеді», – деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Демек, «есепке жүйрік» үкімет карантин жарты айға енгізілгендіктен, ең төменгі жалақының (42 500 теңге) жартысын ғана төлегелі отыр. Үкіметтің бұл шешімін қалай бағалауға болады? Біздің билік кейбір алаяқ саудагерлер секілді. Халықтың жағдайымен мүлде санаспайды, тиын санап, есептесіп халықтың өз қаржысын өзіне қимайды.

Карантин 15 тамыздан кейін аяқталса, қалған он неше күнде жұмыссыз қалған халық жұмыс тауып үлгіре ме? Жұмыс берушілер қалған жарты айға жалақы төлей ме? Тіпті карантин аяқтала сала, халық бірден қалыпты тұрмысқа оралып, табыс таба бастауы мүмкін емес. Осылардың бәрін ескере отырып, тамыз айына бөліп-жармай 42 500 теңгесін толық төлей салса болар еді ғой.

Үкімет «бюджет қаржысын үнемдеп жатырмыз» деп уәж айтатын шығар. Біздің билік халыққа келгенде ғана үнемшіл болып қалады. Ал өздері той-жиын өткізсе, тозбаған жолды бұзып қайта жөндесе, қала күнін тойласа, отшашу атса бюджеттің қаржысын аямайды. Өздеріне келгенде көл, халыққа келгенде шөл үкімет Қазақстанда ғана бар шығар...

Екінші мәселе, кеше Еңбек және халық әлеуметтік қорғау министрлігі карантинге байланысты табысынан айырылған қазақстандықтарға тамыз айында 63 750 теңге төлейміз деген ақпарат таратты.

Аз ғана 42 мыңды толық бермей отырған үкімет қалайша «жомарттық» танытты, деп аталған министрліктің сайтын ақтадық. Қазақша тілі жаңа шыққан жас баладай кедір-бұдыры көп мәтіннен түсінгеніміз, табысынан айырылған тұрғындарға 42 500 теңгеге қосымша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ең төменгі жалақының тең жартысындай қаржы қоса беріледі екен. Ең төменгі жалақының тең жартысы дегеніміз 21 250 теңге, осы екеуін қосқанда 63 750 теңге төленеді деп отыр.

Мұны ести сала, ерте қуанып кетпеңіз. Халық табысынан айырылды деп бір айда 63 мың теңгеден таратқалы отырған үкімет жоқ. «Бұл көмекті МӘСҚ-дан біржолғы төлем тағайындауға алғаш рет өтініш берген азаматтар ғана алады» деген шарттары тағы бар. Бұл не деген сөз? Шілде айында 42 500 теңгені алуға өтініш бермегендер, Тоғжанов уәде еткен тамыз айындағы 21 250 теңгені қосып, 63 750 теңге алады деген сөзі (1,5 айға).

Сонда ештеңе де өзгерген жоқ. Шілдеге 42 500 алып, тамызда 21 250 алдың не, шілдеде ештеңе алмай, тамыз айында 63 750 теңге алдың не бәрі бір емес пе?! Халықты есептен жаңылдырып, көңілін аулауды әбден үйренген билік тамыз айында 63 мың теңге төлегелі жатырмыз деп елді шатастырып отыр, қысқасы.

Енді ақпарат үшін атағы үлкен «63 мың теңгені» кімдер алатынын айта кетейік:

1) мемлекеттік заңды тұлғалардың (шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлерінен басқа), сондай-ақ акциялары мен жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің 100% - ы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың, екінші деңгейдегі банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың және олармен үлестес заңды тұлғалардың қызметкерлерін қоспағанда, жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлер;

2) жеке кәсіпкерлер;

3) жеке практикамен айналысатын адамдар;

4) нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар;

5) бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалар.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1570
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3381
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6497