Бейсенбі, 26 Қараша 2026
Құйылсын көшің 120 0 пікір 26 Қараша, 2026 сағат 16:12

Әлем қазақтарын атажұртқа қалай жинаймыз?

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Қазақ халқының тағдыры – ұлан-ғайыр даланың шекарасымен ғана шектелмейтін, тарихтың талай бұралаң жолынан өткен ұлттың тағдыры. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде миллиондаған қандасымыз өмір сүріп жатыр. Бірі – Қытайда, бірі – Өзбекстанда, енді бірі – Ресейде, Моңғолияда, Түрікменстанда, Түркияда, Еуропа мен Америкада. Олардың кей бөлігі тарихи көші-қонның, енді бір жартысы саяси қуғын-сүргіннің, ашаршылық пен шекаралық өзгерістердің салдарынан атажұрттан жырақта қалған. Ендеше, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның алдында тұрған маңызды тарихи міндеттердің бірі – шетелдегі қазақтардың елге оралуына қолайлы жағдай жасау. Бұл жай ғана халық санын көбейту деп ойламау керек. Бұл – ұлттың болашағы, мемлекеттің қуаты, елдің тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігі туралы жағдай.

Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ халқы өткен ғасырда ауыр демографиялық апаттарды бастан кешірді. Ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, күштеп ұжымдастыру, соғыс пен жаппай көші-қон ұлтымыздың табиғи өсіміне орасан зиян келтірді. Миллиондаған адам қаза тауып, жүздеген мың қазақ шетелге босып кетті.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге алғашқы қадам жасады. 1991 жылдан бастап шетелдегі қандастарымыздың елге оралуына жол ашылды. Содан бері миллионнан астам этникалық қазақ тарихи Отанына қоныс аударды. Мүмкін, олардың саны қазіргі күндері елімізде екі миллионға жеті.

Алайда бұл үдеріс әлі аяқталған жоқ. Шетелде өмір сүріп жатқан қазақтардың нақты саны туралы деректер әртүрлі болғанымен, олардың толық саны жинастырып, теріп, зерттеп қарағанымызда он миллионға жуықтайды екен.

Олардың көбін бір уақытта көшіріп әкелу мүмкін де емес. Бірақ, Қазақстанға оралғысы келетін әрбір қазақтың алдындағы әкімшілік, экономикалық және әлеуметтік кедергілерді барынша кеміту – мемлекеттің стратегиялық міндетіне айналуға тиіс.

Ұлттық диаспораны тарихи Отанына қайтару тәжірибесі әлемде бұрыннан бар.

Мысалы, Израиль мемлекеті 1950 жылы «Қайтып оралу туралы заң» қабылдап, әлемдегі еврейлердің елге қоныс аударуына ерекше құқықтық мүмкіндік жасады. Әртүрлі кезеңдерде Еуропадан, бұрынғы Кеңес Одағынан, Эфиопиядан және өзге мемлекеттерден көптеген еврейлер Израильге көшіп барды.

Бұл көші-қон елдің халық санын арттырып қана қоймай, ғылымының, медицинасының, технологиясының және кәсіпкерлігінің дамуына ықпал етті. Әсіресе жоғары білімді мамандардың келуі экономиканың жаңа салаларын қалыптастыруға көмектесті.

Германия да тарихи Отанына оралған этникалық немістерді қабылдау саясатын жүргізді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстаннан, Ресейден және басқа елдерден көптеген неміс Германияға қоныс аударды. Мемлекет оларға азаматтық алу, тіл үйрену, әлеуметтік бейімделу және еңбек нарығына қосылу бағытында қолдау көрсетті.

Оңтүстік Корея да шетелдегі этникалық корейлермен байланысты нығайтып, олардың тарихи Отанына келуіне және жұмыс істеуіне арналған құқықтық тетіктер қалыптастырды.

Бұл елдердің тәжірибесі бір маңызды ақиқатты көрсетеді: қандастарды елге қайтару үшін, ұзақ мерзімді ұлттық даму саясаты болуы керек.

Қазақстан – жер көлемі жөнінен әлемдегі тоғызыншы мемлекет. Алайда осынау алып аумақтағы халық саны жер көлемімен салыстырғанда өте кем.

Халықтың көп бөлігі ірі қалалар мен экономикалық орталықтарға шоғырланған. Ал солтүстік, шығыс және орталық өңірлердің кейбір ауылдық аудандарында халық саны күрт кеміп, елді мекендер босап жатыр.

Осындай жағдайда қандастардың тарихи Отанына оралуы демографиялық дамуға елеулі серпін бере алады.

Егер айтсақ, алдағы екі-үш жылда Қазақстанға қосымша бес-алты миллион қандас қоныс аударса, бұл еңбек нарығына, ішкі тұтынуға, кәсіпкерлікке және өңірлердің дамуына айтарлықтай ықпал етуі мүмкін.

Бірақ халық санын көбейтуді тек сандық көрсеткіш ретінде қарастыруға болмайды. Көшіп келген адамдарға жұмыс, баспана, сапалы білім, медициналық қызмет және тұрақты табыс қажет.

Сондықтан көші-қон саясаты экономикалық даму жоспарларымен тығыз байланыстырылуы тиіс.

Қандастарды қалай елге жинаймыз? Ең алдымен, Қазақстан шетелдегі қазақтарды тарихи Отанына қайтарудың кемінде үш жылға арналған мемлекеттік стратегиясын әзірлеуі қажет.

Бұл стратегияда көші-қонның жыл сайынғы мақсатты көрсеткіштері, қаржыландыру көздері, қоныстандыру өңірлері және әлеуметтік қолдау шаралары нақты белгіленуге тиіс.

Алдымен, қандастардың азаматтық алу рәсімдерін жеңілдету керек. Құжат жинау, тұрақты тіркеу, ықтиярхат рәсімдеу сияқты жағдай мүмкіндігінше бір терезе арқылы шешілгені дұрыс.

Сонымен қатар, шетелдегі қазақ жастарына Қазақстан университеттерінде білім алуға көбірек мүмкіндік берілуі қажет. Жастардың елде білім алып, мамандық игеріп, тұрақты жұмысқа орналасуы – ұзақ мерзімді қоныстанудың тиімді жолдарының бірі.

Тағы айтарымыз, қандастарды тек Астана, Алматы және Шымкентке шоғырландырмай, экономикалық әлеуеті бар өңірлерге ерікті түрде қоныстандыруға ынталандыру керек.

Сондай-ақ, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін қандастарға жеңілдетілген несие, жергілікті өндірісті ашуға қолдау және кәсіби даярлық бағдарламаларын ұсынған жөн.

Тағыда, шетелдегі қазақтардың білімі мен кәсіби тәжірибесін пайдалану қажет. Олардың арасында ғалымдар, инженерлер, дәрігерлер, кәсіпкерлер, ақпараттық технология мамандары бар. Мұндай азаматтардың елге келуі Қазақстанның интеллектуалдық әлеуетін арттырады.

Қазақ халқы күшейе ме? Әрине, қандастардың оралуы қазақ халқының демографиялық және мәдени әлеуетін күшейте алады. Дегенмен, бұл үдерістің нәтижесі мемлекеттің оны қаншалықты дұрыс ұйымдастыратынына байланысты.

Халық санының артуы – ішкі нарықтың кеңеюі, жұмыс күшінің көбеюі, жаңа кәсіпорындардың ашылуы және салық түсімдерінің ұлғаюы деген сөз.

Сонымен бірге қандастар қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге, ұлттық дәстүрлердің сақталуына және мәдени сабақтастықтың нығаюына үлес қоса алады.

Дегенмен елдің шынайы қуаты тек бір этностың санымен өлшенбейді. Қазақстанның беріктігі келген азаматтардың тең құқықтарына, ортақ азаматтық жауапкершілікке, қоғамдық келісімге және мемлекеттік институттардың тиімділігіне негізделеді.

Қандастардың елге оралуы осы тұтастықты толықтырып, Қазақстанның дамуына жаңа мүмкіндік беруі тиіс.

Қандастарды қабылдаудың тағы бір маңызды қыры – шекаралас және халқы тығыз емес орналасқан өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы.

Шекара маңындағы ауылдардың сақталуы, мектептердің жұмыс істеуі, жолдардың жөнделуі, өндірістің дамуы және жаңа жұмыс орындарының ашылуы мемлекеттің аумақтық тұтастығын нығайтуға қызмет етеді.

Алайда адамдарды қайсы бір өңірге жай ғана орналастыру жеткіліксіз. Ол жерде өмір сүруге қажетті жағдай болмаса, көшіп келген азаматтар қайтадан ірі қалаларға немесе шетелге кетуі мүмкін.

Сондықтан шекаралық өңірлерді дамыту саясаты инфрақұрылыммен, инвестициямен және тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілуі керек.

Тарихи мүмкіндік қолдан шығып кетпесін. Осыны аса құрметті билік иесіне ескертеміз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде шетелдегі қазақтардың жаңа ұрпақтары өздері өмір сүретін елдердің қоғамдық және мәдени ортасына барған сайын тереңірек бейімделіп келеді. Бұл – табиғи құбылыс.

Сондықтан Қазақстан олардың тарихи Отанымен байланысын сақтауға ерекше көңіл бөлуі қажет. Елге көшуді қаламайтын қандастарға да қазақ тілін үйрену, мәдени байланыстар орнату, Қазақстанда білім алу және кәсіпкерлік жүргізу мүмкіндіктері ұсынылуы тиіс.

Қорытындылай айтқанда, әлем қазақтарының атажұртқа оралуы Қазақстан үшін үлкен тарихи мүмкіндік. Бұл демографияны жақсартуға, экономиканы дамытуға, ұлттық мәдениетті байытуға және өңірлердің әлеуетін арттыруға ықпал ете алады.

Дегенмен ұлтты күшейтудің басты шарты – адамдарды жай ғана жинау деп ойламайық, олардың білімін, еңбегін, қабілетін ел игілігіне жұмылдыра алатын әділетті әрі қуатты мемлекет қалыптастыру.

Қазақтың қара шаңырағы – Қазақстан. Оның есігі әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, тарихи Отанына оралғысы келетін әрбір қандасқа ашық болуы керек. Өйткені елдің байлығы тек жерінің кеңдігінде емес, сол жерді көркейтіп, болашаққа бастайтын халқында.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір