Жексенбі, 9 Тамыз 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 98701. Жазылғандар — 72273. Қайтыс болғандар — 1058
1117 15 пікір 1 Тамыз, 2020 сағат 13:54

Маска тақпағандарға 288,9 миллион теңге айыппұл салынған...

Қазақстанда бетперде режимін бұзғаны үшін 83 340 теңге мөлшеріндегі айыппұл ұзын-ырғасы 3467 адамға салыныпты. Ал, айыппұлдың жалпы мөлшері 288,9 миллион теңгені құраған. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы мәлімдеді. 

«Белгіленген карантиндік шектеулерді, оның ішінде бетперде режимін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 1-бөлігі бойынша жеке тұлғаларға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатын жауапкершілік көзделген. Осы бап бойынша 3467 адам жауапкершілікке тартылды»,- делінген  хабарламада.

Сонымен қатар, Прокуратура жүргізген рейд нәтижесінде 650 дәріхананың дәрі-дәрмекті көтерме бағамен сату фактісі тіркелген.

Ал, Алматы қаласында коронавирустық инфекциядан емдеуде қолданылатын 60 мың дана жасанды дәрі-дәрмек («Цефамед», «Цераксон», «Цефтазидин», «Физиотенс») дайындау цехы анықталған.

Дәрі-дәрмек тапшылығын қолдан жасау арқылы (Цефтриаксон, Азитромицин, Парацетамол және т.б. бар бола тұра) елордалық дәріханалардың бірі оларды (сертификатсыз және фискалды чектерсіз) жоғары бағамен сатып отырған.

Аталған дәріханадан жалпы сомасы 1,7 млн. теңгеге 2811 қаптамадағы дәрі-дәрмек тәркіленген.

Батыс Қазақстан облысында Ресей Федерациясымен шекарада тиісті құжаттарсыз 5342 қаптама дәрі-дәрмек пен 3160 ампуланы, сондай-ақ 10 млн.теңгеден астам сомаға 2 мың медициналық бұйымды заңсыз әкелгендер ұсталған. Оларға 277 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Дәрі - дәрмектер мен медициналық бұйымдар Денсаулық сақтау басқармасына берілді.

Жалпы тексеру шараларының қорытындысы бойынша 694 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, заңсыз айналымнан жалпы сомасы 770 млн.теңгеге 400 мыңнан астам медициналық дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдар алынған.

Abai.kz

15 пікір