Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Қоғам 4675 4 пікір 5 Тамыз, 2020 сағат 13:11

Кенжелеп даму – кемшілік пе?

Кем дегенде соңғы отыз жыл бойы (одан көп болмаса) біздің зиялы қауымның (бұл құбылыс ТМД елдеріне де тән) бір бөлігі «кенжелеп даму – алапат трагедия» деген біржақты пікірді әлі де қатаң ұстанады. Әрине, кенжелеп даму – қуантарлық фактор емес, дегенмен – орасан зор пессимизмге салынбау керек!!!

Иә, 1990 жылдары және 2000 жылдардың басында «кенжелеп даму – масқара» деген пессимисттік пікір шынымен де өмірде өз негізі де бар болған шығар, себебі ол кезде «евроцентризм» философиялық ұстанымы толыққұқыды Әлем бойынша үстем болған еді. Үстем болғаны рас, алайда Адамзат Өркениетінің басқа да мәдени тараптары бар емес пе!? Мысалы, экономикасы дамыған Оңтүстік-Шығыс Азия елдері, Жапония, Сингапур, Таяу Шығыстың қаржылық және инновациялық тұрғыдан ең дамыған бірқатар мемлекеттері (Түркия, Сауд Арабиясы, Дубай, Израиль және т.б.), тіпті өзіміздің тәй-тәй басса да, белгілі жетістіктерге қол жеткізіп жатқан Еуразиялық Экономикалық Одақты (Қазақстан, Ресей және т.б. жас мемлекеттер) да айтсақ болады...

Иә, қайткенде де Еуропа мен АҚШ өркениеті 1650-1700 жылдардан бастап күні бүгінге дейін Әлемдік финанс көшбасшысы болып келгені рас. Алайда 2008-ші жылғы экономикалық дағдарыс, дәлірек айтсақ – соңғы 12 жыл бойы «әбден дамыған» елдер арасында орын алған сол бір кризистің кері әсерлері жаһандық нарықты әлі де дамыту қажеттілігі туралы бүкіл Әлемді қатты ойлантады. Және биылғы оқыс пандемия (осы індеттің тезірек аяқталуын тілеймін!) «әбден дамыған» Еуропа елдерінің және АҚШ-тың медицина ғылымының – жалпы, денсаулық сақтау саласының кемшін тұстары БАР екендігін көрсетті. «Батыс медицинасының, жалпы Батыс ғылымының құдіреті» деген философиялық теория – Батыс елдерінің өзінде-ақ сенімсіздік тудыра бастады... Оның үстіне 2010-шы жылдары Еуропада орын алған миграциялық және мәдени (рухани-этикалық) дағдарыс, ал соңғы кезде АҚШ-та орын алып жатқан ішкі әлеуметтік қарама-қайшылықтар «Әлемдегі ең озық заң жүйесі» статусының ғасырлар бойы үстем болған көқарасқа өз кесірін тигізіп тұр. Бұның бәрі, әрине, өкінішті жағдай. Тек осы жайттар біздің де елге сабақ болуы керек деп ойлаймын... Себебі, біздің қоғамда әлі де болса отансүйгіштікке бейжай қарайтын нигилизм жоқ емес. 

Қазақстандағы ғасырлар бойы келе жатқан ұлтаралық және дінаралық татулық, 29 жыл бойы келе жатқан бейбітшілік, ішкі тұрақтылық, қоғам ішіндегі бірлікті қадірлеу керек деп қанша рет айтылды! Дегенмен, өкінішке орай, еліміздегі бір топ зиялы қауым әлі де «Еуропадағы немесе АҚШ-тағы толеранттылықтың, өнердің, заңнаманың, ғылымның және тіпті күнделікті өмір сүру салтының моделі» ғана «ЕҢ ДҰРЫС» деген тым біржақты көзқарасты әлі де ұстанып келеді. Жақсыдан үйрен – жаманнан жирен деген атам қазақ. Біз үлгіні тек жақсы құбылыстар мен жаңалықтардан алуымыз керек! Озық электроника? Жөн. Озық экономика? Жөн. Дегенмен, ұлттық этикамызды қадірлеу керек, дегенмен отандық мәдениетті де қастерлеу керек, назар бөліп, дамыту керек... Әрине, «батысшыл» пікірдің де еркін қоғамда орын алып, бар болуына толық құқығы бар, әрине. Дегенмен, Азиядан да үлгі алуға болар еді. Иә, өзіміздің ішкі отансүйгіштікке, қазақ тілі мен дәстүріне, білімі мен мәдениетіне, ұлттық кинематографқа, тіпті ұлттық төл валютаның өзіне тым үлкен, және көбінесе орынсыз күмәнмен және тек ғана «қара көзілдірікпен» қарау үрдісі дұрыс емес! Кенжелеп даму – кемшілік, алайда озық елдердің қателігінен сабақ алған жөн болар, өзіміздің болмысты қадірлеу де жөн болар. Бұл жерде ешқандай жатырқау болмауы керек, себебі қазақы санаға ұлтшылдық тән емес! Қорқудың қажеті жоқ, Қазақ елінде толеранттылық пен келісімнің өз моделі бар! 

Иә, ішкі кемшіліктер жоқ емес, бірақ кейбір шектен тыс либералді жастар арасында да, бір топ интеллигенция арасында да соңғы кезде орын алып жатқан (ең жақсы ниеттерді жамыла отырып) «заңдар тоқтаусыз жұмсара берсін» деген біржақты және орынсыз, қауіпті және бұрыс пиғыл біздің мемлекеттілікке, тұтастыққа, тұрақтылыққа және тепе-теңдікке қауіп төндіруі мүмкін! Содан сақ болайық! 

Барша өркениетті әлем елдері де, біз де тек ғана бейбіт, эволюциялық, яғни тұрақты даму жолын таңдауымыз керек! Шын мәнінде, қоғамдық тәртіп өзінен өзі сақталап тұра бермейді, ол тәртіпті бүкіл ел боп, қоғам боп бірігіп үздіксіз сақтау керек. Тек ғана өркениетті формада ойды білдірген жөн, әйтпесе бүгінгі АҚШ-та бір ғана жеке әлеуметтік топ (бәлкім, бастапқында расында да ең жақсы ниетпен болсын) әйтеуір әлеуметтік тәртіпті сақтамай қойып еді, нәтижесінде қазір Америка халқын өте қауіпті жағдайға алып келді, өкінішке орай. Бұл мысал – күллі әлемге сабақ болуы керек, себебі тыныш та бейбіт жолмен ғана даму, тұрақты жолмен ғана өркендеу – ең бірінші қатарда болуы керек!!! 

Біздің зиялы қауымға да, жастарға да, ірі бизнеске де, мемлекетке де ұлттық дәстүрлі құндылықтарды дамытуға, рухани жаңғыруға (мәдени-өнер, отандық БАҚ (Ғаламтор), білім және ғылымды отансүйгіш рухта дамытуға) көбірек күш жұмсау керек. Ең алдымен, отандық медицинаны (жалпы ғылымды), ішкі нарықты және  ішкі экономиканы барынша дамыту маңызды! 

Экономика мен технологиядан кенжелемеу керек, дегенмен бүгінгі Батыс елдерін әлеуметтік тұрақсыздыққа алып келген «шектен тыс еркіндік» деген қауіпті індетке еш асықпау керек! 

Түйін. Көріп тұрғанымыздай, Әлем көз алдымызда өзгеріп жатыр. Жиырмасыншы ғасырдың «Кока-Кола сусынына негізделген» философиясы күннен күнге әлсіреп жатыр... Құпия және тылсым, алайда Әлемдегі көптарапты саясатқа шақыратын Жиырма бірінші ғасыр 20 жыл бұрын басталған жоқ, енді ғана басталып жатқан сыңайлы... Яғни, «Кока-Кола» сусыны да, «Суши» тағамы да – бәрі де дүкендерде болсын – әрине, дегенмен Қазақстандық ұлттық сауда өз брендттерінің бәсекеге қабілеттілігін де жоққа шығарып, күмәнмен қарамау керек!

Батырбек Рүстембеков

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1507
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3279
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5782