Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Әттең... 4061 21 пікір 5 Тамыз, 2020 сағат 14:46

Керекуде Кеңес әскерлері дәріптелуде

Кеңес әскерлері дегенде «Зұлымдық империясының» шетелдерге жасаған қанды жорықтары еске түседі. КСРО құрамындағы бодан ұлттардың егемендікті көздеген көтерілістері мен қозғалыстарын аяусыз басып жаныштағаны да ойға оралады. Кеңес әскерлерінің Польша, Финляндия (1939), Иран (1941), Венгрия (1956), Чехословакия (1968), Ауғанстан (1979-1989) елдеріне, Алматы (1986), Тбилиси (1989), Баку (1990), Ереван (1990) т.б. қалаларына жасаған жорықтары мен жазалау шаралары әлі жадымыздан өшкен жоқ.

Қазақстанда Кеңес үкіметін күштеп орнату, ұжымдастыру, кәмпескелеу шараларына қарсы көтерілген жергілікті тұрғындарды жүздеп, мыңдап оққа байлаған жазалаушы әскери жасақтар және ашаршылық нәубетінен бас сауғалап шетелдерге бет бұрған қаралы көштерді қырып тастаған шекарашылар да жадымызда. Әсіресе, 1986 жылдың желтоқсанында Алматының орталық алаңында ақ қар, көк мұз үстінде қансырап жатқан жігіттер мен итке таланған қыздар Кеңес әскерлерінің зорлық-зомбылығын ұмыта алмайды!

Әрине, Кеңес әскерлерінің құрамында қазақстандықтар мен қазақтардың да қызмет еткені рас. Әлгіндей соғыстар мен шайқастарға қатысқан жерлестер мен қандастардың ары мен қолы таза деп ешкімнің кепілдік бере алмайтыны да шындық. Иә, олар бар болғаны бұйрықты орындады...

Енді оларды айыптау қиын, ал дәріптеу мүлде ақылға сыймайды! Солай бола тұра, Кереку қаласында Кеңес әскерлері дәріптеліп, олардың құрметіне кешенді ескерткіш орнатылды! Бір түсініксіз жайт, ескерткіштің Қазақстанның күнтізбесінде жоқ КСРО әуе десанты әскерлерінің атаулы күні 2 тамызда ашылуы. Дәл сол күні Керекудегі Кеңес десантшылары ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың эпидемияға байланысты жариялаған карантин талаптарын аяқасты ете отырып, орталық көшелерде заңсыз шеруге шықты! Көлік қозғалысына кедергі келтірген әрекеттері жүргіншілердің наразылығын тудырып, полицияның назарына ілінді.

«Барлық соғыстар және шайқастардың қазақстандық жауынгерлеріне олардың ерліктері мен атақтары үшін! Игілікті ұрпақтарынан», «Біз қай жерде болсақ, жеңіс сонда!» тәрізді жазбалар және кеңестік әскери форма киген жауынгерлердің суреттерімен безендірілген ескерткіштерде қазақстандық патриотизмнің исі де жоқ! Бір суретте тіпті РФ Қарулы күштерінің өкілі бейнеленген сияқты. Шыны қорап ішіне Кеңес одағы кезеңіндегі шекарашының, десантшының, теңізшінің маңдай тұсына қызыл жұлдыз тағылған бас киімдері қойылыпты.

Осы тұста айта кетейін, Ақсу қаласында теңізшілерге арналған монумент орнатылыпты. Алты қырлы тұғырына «Балтийский флот», «Черноморский флот», «Тихоокенский флот», «Северный флот», «Каспийская флотилия» деген сөздер орыс тілінде жазылған! Бұдан бұл монументтің Кеңес одағы теңіз флотын дәріптеуге арналған нысан екені аңғарылады. Енді біздің облыста Кеңес одағы Қарулы күштерінің жаяу әскерлері мен ішкі істер әскерлерінің, әскери ұшқыштары мен танкистерінің, т.б. құрметіне ескерткіштер орнату ісі қолға алынатын шығар...

Дұрысын айтсақ, облыс орталығы мен қалаларында, тіпті ауылдық елді мекендерде Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан боздақтар мен жеңіспен елге оралған жерлес майдангерлердің, сондай-ақ Кеңес одағы батырларының құрметіне тұрғызылған монументтер, кешенді ескерткіштер, өзге де нысандар аз емес қой. Жас ұрпақты қазақстандық патриотизмге баулитын әскери және бейбіт шаралар сондай нысандардың жанында өткізілуге тиісті емес пе!

Менің ойымша, мемлекеттік саясат пен ұлттық идеология тиісті деңгейде жүргізілмеген өңірде Кеңес десантшылары ұйымының, Кеңес одағын көксейтін әскери қоғамдық бірлестіктердің мұрат-мүддесі жоғары тұрады...

PS: Мемлекетшілдік ұстанымдағы облыстық қоғамдық ұйымдардың бірі және отаншыл азаматтар мақалада баяндалған мәселелер жөнінде облыс әкімі, облыс прокуроры, ҰҚК облыстық департаменті мен облыс полиция департаменті басшыларының атына өтініш хат тапсырды.

Арман Қани

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1974