Қырымбек Көшербаев зиялы қауым өкілдерімен кездесті
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына келді. Ол қала әкімі Бақытжан Сағынтаевпен бірге Алматының ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында жария етілген басым міндеттер талқыланды.
Кездесуді ашқан Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауы пандемия мен жаһандық экономикалық дағдарыс жағдайындағы Қазақстанның жаңа әлеуметтік-экономикалық даму бағыты екенін атап өтті. Алдағы барлық өзгерістер мемлекеттің жұмыс істеу тиімділігін арттыруға, өзекті әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге бағытталған.
Қырымбек Көшербаев қазіргідей күрделі кезеңде зиялы қауым дағдарыстық жағдайлардың алдын алуда, халықтың жаңа бірегейлігін қалыптастыруда өзіндік рөл атқаруы тиіс екенін атап өтті.
Бұл ретте жаңа кезеңнің сын-қатерлерін ескере отырып, бірінші кезекте, ұлы Абайдың баға жетпес мұрасын қайта зерделеп, зиялы қауымның ұлттың жаңа рухани қасиеттерін қалыптастырудағы миссиясын терең түсіну қажет.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыруда оның мазмұнын байытып, серпін беру керек. Мысалы, халық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтау және қорғау мәселелерін құқықтық реттеу бойынша ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінен тұратын жұмыс тобын құру қажет.
Дағдарыс кезіндегі және болашақта ұлттың дамуының негізі ең алдымен отбасы мен отбасылық тәрбие болуы керек. Орта мектептерде отбасылық құндылықтарға бағдарланған арнайы пәндерді енгізуді қарастырудың, жастарды отбасылық тәрбиелеудің жалпыұлттық әдістемесін әзірлеудің уақыты келді.
Ашық пікір алмасу жағдайында өткен кездесуде белгілі мәдениет және ғылым қайраткерлері Оразалы Сәбден, Смағұл Елубай, Мұрат Әуезов, Төрегелді Шарманов, Мұрат Жұрынов, Рахман Алшанов, Асанәлі Әшімов және басқа да азаматтар ұлттың рухани жаңаруы туралы өз ұсыныстарымен бөлісті.
Abai.kz