Ұлы орыс тілі
1-ші, 3-ші және 5-ші кластарда оқитын балаларыма өтірікші болдым. "Сен Қазақсың, мықтысың. Сондықтан қазақша сөйле!" деп тәрбиелеп тілдерін қазақша шығардық. Қалада тұрсақ та. Енді міне сол балаларым тілден қағажу көруде. Өйткені олар орысша білмейді. Аулаға шығып ойнайын десе, барлық қазақ бала орысша сөйлейді. Мектепте үзіліске шыққан бала өзара орысша сөйлейді.
Үлкен ұлды футбол үйірмесіне беріп едім, өңшең орысша сөйлейтін (және қазақша қақпайтын) балалар мен жаттықтырушының ортасына сіңе алмай шығып қалды. "Әке, сонда бұл қалай болғаны" деп жәутеңдеп қарағаны көз алдымнан кетпейді. Өйткені Қазақ тілі керемет тіл дегенім өтірік болып тұр ғой.
Ол ол ма, өткенде жолдау тыңдап отырсам, балаларым, "Әке, президент неге орысша сөйлейді?" деместері бар ма? Ал, Қазақ тілі деп қақсайтын мен сол жерде ЖЕР БОЛДЫМ...
Серікқазы Көкенайдың жазбасы
Abai.kz