20 жыл бұрын біздің «интерфейс» қандай еді?
Біз бүгін кез-келген ұялы телефонның, смартфонның, планшеттің интерфейсін, яғни экрандағы көптеген саналауан құрал-саймандар пернесін басып, осы «опциялар» жиырма жыл бұрын болды ма – деп ойламаймыз да. Мен әдейі өз ұялы телефонымды қолыма алдым да, ойландым – осыдан жиырма жыл бұрын менің «интерфейсім» қандай болар еді?!
Міне – телефон экранында – телефон тұтқасының бейнесі тұр. Баяғы заманда (дәлірек айтсақ шамамен 12-13 жыл бұрын) ол телефон дегенің – дәлізде немесе үстелдің үстінде тұратын жеке құрал болған еді. («Домашний стационарный дисковый(!) телефонный аппарат», кімнің есінде болса). Ал мына «Контакты» деген перненің орнына қағаздан жасалған жеке блокнот арналып, оның ішінде телефондардың тізімі тұрған-ды. Келесі, «Камера» (қазір ол жартылай фотоаппарат – жартылай бейнекамера) – ол құрал бұрын екінің бірінде болмады. Тек мүмкіндігің болса, жеке таспалы бейнекамераны немесе пленкалы фотоаппаратты сатып алған едің, көбінесе ол құралдар кәсіби немесе әуесқой фотограф әлде операторларда болды. Жиырма жыл бұрын, яғни 2000-шы жылдардың басында, СМС-тің орнына қағаз хатты поштаға алып бару «опциясы» болған тұғын. Келесі, «Галерея» дейді, ол бұрынғының тілімен айтқанда, кәдімгі фотоальбом немесе бейнетаспалар қорабы іспеттес папка.
Келесі – сағат пен күнтізбе. Олар қабырғада, үстел үстінде, шкаф сөресінде болатын, қолсағат деген түсінік сән еді. Ал темір «будильникті» механикалық түрде кешке бұрап-бұрап, таңертең оның қоңырауын әзер сөндіруші едік. Одан басқа, пластмасса будильниктер де болды. Ол да бір дәуір. Келесі – радио (құлаққаппен тыңдайтын), бұрын ол кәдімгі магнитафон сияқты құрал болып, үйдің ішінде, ауладағы тапшанда – көршілерге естіліп тұрған еді. Қазір радионы адамдар онша тыңдамайды, оның үстінде ұйытып тыңдатар станциялар да сиреп кетті емес пе! Келесі экранда қандай пернеміз тұр екен?! «Мои файлы» деп тұр. Оның ішінде не бар екен? Ескінің тілімен айтсақ, оның ішінде фотоальбом да бар, бейнетаспалар да бар, музыка тыңдайтын аудиокассеталар (кезінде сән еді – естеріңде болса) да бар, тағы «документы» дейді – оларың тек қағаз күйінде қалтада әлде шабаданда ғана жүруші еді! Тағы – «загрузки» дейді. Ол «загрузкиің» тек ғана ғаламтор кеңінен пайда болған соң, жеке компьютерлердің іштерінде болушы еді. Ол компьютерлердің монторлары ескі теледидарлар сияқты болып еді.
Сосын не бар? Экранға қайта қарап едім, адам түсінбес (роботтар немесе ең ақылды программисттер ғана түсінер) «драйв», «карта памяти», «хранилище», «установочные файлы» деп тұр. Құдай-ай, ондай «опциялар» жиырма жыл бұрын тек ғана ең озық шетелдік компьютерлерде болған шығар! «Память» - ол кәдімгі адамның өз есте сақтау қабілеті емес пе?! Сол кезде бұл қабілет әлі бар болыпты деймін де, «драйв» дегенің, бәлкім, адамның қиялдау немесе ойлану қабілеті шығар – мағына бойынша қарасақ. Ал мына «сетевое хранилище» деген түсінік о баста ары кетсе халықтың жадындағы ортақ мәдени-рухани білімдік құндылықтар еді... «Ютубтің» орнына көбінесе кәдүілгі теледидар, кімде бар болса – «видеомагнитафон» еді. Жалпы, Ғаламтордың (поискавая система) орнына қалалық кітапханалар (қағаз кітаптармен – әрине), қағаз газет-журналдар, кітап дүкендері баршылық еді (әрі өзекті, әрі сән еді, шіркін!).
Келесі перне – «калькулятор» дейді. Бұрын ол жеке бір пластмасса құрал еді, кнопкалары бар. Одан қалса, адамдар ойша оп-оңай есептей салушы еді... Келесі, «диктофон» дейді, ондай заттың үлкені – тек тілшілерде, ал кішісі – тек айбарлы тыңшыларда ғана болушы еді. Электронды пошта – тек темір пошта жәшіктеріне тасталатын қағаз конверт-хаттар арқылы таралған-ды, бар жоғы 15-20 жыл бұрын! Және ол үшін «вай-фай» емес, шын пошта қызметкерлері керек еді. Банктің сайты емес, ол кезде банк терезесі ғана болған. Және ол терезеге жету үшін үйден шығып ғана қоймай, ұзық кезекте тұру керек едің. «Антивирусная программа» дейді... Ол термин, мүмкін, жиырма жыл бұрын тек шалғай мегаполистегі алғашқы программисттерге ғана белгілі болған шығар... «Плей маркет» деп тұр, оның орныны, әрине, қарапайым дүкендер, дүңгіршектер, базарлар (тіпті көше базары), үлкен қалалық дүкендер болды. Одан бөлек, мына бір жерде ағылшын тілінде жазылған «Клауд-хром» («Кислотный дождь» жауатын химиялық бұлт па, не?!), «Эмоджи» (Эмоция – әр адамның ішіндегі дүние еді-ау!), «Андроид-мандроид» (тек фантастикалық кітаптағы немесе фильмдегі робот-андроид па, не?!), «Галакси-малакси» (астрономдардың зерттеу объектісі ме, не?!) және т.б. адам ұқпас нәрселер дегендерің атымен жоқ еді! Тек ғана мына бір «Самсунг» деген жеке бір сөз теледидардың маркасы еді – соны білемін!
Енді, «Настройки» дегенге кірейін. «Вай-фай» деп тұр. Оның орнына ары кетсе телефон сымы бар тұғын. «Мелодия звонка» дейді. Ол кезде тек ескі телефонның қоңыраудың қою шырылы еді. «Уведомление» - ол кезде көбінесе автоинспекторлардан ғана келген-ді, сірә... «Дисплей» тек ескі теледидардың төртбұрыш (лампалы) экраны ретінде бар болған. Ары кетсе, «Тетрис» ойынының дисплейі болмаса! Теледидар демекші, ол кезде айналдырған 5 телеарна болса да, оның барлығын да көруші едік, ал қазіргі 500 телеарнаның біреуін де көрмейміз де... «Обои» деп тұр, ол кезде пәтерлердің төрт қабырғасындағы тұсқағаз ғана болды. «Темы» - ол кезде тек газет беттерінде. «Карты» - қала картасын біз тек бөтен қалада экскурсияда жүргенде ғана қолданыппыз. «Погода» дегенді теледидар мен радиодан айтушы еді. Ал мына «Учетные записи» тек қала архивінде ғана болған шығар. Одан бөлек, «Игры» - ол кезде әлде ауладағы таза ауадағы футбол ойыны, әлде ағаштан жасалған үйдегі шахмат ойыны болған еді. Ал мына электронды түрде «пицца шақырту» немесе «такси шақырту» деген функциялар – ол кезде тек таныс аспазың немесе таныс таксистің болса ғана мүмкін «опция» еді. Және мына «Кю-Ар код»-тың орнына – кәдімгі «Артикул 145» сияқты жай ғана қағаз жазулар ғана болушы еді – кез-келген тауарларда...
Иә, қазіргі заман цифрланды. Ал ол кезде, жиырма жыл бұрын, бізде айфондар тұрмақ, тіпті кеңсе компьютерлерінің өздері онша көп емес еді! «Әлеуметтік желі» дейді (атын жарналамай-ақ қояйын), оның орнына кәдімгі күнделікті адам мен адам арасындағы тікелей қарым-қатынастар, достық, махаббат, туысқаншылдық, араласу, таныстық, көршілестік іспеттес дәстүрлі құндылықтар бар еді! Ары кетсе, мектепте оқушылар бір-бірімен қағаз(!) хат алысып-берісіп, «анкета» деген ойын ойнаушы еді... Қазіргі ұрпақ соның бәрін туғалы тек «онлайн» ғана көріп жатқан сыңайлы. Біз де жиырма жыл бұрынғы өмірдің «интерфейсін» ұмытқан сияқтымыз.
Батырбек Рүстембеков
Abai.kz