Сенбі, 23 Қараша 2024
Бір сауал 2303 1 пікір 11 Қыркүйек, 2020 сағат 12:03

Кинотеатрлар неге жабылып жатыр?

Covid-19 байланысты кейбір бизнес саласы ауыр дағдырысқа ұшырады. Бұның ішінде қазақ тілділер үшін – әрбір үшінші ресторан, орыс тілділер үшін – әрбір бесінші кинотеатр жабылатын болады. Ресторандардың неге жабылып жатқандығының нақты себебін білсек, кинотеатрлар жайлы бұлай дей алмаймыз.

Қазір елімізде 20 млн. тұрғынға 90 кинотеатр өз қызметін көрсетіп келеді. Бұл өте аз. Онда тек орыс тілінде ғана сөйлейтін 6 мыңға тарта қызметші еңбек етеді. Қадап айтатын дүние бұл жерлерде Ресей мәдени экспансия жасап бізге тықпалайтын тек орыс тілді кино ғана көрсетіліп келеді. Егер тек орыс тілді кино ғана көрсетететін әрбір бесінші кинотеатр жабылатын болса, онда 2021 жылы елімізде бар болғаны 82 кинотеатр қалып, қалған 8-нің есігіне қара құлып салынады деген сөз. Дәл қазір 7 кинотеатр жабылып та үлгерді. Жабылу себебінің түп негізі Covid-19-ға мүлдем де байланысты емес, ондағы көрсетілетін кинолардың барлығының бір жақты Ресей мәдени экспансияның ығына жығылып, кеңестік дәуірдің мұрасы боп танылатын кинопрокаттық фильмдердің «орыс әлемі» аясында ғана тұйықталып, бүгінгі күні қалың көпшілік болып табылатын ділі мен діні бөлек қазақ тілді аудиторияны қажет етпеуінде жатыр. Енді мәселенің осы жағына ойысайық.

Бүгінгі күні қазақ тілді Жаңаөзен қаласындағы шағын кинотеатр өз қызметін тоқтатты. Бұл шаһардағы шағын кинотеатрдың ашылуының да өз себебі бар. Кинопрокат саласының менеджерлерінің мұнайлы өңірдегі қазақ тілді аудиторияға орыс тілді кино көрсетіп ақша табу үшін істеген бизнес қадамы деп ұғамыз. Әрине ділі жат дүниені жатсынған қазақы орта олардың бұл қанат қақты жобасын қажет етпеді.

Бүкіл кинопрокат пен кинотеатр желісі орыс тілділердің қолында екенін Қазақстан кинотеатр иелері ассоциациясының президенті «Юбилейный город» (Өскемен) кинотеатрының басқармасы Мунира Ягудинаның кинокөрермен қамту аясы мол Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте тұрмай, тұрғындары аз әм Ресеймен шектесетін Өскеменде тұрып бәрін басқарып отыруынан біраз дүниені аңғарамыз. Кинотеатрлар желісі әлі күнге қазақ кинокөрерменімен еш санаспайтын орыс тілділер қолында.   

Сонда қазақ кинопрокаты әлі күнге ескі әуендерінен жалықпай, тілдік ахуалды қаперге алмай «баяғы жартас бір жартастықпен» Қазақстан халқының 65 пайызын құрайтын қазақ тілді қазақтар үшін емес, күннен-күнге ұлттық азшылыққа айналған 35 пайыз орыс тілділер үшін мәдени қызмет етіп келеді. Қазақ тілді алаш баласының неге кино көрмейтініне және қандай кино жанрын ұнататындығына қатысты және қай елдің киноөніміне ынта танытуына байланысты бірде-бір әлеуметтік сауалнаманың жүргізілмеуінің астарында не жатыр!?  Неге киноиндустриясы дамыған діні бір «Шығыс Холливуды» атанған Мысырдың, тілі бір Түріктің әм ділі жақын әлемге Воливуд деп танылған Үндінің, қара құрлықта Нолливуд атауымен әйгілі Нигерияның, ҚХР, Жапонның әм Оңтүстік Кореяның фильмдерінің аймақтық тұсаукесерлері қазақ көрерменіне ана тілімізде ұсынылмайды? Сонда біздегі кинотеатрлар табиғаты діліміз бен тілімізге жат орыс киносы мен АҚШ киноөнімдерін қазаққа көрсету үшін ғана қызмет етіп жатыр ма?! 

Қазақ тілді бизнесмендерді белгілі бір саладағы бизнес түрлеріне жолатпау, алдарынан сан алуан кедергілер келтіру жаппай орын алып жатыр. Қазақ бизнесі үшін табу салынған сала кинопрокат пен кинотеатрлар желісі тап сондай сала. Қазір өзге тілді киноны дыбыстап дубльяж жасау атағы дырдай Қазақфильмде ғана емес, тиісті қаражат бөлінетін болса, үйде әм көбедей көп той орталықтарында да, жеке қазақ эстрадасы жұлдыздарының дыбыс жазу студияларында да жүзеге аса алады. Сонда не кедергі!? Бар кедергі титулды ұлтты жаһандасу жәндамынан сақтауға бағытталған кино саласындағы ұлттық идеологияның жоқтығы. 

Осы жоқтықты праймеризімен дүрілдетіп саяси шоу жасап жатқан «Nur Otan»-дық үміткерлер сайлана қалса, Парламентте отырған кездерінде қаперге алар деп үміттенеміз. Және қазақ баласы тойхана салуын доғарып,  кинопрокат саласына бет түзіп, ұлттық кинотеатрлар желісін өмірге әкеліп, қазақ кинокөрерменіне ана тілімізде Мысырдың, Түріктің, Үндінің, Нигерияның, ҚХР, Жапонның әм Оңтүстік Кореяның фильмдерінің аймақтық тұсаукесерлерін сыйлайды деген үміттеміз. 

Әбіл-Серік Әлиакбар

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5490