Коронавирустың екінші толқыны болса, 162 мың азамат жұмыссыз қалуы мүмкін
Коронавирустың екінші толқыны болса, 162 мың азамат жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.
«Егер коронавирустың екінші толқыны басталып, қатаң шектеу шаралары қабылданса, біздің бағалауымыз бойынша 2 миллион 200 мың адам қолдауға мұқтаж болуы мүмкін. Болжамға сүйенсек, осы жағдайда 4 млн адам жұмысын сақтап қалады, 162 мың азамат жұмыссыз қалуы мүмкін», - деді министр.
Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, бұл кезеңде ауыл шаруашылығы, құрылыс, өндіріс және денсаулық сақтау саласы мамандарының жұмысы сақталады. Ал 2,5 миллион адам қашықтан жұмыс істеу форматына ауысуы мүмкін. 2 млн адамның жұмыс уақыты қысқарып, олар ақылы немесе басым бөлігі ақысыз демалысқа шығарылуы ықтимал.
Abai.kz